ЖҰМАҒҰЛОВ А.Б.

Е.А.Букетов  атындағы  КарМУ,

Қазақстан

 

АЙТЫСТАҒЫ  ИМАНИ САРЫН

 

Айтыс – ғасырлар бойы  еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, өмірімен бірге жасап біте қайнаған аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың өмірге деген көзқарас, танымы мен ойлау жүйесі, көркемдік талап-талғамы анық аңғарылады. Ол өзінің “Аттың жалы, атанның қомында” туған табиғи болмыс-бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол тудырушы суырып-салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты  жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне әулие сөзіндей сенетін болған. Осындай халық жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері өзінің өміршең және көпшілдік, көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай салаға айналған. Сол себепті академик- жазушымыз М.Әуезов осы аталған жанрдың мән-маңызы жөнінде: "Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ... Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім. Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ” деп, оның халық өміріндегі орнын аса жоғары бағалағаны мәлім. [1, 328].

Ұлттық руханиятымыздың алтын діңгегі – тілді  жырласа да, ар ожданның өзегі – дінді насихаттаса да, ақындар жалаң сөз, жадағай ойға барған жоқ. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бірлік, ынтымақта екнедігін айтыс ақындары шын жүректерімен сезініп, соны халыққа насихаттай білді.

Тәуелсіздіктен кейінгі айтыстарда имандылық, діни мәселелерді тереңірек қаузап, жырлаған әрі осы тақырыпты өзінің негізгі позициясы ретінде ұсынып, қоғамда болып жатқан түрлі проблемалар түйінін сол арқылы шешуге талпынған ақындар легі пайда болды.  Дін тақырыбын тереңдете жырлап, халыққа кең насихат жасаған айтыс ақындарының ішінде Мұхамеджан Тазабеков есімін ерекше атауға болады. Ислам дінінің тамырын халықтың өмір сүру қағидаларымен астастыра өріп, қоғамға қаншалықты қажеттігін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетуде Мұхамеджан ақын асқан шеберлік, білгірлігін танытты. Оның айтыста айтқан сөздері ел ішінде насихат жыры ретінде жатқа айтылып жүрді. Мұның өзі ұлттық идеологияның негізі саласы ретінде қарастырылатын ислам дінінің халық арасындағы сенімін күшейте түсті. Бұл көштің басында жаңарған айтыстың жалынды жаржысына айналған, от ауызды, орақ тілді М. Тазабеков бастаған бір топ ақындар бар еді. Атап айтқанда, Мұхамеджанның ислам діні туралы  мақсаты мен көзқарасын қолдаған Шорабек Айдаров, Серік Қалиев,  Жәкен Омаров, Балғынбек Имашев, Айтбай Жұмағұлов,  Айбек Қалиев, Дидар Қамиев сияқты белгілі ақындар исламның қазақ қоғамына қажеттілігі  мен әлеуметтік мәнін насихаттаушылар болды [2, 144]. Мысалы, М.Тазабеков бұл турасында былай деп жырлайды:

Сара жол сап берген соң Сақ бабамыз,

Байыппен болашаққа аттанамыз.

Пайғамбардың үмбеті болғаннан соң,

Пайымдаулар парағын ақтарамыз.

Қазақты жою үшін не істемеген,

Оны ойласақ жылауға шақ қалармыз.

Горбачевқа дейінгі тарихыңда,

Тар жол, тайғақ қалды ма баспаған біз,

Ату, асу, айдалу, ашаршылық-

Құдай сақтап біз аман қап қалғанбыз.

Ақын бұл өлең жолдарында қазақ халқының бастан өткерген қиын –қыстау кезеңдерден мұқалмай, мүжілмей аман –есен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізді жырға қосты. 

Қазақ жастарының имандылық жолын ұстанып, мешіт – медреселерге көптеп баруы осының дәлелі. Ислам діні мен мәдениетін насихаттаушы айтыс ақындары жырларының бір ерекшелігі – олар осы тақырыпты күнделікті өмірмен, қазақ қоғамының өркен жайып, өрістеуімен сабақтастыра қарағандықтары. Бұл ақындар адалдық, ізгілік, имандылық, төңірегінде ой қозғай отырып, осы жақсы қасиеттер арқылы ел келешегінің баянды, бақуатты болатындығын нанымды жырлай білді . Мәселен, М. Тазабековтің бүкіл қазақ даласын аралап кеткен насихат жыры қаншама қандастарымыздің жүрегіне имандылық нұрын ұялатып, дұрыс жолға түсуіне түрткі болғаны белгілі.

Айтыс өнерінде діни тақырыпта жырлау – ертеден келе жатқан  үрдіс. Ғалымдарымыз айтыста түрге бөліп қарастарғанда, «діни айтыстар» деп жеке көрсетуі де бұл тақырып саласын өзіндік саласының өзіндік орны мен әлеуметтік мәніне айғақ болса керек

Мұхамеджан Тазабековтің Діни сарындағы айтыстарда көңілге көп ой салары айқын.

 Мәселен:

Жігітті жастық шақта еркі жеңер,

Сеніммен ұстамалса сертің егер.

Аллаға құл, адамға ұл болу ғой,

Намазға кеп түйіссе тең тізелер.

