ЖҰМАҒҰЛ САҒЫМБАЙ БОТПАЙҰЛЫ,
Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, ф.ғ.д.,
Қазақстан
АХМЕТ БАЙТУРСЫНУЛЫНЫН «МАСА» ЖИНАҒЫ
Отарлық
езгідегі қазақтың азаттық жолындағы
ұлттық мұратынан туындайтын елдік қасиеттегі
мәңгілік мәселелерін шығармашылық және
қоғамдық қызметінің өмірлік өзегі
етіп ұстанған Алаш арыстарының өнегелі
ғұмыры, жасампаздық мұрасы сан ұрпақты
отаншылдық биігіне жетелейтін қуатты күш. ХХ ғасыр
басындағы ұлт санаткерлерінің азаттық жолында
атқарған саяси және рухани іс-тәжірибелерінің
тарихи тағылымы қазіргі тәуелсіздік рухындағы
қоғамдық сананы елшілдік ұстанымға негіздеуде
өзекті сипат алуда. Ел тарихындағы саяси зияткерлік пен санаткерлік
өрлеудегі Алаш кезеңінің тұтас дәуірлік
болмыстағы бағытын тануда қазақтың рухани және саяси көсемі Ахмет
Байтұрсынұлының қоғамдық қызметі, сан
салалы шығармашылық тұғыры асқақ.
Алып тұлғаның ұлт азаттығы
мен рухани кемелдену жолында атқарған өлшеусіз тарихи
еңбегі «қазақтың ұзын-ырға тарихымен
жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне
орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш» (М.Әуезов)
болып қалады. «Қазақ халқын байға, кедейге
бөлмей намысын бірдей жыртып, арын бірге жоқтаған»
(С.Сейфуллин) А.Байтұрсынұлы қазақ руханияты мен
қоғамдық тарихындағы бірегей құбылыс.
«Құл
болған халықтан туып, құлдықтың
қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ
қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын
жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес;
кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен
құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс
қылған қазақ қалам қайраткерлері
жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын,
халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал
болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болса, онда
табиғат заңынан тысқары адамнан шошқа, шошқадан
күшік туған сиықты болып шығады... Қазақ
жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды,
мәдениет қуатымен құталады...Азаттық асылы
мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі оқу мен
әдебиетте» деген өршіл азаматтық ұстанымымен
ұлттық әдебиет пен мәдениетті өркендету
ғана отаршыл және әкімшіл-әміршіл саяси билік
жүйе қысымынан арылтатынын кемеңгерлікпен түйді.
Ахмет
Байтұрсынұлы қазақ топырағында бағзы
дәуірлерден бастау алатын әл-Фараби кейінгі Шоқан, Абай,
Әлихан дәстүріндегі энциклопедиялық кемел білім иесі
бола отырып, өзінің жасампаздық ғұмырындағы
жиған-терген ілім-білімін туған халқының өркениет
өрінен табылуына арнады. «Адамнан туып, адам ісін етпей ұялмай не
бетіммен көрге барам». Бұл Алаш азаттығы үшін
жүрек майын шам қылған ұлт көсемінің
азаматтық асқақ ұстанымындағы өмірлік
заңғар мұраты болатын. 1895 жылдан бастап
ағартушылықпен айналысқан ұлт ұстазының
барша өмірі, қоғамдық қызметі ел мүддесіне
арналды. Алаш санаткерінің атқарған кемел істер
қазақ руханиятында мәңгілік өшпес ізін
қалдырды. Сан қырлы дарынның шығармашылық
тұлғасында тоғысқан ілкі қасиеттер даналық
мәйегіндегі даралық болмысын даралайды. Арда Алаштың
ұлттық рухын көтеріп, отаншылдық сезіміне бұла күш
дарытқан тау тұлға қайраткерлік және
шығармашылық қызметімен елге шексіз сүйіспеншілікпен
ерен еңбек етудің өшпес үлгі-өнегесін
қалдырды.
