КАЗАНБАЕВА А.З.,

ҚарМУ, Қарағанды, Қазақстан

 

ЭТНОЛЕКСИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРДЫҢ ТІЛДЕГІ КӨРІНІСІ

 

Тіл этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының негізгі көрсеткіші болып табылады және ұлт тіліндегі этномәдени лексика ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, оның мәдени мұрасы ретінде мәңгі сақталады. Кез келген тілдің көрінісі халықтың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, салт- дәстүріне, әдет- ғұрпына, дүниетанымына, жалпы тұрмыс- тіршілігіне байланысты болып, сол тілден мол деректер беретіні мәлім. Тілді мәдениетпен байланыстыра зерттейтін, сонымен бірге тілдің қызметіндегі және қалыптасуындағы, дамуындағы лингвистикалық, этномәдени және этнопсихологиялық факторлардың өзара әсерін, бір-бірімен байланысын қарастыратын тіл білімінің жаңадан дамып келе жатқан саласы- этнолингвистика болып табылады.

Ғалым Е. Жанпейісов: « Этнолингвистика өзінің бітім- болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін ғана емес, көбінесе өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді»,- дейді [1,4].

Этнолингвистиканы арнайы зерттеген ғалым М.М. Копыленко: «Этностың тұрмыс- тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық және рухани мәдениетінің тілдік көріністері айқындалады және жете зерттеледі »,- деп анықтайды [2,17]. Ғалым Ж. А. Манкеева « Қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани- мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол- мәдениет айнасы. Олай болса, ондай жүйені зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екені байқалады. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде ұлтты бір бүтін етіп тұтастырушы»,- деген пікірі тіл мен мәдениеттің сабақтастығын, тілдің бойындағы ұлттық сипатты айқындай түседі [3,15].

Қазіргі этнолингвистиканың теориялық және практикалық қажеттіліктерінің негізінде этномәдени лексика қарастырылып, линвистикалық талдаулар жүзеге аса бастады. Сөздердің белгілі бір ұлтқа қатысты қолданыстық сипаты осы этнолексика аясында қарастырылады.

Қазақ тіл біліміндегі этнолексика этнографиялық, тарихи, лексика- семантикалық, этимологиялық, танымдық тұрғыдан қарастырылып келеді. Қолданыстағы сөздің этноқызметі, мағынасы оның тілдік қатынастағы жұмсалу ерекшеліктерін айқындаумен маңыздырақ. Мәтін құрамындағы сөздің, сөз тіркесінің этнолингвистикалық қолданылу ерекшеліктерінің айқындалуы тілдің әлеуметтік ортадағы қызметі туралы жан- жақты хабар беруге бағытталады. Тіліміздегі сөздердің мәтін ішіндегі қолданысы этнолексика арқылы көрініс беріп, тұтастай бір ұлттың этномәдени, тарихи, ұлттық бітім- болмысын таныта түседі.

Этнолексикалық қолданыстар тек атауыштық қызмет атқарып қана қоймайды, сонымен қатар олардың қарым-қатынастық ролі де айқын көрінеді. Этнолексика арқылы қазақ халқының дүниетанымы, ұлттық ерекшелігі көрініс беріп, этнолексикаға қатысты атаулар қолданыс  барысында әр түрлі мағыналық реңктерді кеңінен қамтиды. Қазақ тіліндегі этнолексика, этноатаулар ауыз әдебиетімізде, көркем шығармаларда кеңінен қолданылып, сол ұлттың табиғатын айқын көрсетіп бере алады. Тіліміздегі этнолексикаға жатқызылатын атаулар этностың тілінен, сол этнос туралы жазылған көркем әдебиеттен орын алады және ұрпақтан- ұрпаққа ұлттық әрі рухани байлығымыз іспетті жеткізіліп отырады.

