Қазақ  тілін  интеграция  арқылы  оқытуда  жүргізілетін  кешенді  жұмыс  түрлері

       

 

                                                          Жайлаубаева Құралай  Сарқытбайқызы

                                                Абай атындағы  Қазақ  ұлттық

                                                                       педагогикалық университеті

  Қазақ тілі теориясы  және әдістемесі

                                                                     кафедрасының оқытушысы

 

       Білім  беру  саласындағы  интеграция  үдерісі – күрделі,  жүйелі  құбылыс болумен қатар  психологиялық  және  педагогикалық  тұрғыдан талдау жасауды қажет ететін мәселе екендігі алдыңғы бөлімдерде айтылды. Интегративті   негізде  білім  берудің    негізгі  мақсаты    қоршаған   әлем   жайлы  оқушы санасында біртұтас  көріністі  қалыптастыру.  Сабақты басқа пәндермен тоғыстыра оқыту оқушылардың ойлау қабілетін шыңдайды, олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік тудырады. Себебі әр оқушының әр пәнді игеру қабілеті әр түрлі болып келеді. Бір сабақты өте жақсы меңгерген бала, екінші пәнді игеруде қиындыққа кездесуі мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, пәндерді тоғыстыра меңгерту оқушының мүмкіндігін ашуға жетелейді. Себебі, интеграция    тек  қана  жеке   бөлшектердің  тұтасқа  бірігуі  ғана  емес,  сондай-ақ  сандық  және  сапалық  көрсеткіштерге  жетелейтін,  әр  түрлі  деңгейі  бар  жүйе.

        Өзге тілді дәрісхананың 8-сыныбындағы «Қазақ тілі» пәнін бірнеше пәндерді тоғыстыра отырып оқыту – бүгінгі күннің талабынан туындап отырған мәселе. Қазіргі  кездегі  педагогикалық  білім  беру жүйесіндегі  келе  жатқан  инновациялық   үдерістер  интеллектуалдық  қабілеті жоғары,  білімді, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруды қажет етіп отырғаны белгілі. Пәндердің  әр тарапты  болуы    мектеп  түлегінің білімінің терең болуына ықпал ететіні сөзсіз.   Мектепте оқытылатын пәндерді сабақ үдерісінде бір-бірімен сабақтастыра оқыту оқушының білімі мен мәдени деңгейінің өсуіне септігін тигізеді.

         Бүгінгі  күні  педагогика  саласындағы кейбір  шешілмеген  мәселелерді бұрынғы әдіс-тәсілдермен шешу қиындық тудырады, сондықтан сабақ үдерісінде қазіргі білім беру жүйесіндегі тиімді жолдарды қолдана білу қажет.               

        Қазіргі  кезеңдегі  пәндерді  интеграциялау  үдерісі   жаңа  педагогикалық  технологиялардың  деңгейін   өсіруді  талап  етеді.  Сонымен  бірге  пәндерді  интеграциялау мәселесі  белгілі  бір  оқу  пәндерін  үйрете  отырып,  басқа  да  пәндердің  әдістерін,  теорияларын,  заңдарын  қоса  оқытудан   көрінеді.  Бұл  білімнің  жаңа  сапалы  түрінің  пайда  болуына  және  жалпы ғылыми  түсініктер  мен  категориялардың,  тәсілдердің  пайда  болуына  әкеледі.  Пәнаралық  интеграция  пәнішілік  интеграцияны  мейлінше  толықтырады.        

       Орыс  мектебінің  8-сыныптарында  қазақ  тілін  басқа пәндермен байланыста, тоғыстыра оқыту  білім  мазмұнын  тиянақты  меңгертудің  басты  жолдарының  бірі  болып  есептеледі. 

Интеграцияланған  сабақтарды  өткізу  туралы  пікір  мектептегі

оқытылатын  сабақтардың  бір-біріне  жақындығынан  келіп  туғаны  белгілі.  Қазіргі  заманғы  педагогикадағы  алға  қойған  негізгі  міндеттердің  бірі – оқушының  қабылдауында  әрбір  пәннен  алған  негізгі  білімдерін тұтас  бір  әлемдік  бейне  тұрғысынан  қабылдауға,  өскелең  ұрпаққа  табиғат  туралы,  қоғам  мен  ондағы  өзінің  орны  туралы   түсінік  беру. Орта мектепте   пәндерді  байланыстыра оқыту арқылы түлектерге   келешектегі  алатын  мамандығына  қарамастан жан-жақты білім беруге болады.  Ол үшін мектепте оқытылатын пәндерді өзара сабақтастыра білу қажет.

       Педагогикада оқушыларға бұл  үшін  оқушыға  әдетте  үш  түрлі  талап  қойылады:

ü      мұғалімнің  бағыт-бағдар беруімен ұсынылған тапсырмаларды  оқушының  ізденімдік  көзқараспен  оқып -үйрене  білуі;

ü      қарапайым  зерттеушілік  жұмыс  түрлерін  орындай алуы;

ü      тұтас  әдеби  контекске  енгізілген шығармалардың  байланысын ажырата  білуі.

