Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы
түркілік дәстүр
Тоқсамбаева Айман Омарқанқызы
Семей мемлекеттік педагогикалық
институтының қазақ әдебиеті
кафедрасының доценті,ф.ғ.к.
Болашақ
зерттеушілер көне дәуірдегі ата-бабаларымыз – сақ,
ғұн, үйсін, қаңлы, түрік, қағанаты
дәуірінен бастап хатқа түскен, халық білуге
мұқтаж болып отырған ең көне де
қызықты деректерден сыр шертер, туған ел тарихын тынымсыз
түгендеп, бұрын айтылмай келген, айтыла қалса да
бұрмаланып келген ұлт тарихының ақтаңдағын,
көмескілене бастаған ақиқатын анықтар деп
үміттенеміз. Әдебиет
тарихын зерттеуші ретінде бізге керегі - сол дәуірдегі әдеби
мұраларымыздың ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ.
басындағы төл әдебиетімізде көрініс тауып,
ақындар шығармашылығы өткендегі тарихи
жәдігерлермен үндесіп, мазмұны мен сарыны жағынан
сабақтасып отыруы.
Өткеннің
тағылымынан сабақ алмай, оның өзекті өртер
өкініштерін көңіл таразысына салып сараламай, келешекті
бағдарлай алмайтымыз дау тудырмайтын ақиқат. “Көп
асылының біразынан, ұлттық игі қасиетінен көз
жазып қалған халық аз емес”, - дейді белгілі ғалым
әрі қоғам қайраткері Өзбекәлі
Жәнібеков[1]. Қазақ әдебиетінде көрініс беретін халықтық
таным мен ұлттық қасиет бірер жылдың жемісі емесі белгілі
жайт. Бүткіл түркі дүниесінің біртұтастығына
жеткізер ортақ рухани мұраларымыздағы өшпес,
өлмес мәдени-әдеби құндылықты
тереңірек әрі толығырақ зерттеп тану арқылы өскелең
ұрпақ жүрегіндегі ұлттық намыс, отаншылдық
сезім бүр жарып, өз жемісін береді. Өзін сыйлаған,
ата-баба қадірін білетін, төл әдебиетін сүйетін
ұрпақ өткендегі әдеби мұралар турасындағы,
бертіндегі, яғни ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы
діни-ағартушылық әдебиеті білмеу ата салтын сыйламаудың
белгісі болып табылады. Сол себепті әдебиет тарихын зерттеушілердің
басты міндеті, қасиетті борышы - осы дәуірдегі ұлттық әдеби
құндылықтарды түбегейлі зерттеп, ұлттың
санасына сіңіре білу.
Ресей
тарапынан орнаған көп ғасырға созылған
отарлық езгіде пұшайман күн кешіп, енді-енді ғана ес
жиып, етек жаба бастаған, тарихи тамыры ғасырлар қойнауынан
бастау алып жатқан түбі бір туысқан халықтарының
ортақ мұрасын бірлесіп игерсек ғылыми
ақиқатқа біртабан жақындай түсеміз.
Көнеден
тамыр тартқан әдеби дәстүрімізден ауытқып,
үрдісімізді ұмытып, салт-санамыз бен дінімізді талақ етіп,
мәңгүрттікке мәз болып, барымызды ұқсата
алмай, қағида-кәдемізден айрылып, тіліміз бен діл
(менталитет) сенімін аяқ асты етіп, дүбәра боп
құрдымға құлап кетуге шақ
қалған тұстарда жол тапқан, елім деп
еңіреген ғалымдарымыз
қарға тамырымыз бен қарым-қатынасымызды,
босағамыз бен болашағымызды сақтап қалуға
тырысқан ғылыми еңбектерін әміршіл-әкімшіл
дәуірде ебін тауып қазағына жеткізе білді.
