к.с.х.н, доцент, Карабаева К.У.,  магистр, Таштанова М.С., ст.преподователь Мирзахмедов А.А.

Международный гуманитарно-технический университет,

г.Шымкент, Казахстан

 

Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи-техногендік кешендерінің даму ерекшеліктері

                                                                                                                                         

Облыс орталығы негізі XII ғасырда қаланған Шымкент қаласы. Аумағы 117,3 мың шаршы шақырым болса, оның 116 мың шақырым жерін ауылдық жерлер алып жатыр. Жалпы аумағы республика ауданының 4,3 пайызын құрайды.

Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылықтың белсенді түрде дамуына байланысты қоршаған ортаның ластану проблемасы алаңдаушылық туғызып отыр. Сондықтан, табиғи кешендердің техногендік ластану ошақтарын анықтау арқылы олардың болашақта даму деңгейіне сипаттама беру мүмкіншілігі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қоршаған ортаға өндіріс орындарынан бөлінген зиянды қалдықтар, олардың ластандыру дәрежесі мен адам денсаулығына әсері және санитарлық-гигиеналық маңызы көптеген ғылыми еңбектерде қарастырылған. Дегенмен, аймақ бойынша табиғи ландшафтардың динамикалық ерекшелікгерін кешендік тұрғыда зерттеген ғылыми жұмыстар жоқтың қасы. Қазақстан Республикасының көптеген облыстары мен өлкелері экологиялық апат аймағына айналып отырғаны белгілі. Солардың бірі-өнеркәсіп орындарынан бөлінген қалдықтармен ластанған, республикамыздағы ең ірі аймақтардың бірі - Оңтүстік Қазақстан облысы. Өнеркәсіп орындары Шымкент жөне Кентау қалаларында, Ақсу, Славянка, Шәуілдір, Сазтөбе аудандарында шоғырланған, сонымен қатар, Қаратау тауларындағы Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай қорғасын кен орындары бәрімізге мәлім. Облыс территориясында 7 мыңнан астам ластандыру көздері бар. Ластандырушы элементтер қоршаған ортаға адамның техногендік әрекеті нәтижесіңде жиналады. Мысалы, ауыр металдардың топырақ жамылғысында шоғырлануы ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін төмендетеді, топырақ-тың химиялық құрамын өзгертеді. Болашақта ауыр металдардың өте көп шоғырлану салдарынан үлкен территориялар техногендік шөлдерге айналуы мүмкін. Улы заттар биологиялық тізбектер арқылы және атмосферадан адам ағзасына түсіп, оның денсаулығына үлкен нұқсан келтіреді.

Территориясын Батыс Тянь-Шаньның биік таулы жоталары мен аласа тау сілемдері, осы жоталардың тау алды жазықтары, Тұран ойпатының кеңістіктері, Бетпақ даланың көтеріңкі жазықтары қоршап жатыр.

Аймақтың табиғи кешендері мен тірі организмдерінің дамуына кері әсер тигізетін ластандыру көздерін үш негізгі топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа өнеркәсіп орындары жатады. Олардың жұмыс процесі барысында атмосфераға көптеген газдар мен зиянды заттар шығарылады, суды пай-даланып, қалдық суларды өзендерге ағызу, өндіру процесі кезінде химиялық қосылыстарды қолдану, өндіріс қалдықтарын жинау жүмыстары жүргізіледі.

Қоршаған ортаны ластандыру көзі болып табылатын ірі көсіпорындардың басым бөлігі Шымкент өнеркәсіп ауданында орналасқан. Мысалы, фосфор ІПӨБ жұмысы кезінде атмосфераға фосфорлық қосылыстар шығарады. Кейде технотогиялық регламентті сақтамау салдарынан зиянды заттардың дүркін-дүркін шығарылуы орын алады.

"Фосфор" Шымкент өндірістік бірлестігі Шымкент өнеркәсіп ауданының оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан. Ал солтүстік-шығыс жағынан оған "Шымкент шина" өндірістік бірлестігінің территориясы жанасып жатыр. Негізгі өнім түрлері: сары фосфор, триполифосфат, мырыш фосфиді, синтетикалық жуғыш заттар. Бірлестіктің өндіру қуаттылығы әр түрлі. Мысалы, сары фосфор жылына 170 мың т., триполифосфат жылына 387мьщ т. және т.о.

