CМАҒҰЛОВ ЖАНДОС

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ,

 ф.ғ.д., проф, Қазақстан

 

Ш. УӘЛИХАНОВ ЖӘНЕ МИФОЛОГИЯЛЫҚ МЕКТЕП ҚАҒИДАЛАРЫ

 

ХІХ ғасырдың бас кезінде Германияда ағайынды Гриммдер негізін қалап, одан Россияға ауысқан мифологиялық мектептің мифологиялық, ауысып алу (теория заимствования) және антропологиялық теориялары болды да, олар әлемдік әдебиеттанунда тарихи-салыстырмалық әдісті туғызған еді. Ұлы ғалым Ш. Уәлихановтың ғылыми-зерттеушілік көзқарасында осы үш теория да орын алды. Бірақ мифологиялық мектеп ке сай пікірлері «қателік» деп табылды. «Шоқанның кейбір мақалаларында халық поэзиясына деген демократтық бетінен мифологиялық теорияға қарай ауып кетуі мен Буслаев, Афанасьев сияқты ғалымдардың халық поэзиясы иесіз деген пікірін қуаттауға дейін барды» деген жаңсақ тұжырым орын алды [1, 69 б.]. Бірақ, мифологиялық мектеп әлемдік әдебиеттануда әдеби мұраны игеру жолындағы тың ізденістердің бірі еді.

Фольклорды жинап-жариялау мен зерттеуде оның шығу тарихы туралы мәселе көтере алған бұл теориялар ғылыми ізденістер жолында тың бағыттағы қадамдар еді. Тіпті маркстік-лениндік методология дәуірлеп тұрған кездің өзінде орыс әдебиеттануның тарихын зерттеуші ғалымдар бұл мектепті: «Именно в недрах мифологической школы возникают, берут начало ведущие направления литературоведческой мысли ХІХ в.», - деп бағалаған болатын [2, 123]. Ендеше осы мифологиялық мектепке тән теориялардың Шоқан еңбектерінде орын алуын «халық поэзиясына деген ағартушы-демократтық көзқарасынан шегіншектеуі»  деп емес, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің тарихи даму жолында болмай қоймайтын құбылыс деп есептеу керек [1, 19].

Орыс ғалымдары секілді Шоқан да фольклордың пайда болуындағы мифологиялық танымның ролін жоққа шығармайды. Халықтың әдет-ғұрпын, наным-сенімдерін, аңыз-әңгімелері мен әпсана-хиқаяттарын сөз еткенде мифологиялық ұғымдармен байланысты қарайды да, оның этнографиялық, этногенездік, зоогенетикалық, топонимикалық, космогониялық, демонологиялық секілді түрлері туралы ғылыми ой-пікір білдіреді. Шоқан өзі зерттеген халықтардың шығу тегінің түп төркіні жеке адам немесе жан-жануарлар туралы мифтік аңыздарда көрініс табуын мифологиялық таным деп көрсетеді. Ата-баба туралы мифтік ұғым, яғни «культ предков» көптеген этногенездік аңыз, әпсаналарға негіз болғанын атап көрсетеді. Өздерінің жаратылуының негізін әйтеуір бір құдіретті күшке апарып телитін мифологиялық түсінік Орта Азия халықтарының көбіне тән екенін айтады. Шоқанның мифологиялық теорияға сай көзқарасының бір бағыты - дүниенің пайда болуын жеке бір бастаушы күштерге апарып негіздейтін мифтік және тотемдік ұғымдарға байланысты қарауы. Орыстың Ф.И.Буслаев, О.Миллер секілді мифолог ғалымдарының концепцияларына қарағанда Шоқанның мифологиялық теорияға байланысты көзқарасында өзіндік бір ерекшелік бар. Ол мифтік аңыз-әпсаналардың қайсысын болсын сөз еткенде, олардың тарихи деректермен салыстырмалық тұрғыдан қарайды. Оны жоғарыда айтылған қырғыздардың шығу тегі туралы мифтерді Қытай шежіресіндегі тарихи жазбалармен салыстыруынан немесе Ыстықкөлдің пайда болуы туралы мифтік аңыздың Әбілғазы шежіресіндегі тарихи деректермен сәйкестігін ғылыми тұрғыда ашуға ұмтылды.