Бар
өмірін туған елінің жарқын болашағы үшін
күресуге арнаған Ататүріктің,
қазақтың ержүрек ұлы Тұрар
Рысқұловтың “Түріктің түріктен басқа
досы жоқ”, “Түркі тілдес, түгел бол” деген аталы
сөздері түркі халықтарының шын мәніндегі
тәуелсіздікке, егемендікке қол жеткізгенше тек сыбырлап айтатын
ұлағатты сөздеріміз еді. Діни бірлік қана емес,
әдеби бірлікте қажет екендігін түсінетін кез туып,
бұрынғы бұғып жатқан ғылыми ойлар
бұрынғыдай астарланбай, батылдықпен сыртқа атойлады.
Жер,
ел, тіл, дініміз бен діліміз, көне тарихымыз бен
салт-дәстүріміз – ең киелі, қасиетті ұғым,
әр халықтың қастер тұтар мұраты,
ұлттық идеологиямыздың сай маңызды тармағы, туыс
халықтарды байланыстыратын күре тамыры болса, соның ең
маңызды саласы – діни әдебиетіміз. Осылардың бәрі
жинақталып келіп – тәуелсіз
елдің үш тұғырлы тірегі іспеттес екені айтылып
жүр. Оған әдебиеттегі тәуелсіздікті
қоссаңыз жоғымыз түгенделеді, әрі іргеміз
бүтінделеді.
“Тарихи
әдебиетте, өткен ғасырдағы ақын-жазушылар
шығармаларында туыс тілдердегі сөздер қазіргіден гөрі
басымырақ қолданған-ды. Русша
оқу жайын сөйлегенде, қазақ бұл
оқуларды қалай оқып жүргенін айтамын.
“Қазақ” газетінің бас мұхаррирі.
Нағыз түркі тілімен жазылса, лұғатсыз оқуға болар еді”[2]деген А.
Байтұрсыновтың өзекті ойларымен үндескен пікірлер өткен ғасырдың
басындағы басқа да зиялылар тарапынан көтерілген еді. Абайдың өзі қазақ
тілінде қолданыс тауып жүрген шет тілі сөздерін еш талғаусыз
қолдана бермегені мәлім. Бұл турасында “...Абай
қазақ тілінің араб, парсы, татар сөздерімен қатты
шұбарланып, қазақ тілінде деген кейбір өлеңдер
қай тілде екенін айыру қиын халге жеткен кезде тарихи сахнаға
шығып, қазақ тілін орынсыз шұбарландырушыларға
аяусыз соққы беріп, ана тілін таза сақтады”,- дейді профессор
Қ.Жұмалиев[3]. Солай бола тұрғанымен діни терминдерді
беруде сол кездегі ақындарда араб тілінсіз беру мүмкін емес
еді. Осындай стильдік ерекшелік пен
рухани арналардың әр тектілігі сол дәуір ақындарын
өздеріне дейінгі қазақ әдебиеті өкілдерінен
мүлдем өзгешелендіріп тұрды.
Діни-ағартушылық
ағымның ірі өкілі Нұржан Наушабаев:
Өлеңді бала жастан
еттім қалап,
Фарсы, ғарап
лұғатпен келтірер ем,-
деп, ой толғауы көп нәрсені
білдіреді. Қазақ әдебиетіне араб пен парсы тілінің
әсері аз тиді деп жүргеніміз бекершілік. Оның
әсерінің мол болғандығынан қазіргі оқырман
М. Көпейұлы сияқты ақындардың
өлеңдеріндегі:
“Дұшпанға таба
болмай, күлкі-досқа”,
Муафық
қағидаға болсаң нұсқа.
“Мұсих мұхамул” болам
деп жүрген жандар,
Тінүйін мен Зафадай
қалса босқа[4, 28б]-
деген жолдарды бірден түсінбей дал болады
да, түрлі сөздіктерге жүгінеді.
Бұл
турасында Қинаят Шаяхметұлы: «Алайда, басқа жақтарына
тиіспей, тек қана тілдік ерекшелік бойынша арнайы және байсалды
көзқарас құзырына алсақ,
жалпыхалықтық таза қазақ тілі бұл «кітаби»
шығармашылыққа әдеби биікке көтерілмеді.
