Жиенбаева Ж.Ж.

                                                                                       Казахстан, Шымкент

                                                      Южно-Казахстанский

                                                                 экономико-технологический

                                               колледж «Мирас»

 

Қазақ тілін оқытуда тыңдалым дағдысын қолдану әдістері  

     Қазақ тілі- мемлекеттік тіл. Сондықтан да орыс тілді мектептерде жүйелі оқыту үрдісін қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Мемлекеттік тілді оқытудың тиімді де ыңғайлы жүйесі мен құрылымын қалыптастыру әрбір мұғалімнің шеберлігі мен шығармашылығына байланысты. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің мақсаты – оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту, қарым – қатынас біліктілігін қалыптастыру, мемлекеттік тілді меңгеріп, сөйлеуіне жағдай тудыру. Бұл орайда қазақ тілін оқытудың озық технологиясын меңгеру – үлкен істің бастамасы. 
     Қазір білім саласында оқытудың жаңа технологиясы кеңінен қолданылуда. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте – мөте қажет» деп, ел Президенті атап көрсеткендей, электронды оқыту әдіс – тәсілдерін мектеп өміріне енгізу – жаңа білім берудің бірден–бір шарты. Оқыту технологиясы – бұл, бір жағынан, оқу – ақпаратын дайындау, өңдеу, әдіс - тәсілдерінің жиынтығы, екінші жағынан, ұстаздың шәкіртіне оқыту үрдісінде қажетті технологиялық және ақпараттандыру құралдарын пайдалана отырып ықпал ету тәсілдері. Оқытудың мазмұны мен оқыту әдістері өзара тығыз байланыста болу керек. 
     Бүгінгі күнгі ғылым мен техниканың дамуы қазақ тілін үйретудің жаңаша жолдарын талап етеді. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынас жасауы керек. Ол үшін адамдармен қарым-қатынас жасау,яғни коммуникацияға түсуді үйрету қажет.

     «Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір орта мен араласу жағдайында жүзеге асатын,тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер». 
     «Шет тілдерді игерудің жалпыеуропалық құзыреттері: зерттеу,оқыту,баға» стандартында бұл «қатысымдық тұлғалар» - тілдік дағдылар деп аталған.Тілдік төрт дағды (айтылым,тыңдалым,жазылым,оқылым) оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз. Оқушылар оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады.Қазақ тілінде берілген кез келген ақпараттарды тиімді қолдана отырып, өзіне қажетті мәліметті ала алады. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.Тілді кіріктірілген бағдарлама арқылы оқытудың негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін ( айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым ) меңгерте білу. 
     Айтылым дағдысында – тапсырмалар тақырыпқа қатысты ойын білдіру, өз көзқарасын дәлелдеу, шешім шығару, қорытынды пікір жасау туралы түсінік пен біліктілік деңгейіне бағытталады. 
     Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әр түрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы.Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау келесі нәтижелермен айқындалады: түсініп оқу, зерттеп оқу, шолып оқу, мәселені сын тұрғысынан бағалау,негізгі аргументті анықтап,дәлелдеу; 
     Жазылым әдісі келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: тақырыпты аша білуі, грамматикалық сауаттылығы, өз ойын сын тұрғысынан дәлелдеуі, қорытынды шешім шығарып,өз көзқарасын дәлелдеуі; 
     Тыңдалым дағдысы бойынша: негізгі ойды түсіну, ақпаратты анықтау, түсінгенін практикада қолдана білу бағаланады; 
     Осылардың ішінде басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты – тыңдалым әрекеті болып табылады.Өйткені күнделікті өмірде оқушы көптеген ақпаратты сағат сайын естіп, көріп тыңдайды. Бірақ кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсіну сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Егер оқушы өзіне керек мәліметті тыңдау арқылы тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым,жазылым,оқылым), яғни айтылып жатқан мәліметті түсінеді; өз пікірін білдіре алады және басқалармен қарым-қатынас жасай алады; тақырыпқа қатысты деректі түсініп оқиды; көтерілген мәселеге өз көзқарасын жазбаша жеткізе алады. Ал тыңдалым дағдысы дегеніміз не? «Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл айтылған не техникалық ақпараттарға жазылған аудио мәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғым». Ал «Шет тілдерді игерудің жалпы еуропалық құзыреттері: зерттеу, оқыту, баға» кітабында тыңдалымға келесі анықтама берілген: «Тыңдалым кезінде тілді меңгерген тыңдаушы бір не бірнеше адам айтқан ауызша ақпаратты қабылдап өңдейді». 
     1.Тыңдалымның мақсаты оқушыны: аудиожазбаның мазмұнын түсінуге, белгілі бір ақпаратты қабылдауға, мәтін детальдарын түсінуге, айтылған ойды толық түсінуге, сөйлеушінің сөзін еш қиындықсыз ұғынуға, ауызекі, анық құрылмаған сөйлеу тілін өзге адамдардың көмегінсіз түсінуге, бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадиобағдарламаларды еркін, түсініп қабылдауға, таныс және бейтаныс тақырыптағы сөйлесімнің негізгі ойын түсінуге, т.б. үйрету. 
     2.Тыңдалымға арналған белсенді жұмыс түрлері: оқушыларды қоршаған ортадағы кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсінуге бейімдеу керек. Ол үшін сабақ барысында түрлі белсенді жұмыс түрлерін пайдалану көп септігін тигізеді. Оқушыда тыңдалым дағдысын қалыптастыру үшін белсенді жұмыс түрлері өзекті, қызықты, әр түрлі болуға тиісті. 