 Этнолексика, мәдени лексика  жайлы құнды пікірлер ғалым Ж.А. Манкеева еңбектерінде қарастырылып, дәлелді тұжырымдар берілген. Ғалым этнолексикаға былайша баға береді: «Сонымен көне тамырлы этнолексика халықтың этномәдени тарихы және тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат» көзі болып табылады. Оның негізін құрайтын тұрмыстық лексиканың дені- ұлттық материалдық мәдениеттің реликті әрі рухани байлығымыздың түбірі. Себебі бұл жүйедегі сөздер тек атауыштық қызмет қана атқармайды. Қазақ тіліндегі заттық мәдениетке қатысты атаулар немесе тұрмыстық лексика қазақ халқының материалдық өндірісінің деңгейін, сипатын, түрлерін және шаруашылық пен тұрғын үй мүліктері, киім мен тұрмыс бұйымдарын әшекейлеуге қажет мұқтаждықты қамтамасыз етуге бағытталған қазақтың халықтық қолөнер бұйымдарын бейнелейді. Ал олар – қазақ халқының материалдық қана емес, рухани да байлығының көрсеткіші»[4,7]. Ғалымның пікірінде атап өтілгендей, тіліміздегі этнолексиканы құрайтын атаулар сан-салалы болып келеді.

Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» (1928 ж) повесінде қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, болмысын, танымдық көрінісін бейнелейтін этномәдени лексика молынан кездесіп, ұлт тарихын айқындайтын ақпарат көзі болып табылады. Көркем шығармада қолданылатын  этноатаулардың ұлттық бояу жасаудың бірден-бір құралы, негізі болатындығына көз жеткізу үшін, осы повестен алынған төмендегі үзінділерді келтіруге болады.

Қазақтың тұрмысынан хабардар ететін этнолексика үй-ішіндегі тұрмыстық заттарды атап қана қоймай, сол ұлттың өмірінен, тұрмысынан, тыныс- тіршілігінен толықтай түсінік беретініне  көз жеткізуімізге  болады. 

1.«Жалғыз әйнек жаман үй, төсеніші- жалаң ши. Жаман шидің төр жағы- ала сырмақ, текемет, текеметте- Күнікей, жалғыз әйнек түбінде. Алты көзден үшеу жоқ , лақтар ойнап сындырған. Қалғаны аман қалсын деп, әйнекті жүдә жұлдырған. Күн жылыды не керек? Бала- шаға, қозы- лақ жол қып алды әйнекті. Лақ ойнақтап көрпеге, жығып кетеді шәйнекті.»[5,235].

2.«Әйтеуір көктің көлемі ғой, бір жағынан, Құлтума мен Жұматайдың еңбегін еміп, бір жағынан, қызымен екеуі байлардың жібін иіріп, алашасын, бауын тоқып, сырмағын сырып, кестесін тігіп, ұрттап- жалап жаз бойы тамақтан кенде болған жоқ.»[6,260].

3.«Құдалардың келу қарсаңында бозбалалар да дәмелі аттарын таң асырып, ер- тоқымын, айыл- тұрманын түзеп, қам қылысты. Анадай жерге сегіз қанат ақ отау тігіліп, іші кілем, киіз, алаша, көрпе, жастық, түс киізбен безелді.»[5,233-305].

