БАСТАУЫШ СЫНЫПТА МАҚАЛ – МӘТЕЛДЕРДІ ТІЛ ДАМЫТУДА ПАЙДАЛАНУ

Қалышбаева Г.Д- аға оқытушы ОҚПУ

Қазақ халқы әдебиеті мен мәдениеті жөнінен ұлттық тәрбиесі тұрғысынан өте білгір ел болған. Халық даналығы үлкен ойды айдай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлік танытқан.

Басқа халықтар секілді, жазу-сызу өнері болмаған кездің өзінде-ақ ауыз әдебиетінін әр түрлі үлгілерін тудырып, солар арқылы тұрмыс-тіршілігінің әр алуан жақтарын суреттеген, қоғамдық өмірін, дүниеге көзқарасын, таптық күресін, арман-мүддесін, бейнелеп көрсеткен. Осы негізіңде туған және ауыз әдебиетінің күрделі бір түрі деп халықтың мақал - мәтелдерін айтамыз.

Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған, ерте заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан, бұл жолда әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған.

Қазақтың мақал-мәтелдері ел арасынан жиналуы, хатқа түсуі, баспа бетіне шығуы. XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың кейбір үлгілерін ел арасынан жинап жазып алған ғалымдарымыз: Ш. Уәлиханов,

В.Радлов болатын. Бұлардан кейін, революцияға дейін қазақтың мақал-мәтелдерін жинап, баспа жүзіне шығаруда еңбек еткендер: Ш. Ибрагимов, А.В. Васильев, М. Мелиоранский, Плотников, В.В. Катарлиский болды. 1935 жылы Өтебай Тұрманжанов төрт мыңнан астам мақал мен мәтел енгізіп «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері», - деген атпен үлкен жинақ шығарды. Бұл қазақ мақалдарынан құралған көлемді жинақтардың бірі болатын.

Мақал-мәтелдер - шешендік өнердің бір үлгісі. Олар сөздік құралының байлығын, тереңдігін байқататын тілдік көрсеткіштердің қатарына жатады. Мақал-мәтелдер өзінің тәрбиелік құрылысына, мазмұн мен мағынасына қарай төмеңдегідей әр алуан тақырыпты қамтиды. Мақал-мәтел бір-біріне ұқсас, алайда бұл екеуі бір түсінік емес, олардың аз да болса белгілі дәрежеде айырмашылықтары бар. Ол айырмашылық - белгіні, ойды түйіңдеуден және құрылымы жағынан айқын көрінеді. Мақалдарда тиянақты, тұжырымды ой айтылады, құрылым жағынан бір немесе бірнеше сөйлемнен құралып келе береді, алдыңғы ой екінші ойдың шартты түрінде келеді. Мысалы: «Мезгіл жетсе, мұз да ерір».

Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. «Әлін білмеген әлек», «Көппен көрген ұлы той», - деген мәтелде тұспалы ғана бар, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ.

Осы бейнелі сөзді тыңдаушы өзі топшылайды, мәтелде дәлелелдеу де, тиянақты тұжырымда болмайды.

Мақал мен мәтел бір-бірінен осындай белгілерімен айырылады.

Мақал-мәтелдің жалпы мағынасына тікелей қатысы болмайтын сөздер қалып кетіп отырады. Бірақ, онан мақал-мәтелдің мазмұнына ешқандай нұқсан келмейді. Мысалы: «Ақыл жастан, асыл тастан» дегенде «шығады» сөзі қальш қойған, бірақ одан мақала ойсырап тұрған жоқ. Мұндайды тіл білімінде эллипсистік құбылыс деп атайды. Мақал-мәтел құрамыңдағы сөйлем мүшелерінің бірі болмаса, бірін түсіріп айту риторикалық қызмет атқарады. Енді осы айтқан сөздеріміздің дәлелі ретінде мақал-мәтелдердегі ықшамдау құбылысына тоқталып өтейік. Сөздің өте сараң, ықшам, қысқа болып келуі және құрамында жалғана, қосалқы мағынада жұмсалатын сөздердің түсіп қалатыны мақал-мәтелдерді басқа ауыз әдебиеті жанрларынан айрықша етіп көрсетеді.

Мақал-мәтелдер өмірді жан-жақты көрсетіп кана қоймай, адам баласын Отанды сүюге, арын таза сақтауға, еңбекке, құрметке, сүйіспеншілікке, мейірімділікке бейімдейді. Сондықтан бастауыш сыныпта оқушыларды халқымыздың ғасырлар бойы жинап келген асыл қазынасы сөз шеберлігімен таныстыру, тапқыр сөйлеуге үйрету негізгі мәселелердің бірі болып келе жатыр. Осы мақсатта істелген жұмыстар окушыларды халық ауыз әдебиетін сүйіп, қызығьш оқуға, құрметтеуге үйретудің бірден-бір жолы.

Біздің мақсатымыз мақал-мәтелдердің оқытылу ерекшеліктерін көрсету болғандықтан, мақал-мәтелдердің бағдарлама мен оқулықтарда орын алуы өте орынды жайт болмақ. Ауыз әдебиет түрлері ішінен ертегілер, аңыздар, әңгімелер, батырлар, хан, билердің сөздерін өз дәуіріне лайықты етіп, шешендік сөз үрдісіне сүйене отырып, әр тұлғаны өзіне лайықты тілде сөйлетеді. Сөз саптауда халқымызға тән имаңдылық, ізгілік сияқты ұлттық мінездерімізді әрбір кейіпкердің бойынан табамыз. Осы кейіпкерлеріміздің іс-әрекеттеріне қарай отырып, міндетті түрде жоспар жазылады. Оның сөздерін құрғақ жай сөздер етіп алмай, мақал-мәтелдермен алсақ, жоспарымыз ықшамды, жинақы шығары даусыз.

Мақал-мәтелдерді жоспарға қолданьш отыру дағдысын қалыптастырудың себебі: оқушыларға тіл ерекшеліктерін, оның қыры мен сырын түсіндірумен қатар оның адамгершілікке баулу жақтарын үйретіп, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерін бойына сіңіру болып табылады. Өйткені, сөз өнерінің асыл қазынасын жете меңгеруге және ретті жерлеріне қолдануға пайдалана білуге дағдыландыру - бүгінгі тандағы басты міндет. Мақал-мәтелдер жоспарымызға қарай іріктеледі,  Тақырыптардағы кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне байланысты мақал-мәтелдердің  де  сан  алуан     тақырыпта қамтылып отырады.       

Тақырыптың мазмұнына қарай -жай-сөздер арқылы жоспарланса, соған қатысты мақал-мәтелдер сәйкестеніп, ықшамдалып, түйінделуі керек. Оқушылардың жоспарлары мақал-мәтелдермен сәйкестеніп, қорытындыланып жазылмаса, сол сабақ үстінде талқыланып, өз ойларын, сын пікірлерін ортаға салады. Дұрыс түйінделу жолдарын қарастырып, жауабын табады.

Бұдан шәкірттеріміз әр мақал-мәтелдердің өзінде ұлттық тәрбие, дәстүр, ой-өріс, әдет-ғұрыптары бар екеніне көздері жетеді.

 

Әдебиеттер

                     1. Мақал - мәтелдер жинағы

                      2. Ә. Дайыр, Қ. Айтқалиев, Г. Құрманбаева. Алматы, «Атамұра», 

                      2001. 5 сынып

                     3. Қ. Жұмалиев, Т. Ақшолақов // Қазақ әдебиеті