(Шәді Жәңгіров, Ақан сері Қорамсаұлы,
Мәшһүр Жүсіп Көпеев сияқты шеберлер жайы
өз алдына бір бөлек). Ұзақ тәмпіштеусіз-ақ
«кітабилыққа» тән тілдік «сәнді»
айғақтайтын мынандай ашық мойындау-мәлімдемені еске
түсірейік. Есімі әйгілі Нұржан Наушбаев:
...Көңіл келген істі нұсқалайын,
Жоқ алтынды қазайын қайдан тауып-
деп қынжылыс білдіруі, бар алтын
мәнсінбей, қазақша сара жазуды қомсынуы ешқандай
кездейсоқтық емес » [5, 4-5б].
XI
ғасырдағы түркілер елінде – Түркістанның әдеби-мәдени
даму дәрежесінің өте биікте тұрғандығын сипаттайтын әдеби-тарихи
жәдігерлер аз емес. Дәл осы ғасыр ішінде түріктер
әлемі дүние жүзінде теңдесі жоқ екі шығарма
жаратқанын мақтан ете алады. Олар: Махмұт
Қашқаридың “Түркі тілдерінің сөздігі” мен
Жүсіп Баласағұнның “Құтадғы білігі”.
Мұның біріншісі – түрік тілдерінің таралу өрісін,
табиғатын, ерекшелігін баяндаған бірегей ғылыми еңбек
болса, екіншісі – сол дәуірдегі мемлекет, ел басқарудың
міндеттері мен шарттарын назым-өлеңмен шежірелеген
дидактикалық дастан. Осыларға жалғас бұл өлкеде
тағы да екі ұлы дастан - әдіп Ахмед Иүгенекидің
“Ақиқат сыйы” мен Ахмет Яссауидің “Хикметтер кітабы” (XII
ғасыр) дүниеге келгенін айтсақ, түркі
халықтарының адамзаттың көркемдік, ғылыми дамуына
зор үлес қосқанын көреміз.Мұның бәрі,
әлбетте, кездейсоқ құбылыс емес. Бұлар IX-X
ғасырларда Әбунасыр әл-Фараби дәуірінен бастау алатын
Орта Азия, Түркістан ренессансымен тамырлас, сабақтас
құбылыстар. Әрқайсысы жан-жақты, толық,
іргелі мұншама еңбектердің пайда болуы Ояну дәуіріне
ғана тән көріністер[4,3б] деген Р. Бердібаев пікіріне толықтай қосылуға
болады.
М. Көпейұлы өзінің
шығармаларында өзінен бұрынғы түркі тілдес әдеби
тілдің ауызша және жазбаша суреттілік, көркемдік,
жанрлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, сол
дәстүрді дамытып әкеткендігі көзге ұрып
тұрады.
Бізді
айран-асыр ететін бір жайт –
түркілердің ұлы туындысы саналатын “Құтты
білікте” айтылған ойлардың, халыққа айтылған
ақыл-кеңестердің, өмірлік жағдайға
жасалған әр қилы сипаттамалардың тек өткен
дәуір шындығы ғана болып қалмай, Мәшһүр өмір
сүрген заманның әлеуметтік, қоғамдық
сауалдарына да жауап бере алатындығы. Бұл реттен алғанда,
дастанның тұла бойындағы айтылатын әр алуан пікірлер
діни-ағартушылық кезеңінде де, біз өмір сүріп
отырған заманда да өте өзекті мәнге ие. Қазіргі
адамдар бойындағы жиі орын алып, көзге ұратын мін ретінде сыналып, әшкереленіп
жүрген ел адамдары арасындағы жағымсыз мінез-құлықтар
сонау ертеден бері түркі фольклоры мен жазба жәдігерлерінде айтылып
келгенін байқай аламыз. Заман өзгергенмен, адам табиғатына,
тіршілігіне тән іс-әрекеттердің ұнамдысы да, залалдысы
да қайталанып келіп отырады екен. Сондықтан дастандағы
ақыл, нақыл сөздер құрғақ үгіт
болып естілмей, әрбір дәуір адамы жаңадан танып, өзінше
пайымдауы үшін аса қажет насихат болып шығады. Тіпті
дастанның кейбір ғибрат сөздерін көрнекі етіп жазып,
көпшілік орындарға іліп қоярлықтай мәнді[4,5б].
