Тарих/ Жалпы тарих

т.ғ.к., доцент Джумалиева Л.Т.

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және

инжиниринг  университеті

 

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

Қазақта «пірге қол тапсырған» деп ырым қылып айтатын сөз бар. Бұл өзі біреуді жақсы етіп көрсетіп, жақсылығын асырып, жақсы атын шығару үшін айтылатын жақсы жоралғы. Жақсы ісімен көрініп, жақсы аты шығып, жүрген, өзінің алдыңғы жақсылармен жанасқан, солардың сөзін тыңдап, сарқытын ішкен ақылын алған, үлгі тұтқан тұлға әдетте «пірге қол тапсырған» болып есептеледі. Ондай адамдарды жақсылардың жалғасы, қасиет қонған адам деп біліп, пір тұтады. «Пір» деген сөздің түп атасы не екенін, қайдан қалай шыққанын дәл басып айту қиын. Бірақ «Менің пірім Сүйінбай» деп Жамбыл бабамыз айтқандай, әркімнің әр ұрпақ, әр халықтың үнемі сыйынып жүретін өз пірі, ерекше құрметтеп айта жүретін, қысылғанда содан іштей ақыл сұрап жалбарынатын адамы, абыз тұтар абзал тұлғасы болады. Мұндай тұлғалар біздің қазақта да аз болмаған. Арғы бабаларымызды айтпаған күннің өзінде біздің аталарымыз Абылай ханның, одан бертінгі Кенесары - Наурызбайдың әруағы қолдасын !-деп сыйынып жататын. Кешегі кеңес заманында да біздің қазақ пір тұтқан ірі тұлғалар аз болмады. Ұлт тағдырын ойлап ұрандатқан атақты Алаш көсемдерін айтуға болады. Осындай тау тұлғалардың ішінен біз үшін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орны ерекше [1].

Ұлттың рухани ұстазы, Ұлы Тұран перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Алматы қаласында 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына түседі. 1936 жылы институтты бітіріп тау-кен инженері мамандығын алған соң Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кеніне жұмысқа жіберіледі. Онда бұрғылау станогы машинасынан бастап, цех бастығы, кеніштің бас инженері және оның директоры болып істейді. Одан соңғы еңбек баспалдағы – Алтай металл комбинаты бас инженерінің орынбасары, техникалық бөлімінің бастығы. Риддер кенішінің және КСРО ірі қорғасын-мырыш кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметін атқарады.

1942 жылы орда бұзған 30 жасында Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл жауапты міндетті 10 жыл мінсіз атқарады. Соғыс кезінде ол майдан қажетін қамтамасыз ететін жылу және басқа өнеркәсіп салалары жөніндегі мәселелермен айналысты. 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті болып сайланады. 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалады. 1960 жылдың қаңтарынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды. 1962 жылы желтоқсанда ол жоғарғы лауазымды қызметтен алынып, қайтадан Республика Министрлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалды. 1964 жылы орталықта жағдайлар өзгерді де Қонаев қайтадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ұзақ жылдар бойы Қонаев елдің жоғарғы билік тізгінін ұстағандардың бірі болды. ОК Саяси Бюросының мүшесі ретінде мемлекеттің ішкі және саяси сыртқы саясаттарының мәселелерінің шешуге қатысты. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев партияның аса көрнекті қайраткері ғана емес, ол ғылыми қызметпен де  айналысты. Ол техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі  [2].

КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы жазылған естеліктер көп. Көз көріп, бірге қызмет істегендердің  жазғандары «Естен кетпес ұлы есім», Кемеңгер Қонаев», және «Елу жыл ел ағасы» кітаптарына жинақталған. Д.А.Қонаев сол еңбектерінде Скворцов, Борков, Шаяхметов, Пономоренко, Брежнев, Яковлев, Беляев, Юсуповтермен үзеңгілес жүріп, ел тағдырын қалай шешкендерін, өзі ширек ғасырға жуық республикада бірінші басшының  ауыр жүгін арқалағанын, осынау жылдар бедерінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан жоғары дамығанын, Одақтың тізгінін ұстаған адуынды Хрущевпен арадағы келіспеушіліктің салдары мен себептерін егжей-тегжей баяндай келіп, Брежнев, Андропов, Черненко, Горбачевтің мемлекет басқарудағы істеріне лайықты бағасын берген [3].

Д.А. Қонаев қазба байлықтарының арқасында Республиканың деңгейін биікке көтерілетінін жақсы білді. «Республикамыз қарыштап, даму асқарынан асып, тағы да бір биік белеске көтеріледі» - деп әлденеше рет айтқан болатын. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін шұғыл өрге бастыруға бағытталған сара жолының жүзеге асуын ұйымдастырушылардың бірі болды. Қонаев өте сауатты басшы бола білді. Кез-келген мәселелерді шешуде батылдық пен көрегенділік танытты.