Бірлестіктен атмосфераға жыл сайын жүздеген, тіпті мыңдаған тонна қатты заттар, күкірт ангидриді; азот қышқылы, күкірт қышқылы, фтор қосылыстары және т.б. заттар туседі. Бірлестіктен 0,5-2 шқ радиуста топырақ жамылғысы фтор (370-2640 мг/ьсг) және фосфорлы ангидрид (33-280 мг/кг) мөлшерімен өте қатты ластанған. Ластандыру көздері: бос жыныстардың үйінділері электротермофосфорлы шлак түрінде және қатты кварцит түйіршіктері түрінде көрсетілген. 1989 жылдан бастап жылдық қалдық мөлшері 337,8 мың тоннадан 1084,2 мың тоннаға дейін өсті. 1990 жылдан бастап шлак толығымен цемент өндірісі үшін қолданылды. Қойма ауданы - 7,37 га.

Мышьякты қалдықтарды көмуге арналған қоймалар. Мышьякты қалдықтар - реактивті ортофосфорлы қышқылды және термикалық орта фосфорлы қышқылды өндіру кезінде пайда болады. 01.01.1992 жылы қалдық мөлшері - 0,18 мың т. Бұл қалдықтар ерімейді, улылығы жағынан бірінші класқа жатады. Олардың РН - 2,79; Р2О5 мөлшері 14 %, мышьяк мөлшері 1,57 %. Көму орны фильтрацияны өткізбейтін экрандармен жабдық-талған. Ауданы 1 га. Қолдану мерзімі 1988-2008 ж.ж.

Қоқыс үйінділері: улылығы аз өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды шоғырландыруға арналған жер. Ауданы - 6,7 га. Өндірістік қалдық сулар бетондалған жинағыш бөгетгеріне ағызылады. Көлемі 175,6 мың м3. Тұнып болғаннан кейін олар тазартқыш құрылыстарға жіберіледі, орташа тәуліктің өнімділігі - 17,5 мың м3. Өндірістік сумен тоғыз су қоймасы қамтамасыз етеді. Бұрын қалдық сулар өзендерге ағызылатын, ал қазір 2 қалалық канализациялық коллекторға жіберіледі.

"Фосфор" Шымкент өндірістік бірлестігі лабораториясының мәліметтері бойынша 1998 жылы Бадам өзеніне ағызылатын қалдық сулардың жалпы минерализациясы - 948,8 мг/л, соның ішінде таза фосфор - 0,005 мг/л, фосфат - 330,4 мг/л, фтор - 1,2 мг/л, мұнай өнімдері - 0,0/ мг/л. Сонымен өндірістік қалдық суларда фосфат ШРК мөлшерінен 23-94 есе, қарапайым фосфат - 50 есе, фтор - 2 есе артық.

“Шымкент шина” өндірістік бірлестігінен тазартылған өндірістік қалдық сулардың құрамында, негізінен, мұнай өнімдері (1,1-4,0 г/л) кездеседі, яғни бұл ШРК мөлшерінен 3-13 есе көп.

"Фосфор" ІІІымкент өндірістік бірлестігінің маңында металдардың өте улы иондық формалары шоғырланған. Мысалы ШРК-дан 2-7 есе, цинк 1-3 есе, қорғасын 2- 6 есе, хром 45 есе, темір 22 есе, селен 7 есе артық. Соңғы жылдары "Фосфор" ШӨБ-не жақын жатқан 46 гектар бау-бақша құрғап кеткен. Ағаш жапырақтарының құрамында фосфор мөлшерінің көптігінен жібек құрты олармен қоректене алмайды. Сонымен қатар жайылымдық жерлер де қатты ластанған, мұндағы мал жаңбыр жауғаннан кейін ғана шөппен қоректене алады, себебі, жаңбыр суы фосфор шаңын шайып кетеді. Егер жаңбыр жаумаса мал амалсыз фосфорлы шөпті жейді, ал бұл өз алдына уланған ет пен сапасыз сүттің пайда болуына әсер етеді.

