Педагогические науки / 2. Проблемы подготовки специалистов

П.ғ.д., доцент Ортаев Б.Т., магистр-оқытушысы Батырова А.Т.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркістан, Қазақстан

 

ТАРИХИ ТӘЖІРИБЕ НЕГІЗІНДЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ

 

Республикамыздың нарықтық экономикалық қатынасқа өтуге байланысты кадрлардың кәсіби даярлығының деңгейіне қазіргі заман өндірісінің қоятын талабы, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беруді көкейкесті мәселе етуде, себебі, көптеген оқушылардың кәсіби ойы әлі де халық шаруашылығындағы белгілі кәсіпке, кадр қажеттілігіне және біліктілік деңгейі талап ететін деңгейге сәйкес емес. Кәсіпті, еңбекпен шұғылданысты таңдау құқығы жеке тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктерін айқындау жағдайында, олардың қажетсінуімен, қабілеттілігімен, білімімен сәйкестілікте оқушылармен және олардың ата-аналарымен тәрбие жұмыстарын жүргізуде, кәсіптік бағдар беру жұмыстары үдерісінде туындаған көптеген сұрақтарды ұтымды шешуде қоғамдық қажеттілікпен жүзеге асырылады. Бұл жұмыстағы нәтижеге жету маман-кәсіптік бағдар берушінің дайындық сапасына да едәуір дәрежеде байланысты.

Кәсіптік бағдар беру – еліміздің халық шаруашылығындағы, жекелеген салалардағы, экономикалық аймақтарға еңбек ресурстарын бөлу қажеттілігін қанағаттандыра отырып, әрбір тұлғаның жеке дара ерекшеліктерін ескеруді талап ететін, әрі жастарды таңдаған кәсібіне еркін және өз еркімен дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі [1].

Кәсіпті таңдауға дайындау жеке тұлғаны жан-жақты және үйлесімді дамытудың ажырамайтын бөлігі болып табылады. Оны жеке тұлғаның өнегелілік, еңбектік, интеллектуалдық, эстетикалық және дене бітімі дамуындағы бірлікте және өзара ықпал ету тұрғысында, яғни оқу-тәрбие үдерісінің барлық жүйесінде қарастыру қажет.

Республикамыздың Конституциясында еліміздің азаматына еңбек етуге құқық берілген, оның ішінде біліміне, қабілетіне, кәсіптік даярлығына сәйкес, 24-бап бойынша «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар» [2]. Десек те, бір мамандықты таңдап, келесі бір түріне ауысып кету жағдайларының орын алуы, кәсіби іс-әрекет саласына сәйкес жұмысты ынта-ықылассыз орындау жастар арасында кездесіп отыратын құбылыс. Кәсіптік іс-әрекетте осындай құбылыстардың орын алмауы үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстарының жүзеге асырылуы қарастырылған болатын.

Осындай бағыттағы іс-әрекетті жетілдіруге бағытталған КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлері Кеңесінің «Мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды, оларға кәсіптік бағдар беруді жақсарту және олардың қоғамдық пайдалы, өнімді еңбегін ұйымдастыру туралы» қаулысы болатын. Аталған қаулыда: «... жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды және оларға кәсіптік бағдар беруді түбірімен жақсарту, олардың дербес өмірге практикалық және моральдық-психологиялық даярлық дәрежесін арттыру, жеткіншек ұрпақтың бойында еңбекке деген саналы қажеттілікті қалыптастыру, бұл үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын қолдануға міндетті. Мектеп оқушыларының ғылым негіздерін оқып үйренуді олардың жүйелі ұйымдастырылған, шама-шарқына лайық қоғамдық пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуымен тығыз өзара байланысты қамтамасыз етілсін» - деп міндеттелген болатын [3].

Бұл міндеттерді, әсіресе кәсіптік бағдар беру міндеттерін шешу үшін ғылыми-педагогикалық еңбектердің рөлі ерекше екендігін белгілі.

Кәсіптік бағдар беру мәселесін Кеңес одағы кезеңінде Н.К.Крупскаяның, А.В.Луначарскийдің, П.П.Блонскийдің, А.С.Макаренконың, С.Т.Шацкийдің, т.б. еңбектері оның күрделі мәселелерін шешуге үлкен маңызы болды.

