Үлкенге құрмет – Отбасынан

Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жалпы және этникалық педагогика кафедрасының аға оқытушысы Қ.Б. Жұмабекова

 

Отбасындағы өзара байланыс - әрқашан отбасы мүшелерінің (жұбайлар мен балалардың) ынтымақты өмірін құрастырушы болып табылады, әрі бола да бермек. Отбасындағы өзара қатынас пен құрмет, ізгілікті мәдениет туралы сонау ескі заманнан айтылып, тіпті әр саладағы көптеген ғалымдардың еңбектеріне арқау да болған. Қазақ тарихына үңілсек, өзара ынтымақтастық, берік туыстық, яғни «кішіге ізет, үлкенге құрмет етіп», қанға сіңіп қалыптасқан, туыстық өзара жарасымдылықты байқау қиын емес. Дегенмен, өзгерген өмір, жаңарған қоғам адам түсінігі мен сезімін өзгертері анық. Бұлай дейтініміз, заманауи ағымға бой алдырып, өткен ғұрпы мен тарихын ойына алмақ түгілі, жадынан мүлде алып тастаған, «тас бауыр» атқа ие болғандар өкінішке орай қоғамымызда кездесіп жатады. «Заманына қарай адамы» - деген астарлы сөздің төркінін бұрмалап, қазіргі тәрбие осындай деп жақынын алысқа тепкендер де жоқ емес. Әрине, тұрмысымыз оңалып, дамуымыз ғарыштап алға оза бастаған бүгінгі заманда жыртық киім киіп, жұпыны тұратын, ішер ауқатының да мәнісі кетіп, кешегі нәрестесі бет-жүзін бұрмай кеткен жандар бар дегенді елестету қиын. Отбасы тәрбиенің басты қайнар көзі десек, онда «заманның ағымымен» тәрбиеленгендер қайдан шығады?

Ы. Алтынсарин «балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, тума-туысын, жолдастарын сыйлауға үйретуден басталады. Себебі: Ата-анасын сыйламаған адам жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» - деген. Демек, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мақсат-мүдделеріміз отбасындағы алғашқы тәрбиенің өзегі ретінде берілуі тиіс.

Отбасы – барлық сапа мен қасиеттерге ие қоғамның негізгі ұйымы. Болашақ азамат алғаш рет осында тәй-тәй басады, балдай тәтті тілі шығып, үйрену мен жиренуді осы ортадан бастайды. Отбасындағы кейбір жағдайлар балада қызығушылық тудырады, тыйым салынғанның бәрін білгісі келіп тұрады. Сондықтан, баланы дамыту, оқыту және тәрбиелеуде ересек адамдардың өзіне өте маңызды жауапкершілік артылған. Ата-аналардың, яғни отбасындағы ересектердің ұдайы өз білімін толықтырып, заман талабына сай тәрбие беруі үшін, ең біріншіден өзін-өзі тәрбиелеп, бойындағы жат қылықтарды балаға көрсетпеуі абзал. Ол үшін үлкендер өз қажеттіліктерін басқара алулары қажет. Шешім қабылдау барысында олардың дұрыс шешім қабылдауы өз бойындағы тәрбиесі мен біліміне тікелей жүктеледі. Заманауи өзгерістерді сынға немесе есепке ала отырып, дұрыс бағытпен берілген тәрбие саналы, намысты азаматтың қалыптасуына мүмкіндік береді. Үлкенді сыйлау, кішіге қошемет білдірудің элементтерін де осы ұйым арқылы жетілдіреді. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келедінің» сыйқырлы көрінісін отбасындағы үлкендер тәрбиеленуші жастарға сүйегінен өткізіп ұғындыра білсе, яғни анаға деген, әкеге деген ыстық ықыластың, мәртебенің аясын сіңірсе, қоғамымыздағы «дөрекілерден» айығарымыз әбден мүмкін.

Үлкендерге құрмет көрсету үшін алдымен мәпелеп өсірген ата-анасын аялаудан басталады, яғни перзенттің ең басты міндеттерінің бірі – әке-шешеге қарсы келместен тікелей бағыну. Діни тұрғыдан да бұл міндет парыз етілген. Екіншіден, әке-шешеге қарау, барлық шығындарын өтеу, қамқорлық жасау, яғни дүниеден өткенше бағып-қағу. Әке-шешеге қарсы сөз айту, оларға құрметсіздік көрсету үлкен күнә болып есептеледі. Перзент әке-шеше алдындағы борышын ешқашан толығымен өтей алмайды. Тек олардың ризашылығын алуға қол жеткізсе соның өзі бақыт болып саналады. Ата-ана сәбиін мәпелеп өсіріп, ер жеткізіп, бойжеткізу үшін қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиелесе, сәбиі де оларға құрмет көрсетіп, қартайған шағында жекімей, көңілдерін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауға міндетті.

Үшіншіден, ата-ананы тек бұл өмірде құрметтеп қана қоймай, бұл дүниеден өткен соң да, оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек.

Өкінішке орай, сонша жыл бағып өсірген – тоғыз ай, тоғыз күн жатырда тасып, қаншама қиыншылықпен дүниеге әкелген анаға, отбасы үшін тынбастан еңбек етіп, табыс тапқан әкеге қарсы келіп, қолынан келгенше тәрбиелеген ата-аналарын асырай алмаймын деп қарттар үйіне апарып тастаушы рахымсыздар кездесіп жатады.

Үлкендерге жастар тарапынан ізет-ілтипаттар жетіспей жатса, заман өзгерісіне әкеп тірейміз. Жаңа заман жаңа бағыттарын ұсынғанмен, төл мәдениетіміздің асыл мұраларын, ұлттық менталитетімізге жат қылықтар мен бөтен әрекеттерді ажырата білуіміз шарт. Заман өзгерісі дегеніміз адам пейілінің өзгергендігі. Ол үшін бастапқыда ата-бабаларымыздан берілген ыстық ықыласты құрмет пен сыйы әр отбасының үнемі беріліп отыратын мұрасы іспеттес болуы керек.

Сонымен, ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің деген асыл сөзді жадыда ұстап, баланың ата-ана алдындағы борышын әрдайым ұмытпағаны жөн. Яғни, ата-анаға жақсылық жасау, ешқашан ренжітпеу, қатаңдық танытпау, оларға жылы-шырайлы қарап, сыпайы сөйлеу, кез-келген істе олардың ризашылығын алу, оларды риза ету; алдынан кесіп, жолын бөгемеу; о дүниелік болғанда оларды құрметпен еске алып, дұға қылу, олардың рухтары үшін қайырлы істер жасау, өсиеттерін орындау, аттарына кір келтірмеу т.б.

         Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей тәуелді.