Ақын намаз оқыса хақты танып,

Алдымен аузындағы сөз түзелер.

Он күнәнің тоғызы тілден екен,

Сөз түзелсе, Иншалла, ел түзелер [3, 27].

Мұнда қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттардың көпшілігі иманға бет бұрмаудан, намазға жығылмаудан болатындығын нақтылай түседі.

Бұл күнде қай жағдаймен мақтанайық?

Бүлдіргі көп діндерден сақтанайық.

Түбім Түрік, ал дінім хақ Ислам,

Солай қарай сеніммен аттанайық.

Бұрынғының ұраны – Аллаһу Акбар,

Бүгінгінің ұраны “ап қояйық”.

Мұнда ақынның екі шумақ жырының өзі уақыттың аса маңызды проблемасын көтеріп тұр. Жырдағы  « Бүлдіргі көп діндерден сақтанайық» сөзі ислам дініндегі түрлі ағымдарды меңзесе, осындай берекетсіз елді басқа дін миссионерлері оңай жаулап алатындығы ескертеді. әрі атқарушы билік назарына қсыныс жасап, осындай келеңсіздікке қарсы тұрар заң керектігін айтады. Осы мазмұндас айтыста тыңдап, көріп отырған халықтың ойланары сөзсіз. Мұның өзі айтыстың насихатшылдық, тағылымдық қырын көрсетеді.

         Біз Қазақ бүгіндерде кіммен доспыз?

Адасып айдалада жүрген көшпіз.

Арабтың тіліндегі дінмен емес,

Арақтың түбіндегі жынмен доспыз. [4, 120].

Бұл жыр жолдарынан қазіргі хал-жағдайдың айқын көрінісін көреміз.

Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Бекарыс Шойбековпен айтысқан Мұхамеджан осы жыр сайысы барысында көптеген қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етеді..

       Бекарыс,қай жағдаймен мақтанайық,

Сақтансақ, кришнадан сақтанайық.

Түбім - түрік, ал дінім - ислам ғой,

Солай қарай сеніммен аттанайық.

Заман азып, заң тозып бара жатыр,

Қай тірлікпен, Бекарыс, шаттанайық?

Бұрынғының ұраны – «Аллаһу акпар»,

         Бүгінгінің ұраны - «ап қояйық»[5, 118].

Исламның басты шарты – имандылық деп танысақ, айтыс ақындарының дін туралы толғаныстары көбіне халықты ар-ождан, жан дүниесінің таза болуын үндейді. Ата-баба дәстүрінде жоқ жезөкшелік, нашақорлық, кісі өлтіру, ұрлық, зорлық сияқты жат әдеттердің барлығы жастардың имансыз, дінсіздігінен деп түсінетін айтыс ақындары осы бағытта терең насихат жүргізе білді. «Айтыс өнері – аудиториясы бар құдіретті қару. Қалай десек те, халықтың рухын оятуда, намысын қорғауда, ұятын шақыруда бүгінгі айтыстың алар орнының ерекше екендігі талғамы жоғары көрерменге аян. Осынау текті өнердің қоғамды жат қылықтардан арылтуға, халықты бірлікке шақыруда, адамдарды жамандықтан тосып, жақсылыққа үндеуге үлкен үлес қоса  алары айдай айқын» [5].

Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ащы айтатын ақындар кейде халық жүрегіне, танымына жақын осындай аяулы сезімдерді де ұсынып жатады. Мұның өзі айтыс ақындарының қараша халық ықыласына, пейіліне ден қоя білетіндіктерін, нені айтып, нені жырласа да тек ұлт мүддесі, аңсар- мұраты үшін қызмет қылатындықтарын аңғартады. Айтыстағы дін-ислам тақырыбы, сөз жоқ, халыққа үлкен рухани қуат, байыпты бағдар берген тағылымы мол жыр үлгілері болып табылады. 

Қорыта айтатын болсақ, қазіргі айтыстағы дін тақырыбы намаз, қажылықғ зекет, ораза, иман сияқты мұсылманның басты бес парызын уағыздаумен емес, имандылықтың негізгі төркіні адалдық, адамгаршілік, ізгілік, тазалық, ақиқат сияқты адам бойындағы асыл қасиеттерде екендігін көрсетумен, соған шақыруымен ерекшеленеді деп айтуға болады. Әрі бұл насихат жалаң үлгіде емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікпен, қазіргі қоғам проблемаларымен астаса өрілуімен құнды болып табылады.

                      

                             Пайдаланылған әдебиеттер

1        Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 364 б.

2        Айталы А. Ұлттану. Оқу құралы. – Алматы: Арыс, 2003. – 226 б.

3        Он ақынның өлеңдер жинағы. – Алматы: Әлбаракат, 2009. – 125 б.

4        Қазіргі айтыс құраст. И. Нұрахметұлы, С. Дүйсенғазин. – Астана: 

          «Күлтегін» баспасы, 2006. – 309 б.

5        Қойлыбаев Ш. Айтыс – ұлттық  идеяны ұлықтаушы өнер. // Қазақ тілі мен

         әдебиеті, 2007. № 4 сәуір. – 88 б.