ҚАБЫКЕН Ж.Т.

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан

             Ғылыми жетекші: ф.ғ. д., профессор Мажитаева Ш.М.

 

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ҚОЛДАНЫСЫ

(Ж.Аймауытов, Б.Майлин, О.Бөкей шығармалары бойынша)

 

Қазақ халқының рухани жан-жақты дамуына, ұлттық ерекшелікке, ұлттық болмысқа өз шығармаларымен зор үлес қосқан ақын-жазушылардың туындыларын зерттеп, олардың қаламына іліккен, қаламынан туған көркемсөз үлгілерін талдап, таразылап, анықтау қазіргі кезде өзекті мәселе екендігінде дау жоқ. Әр қаламгер заман озған сайын тілдік қолданыстар, соның ішінде фразеологизмдерді құлпыртып, жаңғыртып, жаңартып қолданады. Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин және О.Бөкей көркемсөз үлгілерінің ішінде фразеологизмдерді сол қалпында немесе жаңғыртып, жаңартып, соны қырымен шебер  пайдаланды

Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин және О.Бөкей туындыларындағы фразеологизмдер.

Мақаланың мақсаты Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин және О.Бөкей туындыларының тілін зерттеу. Көркемдік құрал қызметіндегі фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігі мен тілдік табиғатын анықтау.  Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин және О.Бөкей туындыларында кездесетін фразеологизмдердің қолданылу ерекшеліктерін, олардың шығарма тіліндегі қызметін анықтау, лексика-грамматикалық топтарға қатысын көрсету.

     Ж.Аймауытов, Б.Майлин, О.Бөкей өздерінің шығармаларында фразалық тіркестерді талғаммен, ұтымды пайдалануы шығарманың тілін әрі бай, әрі образды, әсерлі етеді. Сөйтіп, жалпы фразеологиялық тіркестер – жазушының көріктеу тәсілдерінің ең басты амалының бірі болып табылады.

Аталған ақын-жазушылардың туындыларының тілін зерттеу барысында, олардың қазақ тілін, шешендік дәстүрін, жалпы лексикалық байлығын өз шығармаларында көркемдікпен қолданғанын анықтадық. Туындыларында қолданған қарапайым сөздердің эстетикалық әсерін күшейтіп, әсерлеп, поэтикалық тілге ерекше ажар берген. Қазақ тілі лексикасының байлығын неше түрлі көркемдеу тәсілі арқылы құбылтып, шығармаларына көркемдеу құралы еткен. Ақын-жазушыларымыздың сөз шеберлігі, тапқырлығы ауыз әдебиеті үлгілерін шебер пайдаланып, ойнақы өрнек жасауынан байқалады.

Ақын-жазушыларымыз тұрақты тіркестерді өз ойын, көзқарасы мен дүниетанымын, жағдайларды көркем түрде суреттеуде, шығармаға экспрессивті-эмоционалды реңк беру мақсатында молынан пайдаланды. Жұмысты қорытындылай келе мынандай мәселелер анықталды:

1) Ақын-жазушылрымыз жалпы халықтық қолданыстағы бейнелі тұрақты тіркестер тұлғасын еш өзгертпей, сол қалпында молынан пайдаланған. Ақын халық тіліндегі фразеологилық синонимдерді өз мақсатына орай құбылтып қолданған;

2) Ақын-жазушыларымыз ойын мәнерлілікпен жеткізуде «мәтін ішіндегі мәтін» жасап, фразеологиялық варианттарды, фразеологиялық синонимдерді, плеоназмдарды шебер пайдаланған;

3) Айтылатын ойды мейлінше ашық-айқын, мәнерлі, көркем түрде жеткізіп, әр ойды еселей түсу үшін, шығарма тілінің көркемдігін танытда, оқиға немесе жағдайды тайға таңба басқандай етіп көрсетуде антонимдерді, сонымен қатар контекстік антонимдерді өз шығармасына арқау еткен;

4) Ұлттың даралығын сипаттайтын, ұлттық болмысты танытатын, ұлттың дүниетанымын ерекшелігін жеткізуде қызмет ететін «мәдени кодтарды» шығармашылықпен қолданған;

Ақын-жазушыларымыз өз ойын нақты бейнелеу үшін, жаңа ұғымды суреттеу үшін, заттың толық мән-мағынасын аща алмайтын сөздерге синоним тудыру үшін, өз сезімін ерекше көрсетіп, эмоционолды-экспрессивті реңті сөздерді ұтымды пайдаланған;

5) Когнитивтік тұрғыда, концептілк сөздер де молынан ұшырасады.

О.Бөкей тіліндегі фразеологизмдердің лексика-семантикалық, грамматикалық ерекшелігін зерттеуде төмендегідей тұжырымға келдік.

1. Фразеологизмдердің түрлі сөз табынан екендігі, сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығы анықталды.

2. Ақын халық тіліндегі ойға жан бітірер бейнелі тұрақты тіркестерді қолдануда шеберлік танытты.

3. Етістікті, есімді фразеологизмдер дайын күйінде де, авторлық өңдеумен де ақын шығармасында молынан кездеседі.