Одан кейінгі кезеңдерде Вайсбург А.А., Жапбаров А., Климов А.Е., Захаров Н.Н., Симоненко В.Д., Павлютенков Е.М., Пошаев Д.Қ., Пряжников Н.С., Сахаров В.В., Сазанов А.Д., Скаткин М.Н., Костяшкин Э.Г., Чистякова С.Н., т.б. ғылыми-зерттеулер жүргізді және еңбектер жазды. Дегенмен де, кәсіптік бағдар жұмыстары мектептерде қазіргі уақытта өз деңгейінде жүзеге асырылды деп айту ағаттық болар еді.

Кеңес Одағы орнағаннан кейінгі уақыттан қазірге дейінгі кәсіптік бағдар берудің қалыптасу кезеңдерін төмендегідей етіп беруге болады:

1) Кеңестік кезең орнағаннан кейінгі кезеңде ауыр өндірісті дамытуға, елді индустрияландыруға байланысты мектепте еңбек сабағының мазмұны матералдық өндіріске тән мазмұнға ие болды. Кәсіптік бағдар беру бойынша алғашқы тәжірибелер қалыптасты.

2) 1937-1954 жж. аралығында еңбек пәні мектеп оқу жоспарынан алынды, бірақ еңбекке баулу, кәсіпке бағдарлау басқа оқу пәндері және сыныптан тыс жұмыстар негізінде жүзеге асырылды. Кәсіптік бағдар беру бойынша тәжірибелер сабақтастықта жалғасын таппады, бар тәжірибеден қол үзілді.

3) 1954-1984 жж. аралығы. Бұл кезеңде қаулы қарарлардың оқытуды күшейтуге бағытталуы кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жеделдетті. Атап айтқанда, оқытуды өмірмен, теорияны практикамен байланыстыру бағытындағы қабылданған қаулылар білімді өміршең ету мен өмірге жарамды етуге бағытталды. Кәсіптік бағдар беру бойынша тәжірибелер қалыптасып, зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады.

4) 1984-1991 жж. аралығы. 1984 жылы кәсіптік және жалпы білім беретін мектептердің негізгі бағыттарын айқындауға бағытталған реформа кәсіптік бағдар беруге жеткілікті мән берді. Осы кезеңде кәсіптік бағдар беру бойынша арнайы лабораторияларда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді (КСРО ПҒА Еңбекке және кәсіпке баулу ҒЗИ). Мектептерде реформаға сәйкес қоғамға пайдалы, өнімді еңбек, үйірме, факультативтік курстар ұйымдастырылды. 7-8-сынып оқушыларына 1987 жылдан бастап «Өндіріс негіздері. Мамандық таңдау» курстары оқытылды. Мектептерде кәсіптік бағдар беру бойынша әдістемелік кабинеттер ашылды.

5) 1991 жылдан бергі кезеңді кәсіптік бағдар беруге қатысты: тоқырау, қалпына келу және қайта жаңару деп қарауға болады. 1993 жылдан мектептерде кәсіптік бағдар беру бойынша әдістемелік кабинеттер жабылды, еңбекке дайындық бағытына бөлінген сағаттар азайды, оқу-материалдық база төмен деңгейде жабдықталды. Тек 2000 жылдан бастап, еңбекке дайындық бағытындағы оқу жұмыс түрлеріне зейін аудару қолға алынды.

Дегенмен де, кәсіптік бағдар беру бойынша жүргізілген жұмыстар өз кезегінде жастардың мамандықты таңдауы бойынша тәжірибелер жинақтауға негіз қалады.

Мамандық таңдауға даярлықта оқушылардың мамандық таңдау жоспарын қалыптастырудың үлкен маңызы бар. Жоспар - болашаққа ой жіберу, адамның ой жүйесінің көрінісі болып табылады. Сондықтан мамандық таңдауда оқушылардың болашақта кім болам деген мәселені өзінше шешуге үлкен көңіл бөлінеді.

