Г.Пралиева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф., ғ,докторы,профессор

 

 

                         Сүйек балқытар сөз иегері - Асылы Осман

 

  3 жасында сталиндік саясаттың салдарынан Отанынан Қазақстанға жер аударылған ата-анасы, бауырларымен бірге Оңтүстік Қазақстан  облысы, Түлкібас ауданы,  Жаңаталап колхозына тап болып,сонда өскен Асылы қазақ жұртының даласындай дархан  кеңдігін көріп өсті. Шиеттей бала-шағамен  бір бума киімдерімен ұзақ жолдан арып-аршып келген жұртты бейне бір бауырлары келгендей бүкіл ауыл күтіп алып,барымен бөлісіп еді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дегендей ,балалықтың бас айналдырар бақытын көрмесе  де бауырлас қазақ елінің шексіз қамқорлығын көрген кішкене қыздың көкірегінде туғанындай болып кеткен көрші апалары Айтбике  мен көкесі Серікбайға деген баға жетпес махаббат мәңгілік орныған еді. Әлі күнге дейін туған анасының орнына ана бола білген апаларына  деген алғысы шексіз. Осы аналарға, жалпы не жетімдікті , не жоқшылықты көрсетпеген жергілікті жұртқа деген құрметтен болар оның қазақ тілінің киесіне бас ұрып ,тіл маманына деген махаббатының ерте оянуы да. Аналарынан ерте айрылған алты бірдей жас бала мен  қайтыс болған бауырының үш баласын қосып, ер азамат болса да оларды ешкімге жалтақтатпай өсірген жалғызілікті Әлиді ауылдың бәрі батыр әке санап, қолдарынан келген көмегін аямайтын. Әсіресе, көршілері Айтбике мен Серікбайдың еңбектері ерекше.Олармен қазан-ошағы аралас болып ,баршылықты да, жоқшылықты да бірге көрді. Бірін-бірі жетелеп өскен алты бала сөйтіп ес жиды.Табиғатынан талапшыл, не нәрсеге сергек қарайтын Асылы Әлиқызы әсіресе қазақ халқының ақынжандылығына аңсары ауып, ел арасындағы  аңыз әңгімелерді, ертегілер мен өлең-жырларды жастайынан жаттап өсті. Көңілі сергек, өзі алғыр қыз өлең-жырға жақын жүрді.Қазақы қалжыңды да жақсы түсініп, естігенін жаттап, үйінде әкелері мен бауырларына айтып, күлдіріп отыратын әдеті де болатын. Әсіресе, той-жиындарда, наурыз мерекелерінде, апалардың өздері өткізетін бастаңғыларда, шілдехана, тұсаукесер, бесік салу т.б тойлар мен ол кезеңдердегі дәстүр бойынша көктем келсе әр үйде болатын тезек шапақтау (қыстай жиналған мал тезегінен қысқа от даярлау Г.П)  , үйі жоқтарға болысып, асар жасап, баспана тұрғызу, киіз басу т.б сияқты толып жатқан кішігірім мерекелерде көңіл көтерген ауыл адамдарының, құрдастардың сатира мен мысқылға мейлінше маманғандығын  көріп таңғалатын. Олардың отты сөздері, өткір қалжыңдары, ұшқыр теңеулерімен тіл безегендерге табанда тапқырлықпен жауап беріп, елді қыран топан күлкіге көметін көңілді халықтан көргені мен көңіліне түйгені көп қыздың әдебиет әлеміне келмесіне амалы да қалмағаны анық. Өздері аналарынан ерте айрылып, көңілдері пәс болып жүретін балалар ауыл арасындағы осындай жиын мерекелерге баруға тырысатын, жан жадыратар әзіл-сықақтарды тамашалайтын, көпті көрген көне көз қариялардың кемеңгер әңгімелеріне көбірек құлақ салуды көксейтін. Сөйтіп жүріп сөз сиқырын,  кие қонған қазақтың қара сөздерінің құдіретін тануға деген талпыныс пайда болып,  әлі есінде тіпті 4-ші сыныпта жүргенде-ақ Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын көз алмай төрт рет оқып, жаттап алуға шақ қалғаны. Ботагөздей көзі ашық, көңілі ояу болуды армандады. Кітап көрсе жастанып жатып ұйықтауды әдет етті. Басқа балаларындай емес,еңбектен гөрі түпкі бөлмеге кіріп алып, кітаптан көз алмайтын Асылы қызының алғырлығына, мектепте озат оқып, өзінің мәртебесін әр жиналыс сайын көтертіп жүретініне  әкесінің жүрегі  жылып, оны үй шаруасына көп араластыра бермеуші еді. Өз қатарларынан оза шауып, озат атанған ол Жаңаталаптағы жетіжылдық мектепті бітірген соң Түркістандағы педучилищеге  оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерді. Оны үздік бітіріп, өзінің туған мектебіне келіп ұстаздық етті. Шыны керек, соғыс кезінде қазақ ауылдарына жер аударылып келген Кавказдың біраз халықтарының өкілдері Түлкібас өңірінде көп болғанымен олардың арасынан оқуды мақсат тұтатындар сирек болатын. Асылы сол сиректің бірегейі болатын. Балаға білім беру үшін өзі де үнемі ізденісте болатын ұстаз деген ұлағатты мамандықты меңгеріп,өзінің туған мектебінде сабақ береді. Алайда,  әлі де болса білімін жетілдіруді ойлаған ол 1963-1967 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына түседі. Ғылым мен мәдениеттің ордасы болған әсем Алматыда оқу, ұлт зиялыларымен араласу, көрнекті ғалымдарды көріп, олардан дәріс тыңдау бақытына ие болған қыздың білімге деген құштарлығы артпаса мұнда кеміген жоқ. Бос уақытының бәрін кітапханада, Жазушылар Одағында жиі болып тұратын әдеби кештер мен кездесулерге арнаған Асылының ендігі арманы қалай да сөз өнерінің құпиясына қанығып, тілдің қыр-сырына қанығу болды. Сөйтіп, жоғары оқу орнын  үздік бітіріп, сол кездегі Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты Тіл білімі институтына қызметке тұрады.