Шоқан мифологиялық теорияның космогониялық және демонологиялық түрлерін этнографиялық тұрғыда қарайды. Ол «Тәңірі», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» аталатын еңбектерінен анық көрінеді. Бұл үш еңбекте де ғалымның негізгі сөз етер нысанасы шамандық пен ислам дінінің ара қатынасы болса да, мифтік ұғымның қалыптасуына шамандықтың тигізген әсері айқындалған. «Будда діні өзінің ырым-салтымен, мифологиялық салтанатты мұрасымен қарапайым шамандық рух пен әдет-ғұрыпты ығыстырып тастауға тиіс еді. Міне осы тұрғыдан, демек шамандық салт-сана жағынан, бақсы-балгерлік (шамандық демонология) жағынан, меніңше, монғолдарға қарағанда, қазақтар  анағұрлым мол мұраға иелік етіп отыр», - деп жазады   [3, 170]. Шамандықтан туған мифтік ұғымдар мұсылмандық наным-сеніммен мидай араласып кетіп, олардың фольклорлық шығармаларда орын алып отырғанына тоқталады. Осы шамандыққа негізделген мифтік түсініктерді халық жоғалтпай сақтай отыра, оны ислам діні кіргізген мифтік ұғымдармен сәйкестендіріп әкеткенін: «діни атаулардың аттары, терминдер ғана өзгерді, ал негізгі шамандық туралы түсінік - ол сол баяғы қалпында қалды. Онгонды - аруақ деп атады, көк тәңірін - Алла немесе құдай, жер рухын - шайтан, пері, дию және жын деді, бірақ халық санасындағы шамандық идея бұзылмады», - деп атап көрсетеді.

Бұл жерде Шоқанның ой-пікірі орыс мифологі Ф.И.Буслаевтың мифологиялық таным тұралы көзқарасымен сәйкес келіп отырады. Тырнақтың сиқырлы күші бар деген ұғымды сөз ете келіп, «Буслаевтың айтуынша, атаусыз саусақ (шылдар шүмек) өтірікке жол бермейді» деп жазса, біреуді жер соқтыру, басын айналдыру үнді-герман халықтарының эпикалық аңыздарында сиқырлау мағынасында қолданатынын айта келіп, Снегиров пен Буслаевтың еңбектеріне сілтеме жасаған. Шоқанның «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегіндегі қойдың қары жілігі туралы аңызға орай  ескертпесінде, осыған сай ой қорытындысы бар. Өз көзқарасын таныту мақсатында «Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз» секілді мифтік ұғымдар толық нұсқаларды дәлел үшін жазып алуымен шектелген. Бұл теорияның Шоқанның ғылыми зерттеу еңбектерінде орын алуын тарихи заңдылық деген дұрыс секілді. Себебі «Теория братьев Гримм для своего времени была выдающимся этапом в развитии филологической науки и влияние ее вышло за пределы Германии, сказавшись в трудах крупнейших ученых-филологов и других европейских стран», - деп бағаланған бұл теорияның, Шоқан секілді қазақ ғалымының тұлғасы арқылы ұлттық әдебиеттануда орын алуы көп жайды аңғартады [4, 24].