Осындай
ой-толғамдардың ішінен Жүсіп Баласағұнның
айрықша мән беріп, кеңірек тоқталып отыратын
тақырыптары да екшеленіп көрінеді. Соның біріншісі және
ең негізгісі мемлекет, ел басқарушының
құқығы мен міндетіне арналады.
Сондықтан туындының түпкілікті тоқталатын
мәселесі:Патшалықты басқарудың әр түрі,
әділдіктің шарттары мен тәртібі екенін қадап
көрсетеді. оған іле-шала:
Ел
патшаны сақтап, құлқын түзетсін,
Патша
елдің жанын, тәнін күзетсін, -
деген түркі мемлекеттілігі үшін саяси бағдарламалық
сипаты бар өлең жолдары келтіріліп отыр. Ақылды, адал патша –
құт, дүниеқор, пейілі арам әкім – жұт
болатынын кейіпкерлердің қай-қайсысы да өз
түсінігімен толықтыра түседі.
Араға ғасырлар салып тап осы
мәселе мүлде басқа қырынан М. Көпейұлында
былайша көрініс табады.
Таусылмай толып жатыр арманымыз,
Ерікті болмаған соң
мал – жанмыз.
Болмаңыз алты ауызды,
жақсыларым,
Бұл тойдан не боламыз
қалғанымыз?!..,
Пайданың ортасында
өзі жатыр,
Әрқашан залалына
бізді сатар.
Ынтымақ сағдатлу,
жақсыларым
Яки қазақ, яки бол
өзбек, татар[6,37б] –
деп, ХХ ғасыр басындағы түркі
бірлігінен хабар береді. Мәшһүр – Жүсіп
өлеңі тарих оқулығы түстеп-түгендеп бере
алмайтын дәуір тынысын аз сөзбен сипаттай алған және
оқырман түсінігіне қажетті мөлшерде мол
мағұлмат бере алады. Бұл турасында орыс зерттеушісі М.Ю.Лотманның
«кез келген кішігірім өлең бойына көркем туындыға
жатпайтын қалың томдарға сыймайтын ақпаратты
ұсынады[7,35б] –деген пікірімен келісеміз.
Ел
билейтін патшаның ақылы елден асқан дана болуы,
шығарған заңының әділдігі және беріктігі ел
бақытының өлшеуіші деген ой-пікір Жүсіп
Баласағұн туындысының бойында алтын желідей
тартылғандығын аңғарамыз. Мемлекет іргесінің мықты, ел ішінің бірлігін
сақтаудың басты құрал – заң деген ой айтады Жүсіп ақын.
Кімнің
бағы асса, игеріп ел үшін,
Ізгі
түзу заң жасасын ел үшін...
Қоғамның
әрбір саналы мүшесінің ақыл, қабілетінің
жарқырай жарыққа шығуына себі тиетін кемел заң
мен берік тәртіп орнатқан патшалықты көкке көтере
дәріптейді.
Мәшһүрде сол сарынға
басқа қырынан армандау тұрғысынан келеді:
Тәртіп
орнап, жұрт байыды, білісті,
Қасқыр
мен қой бірге тұрып су ішті...
Ал
әкімнің бірсыпырасы қарауындағы елді көгертпей,
қамқорлық орнына зорлық көрсетіп, қанауды
ғана білетінін өшпестей етіп таңбалайды.
Бұл
бектер – от, отқа жақын бармағын,
Егер
барсаң, күйіп, күл боп қалғаның...
Дастандағы
әділ патшаның сөзбен сомдалған бейнесінің
үлгісі ретінде алынған Күнтуды Елік өзінің
жұрт алдындағы қастерлі парызын, қасиетті борышын аса
жоғары түсінетін ғұлама адам болып суреттеледі. Ол:
Біл, әділ заң,
басшылықтың тұғыры,Заң бар жерде – берік
елдің жұлыны.
Әділ
заңым жетер күндей бар елге,Ниет, тегім үлгі болғай
әлемге.
Адам ба
адам өз пайдасын күйттеген,Адам нағыз ел пайдасын діттеген.