1973-1993 жылдар аралығында тіл білімі институтында қызмет  еткен жылдары бірнеше ғылыми монографиялар мен 200-ден астам ғылыми мақалалар жазып, қазақ тілінің түрлі аспектілері жайлы өзекті мәселелер қозғады.

                Қазақ зиялыларының рухани өмірінің ұйытқысы болатын ортада жүріп, қазақ тілінің қаймағын қалқып, құнарына қанығып, оның тамыры сан ғасырларға бойлаған қазына-байлығын ,мол әдеби мұрасын, қазақ қаламгерлерінің көркем шығармаларындағы шұрайлы тілдің шырынын сүзіп зерттеуге зейін қояды. Ұзақ жылғы табанды еңбектің нәтижесінде 1973 жылы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі жөнінде кандидаттық диссертация қорғайды.Осы жұмысты жазу барысында ол тағы да қазақ тілінің шұрайына,бүкіл асыл сөздің мәйегіне кезігіп, марқаяды. Мысалы, бүкіл дүние жүзіне белгілі Онере де Бальзактың бүкіл шығармасында қолданылған сөздік қоры біздің Мұхтар Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» эпопеясындағы сөздік қорға да жетпейтін сыңайлы. Ал, «Абай жолын»-электронды-есептеу машинасы бойынша: эпопеяда 16 мың 983 сөз пайдаланылып, оның 8698-і  1 не 2 рет қана келетіндері, яғни 50 пайызын құрайтындығы, ең жиі қолданылған сөз –де- етістігі (9828 рет),  4-ші орында Абай жалқы есімі (6747 рет) т.т қолданылған екен. Бұған талғампаз талантты тұлға, сөзге сараң суреткер Ғабит Мүсіреповтің «Мен белгілі бір әңгімемде бір сөзді ары кетсе 2 рет қана қолдануға тырысамын» деген сөзін еске алсақ, қазақтың тіл байлығының соншалық молдығын мойындамасқа болмас.Осыншама қазына байлықты игерген қазақ халқының рухани құндылықтарын құрайтын  «Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» жинап, жүйелеп, құрастырушылардың бірі болған Асылы апай: «Мен мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме  сөздік жоқ, бұл деген қазақ тілінің бай екендігінің бір дәлелі»,-дейді .

