ОҚУ МӘТІНІН ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫММЕН БАЙЛАНЫСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Бейсенбекова Гулназ Турлыбаевна

кандидат педагогических наук, доцент

КазНПУ им.Абая 

 

      

        Әлемдегі саяси-әлеуметтік мәселелерден тыс қалмаудың бірден бір жолы – ақпарат алмасу. Сондықтан тіл білу арқылы адамдар дүние жүзіндегі қоғамдық, экономикалық, саяси жаңалықтармен, ақпараттармен хабардар болады. Тілді меңгеру оның қоғамдық табиғатын, өмірлік қажеттілігін ескеруден басталады. А.Байтұрсынұлы айтқандай, «тіл – адамның  адамдық белгісінің  зоры». Тілдің әлеуметтік саралануы, қоғамның тілге саналы түрде әсер етуі,  тілдік жағдай  тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін айшықтай түседі. Яғни адамзат баласының болашақ үшін қоғамдық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани жаңғырулары ұрпақтан-ұрпаққа сол ұлттың тілінде сақталуы арқылы жетеді. 

                   Тілдің рухани қазынаны сақтап, мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші қызметінің   мәні де тіл білімінде ерекше атап көрсетіледі. Осы тұрғыдан қазақ тіл білімінде термин ретінде жаңадан қалыптасып келе жатқан, тілді танымдық қырынан анықтайтын тілтаным ұғымы мен дүниетаным ұғымы тығыз байланысты. Ұлттық ойлаудың, ұлттық дүниетанымның өзіне ғана тән ерекшелігін, нақтырақ айтқанда, әр ұлттың өз дәстүрі мен салты, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары, мақал-мәтелдері және т.б. осы сияқты қалыптасқан жүйесі ретінде көрініс табады.

 Бұл жерде айта кететін жайт, мысалы, қазақ ұлтының болмысына, табиғатына тән ойлар тізбегі басқа тілге аударылады. Алайда ойдың ерекшелігін аудармашылар арқылы қаншалықты сол тілдің табиғатына, ерекшелігіне сай аударғанымен, басқа тілдің сөзі арқылы бәрібір ұлттық деңгейдегі ой, ұлт болмысы сол қалпында, ойлаған дәрежеде басқа қабылдаушы ұлттардың санасына жеткізілуі қиын. Мысалы, қазақтың жал, жая  сөздерінің мағынасын орыс тіліне аударып беру барысында бір сөздің аудармасымен қазақ тіліндегі аталған сөздердің мағынасын жеткізу қиын. Аударылған сөздердің өзі жал мен жаяның қазақ халқының ұлттық тағамы ретіндегі мағынасын толыққанды бере алмайды. Аталған сөздерді орыс тілінде арнайы сипаттама арқылы түсіндіріп беруге тура келеді.  Демек, түсіндіру барысында оның қасиетін, дәмін, жасалу жолдарына дейін, ненің етінен қалай жасалатынына дейін, қандай қонақтарға тартылатынына дейін этнолингвистикалық негізде беруге тура келеді. Мысалы, 8-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында  «Тамыр» деген мәтін берілген.

     «Жаманға жан жуымас» дейді қазақ халқы. Қазақтар арасында басқа ұлттардың өз жеріндей өмір сүруі қазақ халқының жақсылыққа бейім тұруынан болса керек. Қазақ: «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді. Рас айтады. Біздің Иван атамыз айтқан сөзінен айнымайтын, турашыл, әділ адам болатын. Ол мүмкіндік болса, жәрдемін аямайтын. Атамыз өзі осы қасиетімен қазақтарға қатты ұнайды. Иван атамыз көп ұзамай диірменші болады. Түлкібастың түкпір-түкпірінде тұратын адамдар есекпен, атпен, өгізбен қапшық-қапшық бидайларын әкеліп жатады. Бірі кетсе, екіншісі келеді. Қысы-жазы тыным таппайды. Атам диірменінде күндіз-түні жұмыс істейді.

-         Тамыр, саған рақмет. Балаларыңның қызығын көр, - дейді кетерде түлкі тымақты қазақтар.

     «Жақсы – көпке ортақ» деген рас екен .

     Осы мәтіннің соңында тамыр деген ұғымға анықтама берілген.