Мифологиялық мектептің аталмыш теориясына қарағанда, ауысып алу теориясы Шоқанның ғылыми еңбектеріндегі әдеби талдау жасау барысындағы ой-пікірінде анық көрінді. ХІХ ғасырдың орта кезінде мифология теориясының әдеби мұраны игеру бағытындағы ізденістерінің шектеулігі басқа ғалымдар тарапынан сынға ұшырай бастады. Соның негізінде А.Н.Пыпин, А.Н.Афанасьев, Н.А.Львов т.б. фольклорды ғылыми тұрғыда тану жұмыстарына тың бағыт ретінде танылған ауысып алу теориясын туғызды. «Мифологи, - деп жазады А.Н.Баландин - ставили вопрос о происхождении фольклора, сторонники теории заимствования - об исторических судьбах его. В сущности одно направление дополняло другое...» [4, 42].   Шоқан  бұл теорияны игерудегі алғашқы қадамдарды жасап кетті. Бұл мектептен орыс әдебиеттану ғылымындағы мифология теориясының негізін салушы Ф.И.Буслаевтың 1874 жылғы «Русский вестник» журналының  №5 санындағы «Странствующие повести и рассказы» деген еңбегі шыққаннан кейін ғана ауысып алу теориясы толық мәнде дами бастады. Шоқан бұл теорияның белгілі бір халық басқасынан тақырып, сюжет ауысып алуы үшін ең алдымен ауысып аларлықтай дәрежеде болуы керек деген талабы тұрғысынан келгенде, қазақ халқының әдеби мұрасы басқа елдердегі әдеби дамудан кенже қалмағанын дәлелдейді. Оны «Біздің халқымыздың көркемдік жағынан қалыспайтын, өскелең әдебиеті бар, бұл әдебиет шығыс халықтарының өлең-жырларынан гөрі индо-герман өлең-жырларына жақынырақ»,- деп тұжырымдайды [3, 50]. Ғалым  пікірі Еуропа әдебиеттануындағы ауысып алу теориясын жақтаушы Т.Бенфейдің «Панчатантра» еңбегіндегі «әр түрлі халықтар творчествосындағы үлгілер мен сюжеттерінің өзара ұқсастығы мифологиялық ұғымдарының бірдейлігінен емес, тарихи-мәдени байланысына орай шығармалардың бір-біріне ауысуынан болады. Барлық ауысып жүрген ұқсас повесть, әңгіме, ертегі және өлең-жырлардың Отаны - Индия» деген пікірнен бұрын айтылуы таң қалдырмай қоймайды. (Русский вестник», 1873,  №10).

Мифологиялық мектептің ауысып алу теориясын, ол тудырған тарихи-салыстырмалық әдісті қазақ, қырғыз фольклорын зерттеу барысында кеңінен қолданғанын «Жоңғария очерктерінде» жазған ой-пікірлері де дәлелдейді. «Көптеген қырғыз-қазақтардың ертектерін, мифтерін, эпос жырларын және аңыздарын жинап жүріп, олардың Европа халықтарының, әсіресе славян шығармаларының сарындарына ұқсастығына таң қалдым. А.Афанасьев мырзаның жинағынан мен қазақтардың айтқанына ұқсамайтын тек алты ғана ертегі таптым. Бастапқы кезде мен бұл фактіні Абель Ремюзаға еліктеп, индо-герман тұқымдарының Орта Азия жерлерінде татар тұқымдарымен бірге өмір  сүрген уақытындағы әсерінен және араласып кетуінен болған ғой  деп түсіндім, енді мен бұл мәселені шешудің кілтін ұлы  жүз бен қырғыздардың арасынан табармын, сүйтіп өз жинағым үшін бай материал жинап алармын деп үміттеніп едім, бірақ бұл ойым жүзеге аспады», - деп жазады [3, 83]. Бұдан ауысып алу теориясы Шоқанды ерекше қызықтырып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталанғаны  байқалады.

Шоқан ғалым  А.Н.Афанасьев секілді тек осы көзқараста қалмаған.  Бірақ бір халықтың сөз өнері тек басқа елден ауысып алу арқылы туып өркендейді дегенге қарсы шыға отырып, халық әдебиетіндегі бұл ұқсастықтар олардың тарихи тағдырының сәйкестігінен, тұрмыс-тіршілік жағдайларының жақындығынан, эстетикалық талғамы мен дүниетанымдық көзқарастарының деңгейлестілігінен, сонан соң барып тақырыптар мен сюжет алмасуынан деп түсіндіреді. Бұл секілді ұқсастықтардың негізі халықтардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымдық  көзқарасы, эстетикалық танымның сәйкестігінде жатқандығына ғылыми тұрғыда қарайды. Мифологиялық мектептің кейінгі өкілдерінен Ф.Буслаевтың осы көзқарасын жақтаушылардың шығуы антропологиялық теорияны ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге енгізді. Шоқанның ауысып алу теориясына байланысты ой-пікірінің түпкі қазығы осы теорияға барып тіреледі

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1960.

2. История русского литературоведения.  М., 1980.

3.  Уәлиханов Ш. Таңдамалы. Алматы, 1985.

4. Академические школы в русском литературоведении.  М., 1976.