     Әдетте жалпы білім беретін мектептерде пәндерде интеграциялау   гуманитарлық-эстетикалық  бағытта   оқытылатын  пәндер  мен  техникалық  бағытта  оқытылатын  пәндерді  оқыту әдістемелік  кеңесте   жеке-жеке  қарастырылады.  Алдын  ала  оқу  жылының  басында  әр  кафедра  мұғалімдері   5-8-сыныптар және 9-11- сыныптардағы  оқытылатын  пәндерді  білім  беру  стандартын  негізге  ала  отырып саралайды,  оқу  бағдарламалары мен  тақырыптық-күнтізбелік  жоспарларды  талдайды,  пәндері тоғыстыра оқыту мәселелері қарастырылады. Мұндай  жұмыс  түрлері  тақырыптарға байланысты  оқытылатын  бірнеше  пәнді  біріктіруге  мүмкіндік  береді. Атап  айтсақ:  бейнелеу  өнері  мен  музыка; әдебиет  пен  тарих;  орыс тілі мен қазақ  тілі,  музыка,  бейнелеу; орыс  тілі,  орыс  әдебиеті, музыка; шет  тілі,  қазақ  тілі;  шет  тілі  орыс  тілі және  т.б.

      Пәндерді  өзара интеграциялай  отырып  оқыту  оқушыларға   қазақ тілі пәнінен өтілетін тақырыптарды басқа пәндегі материалдар арқылы меңгертуге жол ашады. Бұл оқушының алған білімдерін өзара сабақтастыруға, байланыстыруға мүмкіндік тудырады.  Сонымен бірге білімдерін тереңдетеді. Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады.

       Оқушыларға берілетін тапсырмалар қазақ тілі бойынша берілетін білім мазмұнына лайықталып сараланады. Оқушылардың аталған пәндерден алған білім, білік, дағдыларын жетілдіруге басымдылық беріледі.

       Пәндерді  интеграциялау  жүйелі  тәсілді  пайдалануды  қажет   ететін, оқушының ойын дамытуды жетілдіруге бағытталған  пәндік  іс-әрекетті  ұйымдастыру болып табылатындықтан интеграцияланған  сабақта  қойылған  мәселені  бөліктерге  бөліп алу негізгі рөл атқарады.  Ұсынылған тапсырмалар  жүйелі,  өмірден  алынған, әлеуметтік  мәні  бар  мәселе  болуы  тиіс. Оқушы  өзі  үшін  өте  маңызды  болып  есептелетін  мәселені  шешу  үшін  барын  салып  кіріседі,  мұғалім  оған бағыт-бағдар береді.  Интеграция  пәнішілік  және  пәнаралық  байланыс  деңгейінде  қолданылып келеді.  Мектептегі  мазмұны  немесе  түрі  жағынан  бір-біріне  ұқсас  пәндерді  біріктіру  ғана  емес, бұл  бір  тақырыпты  оқыту  барысында  әр  түрлі  пәндерді  тұтас  бір  блокты  біртұтас ортақ  бір  жалпы  тәсілге  біріктіру мағынасында да қолданылады.

         Мәтін материалдарының нақтылыққа, дәлдікке, шыншылдыққа құрылуы оқушылардың ынтасын арттырады. Ғалымдар мұндай мәтіндердің маңыздылығын атап көрсетеді, өйткені олардың мазмұнында қоғамның барлық өмірлік деңгейлерінен нақты мәліметтер мен фактілер келтіріледі. Оқытудың құрамына, бағдарламалық материалға, оқушылардың тілдік деңгейі мен  даярлығына сәйкес келетін ерекше мәтіндерді кіргізу ұсынылады.

   Райгүл Рахметова синтаксисті оқытуға байланысты мәтіннің бірнеше түрлерін ұсынып, мәтіннің қызметі туралы былай дейді:  «Мәтіннің өзара грамматикалық, семантикалық, логикалық байланысқа түскен тілдік бірліктерінің мәнін ашу негізгі идеяға бағытталған көркемдік әлемді тануға мүмкіндік тудырады. Мәтін ең жоғарғы қатысымдық бірлік болып табылады. Мәтіннің жалпы қатысымдық стратегиясы, семантикасы оның қатысымдық міндетімен тығыз байланысты. Мәтін танымдық, ақпараттық, прагмматикалық, т.б. қызмет атқарады. Мәтіндегі сөйлемдер, олардың орналасу тәртібі, тыныс белгілері, т.б. – барлығы, мәтіндегі негізгі ойды жеткізуге қызмет етеді. Мәтіндегі ой екі түрлі жолмен берілуі мүмкін. Мәтін мазмұны бір ғана ойды жеткізуге бағытталады немесе бір мәтінде бірнеше ой беріледі» [Р.С.Рахметова. қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік  негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін) п.ғ.д. дәрежесін алу үшін жаз. Диссер автореф. Аламаты, 2010].