Е.А.Климов «Человек и профессия» деген еңбегінде кәсіптік жоспардың мынадай жоба құрылымын ұсынды [4] :

1) Негізгі мақсат (яғни оқушы кім болам, неге жетемін, бүкіл халықтық іске қандай үлес қоспақпын деген мәселе);

2) Анық мақсат (қайда оқимын?, бірінші жұмыс, одан әрі не істеуім қажет - деген мәселеде);

3) Өмірлік таяудағы мақсаттарына жетудің жолдары мен даярлығы (танысу, өзінің күшін байқап көру, өз білімін көтеру т, б.);

4) Сыртқы кедергілер, өзінің оларды жеңу мүмкіндіктері, басқа нұсқаларын қарастыру деп есептейді.

Мамандық таңдау үшін жоспар жасауда оқушылардың өздерінің жеке білімділігі мен икемділігіне және қоғамның қажетіне байланысты болу жағы қарастырылады.

Жалпы Кеңес кезеңінде оқушыларды кәсіпке бағдарлау жұмыстарынан «Өндіріс негіздері», «Мамандыққа таңдау» оқу құралдарының мектеп тәжірибесіне енуін айтуға болады. Сондай-ақ, кәсіптік бағдар беру жұмыстары мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мекемелерінде жүзеге асырылу керектігі де айқындалды. Бастауыш сыныптарда оқу пәні мазмұнына сәйкес оқушылар кәсіп әлемімен таныса бастайды.

Сонымен қатар, болашақ мектеп мұғалімдері төменгі сынып оқушыларының қызығулары үстірт, тұрақсыз болатынын, жасөспірімдердің қызығулары бір жағынан күрделі, мазмұнды, жан-жақты, екінші жағынан танымдық тұрғыдан қамтамасыз етілетінін жоғары оқу орындарында зерделейтін.

Қазіргі уақытта оқушыларға кәсіптік бағдар беруде мұғалімдердің, болашақ мұғалімдердің өткен тәжірибені зерделеуі үлкен мәнге ие. Мәселен, ізденуші А.Жапбаров Қазығұрт ауданында (Оңтүстік Қазақстан облысы) «Менің қызығуым» атты эксперименттік шығарма жаздырғанда оқушылар жалпы алғанда 30 мамандықтың ғана атын атағандығын атап көрсетеді. Бұл, әрине, мамандықты бағдарлау емес [5].

Аталған мамандыққа қызығуды талдап қарағанда, ұлдар мен қыздардың арасында айырмашылық бар екендігі анықталған. Атап айтқанда, ұлдар көбінесе, орманшы, жүргізуші, киномеханик, танкист, шекарашы, тракторшы сияқты мамандыкқа қызықса, ал қыздар дәрігер, мұғалім, сатушы, кітапханашы, радист, т.б. мамандықтарды қалаған. Зерттеу барысында анықталғандай оқушылардың кәсіп әлемі жөніндегі түсініктері шектеулі екендігі көрініс тапқан.

Елімізде технологиялық білім беру мазмұнын жетілдіруге, инженерлік, техникалық мамандықтарға және оның элементтерін орта мектептен оқытуға деген бетбұрыстар орын алды. Оған елбасы Н.Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауы негіз болды [6]. Осы бағытта білім беру мекемелерінде бірқатар жұмыстар жүргізіледі бастады.

Біздер 2007/2008 оқу жылында «Кәсіптік білім» мамандығына оқуға түскен 35 студентпен айқындау экспериментін жүргізгенде, олардың 14,3 пайызы ғана аталған мамандықты қалап түскендігі анықталды. 57,1 пайызы экономикалық мамандықты, 28,6 пайызы «География» мамандығын таңдағаны белгілі болды. Оның себебі, аталған мамандықтар үшін жетекші пән «География» болған (аталған оқу жылында «Кәсіптік білім» мамандығы үшін «География», кейінгі оқу жылдарында «Физика» пәні болды).

Мұнда, «Кәсіптік білім», «География» және экономикалық мамандықтар үшін кәсіби іс-әрекетті сипаттаушылардың әртүрлілігі назарға алынбағандығы көзге бірден ұрынады, Олар:

- еңбек шарты (жағдайы);

- еңбек мазмұны;

- еңбек сипаты.

Осыдан келіп, студенттердің, болашақ мамандардың оқуға деген ұмытылысы төмендейді. Оның салдары, оқытушылардың оқу жұмыстарын ұйымдастыруға кері әсерін тигізеді.

