АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУЫ

 

Иманбекова А.К., Омарова Г.Б.

 

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті, Тараз қаласы

 

Қазақстан өте қарқынды дамыған 50 мемлекеттің қатарына еуропалық стандартқа сай келетін, мінсіз де нақты дамыған ауыл шаруашылығы жүйесімен кіруі үшін ең өзекті мәселелерді, халық шаруашылығының барлық саласын анықтап алғаны дұрыс.

Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қарсаңында өндірілген өнім сапасын жақсарту, олардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру шаралары жүргізілуде. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың негізгі проблемасы - қайта жарақтану, яғни оларды халықаралық стандартқа сай өнім өндіре алатын қазіргі заманғы жаңа құрал-жабдықтармен, қондырғылармен жабдықтау мәселесі. Бұл қосымша қаражат тартумен тікелей байланысты. Ең қолайлы жолы - қазіргі күнде лизинг несиелері немесе айналым қаражаттарын толтыру.

Ал «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды басым дамытудың құқықтық негіздерін қалады, мемлекеттік реттеудің негізгі ережелері, қағидалары мен орындалу құралдарын белгіледі. Олар ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және аграрлық нарықтың тұрақтылығы мен ауыл халқы тұрмысының сапалық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Дамыған мемлекеттерде жермен айналысатын шаруалардың саны 3-15 пайыздан аспайды, сондықтан біздегі ауыл тұрғындарының барлығы жермен айналыса алмайды және ол тиімсіз. Ауыл тұрғындарының табыс көзін көтерудің негізі жолы ауыл шаруашылық саласына қатысты емес жұмыс орнын ашу.

Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қарсаңында отандық өндірілген өнім сапасын жақсарту, олардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру шаралары, кеткен шығындар мен жетістіктер аграөнеркәсіптік кешенді дамытуға жұмсалатын бюджет қаражатын бөлудің негізгі көрсеткіші болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жыл сайынғы өсу қарқыны 10-13 пайызды құрайды, бұл ішкі нарықтағы азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің үлес салмағын едәуір көбейтуге мүмкіндік берді.

Осы бағдарламаны іске асыру тиімді бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп кешенін дамыту, импорт алмастыру, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және ауылда тұратын адамдардың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын арттыру үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, мұнда шешімін таппаған проблемалар жеткілікті. Елдің ауыл шаруашылығы өндірісі әлі де ұсақ тауар өндірумен айналысуда. Сала негізгі өндіріс құралдарын, ең алдымен техникалық паркті тез арада жаңартуды қажет етеді. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің 80 пайызға жуығы өңделместен шикізат күйінде сатылады, өңдеуші кәсіпорындардың технологиялық жағынан артта қалуы себебінен дайын өнімнің бәсекелестікке қабілеті нашар. Осының бәрі еңбек өнімділігін, рентабельдікті және ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын арттыруға кедергі болып отыр.

Бұл екі құжаттың негізгі – мақсаты кешен салаларының өнімділігі мен кірістілігін арттыру, сондай-ақ отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту негізінде агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі дамуын қамтамасыз ету.

Агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландыру. Ол нақты сектордың қажеттілігіне сәйкес салаларды техникалық және технологиялық жаңғырту, ғылыми қамтамасыз етуді күшейту инновациялық талдамаларды енгізу, кадрлық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Агроөнеркәсіптік кешеннің инфрақұрылымын дамыту. Азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ықшамды жүйе құру жоспарланып отыр, ол біздің БСҰ-ға кіруіміздің басты шарттарының бірі.

Бұл міндетті шешу үшін ветеринариялық және фитосанитариялық салауаттылықты қамтамасыз ету, қазіргі заманғы техникалық регламенттер мен стандарттарды әзірлеу мен енгізу және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің халықаралық сапа және қауіпсіздік менеджменті жүйесіне көшуін қамтамасыз ету, мамандандырылған зертханалар желісін құру және оларды халықаралық нормалардың талаптарына сәйкес қажетті жабдықтармен жарақтандыру қажет. Агроөнеркәсіптік кешеннің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту. Еліміздің аграрлық секторының бәсекелестік күресте тиімді пайдалануға болатын бірқатар басымдықтары мен іске асырылмаған әлеуеті бар.

Сонымен қатар, алдағы уақытта БСҰ-ға кіруімізге байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін және оның экспорттық әлеуетін арттыру ісін ынталандыру жөніндегі саясатты жандандыруды жоспарлап отыр. Үкіметтің ауыл проблемаларын шешу туралы бастапқы тұжырымдамасына маңызды өзгерістер енгізу қажет. Өйткені индустриялық ел қатарына қосылу үшін алдымен біз қалалық ұлтқа айналуымыз керек. Ал бізде ауыл жұртшылығының үлес салмағы халықтың 45 пайызын құрап отыр. Ауылдағы жұмыс орындары осынша халықты қамти алмайтыны түсінікті. Ал дамыған елдерде ауыл шаруашылығымен халықтың 10-15 пайызы ғана айналысатынын жақсы білеміз. Сондықтан келешегі бұлыңғыр, шөлейтті елді мекендерден қалаға көшетін халықты қолдаудың жүйелі жолдарын ойластыру қажет. Ауыл шаруашылығында адам саны ықшам болса ғана түбегейлі реформаларға шындап кірісуге болады.

Ауыл тұрғындарының денсаулық көрсеткіштерінің негізгісі – таза ауыз су мәселесін шешу жолында соңғы жылдары мемлекеттің тарапынан белгілі жұмыстар атқарылуда. Өкінішке қарай, көптеген жобалардың сапасыздығы сумен қамту жұмыстарына кері әсерін тигізуде. Ауыз суға мұқтаж ауылдардың мәселесі шұғыл шешілуі керек. Сондықтан инвестициялық даму бағдарламаларына тек суға мұқтаж елді мекендерді анықтап, жоба дайындауды орталықтағы өкілетті органға жүктеу керек. Сумен айналысатын өкілетті органның және сумен қамту мекемесінің жұмыс істейтін тиімді жобасы керек.

Өңдеу салалары тозығы жеткен, энергоресурсты көп пайдаланатын, болашағы жоқ ескі технологиямен жұмыс істейді. Шығарған өнімдері бәсекеге шыдамайды. Өнім сапасын анықтайтын бүгінгі заман талабына сәйкес жабдықталған мемлекеттік лаборатория қажет. Отандық өнімді қайта өңдеушілерді қолдау мақсатында құрал-жабдықтарды алу үшін несиелеу шарттарын үкіметтік деңгейде қайта қарау керек.

Алдын ала төлемдерді тағы да жеңілдендіру немесе құрал-жабдықтардың құнына сай жіктеуде, сондай-ақ алған несиені екінші немесе үшінші жылдан бастап өтеуді қарастыру керек.

Ауылға көмек көрсетіліп келеді. Ауыл шаруашылығы аяғынан тұра бастады, бірақ, дегенмен онда әлі де шешілмеген мәселелер өте көп.

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр», деп көрсетуі агроөнеркәсіптік кешен мен ауылға да тікелей қатысты.

Таяудағы онжылдықта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті, ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды, мұндағы шешілмеген түйінді мәселелерге айрықша назар аударуды талап етеді.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.   Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Егемен Қазақстан. - 2006. - 2 б.

2.   Адильдина А.И., Бельгибаев К.М. Экономика сельского хозяйства. - Алматы: Қайнар, 1996.- 412 б.

3.   Есполов Т.М, Куватов Р.Ю, Каримова У.К. Повышение эффективности сельского хозяйства в условиях его интеграций с внешними рынками.–Алматы: Қайнар, 2004. - 320б.