Не
жақсы, көр, әділ заң жақсы,Әділ
заңмен бектің аты қалмақшы, -
дейді.
Осыдан
мың жыл бұрын жазылған бұл сөздер, Мәшһүрді
де, бүгінгі қазақ ақындарын да, алаш
қоғамның озық ойлы
адамын да ойландырмай қоймайтын даналық жолдары.
Ақын
адамдардың бір-біріне деген асқан қиянатшылдығы мен көрнау қараулығын,
әсіресе, ел тізгінін ұстаған әкім-бектердің
тоңмойын қайырымсыздығы, дүниеге деген
нысапсыздығы, мал-мүлікке деген
құнығушылығыннан туындаған не адамнан, не алладан
қорықпайтын кесірлі әдеттерінің басын ашып
көрсетіп отырады. Міней отырып, оларды имандылыққа,
қанағатшылдыққа, өзін ғана ойламай,
өзгелердің де мүддесімен есептесуге үндейді.
Бұл М. Көпейұлы:
Пендесі бір Құдайды
білмей ме екен?!
Мінезін Құдай
оның көрмей ме екен?!..
Ағартып, ауыр жұмыс,
аршу қиын,
Мекені бір Құдайдың
жүрегінде...
Мақсат бар: біреуді алдап,
артық жеген,
Нақақ бар: жаламенен
күйген неген...
Жүректі шайтан кернеп
аумалаған,
Жақсылар мұнан басын
сауғалаған.
Езуін
қиғаштаған дүмшелер бар,
Құранды бір
теңгеге саудалаған[6,164-165]–
деп, әуелі патша саясатына, кейін
кеңес үкіметінің туындатқан кесірі мен кесапатын не
өз атынан, не көптің атынан бір АллаҺты ауызға
ала отыра білдіреді. Ұлттың Тәңірге қосылуы
діннің қысымшылық пен жалғандықтан арылуы деген
философиялық түйіндеулер жасайды.
Адамның көзі тірілікте ешнәрсеге тоймайды, бірақ
ешкім де ол дүниеге жиған-терген мүлкін алып кетпейді,
сондықтан жаратқанға сыйынудан, таза, адал жүруден,
пейілді тазартып, хақ жолына берілгендіктен артық аброй да,
байлық та жоқ дегенді насихат етеді. Байлықтың
аумалы-төкпелілігін, мансаптың баянсыздығын, тек
адамдарға жасаған жақсылық қана ізгілік боп
саналатынын дастан кейіпкерлерінің бір-бірімен сұхбаты
сияқтандырып айтады.
Қанша мүлік
жиғаныңмен көз толар,Тиер нәсіп екі құлаш
бөз болар...
Құлқыңды
онда, дүние деп күйінбе,Құлқың ізгі болса,
толар үйің де...
Зорлық қылма, араласпа
арамға,Қанын төкпе, кек сақтама адамға.
Екі әлемде кісілерге
керегің,Ізгі қылық, түзу құлық дер
едім.
Түгел алғың келсе,
дердің ырысын,Таза болсын сөзің, ойың, жұмысың...
Бегің залым болса, шөлдей
қу тақыр,Қылығы – у, қуанышы су татыр.
Сұғанақтық–дауасыз
дерт, арылмас,Күллі жаһан емі қонбай, жазылмас.
Мейірлі бол, қызметшінің
күйін біл,Ашты тойдыр, жалаңашты киіндір.
Бұл дүние тұзды судан
аумайды,Ішсең тілің құрғап, шөлің
қанбайды.
Халқы азса, оны бектер
түзетер,Бек азса егер, оны кімдер түзетер?
Құт опасыз, еріп жолдан
жаңылма,Бақ тұрақсыз, жағынба да табынба.
Білімнің,
ақылдың, қайырымдылықтың пайдасы туралы да
көп қымбат ойлар
тізілген. Ақын бұл қасиеттерді
бір-бірімен байланысты құбылыстар деп қарайды.
Адамгершілікпен, халыққа қамқорлық ниетпен
нұрланған ақыл ғана ізгілік жолына апаратынын айтады.