Шымкент қорғасын зауытының территориясы мен оның өндіріс қалдықтары ластандырудың негізгі көзі болып табылады. Қорғасын зауыты атмосфераға жыл сайын ластандырушы ауыр заттардың 1660 т., қорғасынның 677,7 т., күкіртті ангидриттің 18000 т., көмір қышқылының 21000 т. және табиғатты ластандырушы заттардың 0,47 тоннасын шығарады. Табиғи кешендерді ластаушы техногендік қалдықтардың мөлшері кешендердің шығу тегіне, ластандыру орталыктарынан алыс-жақын орналасуына байланысты әр түрлі сипатқа ие. Мысалы, ІІІымкент қорғасын зауытынан 1,5 шқ қашықтықта кадмий мөлшері 40 есе көп. Өндірістің өте қауіпті қалдығы - кальций арсенаты. Улылығы жағынан бұл жасушаны зақымдайды. Адам үшін мышьяктың қатерлі дозасы 0,01-0,05 г, ал кальций арсенатының қатерлі дозасы 0,15-0,2 гр. Кальций арсенатының құрамында (%): мышьяк - 15,6, кальций - 28,0, кремний - 0,62, аллюминий - 0,42, натрий - 3,82, темір - 0,39, күкірт - 0,48, қорғасын - 1,42, сурьма - 1,36.

Кальций арсенатының қалдықтары зауыт территориясында ұзақ уақыт бойы көміліп келген. Қазіргі кезде кальций арсенатының қалдықтары Шымкент қаласының сыртында батысқа қарай 13 шқ қашықтықта орналасқан полигонға шығарылады. Оның көлемі 6000 м3 (10200 тонна).

Шымкент өнеркәсіп ауданындағы ірі ластандыру көздерінің бірі: қалалық тазарту құрылыстары мен Бұржар су жинағышы. Тазартқыштағы қалдық суларды механикалық және биологиялық жолмен тазартады. Бірақ қазіргі кезде өндірістік қалдықтар мен тұрмыстық қалдықтарының көлемі тазартқыш құрылыстардың қуаттылығынан (19" мыңн м\ тәулігіне) асып түседі. Сол себепті қалдық сулардың көбісі тазартусыз Бұржар жинағышына ағызылады. Бұржар жинағышы - плотинамен бөлінген сай. оның жинау сыйымдылығы 114 млн.м3. Тазартқышқа тұрмыстық қалдықтардан басқа 15 кәсіпорынның өндірістік қалдықтары ағызылады.  Бұлармен бірге көп мөлшерде майлар, бояғыш заттар, мұнай өнімдері, фосфаттар, қорғасын, кадмий, мышьяк және тағы басқа түседі.

Екінші топқа тау-кен өндірісіне жатқызуға балады. Облыстағы тау-кен өңдірісі Мырғалымсай және Боялдыр полиметалл рудаларының кен орындарында және Байжансай кен орнында шоғырланған.

50 жылдан астам уақыт игеріліп келе жатқан Мырғалымсай кен орнында шахталық су ағызу салдарынан жарықшақты-карсты су деңгейі 514 м-ге төмендеп кеткен. Судың бір бөлігі Ашполиметалл комбинатының өндірістік-техникалық және шаруашылық мақсаттарда қолданылады. Ал қалған бөлігі (5,9 мың м3/сағ) реттеуші сайға, кейіннен Қарашық өзеніне ағызылады.

Қалдық сулар мен қоймалардың көптігі, олардағы улы заттардың сақталуы жер беті және жер асты суларын ластайтын кауіпті ошағы болып отыр. Химиялық талдаудың нәтижесінде Боялдыр қоймасына ағызылатын кен байыту фабрикаларының тазартылған ағыстарында мыс ШРК-ден 4 есе, қорғасын 2 есе артық екені анықталған. Сонымен қатар облыс территориясында құрылыс материалдарын (әктас, фосфориттер, гравий, саздақ, саз) өндіретін көптеген карьерлер бар. Карьерлер аудандарында фосфориттер мен әктастар өндіру үшін жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Көтерілген шаң-тозаң егістік және жайылымдық жерлерге шөгіп қалады. Үшінші топқа суармалы егін шаруашылығы және ірі мал шаруашылық кешендері бар ауыл шаруашылық жатады. Өнімділікті арттыру үшін жөне ауыл шаруашылық зиянкестерімен күресу үшін тыңайтқыштар мен улы химикаттар пайдаланылады. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану нәтижесінде топырақ жамылғысында олардың мөлшері шамадан тыс артьш кетеді. Фосфор органикалық пестицидтердің бір бөлігі ыдырап, бір бөлігі тасымалданады. Хлорорганикалық пестицидтер топыраққа түсіп, суару сулармен аэрация зонасына тасымалданады. Суармалы жерлер өзен аңғарларына жақын жерлерде дамыған. Мұндай орталықтандырылған су қоймалар Бадам-Сайрам, Абай, Арыс, Ақбай-Қарасу, Қызылқұм, Киров, Жетісай, Славян және тағы да басқа өзен аңғарларында орналасқан.