     Тыңдалым дағдысын қалыптастыруға арналған белсенді жұмыс түрлері: 
     «Айқайлап диктант оқу»: 
сынып оқушылары екі топқа бөлінеді. Бірінші топ оқушыларды мәтінді айқайлап оқиды. Екінші топ оқушылары бір ғана оқушыны тыңдап,диктант жазуға тырысады. Осы арқылы оқушылар ерікті зейінді қалыптастырады әрі өмірге бейімделеді. Оқушылар аудиоматериалды екі рет мұқият тыңдайды (ол сюжетті мәтін,өлең,публицистикалық ақпарат болуы мүмкін).Тыңдалымнан өздеріне таныс емес сөздерді жазып алады,сөздік арқылы аударады. Аудионы тағы екі рет тыңдап, жазбаның мазмұнын толық түсінуге тырысады. Сыныппен ой бөліседі. Осы әдісті жүйелі қолдану – оқушылардың тыңдау арқылы түсіну дағдысын қалыптастырады. 
     Суреттеу: оқушылар аудиожазбаны (сөздік диктант) тыңдай отырып, мағынасына қарай сөзді суретпен бейнелейді. Осы арқылы оқушылардың зат пен атауды байланыстыра алу қабілеті қалыптасады. 
     «Синонимдерді тап»: оқушыларға сөздер ұсынылады.Олар тыңдалған мәтіннен осы сөздердің синонимдерін тауып, жауап парағына белгілеуі керек. Осы арқылы оқушылардың тыңдау әрекеті мен сөздік қоры дамиды. 
     3. Тыңдалымға арналған аудиожазбалар мәтіндері. Бұған әр сыныптың, әр оқушының жас ерекшелігіне байланысты мәтіндер алуға болады. 
     Аталған дағдылардлы қалыптастыруда келесі әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады: оқытудағы басты принцип – оқушының жеке, өзіндік мүмкіндіктерін ескеру, барлық оқушының сабаққа белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту, өз ойын жеткізуге, өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік тудыра отырып, оқушының танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту, проблемалық оқыту арқылы оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып, оқушыларды білімді өз бетімен меңгеруге талпындыру, сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану, мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, мәселені талқылау, ой қорытындылау, өз ойын ашық айта білуге тәрбиелеу, сабақ процесінде оқушының белсенді іс-әрекеті белсенді ойлауға, белсенді оқытуға бағытталады. Оқушы өз көзқарасын қалыптастырып, басқалардың да пікірін ескереді. Жаңа идеялар ұсынуда және жаңа мүмкіндіктерді көруде, мәселелерді шешуде ұжымдық оқыту технологиясының маңызы зор, ұжымдық оқыту технологиясының мақсаты – оқушының қабілетін дамыту, еңбекке баулу, ұйымшылдық қабілеттерін ояту, ынтымақтастыққа тәрбиелеу, өзін-өзі басқару. Сабақты өткізуде мұғалім келесілерді ескеруі қажет: сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтиже анық болуы тиіс, тілдік төрт дағдыны (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) дамыту, белсенді оқыту түрлерін қолдану арқылы оқушы уәжін арттыру, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс, оқу жетістігін критериалды жүйе арқылы бағалау. 
     Нәтижесінде оқушылардың бойынан мынадай өзгерістер байқалады: ынтымақтастыққа үйренеді, жеке, жұппен, топпен жұмыс істеуге үйренеді, өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, өзіне-өзі баға беруге, сыныптастарын бағалауға үйренеді, бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға, сабақты қорытындылауға, қорғауға үйренеді. 
Қазіргі кездегі білім берудің барлық жаңа әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – білім алушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болып табылады. 


Пайдаланылған әдебиет тізімі:


1. Қ.Қадашева «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» Алматы, 2002ж. 
2. Н.Қ.Мухамадиева, Н.Ә.Үстемір «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» Алматы, 2002ж. 
3. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналы, 2000 – 2006ж.ж. 
4. Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің бірігіп шығарған «Қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері» жинағы,2013ж.