Тілдегі фразеологизмдердің жасалуына сан түрлі құбылыстар, ұғымдар түсініктер себеп болған. Солардың бастылары: Бірқыдыру фразеологизмдер өлшемдік ұғымдардың негізінде пайда болған. Мысалы: а) уақыт, мерзім өлшемдері: күншыға, сәске, түсте, тапатал түсте, шаңқай түсте, күн ұясына кіргенде, көз байлана, қас қарая, құлқын сәріде, т.б. Тұрақты тіркестерді стильдік мақсатпен белгілі бір мағыналық реңк үстеп қолдануды жазушы көркем прозада кеңінен және шебер пайдаланған. Мысалдармен дәлелдейік: Қас қарайып, алқара көктегі сансыз жұлдыздар тым алыстан сиқырлана көз қысысады. Қас қарайды / кешқұрым қараңғы түсу мезеті туралы айтылады.

 Б.Майлин тіліндегі фразеологизмдердің лексика-семантикалық, грамматикалық ерекшелігін зерттеуде төмендегідей тұжырымға келдік:

1. фразеологизмдердің кейпкерлерді мінездеуге қолданылуы;

2. фразеологизмдердің кейіпкерге тілдік мінездеме беруде жұмсалуы;

3. фразеологизмдердің кейіпкер портретін беруде жұмсалуы;

4. Б. Майлин шығармашылығындағы фразеологизмдердің қолданылу ерекшелігінің тағы бір қыры, фразеологиялық түйдектер – мақал-мәтелдердің кейіпкер тілінде қолданылуы.

Фразеологизмдерді Б.Майлин өз қажетіне сай талғап, жаңғыртып қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық талғамына, қоғамдық саяси, философиялық көзқарасына сәйкес болып келеді.

Жазушы халық тілінің бар байлығын сөз айшықтарын өз шығармасында шығармашылық тұрғыда жұмсай отырып, өзіне тән ғана стиль құрайды. Яғни Белинский айтқандай даралық слог жасайды.

Ж.Аймауытұлы шығармаларындағы фразеологизмдердің қолданысы:

-кейіпкердің психологиялық келбетін (көңіл-күйін, ішкі жан дүниесін) көрсету үшін;

-образдылықты күшейту мақсатында

-портрет жасауға, сол арқылы кейіпкердің ішкі дүниесін ашу үшін.

Ж.Аймауытов шығармадағы трансформацияланған фразеологизмдерді қолдануда автор олардың көпшілік жүрегіне жақын, қарапайым болып келуін ескерген секілді:

- трансформацияланған фразеологизмдер: туғалы түз көрмеу, күштілерге бір зауал, тіс қаққандық қылу;

- контаминацияланған фразеологизмдер: аузын шайнап қала берді, қуығынан шаншыла отыр;

- жеке авторлық фразеологизмдер: тесік табатын епті кісі: қуарған қу бас өмір -бейне жапырақсыз ағаш; шықпаған шыбынды сүйретіп т.б.

Ж.Аймауытұлының сөз қолданудағы шеберлігіне прозадағы уақыт, оның ішкі мағыналық нәзік реңтерін дәл көрсететін құлқын сәрі, қас қарайған кез, апақ-сапақта, қызыл іңір, таң ала көбеу т.б. тілдік бірліктер айқын дәлел бола алады.

Әр халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктері оның ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ой сандығынан көрініс табады. Сол ой сандығын орынды, ұтымды пайдалану – сол ұлттың даралығын сипаттайтын ерекше етіп бағалайтын, сол заманды толыққанды суреттейтін тілдік құралы деп есептейміз. Ал осы құралды қолдануда Ж.Аймауытұлының шеберлігі ұшан-теңіз.

Ақын-жазушылар шығармаларындағы фразеологизмдер:

1. Фразеологизмдердің түрлі сөз табынан екендігі, сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығы анықталды.

2. Ақын-жазушыларымыз халық тіліндегі ойға жан бітірер бейнелі тұрақты тіркестерді қолдануда шеберлік танытты.

3. Етістікті, есімді фразеологизмдер дайын күйінде де, авторлық өңдеумен де ақын-жазушыларымыздың шығармасында молынан кездеседі.

Сонымен бұл фразеологизмдердің ерекшеліктеріне, олардың шығармадағы қызметіне және авторлардың оларды қолдану тәсіліне  Ж.Аймауытұлы, Б.Майлин және О.Бөкей шығармаларына  сүйене отырып, талдаулар жасалды.

Көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдерді талдап қарастыру – автордың өзіндік стиль жасаудағы тілдік тәсілдің бояу-өрнегін айқындау болып табылады.

 

Әдебиеттер

1      Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы.                         Алматы: Мектеп, 1972.  112 б.

2      Жуков А.К. Русская фразеология.  М.: Высшая школа, 1974. - 310 с.

3      Кеңесбаев І. Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері. Алматы: Мектеп, 1954. 304 б.

4      Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы: Арыс, 2007.    798 б.

5    Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1989.  560 б.

6    Майлин Б. Бес томдық шығармалар жинағы.  Алматы: Жазушы, 1986.

7    Бөкей О. Таңдамалы шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы: Жазушы, 1994.  496 б.

8    Бөкей О. Таңдамалы шығармалары.  Алматы: Жазушы, 1994.   230 б.