      Мәтіннен кейінгі орындалатын тапсырмалар оқушыны ортаға негізделген қарым-қатынастан тікелей қарым-қатынасқа біртіндеп өтуге жетелейді. Оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы білімдерін тереңдетеді, ұсынылған ақпаратты сұрыптап, өңдеп қолдануға дағдыланады. Мәтін мазмұнын саналы түрде меңгеруге тырысады.  

      Тапсырмалар  мен  мәтіндерді  оқи  отырып  сұрақтарға  ауызша  жауап  бергенде,  оқушы  өз  даусын  жазуы,  оны  өзінің  тыңдауы,  диктордың  сөзімен  салыстыруы  және  соған  сай  өзі  нәтиже  шығара  алуы  керек. Мұғалім  де өз  кезегінде  оқушыларға  кедергі  жасамауы  тиіс,  сөйте  тұра  ол  белгілі  бір  оқушының  компьютеріне  қосылуға,  оның  іс - әрекетін  бақылап,  жауабын тыңдай  отырып,  онымен  диалогқа  түсуге  мүмкіндігі  болады. Әр  сабақта  сөздік қоры  лексикалық  минимум  түрінде  беріледі.  Сөздік  жұмысы  оқу  материалын  аудиовизуалды  берудің  көмегі арқылы  оқушыларды  жаңа  сөздерді  дұрыс  айтуға  және  оларды  түрлі  грамматикалық  құрылымда  дұрыс  қолдана  білу  дағдыларын   қалыптастыруға  бағытталған.          

          Сөздікпен  жұмыс  жасау   оқушылардың  сөздік  қорын  байытып,  лексикалық    дағдыларын  дамытады.

         Әр  сабақта  жаңа  сөздермен  сөздік  жұмысы  жүргізіліп  отырады.  Сөздік  жұмысы  әдетте  жаңа  мәтінмен  жұмыс барысында  үнемі  оң  жақ  бағанға  меңгерілетін  жаңа  сөздер   түсі  өзгертіліп  беріліп  отырады.  Соңынан  оқушы  компьютер  мониторындағы   ұяшыққа  есінде  қалған  жаңа  сөздер  бойынша  сөздік  диктант  жұмысын  жазады  және  нәтижесін  тексереді.  Оқушы  әрбір   жаңа  мәтінмен  бірінші  монитор  арқылы  танысса,  дыбыстық  жазбадағы  диктор  сөзін  тыңдау  арқылы  оны  екінші рет  қайта толықтырып  өзін - өзі тексеріп  отыру  мүмкіндігіне  ие. Келесі  тапсырма  «Өз  даусыңды  жаз»   нұсқауы арқылы  орындалады. Мұнда  оқушы  өзі  мәнерлеп   оқиды,  өз  даусын  таспаға  жазады,  соңынан   өзі  оқыған   мәтінді   диктордың  оқуымен   салыстырады.  Осыдан  кейін  сөздер   мен   сөйлемдердің  дұрыс  айтылуына  байланысты  кемшіліктерін  анықтап,  нәтижесін   шығарады.

         Әдетте  1– тапсырма  бойынша   берілген  жаттығулар  мәтін  мазмұнына  сүйене  отырып,   сұрақтарға  жауап  жазу,  2 – тапсырмада  берілген  сөйлемнің  құрылысы  жағынан  дұрыс  не  бұрыс  екенін  көрсетуге  бағытталған, 3 – тапсырмада  бос  ұяшыққа   сәйкес  келетін  сөздер  мен  сөйлемдерді  орналастыруға  арналған,  4 – тапсырма  бойынша  берілген  сөздерді  қатыстырып  сөйлем  құрастыруға арналған,  5 – тапсырмада  берілген  суреттердің  атауын  бос  ұяшыққа  жазуға  арналған.  Бұндай   тапсырмаларды  орындау  арқылы  оқушы  мәтін  мазмұнын  дұрыс  түсініп,  игере  алады,  сөздер  мен  сөйлемдерді  дұрыс  жазуға  бейімделеді,  дұрыс  жазу  нормаларын  меңгере  отырып,  ойлау – сөйлеу әрекетін  іске  асырады.  Сондай – ақ  сөйлемдердің  грамматикалық  дұрыс  құрылымын  үйренеді,  лексикалық  сөз  қорын  молайтады. Мұндай  жұмыс  түрлері  оқушының   өз  бетінше  жаңа  мәтінді  көру,  оқу,  тыңдау  жұмыстарын  жүргізу  арқылы  түсініп – қабылдауына байланысты  дағдылары  мен  біліктерін,  сонымен  бірге  оқу  техникасын  дұрыс  қалыптастыруға  да  септігін  тигізеді.