2011/2012 оқу жылында «Кәсіптік оқыту» мамандығында оқитын студенттердің кәсіпке қызығушылығын, кәсіпті саналы таңдауын анықтау мақсатында жүргізілген эксперимент нәтижелерін талдау, кейбір студенттердің мамандықты саналы таңдамағандығы, келешекте осы мамандықты бітіргеннен соң өздерінің қалаған мамандықтарын қосымша оқитындардың бары анықталды.

Бұл мәліметтер мектеп қабырғасында әліде болса кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі жүргізбей отырғандығын көрсетеді.

Кәсіптік бағдар беру өзара байланысты құраушылардан тұратын тұтас жүйе. Олардың бірі - кәсіптік бағдар беру жұмысының бағыттары. Бұл: кәсіби ағартушылық; қызметтің әрбір түрлеріндегі оқушылардың ынталарының, қызығушылықтарының дамуы (танымдық, еңбектік, оның негізі өнімді еңбек болып табылады, ойындық, комуникативтік); кәсіби кеңес беру; кәсіптік бейімделу. Мәселен, бір ғана «кәсіби кеңес беру» өз алдына психологиялық және жеке тұлғалық ерекшеліктерінің белгіленген мамандықтың арнайы талаптарына сәйкестікті орнату мақсатын қояды. Ол келесі формаларда жүргізіледі:

-  анықтамалық кеңес беру;

-  диагностикалық кеңес беру;

-  қалыптастырушы кеңес беру;

-  медициналық кәсіби кеңес беру.

Кәсіби кеңес беру өзінде кәсіби таңдауды қамтиды. Ол әдетте, мектептен тыс жүзеге асырылады, арнайы зертханаларда және де еңбектің мамандандырылған жағдайларымен байланысты кәсіптерге қатысты жүргізіледі. Кәсіби таңдаудың мақсаты – адамның белгілі бір еңбек түріне жарамдығын анықтау.

Кәсіби бейімделу – бұл жас адамның өндіріске жаңа әлеуметтік айналымға, еңбек шарттары және нақты мамандықтың ерекшеліктеріне икемденудің белсенді үдерісі. Кәсіби бейімделудің сәттілігі кәсіпті дұрыс таңдаудың бүкіл кәсіптік бағдар беру жұмысының тиімділігін бағалаудың басты шарттарының бірі болып табылады. Кәсіби бейімделу нақты кәсіптік іс-әрекетке икемділіктерді сақтау және болашақ дамуымен, еңбектің қоғамдық және жеке ынталандырылуының жиынтығымен сипатталады. Мұнда, еңбекке дайындық бағыты бойынша іс-әрекеттердің маңызы ерекше болып табылады.

Қазіргі уақытта орта мектепте кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруда «Технология» пәнінің орны ерекше. Қазақстан Республикасының орта білім стандартында [7], “Технология” білім саласында оқушыларды еңбекке және кәсіпке дайындауға сай стандарт талаптары: жалпы білім беретін орта мектеп бітірушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар («оқушылар мынаны білуге тиіс (немесе оқушылар білуі)», «оқушылар мынаны орындауға тиіс (немесе оқушылар орындауы тиіс)»), ал орта (толық) білім бойынша мектеп бітірушілер дайындығының деңгейіне сәйкес талаптар («оқушылар білуі тиіс», «оқушылар орындауы тиіс») деген сөз тіркестерімен ажыратылып көрсетілген.

Білім стандарты «Технология» пәні бойынша білім мазмұнын анықтайтын негізгі басшылыққа алынатын құжат екендігі белгілі. Келесі құжаттың бірі оқу пәні бойынша типтік бағдарлама. Типтік бағдарлама модулінің мазмұны «Адам-техника», «Адам – табиғат», «Адам - белгілер жүйесі», «Адам – адам», «Адам - көркем образ» типтері бойынша материалдарды қамтыған  [8,9].