4.«Өз әлінше Шекер де үйінің ішін мырсындай қылып қойыпты. Атасы өлсе, атамайтын жалғыз қара ала сырмағын төрінің алдына төсепті. Ноқталы кебісін, тот әбдіре, шалжақ ауыз сандығын, шоқпыт төсегін, тон-мон, жүн-жұрқаларын текшелеп жинап, ескі алашамен бүркеген болыпты. Бұрын жадағай- жайдақ жататын қазан-аяқ жаққа шыпта құрыпты, жалғыз-ақ от басында тұратын қара құман жылжып барып, босағадан орын алыпты.»[5,299]. Жоғарыда берілген мысалдардан қазақ тұрмысының суреті бейнеленіп, санамыздан орын алады. «Жалаң ши, қара ала сырмақ, текемет, алаша, кілем, түс киіз, әбдіре, сандық, қазан-аяқ, қара құман » секілді қазақ тұрмысында дайындалатын дәстүрлі бұйымдар ерекшелігіне қарай негізгі қолданған шикізаттары төрт түлік малдың жүні мен терісі, аң терілері, құстың мамығы және әр түрлі өсімдіктер болған. Тілдік жүйедегі қазақ қолөнеріне байланысты атауларды олардың экстралингвистикалық мәнділіктерімен тығыз байланыстыра отырып этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу белгілі бір тақырыптық топтарға жататын атаулар жүйесінің құрылымын, олардың тілдегі көрінісін, қалыптасу заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік береді. Қазақ қолөнеріне байланысты атаулардың рухани мәдениетпен астасып жатуы этнолингвистикалық зерттеуді қажет етеді.

Тіл мен мәдениет негізінде қалыптасқан қолөнерге байланысты туындаған этнолексика, этноатаулар белгілі бір уәжділігі бар сөзқолданыстар. Қазақ қолөнеріне байланысты туындаған атаулар сол ұлттың эстетикалық талғамының деңгейін, рухани танымының жетістігін және шығармашылық еңбегін әрі табиғатты игерудегі өмірлік тәжірибесін байқатады. Қолөнерге қатысты бұйым атаулары қазақ халқының тұрмысындағы рухани, мәдени, әлеуметтік ролін айқындап ғана қоймайды, сонымен қатар олар ұлт мәдениетінің қалыптасқан тұтас бір бөлшегі ретінде саналады.  Этнолексика ұлттық- тарихи колорит жасауда таптырмас тілдік құрал болып табылады. Мына төмендегі үзіндіні мысалға келтіруімізге болады.

«Күнікейге камзол, көйлек, өзіне кебіс, шапан, Жұматайға күпі керек. Құлтуманы қойшы, о түгілі Күнікейге жаңа көрпе, жастыққа тыс, кестелі орамал, ақ шымылдық, сары қол сандық, қызыл сал керек. Тұяқ: «Есік көрсет, малыңды алып, қалыңдығымды бер»- деп қыңқылдағалы қашан. Қысқы азығы, соғымы тағы келеді. Үш қанат желкөз баспананың туырлығы жұлдыз- жұлдыз: бүктеумен, жазумен, артумен, тігумен, сұрғылданып, өзі үлдіреп тозығы жеткен құрымға қой сүйкеніп, лақ секіріп, сиыр мүйіздеп, сау тамтығын тастамады. Бір жағынан бозбаласы түскір іргенің сиқын кетіріп бітті: шиде қирамаған аяқ, үзілмеген бау қалған жоқ» [5,267]. Суреттеліп отырған этномәдени лексиканың маңыздылығы оқырманға жетуі және оның санасынан орын алып ұлт менталитетіндегі алатын орнының айрықша көрінетінінде.

Көркем шығармада қолданылған этнолексика, этномәдени атаулар тарихи- мәдени және лингвистикалық мазмұн мен мәнді тудыратын категория, ұлттық болмысымыз бен ұлттық танымымызды көрсететін, ұрпақтан- ұрпаққа жетіп отыратын рухани байлығымыз болып табылады.   

 

                                      Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жанпейісов Е. Этнолингвистика \\ Ана тілі. -№ 3. 1994,-4 б.

2. Копыленко М. М. Основы этнолингвистики. – Алматы, 1995.-228 б.

3. Манкеева Ж. М. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық

негіздері. – Алматы, 2008. -356 б.

4. Манкеева Ж. М. Этнос тілі табиғатының ерекшеліктері \\ Тіл тарихы және сөз табиғаты. Ғылыми мақалалар жинағы.-Алматы, 1997. -235 б.

5. Аймауытов. Ж. Ақбілек ( роман, повесть, әңгіме). – Астана, 1998.-325 б.