Ақыл
– шырақ, қара түнді ашатын,
Білім
– жарық, нұрын саған шашатын[4,7-8].
Түркі классиктері осылайша жырлаған міне, осындай өзіне
дейінгі дайын үлгіні М. Көпейұлы өз заманының
қалыбына салып, жаңаша тұрпатта түрлендіре білді.
Өзіне дейінгілерде болмаған «ақылдың азабы», «қос
әлемділік» және «жалғыздық»
айшықтарын АллаҺтың құдіретімен байланыстыра
отыра енгізді.
Таусылып гүл көмір
боп кетесің бе,
Бықсумен, қайран
күнім, өтесің бе?!
Бақ құсым,
айналайын, қонбай басқа,
Табанға тапталып – ақ
кетесің бе?!
Қалумен жалғыз
жұртта күнім өтті,
Топ жарып жазған
сөзім әрбір жайда[8,164]–
деп, тас керең қоғам мен ел –
жұрты уағызына елітіп, қабылдамаған ақылман жанның пұшайман
халін алдымызға жайып салады.
Жалғанда бір еңбегім
жанбаған жан,
Тілімді жан деп адам
алмаған жан.
Тапталып надандардың
аяғына,
Сәулесі болмас мендей
қалмаған жан[8,174]–
деп, өзінің мұңын
жекелікпен білдіресе, Жүсіп Баласұғын көптікпен танытып
отырады.
Араларын
сан ғасырлық әдеби белестер бөліп жатқан
қос ақын өмірдің мәні мен мұраты туралы
түрлі көзқарастарды бір арнаға тоғыстырып келтіре
отырып, болмыстың қыры мен сырын жан-жақты
қамтыған, өшпес өнегелер қалдырған классик
қаламгерлерге айнала алды. екі әдебиет алыбы да замандар
бойындағы түркілік өмір, тіршілік тәжірибесінде
қорытылған, әр заманның адамына да ғибрат беретін
құндылықтар. Әлемдік әдебиеттің асыл
қазынасына қосылған, даналыққа толы бұл
дастан Мәшһүрдің де, бүгінгі буын
қазақ ақындарының
да, келешек әдебиетке келер қаламгерлер қауымның
да мәңгілік рухани қажетіне жарайтын көркемдік
мүлік болып қала береді. Біз осы ұлы туындыны М.
Көпейұлының шығармашлығымен бірлікте алып
қарастырдық.
Пайдаланған
әдебиеттер
1.Өзбекәлі Жәнібеков. “Егемен Қазақстан”
газеті, 21. 07. 1993
2. Байтұрсынов. А .// кітапта:Бизақов
С. Түбі бір түркілер /Бас ред. Ә.Нысанбаев. –Алматы:
«Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,2000.-320 бет.
3. Жұмалиев Қ. Қазақ
әдебиеті тарихының мәселелері және Абай
поэзиясының тілі”, А., 1960.
4. Бердібай Р.
Жұлдыздар жарығы. – Алматы: “Білім”, 2000. – 248 бет.
5. Шаяхметұлы
Қинаят. Шартарап. Ғылым жинақ. (филологиялық-контактология).
– Семей-Новосибирск. Талер–Пресс, 2006. –
350 бет.
6. Мәшһүр
– Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 4 том. – Павлодар
қ.: «ЭКО» ҒӨФ, 2004. – 535 бет.
7. Лотман М.Ю. Анализ поэтического текста
(структура стиха). Изд. «Просвещение» Лен. отд. Л., 1972.
8. Мәшһүр
– Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1 том. – Павлодар
қ.: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 436 бет.
Резюме
В данной статье рассматриваются проблемы и
сравнения духовно- просветительской литературы в конце 19 и начало 20 века, а
также особое внимание уделяется отношению простого народа и власти того времени
в поэме М. Конеева и Ж. Баласагуна « Кутты билик».
Summary
This article is devoted
to poetries of M. Kopeyuly which took place in a literature at the end of the
XIX and the beginning of the XX centuries.
The author considers the
writer’s works connecting with poem «Kutty Bilik». of Zh.
Balasugany