Пестицидтермен, гербицидтермен ластанған, минерализациясы жоғары қалдық сулар өзендер мен су көздеріне ағызылады. Соның салдарынан Сырдария, Бүгін, Арыс, Шу сияқты ірі өзендерінің минерализация деңгейі қалыпты шамадан артық. Ауыр металдардың таралуында түпкі шөгінділер маңызды рөл атқарады, бұлар белгілі бір деңгейде осы заттардың шоғырлану қызметін атқарады. Өзендегі химиялық, физикалық және гидрологиялық жағдайдың өзгеруінің нәтижесінде түпкі шөгінділерден ауыр металдар өзен суына қосыла бастайды. Түпкі шөгінділерде өте көп мөлшерде: кадмий, қорғасын, мыс, мырыш, никель, ванадий, молибден, хром, мышьяк, алюминий, темір, марганец табылған. Грануламетриялық құрамы жағынан Бадам өзенінің түпкі шөгінділері ауыр металдардың шоғырлануына өте қолайлы.

Табиғи кешендердің техногендік қалдықтармен ластану деңгейіне, жалпы алғанда, олардың дамуы мен динамикалық өзгерісіне қауіпті өсер ететін - өнеркәсіп қалдықтары, олар: тау-кен, металлургиялық және химия өнеркәсіптері. Мысалы: металлургиялық өнеркәсіптердің жұмысы барысында қоршаған ортаға 154650 тонна мыс. 121500 тонна мырыш, 89000 тонна қорғасын, 12000 тонна никель, 765 тонна кобальт. 1500 тонна молибден, 30,5 тонна сынап түседі. Ал көмір мен мұнайды жағу нәтижесінде қоршаған ортаға 1600 тонна сынап, 3600 тонна қорғасын. 2100 тонна мыс, 7000 тонна мырыш, 3700 тонна никель түседі. Автотранспорттан бөлінген газдардан жер бетіне жылына 260 000 тонна қорғасын шоғырланады.

Кешендердің әр түрлі қалдықтармен ластануының салдарынан облыс бойынша сәби өлімпаздығының деңгейі жоғары. 1000 адамға шаққанда 19,7-ден 25,7-ге дейін жетеді. Барлық тіркелген өлімнің жартысынан астамы жүрек және қан тамырлары жүйесінің аурулары, қатерлі жаңа құрылымдар, тыныс алу мен уланудың үлесіне тиеді. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының мәліметтері бойынша вирустық гепатитке шалдығудың есуі толастамай отыр. Бұл көрсеткіш 2003 жылғы мәлімет бойынша Түлкібас ауданында 1,9 есе, Бәйдібек ауданында 1.7 есе өскен.

 

Пайдаланылган әдебиеттер

1. Проблемы гидрогеологии и охраны  геологической  среды Казахстана. - А., Наука,  1990.

2. Гиорогеологические и инженерно-геологические исследования    техногенного воздействия на геологическую среду. // Сборник научных трудов. - М., "ВСЕГИНГЕО", 1988.

3. Попов Ю.В., Богачев В.П. Техногенное загрязнение ландшафтов долины реки Каратау //Химия.  Охрана окружающей среды. Экология человека.   1997, № 1.

4. Областная комплексная программа по охране и рационалъному использованию природных ресурсов на 1990—1995 г.г. Экология. 1995. Чимкент.

5. Методические рекомендаиии  по  выявлению и оценке загрязнения подземных вод.-М.,    1990.

6.  Қазақстандағы ауылдың дамуы. Атлас. Алматы, 2003 ж.