ХХ ғасырдың 60-80 жылдар аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы толығымен өзгертілді. Соғысқа дейінгі экономика өзінің жаңа қадамын бастады, сосын соғыс, ал соғыстан кейін барлық ресурстар КСРО –ның Батыс және Солтүстік бөлігіндегі қираған қалалар мен өнеркәсіп орындарын қалпына келтіруге жұмсалды. Қазақстан мен Орта Азия республикалары сол баяғы қалпында қалды. 60-80 жылдар аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне мына дәлелдер куә. Осы кезеңдер ішінде республиканың ауыр өнеркәсібі саласындағы ірі өнеркәсіп орындары жедел қарқынмен өсті. Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз, Жамбыл-Қаратау мен Шымкент-Кентау көмір металлургия кешендері құрылды. Қазақстан елімізге орасан зор мөлшерде болат, шойын, мыс, вольфрам, марганец,  қорғасын, мырыш, алтын тағы басқа да қазба байлықтарын тапсырды. Жаңа қалалар бой көтеріп,  көшелер асфальтталып, ауыл-село көріктендіріліп, сәнді де салтанатты мәдениет сарайлары, оқу орындары салынып, ғылым, денсаулық сақтау мекемелері жаңа техникалық жабдықтармен жабдықталды.  Сөз жоқ, бұл зор жетістіктердің бәрі бір кісінің ғана сіңірген еңбегі ғана емес, осы бастамалардың бәрінің ұйымдастырушысы және басшысы Қонаев болғанын ұмытпауымыз қажет.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев-өз халқының болашағы үшін көп еңбек сіңірген адал ұлы. Өз ғұмырының 50 жылға жуық уақытында республиканың басқарушысы қызметінде болды, 5 жылында үкімет басқарды, 23 жылында Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болды. Қазақстанның жалпы әлеуметтік-экономикалық даму жолдары тың игеруден басталды. Бұл тек ауыл шаруашылығын ғана дамыту жылдары емес, сонымен қатар өндірістің өркендеуі, ауыл-селоларда, қалаларда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне, халықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзетуге үлкен әсер еткен жылдар болды [4].

Қазақстан Республикасының экономикалық мүмкіндігі, ғылым, мәдениеті жағынан өсімі бойынша іргелі Ресей, Украина республикаларынан кейінгі үнемі үшінші орынды иеленіп отырды. Міне, еліміздің осындай ауыз толтырып айтар күрделі де, қол жеткен табыстарына Димаш Ахметұлының жеке өз басының қосқан үлесі мол. Ол кісі еңбекқор еді. Нағыз адал, еркін еңбек қана халықтың тұрмысының жақсаруына игі ықпалын тигізері айқын. Егер елінде еңбек сіңірсең, елінде еленбей қалмасың анық. Сондай еңбекқор адам санатында көрінген оның еңбегін болашақта да елі қадірлемек. Дінмұхамед Ахметұлына байланысты айта кететін үлкен мәселе - қандай істе де жеңістің кілті – халықтар достығында, солардың бірлігі деп білетін. Біздің республикамыз КСРО кезіндегі мемлекеттің арасындағы ең көп ұлтты мемлекет болғаны белгілі. Осыған орай Дінмұхамед Ахметұлына нағыз интернационалист деп атауға болады. Сол көп ұлтты мемлекетті басқаруда, көп ұлтты халықтардың басын құрауда, ол өзінің талаптарын қоя білді. Осыған орай оның жемісін де көрді. Республикамыз іргелі мемлекеттер қатарына қосылуы халықтар достығында деп білемін. Бірлік, достық бар жерде жеңіс бар.

         Дінмұхамед Ахметұлы туралы қазіргі айтылып та, жазылып та жүрген – мейлі мадақтау болсын- мұның бәрі сырттан тон пішу, топшылау ғана. Ол кісінің ашылмаған қыры да, сыры да көп. Ата – бабасы туралы ертеректе – белгілі ақын, қайраткер – жазушы Шона Смаханұлы деректі повесть жазғаны бар. Өзінің «Өтті дәурен осылай» деп аталатын естелік-эссесі толықтырылып, «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген атпен қайта жарық көрді. Кинорежиссер  С. Әзімов төрт сериялы деректі фильмнің алғашқы екі сериясын жұртшылық назарына ұсынды. Халықаралық Д.А.Қонаев қорының Батыс Қазақстан облыстық  бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Ізтілеуов «Дінмұхамед Қонаев және Ақ Жайық өңірі», Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы Бақтияр Әжібеков «Естен кетпес ұлы есім», Қостанай облыстық бөлімшесінің төрағасы Оразәлі Қозыбаев көзі тірісінде «Астықты және кенді өлкенің таңғажайып адамдары» деген естеліктер жинағын шығарды. Ақын Рафаэль Ниязбековтың «Адам- Ғұмыр» өлеңдер жинағы, ұжымдық «Елу жыл ел ағасы» естелік кітабы оқырмандар қолында. Қазақстанның жоғары оқу орындарында кандидаттық диссертациялар, диплом жұмыстары қорғалды. Халықаралық Қонаев қорының жүзеге асырып жатқан  игі шаралары да аз емес. Дінмұхамед Ахметұлының  ғылыми еңбектерін, әдеби мұраларын жинақтап жариялау, ол кісінің өнегелі өмірін  жастарымызға отаншылдық патриоттық тәрбие беру екендігін естен шығармағанымыз абзал.

Әдебиеттер:

1. Көпке танымал көсем болған. Ақиқат, 2011 ж., № 8, 35 б.

2. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6-том.

3. Қонаев және желтоқсан оқиғасы. Ақиқат. 2011 ж., № 11, 33 б.

4. Ұрпақ үшін ұмытпайық. Егемен Қазақстан. 2004 ж., 25 тамыз.

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается политическая деятельность Д.А.Кунаева, который возглавлял Казахстан. Он как руководитель республики внес значительный вклад в развитие экономики, в частности, промышленного производства, сельского хозяйства.