Адам іс-әрекетінің түрлеріне сәйкес еңбеккерге қойылатын жалпы талаптар және соларға сәйкес еңбек мақсаты мен іскерліктер анықталады [10]:

- «адам-табиғат» типі бойынша: жануарлар мен өсімдіктерге деген сүйіспеншілік, шыдамдылық, жоғары жұмыс қабілеті, белсенділік, өзгермелі табиғи факторларды болжау және бағалау қабілеті, табиғатты білу, оперативті көрнекі бейнелі ойлау;

- «адам-техника» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, қара күш, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, өндірістік үдерісте пайда болатын мәселелерді шешу, байқағыштық;

- «адам-адам» типі бойынша: жоғары моральдық қасиет, ізгілік, сыпайылық, жоғары психологиялық ұстамдылық, тәрбиелілік, шыдамдылық;

- «адам-белгілер жүйесі» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жедел пайда болатын мәселелерде дұрыс шешім қабылдау, байқағыштық, іс-әрекетінің жылдамдығы;

- «Адам-көркем бейне» типі бойынша: медициналық жарамдылығы, физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, байқағыштық.

Білім мазмұнын анықтайтын басты құжаттар стандарт пен типтік бағдарламадағы сипатталған оқу материалдары мен іс-әрекеттердің ғылыми негізінің ашылуы мен түсіндірулер, орындалу тәртібі оқулықтар мен оқу құралдарында беріледі.

Қазіргі кезеңдегі кәсіптік бағдар беруге қатысты орта мектепте төмендегідей проблемалар орын алуда: «технология» оқу пәні мен еңбекке дайындық бағытына сәйкес оқу жұмыстары түрлерін ұйымдастыруға бөлінген уақыт бюджетінің аз болуы; оқу-материалдық базаның жабдықталуының төмендігі, т.с.с.

Бұл мәселені педагогикалық тұрғыдан шешуде болашақ технология пәні мұғалімдерінің өзіндік орны бар. Себебі, «Кәсіптік оқыту» мамандығы «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мамандануы бойынша «Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі» пәні Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, т.б. жоғары оқу орындарында оқытылады.

Кәсіптік бағдар беру мақсатында мектеп оқушыларын зерделеу психодиагностиканың міндеті болып табылады. Сол себепті де, пәнді зерделеу барысында студенттер теориялық біліммен және бағдарлы іс-әрекеттермен қаруланады.

Педагогикалық практика барысында студенттер жеке тұлғаны зерделеуде олардың төмендегідей ерекшелік сипаттарына зейін аударуға бағдарланады:

- құндылық бағдарына;

- қызығушылығына;

- қажетсінуіне;

- бейімділігіне;

- қабілетіне;

- кәсіби бағыттылығына;

- мінезінің белгілеріне;

- темпераментіне;

- денсаулық жағдайына.

Сондай-ақ, кәсіптік бағдар беру жұмыстары бойынша мектеп дәрігерінің іс-әрекетімен танысады немесе олармен бірлесе іс-әрекеттерді орындайды.

 

Әдебиеттер:

1 Захаров Н.Н. Профессиональная ориентация школьников. –М.: Просвещение, 1988. –272с.

2 Қазақстан Республикасының Конституциясы. –Алматы: Жеті жарғы, 1996, - 48 бет

3 «Мектеп оқушыларының еңбекке тәрбиелеуді, баулуды, оларға кәсіптік бағдар беруді жақсарту және олардың қоғамдық пайдалы өнімді еңбегін ұйымдастыру туралы» КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы (4-мамыр, 1984 жыл) // Қазақстан мектебі, 1984, № 8, 3 бет

4 Климов Е. А. Человек и профессия. - Л., 1975. с.-8-9

5 Жапбаров А., Ханжарова Б., Қойшиев Қ. Мектептегі тәрбие жұмысы және кәсіптік бағдар беру. – Шымкент. 1992. – 117 б.

6 Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы: Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. - Астана, 2007 жылғы 28 ақпан.

7 Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары. Жалпы орта білім («Технология» оқу пәні (5-11 сыныптар)). –Алматы: РОНД,  2002. –360 б.

8 Технология. Жалпы орта білім беретін мектептің 5-7-сыныптарына арналған бағдарламалар. –Алматы: РОНД, 2003. –36 б.

9 Программно-методические материалы: Технология. 5-11 кл. /Сост. А.В.Марченко. -М.: Дрофа, 1998.

10 Пошаев Д.Қ. Мамандық таңдау негіздері. –Шымкент. 2007. -84 б.