Ахмет
Байтұрсынұлының шығармашылық қызметі Крылов
мысал өлеңдерін аударудан басталды. «Қырық мысал»
(1909) ұлттық сананы оятуға серпін берген кітап. Мысал
өлең арқылы отаршылдықтан туындап отырған
қоғамдық зорлық-зомбылық, әлеуметтік
теңсіздік өткір көтерілді. Ел береке-бірлігі кетуінің
тарихи негіздеріне ой сәулесін түсіріп, адамды аздырар, елді
тоздырар кесір-кесапатты мінез-құлықтарды аяусыз сынға
алды. Саяси-әлеуметтік астары терең «Қарға мен
түлкі» мысал өлеңінде «Жұрт едік аңқау
өскен қазақ болып, Далада, кең сахарада
көшіп-қонып. Алдаған залымдардың тіліне еріп,
Жүрмесек болар еді мазақ болып» деп отаршылдырдың оңай
олжасы, жемтігіне айналған қамсыз қазақ тағдырына
налиды. Ал «Малшы мен маса» өлеңінде «Мысалы қазақ –
малшы ұйықтап жатқан, Жыланды пәле дейік аңдып
баққан. Пәленің түрін көрген мен – Сарымаса
– Халықты оянсын деп сөзбен шаққан» деген ұлағатымен
елдікке төнген қауіптен арылудың айқын әрі
адастырмас сара жолы ұлттық ояну екенін санаға тоқиды.
Ұлттық
сананы құлдық кіріптарлықтан арылтып, азаттық
идеясын ту етіп көтеруде «Жолдар бар өзге, Жоба бар сөзге,
Жүрекке дөп, ойға жөн. Жаманды жаман, Демекпін
һаман, Мейлі тула, мейлің көн. Иланбасам айтпаймын, Иманымнан
қайтпаймын» деп білген Ахмет Байтұрсынұлының «Маса»
(1911) жинағы ояну дәуіріндегі сөз өнерінде
әдеби-тарихи ерен қызмет атқарды. Қазақ
қоғамының ең өзекті мәселелерін
құрайтын жер, дін бостандығы, оқу-ағарту, саяси
теңдік сынды ұлт мүддесіне негізделген өлеңдері
әлеуметтік санаға сілкініс дарытқан қуатымен
құнды. Адамдық диқаншысының елдік
мұраттағы ой-толғаныстары ұлт тағдырын
арқау етуімен әрі халықтың рухани және
шаруашылық дамуына, құлдық санадан ада
тәлім-тәрбиесін ұштауда мейлінше қажетті
отаншылдық рухтағы әлеуметтік мәселелерді
тереңнен қозғауымен оқшау тұрады.
Жинақтағы саяси-әлеуметтік лириканың басты
күретамыры – ұлт мүддесі, ұлт тағдыры, ел
қамы, ел азаттығы. Отаршылдық жүйе қылмысын батыл
әшкерлеп, қазақ намысын қамшылап, азаттық жолына
бағыт нұсқаған қайраткер Ресей ипериясы жендеттерінің
қысымына алынды. «Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр
осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп
қапқаны» деп қам көңілінің жан
күйзелісін аңғартқанымен, «Жөн көрсеттім
қазақ деген намысқа, Жол сілтедім жақын емес,
алысқа» деген өлең өріміндегі өршіл рухта
«шындықтың үні
үнемі Ахаң тілімен естілді де тұрды» (Т.Шонанов).
«Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып» («Жиған-терген») деп
ұлтына ұран салған қайраткер «байға мал,
оқығанға шен мақсұт болған»
парықсыздыққа ашынып, «бірлік қып іс істеуге
шорқақ жұртының» замана көшіндегі «баяғы
қалпы, баяғы салты, бұ неткен жұрт ұйқышыл»
бейқамдығынан арылып, елдікке бастар жұрт жұмысына
жұмылы кірісудегі мақсатты ұғындырады. «Адамдық
диқаншысы» өлеңінде Алаш намысын ту еткен өмірлік
мұратын:
«Адамдық диқаншысы – қырға
шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ
құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл
халықтың» деп жеткізді.