     Түсініктеме. Тамыр деген ұғымға қазақ халқы ерекше мән береді. Халқымызда өздерінің дос-жарандарын, сыйлас, қимас адамдарын «тамырым» деп атаған.  Тамыр деген сөздің түп-төркінін түсінген оқушылар қазақ халқының ұлттық ерекшелігін түсінеді. Бұл жерде айта кететін жайт, тамыр деген сөз өздерінің қасындағы дос-жарандарына, сыйлас, қимас адамдарына ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне қатысты айтылатынына баса назар аударту қажет. Сондай-ақ осы мәтіндегі түлкітымақты деген сөздің де ұлттық ерекшелігін аша кеткен орынды. 

     Қазақ дүниетанымын көрсететін тілдік шығармалардың көздерінің бірі – фольклор болып табылады. Онда қазақ дәстүрі мен салты, қазақ тарихындағы халықтың өмір сүру ерекшеліктері, бүкіл этнографиясы жатыр. Ал тілдік жағынан алғанда ұлттық сипатқа сай ескі, көне мағынадағы сөздер мен сөз байлығының көпшілігі осы фольклорлық шығармалар қатарына жататын ауыз әдебиеті үлгілері екендігі даусыз.

     Әр халықтың танымдық ерекшелігі тек тілінің табиғатынан танылады десек, қазақтың ұлттық  ерекшеліктерін көрсететін тілдік көздердің қатарына фольклорлық шығармалардан басқа жыраулар поэзиясы мен халық ақындарының шығармалары да жатады. Бұл шығармаларды – нағыз қазақ халқының дүниетанымының айнасы деуге де болады. Оны төменде 7-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында Досмағанбет пен Жамбыл айтысынан берілген  өлең үзінділерінен көруге болады:

Жердің бетін сел жуар,

Елдің кегін ер қуар.

Дауыл тұрса, бұлт қуар,

Жердегі жауды жұрт қуар.

Ерліктің оты лапылдап,

Аспанға шығар күн туар.

     Оқулықта берілген Досмағанбет пен Жамбыл айтысынан алынған үзіндіден қазақ халқының өзіне тән ержүректілігін, қайсарлығын, батырлығын байқауға болады. Яғни қазақ халқына тән ұлттық дүниетанымды байқауға болады.

     Ұлттық дүниетаным – қандай да бір ұлттың басқаларға ұқсамайтын өмір сүру дағдысы, адам және сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасы. Тіл – қандай да бір ұлттық дүниетанымның, тарихының көрінісі болғандықтан, сол ұлттың өмір сүру сипаты, салт-дәстүрі,  әдет-ғұрпы, т.б.  жатады. Осы мақсатта 7-8-сынып оқушыларына қазақ халқының салт-дәстүрінен хабардар ететін мәтіндер мен оны игертуге арналған тапсырмалардың берілуі орынды. 7-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығында  қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты «Бала тәрбиесі бесіктен» деп аталатын 1-сабақта «Тұсаукесер тойы» атты мәтін берілген.

     «...Тұсаукесер тойына жиналғандар кең далаға шығып, дәмге толы дастарқан жанына қазық қағады. Аяғы тұсалған баланы сол қазыққа арқандап қояды. Содан соң тойға жиналған балаларды жаяу жарысқа жібереді. Озып келген бала арқанды қиып, дастарқандағы дәмге ие болады. Оған да арнайы сыйлық береді. Жақсы тілектер айтылады. Тұсауын кесетін адам ала жіпті кеседі. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Осы кезде «Тұсаукесер» әні шырқалады». 

    Осы мәтінде берілген қазық қағу,  ала жіпті кесу қазақ халқының өзіне тән ұлттық дүниетанымын көрсетеді. Қазық қағу қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Киіз үйдің берік болуы қазықтың мығым қадалуына байланысты екендігін, сол себепті жас сәбидің тұсауын кескенде оның болашағының берік, мықты болғанын қалайтындығын оқушыларға түсіндірудің мағызы зор. Сондай-ақ ала жіпті кесу арқылы сәбидің адал, шыншыл болуын, ұрлыққа бармауын, яғни жаман қасиеттерден таза болуын ырымдап отырғанын ұғындыра кеткен орынды.  «Бесік» сөзінің ұғымын да оқушыларға ұлттық дүниетаным тұрғысынан түсіндірудің маңызы зор.