Жұрт жұмысы, ел намысы сынды азаматтық
парыз бен перзенттік қарыз ұғымдарына ар-ождан биігінен
келген ақын «Жұртыма», «Жұбату», «Қазақ салты»,
«Қазақ қалпы» өлеңдерінде азат елдің ертеңін
толғап, кемел ұлт болу жолын айшықтайды. Отаршылдықтан
арылудың саяси және рухани бағыттағы күрескерлік
бағдарын нұсқайды.
«Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ, не міндет?
Тек жүрсек тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті» деген толғанысымен
ұлтқа қызмет ету барша әлеуметтің қасиеттті
парызы екенін қандастарының жадына тоқыды. Алаш рухының
айбыны болған ақын «Тән көмілер, көмілмес еткен
ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт
ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл,
менікі ертеңгі үшін» деп имани қасиеттерді отаншылдық
рухпен сабақтастырды.
«Қалтылдақ
қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрміз
қалқып, кешпесі жоқ. Жел соқса, құйын
қуса, жылжи беру Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ»
кейіптегі қамсыз қазақ қалпынан арылтуды діттеп,
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып саңқылдаған. Бір өртке
қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізден
шарпылмаған?!» қасіреттегі мүшкіл күйін
тереңнен қозғаған ақын тарих
толқынындағы ұлт тағдыр-талайын азаматтық сезім
күйінің көңіл толқынында тебірене жырлады. Сондықтан
«Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен
жұмысқа көп жұмысшы керек» деп қазақ
санасына елшілдік рухын сіңірді.
Ахмет
Байтұрсынұлы шығармашылығы қазақ
әдебиетіндегі ұлттық идеяны, тәуелсіздік мұратын
жырлауымен руханият әлеміне соны тыныс дарытты. Алаш қайраткері
Міржақып Дулатұлы тарихи тереңдікпен
бағалағанындай «Ол қарапайым, нағыз қазақ
тілінде бостандық, ұлт туралы – қазақ
халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны
оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға
шақырды, әрбір қазақтың бойындағы
азаматтық сезімді оятуға ұмтылды». «Маса» жинағымен
ұлтының саяси теңдігі мен рухани оянуын мұрат еткен
қыр перзенті отарлық езгідегі халқының елдігін
сақтау мен азаттыққа ұмтылысында ерекше серпін,
күш қуат беретін құдірет сөз өнері, яғни әдебиет екенін
тереңнен екшеді. Сондықтан «...Өзіміздің елімізді
сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу
керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету
керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті
бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз»
деп ұлт тілі мен әдебиетін сақтаудың мәңгілік
қасиет заңғарындағы киелі маңызын жеткізді.
А. Байтұрсынұлының
қоғамдық һәм әдеби қызметі
тәуелсіздік тұғырын асқақтатудың кемел
өнеге өрісіндегі жасампаздығымен мемлекетшілдік сана биігіндегі
Отаншыл ұрпақ тәрбиесінде жаңғыра бермек.
«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм
күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай
болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы
керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген толғанысын
қазақ баласы мәңгілік бойтұмар етіп
ұстанатын өшпес аманаты деп білеміз. «Бақ – ерікте. Ерік -
ерлік пен бірлікте. Ерлік - ұранымыз, бірлік - құранымыз
болсын!» деген Алаш қайраткерінің «Маса» жинағының
жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Осынау мерейлі күндері
ана тілін ардақтаған, ата тарихын қастерлеген
ұрпақ Алаш ардақтысының әдеби және
ғылыми мұрасынан тағылым алып, бабалардың ақ жолымен азаттық
тұғырын асқақтата беретініне нық сенімдеміз.