    Шынында да  «адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасақ, сықырлаған қарулар мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады» (Андрей Битов) емес пе? Көне заманнан бері халқымызды  кермылқаулықтан сақтап келе жатқан да жүйрік тіл, көкірегімізге көрік, өзімізге өре сыйлаған сөз киесі, сөз құдіреті екендігін жақсы білетін  қаны азербайжан, жаны қазақ Асылы Осман осындай шұрайлы да бай қазақ тілін менсінбей орыс тіліне ғашықтарға,соған бас иіп, құрақ ұшатын бүгінгі ұрпаққа айтар сөзі жоқ. Жүрегі қан жылап, әлемдегі ең бай, ең сұлу,  ерекше әуенді , әдемі ырғақты қазақ тілінің қасиетін қазақтың өзі қашан біліп, бағалар екен деп шыр-пыр болады. Бұдан өткен бейбастық,бұдан өткен бейшаралық бола ма ?. Итальянның жиһанкезі Реналью  Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз тілінде сөйлей алмайтын  халық қазақ екен» депті. Өз тілінде сөйлей білмейтін, ең бастысы соны намыс көретін қазақтар кешегі кеңестік кезеңдегі «орысша оқыған озып, қазақша оқыған қалады» деген біржақты пікірдің тәуелсіздік алғалы келмеске кеткенін қаперіне де алмайтын сыңайлы. 70 жыл бойы санаға сіңген құлдық психологияның қалдығы әлі де үрейлендіреді. Өйткені, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен әлі де мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарының орыс тілінде жүргізіліп, талап етілуі еріксіз естен тандырып, екі жақты күй кешуге мәжбүрлеп отырғандай. Бұл да бір мол мұнайға ие бола отырып, жұрдай болып жұтынып отырғанмен бірдей ғой.

    «Менімен бірге орыс тілінің өлетіні өкінішті» деп өмірден жылап өткен, Ресейдің Нобель сыйлығына тұңғыш иегер болған И.Буниннің өксігі бізді де шарпып өтетіндей,  қазақ тілінің тағдыры тап қазіргідей бейшаралықтан арылмаса, «өлетін ұлттың, ең алдымен тілі, мәдениеті өледінің» кері боламыз. Жүсіпбек Аймауытовтың :

«Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» ,-дегені тегін емес.Ұлтымызға ұран боларлық ұлы сөзден ұғарымыз: «Мәдениетте өз құқығыңды қорғау-өз тіліңде білім алу.Тек сонда ғана өзіңнің жеке басыңның ғана емес, туған халқың мен оның мәдениетінің де теңдігін қорғай аласың», -дегенге саяды. Осы даналықтарды көкейге түйген ұлтшыл азаматтармен бірге Асылы  Әлиқызы  1998 жылы  Қазақстанда қазақ тілінің өркендеуін мақсат тұтқан «Мемлекеттік тілге   құрмет » бірлестігін құрды. Бірлестіктің төрайымы ретінде  қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге белсене атсалысып, өзге ұлттың өкілдерін Отан- Ана тілін құрметтеуге шақырып, көптеген ұйымдастыру шараларын жүргізіп келеді . Мемлекеттік тілдің барлық салада зәрулікке ие болып, міндетті түрде қолданыс табуына, оның өркен жайып, мәңгілік орнығуына табанды түрде атсалысып, барлық мемлекеттік орындарда насихаттау, тілді үйрету курстарының жұмыстарын жандандыру, ең бастысы қажеттілік тудыру т.б сияқты  күрделі ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етіп келеді.

               «Мемлекеттік тіл-менің тілім» деген тұрақты тіркеске айналып кеткен сөзді де алғаш қоғамға қалыптастырып, алғаш қолданысқа қосқан Асылы Осман қазақ тілін басқа ұлт менің тілім деп иелене алмайтынын,  ал мемлекеттік тіл  осы мемлекетте тұратын барлық ұлтқа ортақ екендігін  Қазақстан халықтары ассамблеясы аясында жүргізіліп жатқан көптеген жақсы бастамалар барысында барынша түсіндіріп , қазақ тілінің .мәртебесін көтеруді сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүрген нағыз тіл жанашыры. Қазақ  тілінің мәртебесін көтеруді мемлекеттік деңгейде айтып жүрген  тіл маманының майталманы, филология ғылымдарының кандидаты Асылы Осман қазақтың шын мәніндегі асыл да аяулы қыздарының бірі.

   Қазақ халқының  ұлтжанды перзенті Мұстафа Шоқайдың : «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халықтардың бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттердің маңызды бір бөлігі зиялыларға жүктеледі»,-дегеніндей ұлтжанды қазақ зиялыларының қатарында болып, ана тіліміздің аманатын адалдықпен арқалап, қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақтың қалаулы да қайраткер  қызы Асылы Османды шын мәніндегі асылдың сынығы десек те артық айтқандық емес.

  Біздің мезгіл-мезгіл мүлгіп кететін санамызды сілкіп, беймезгіл ұйықтап кететін ұлттық намысымызды қайшылап, рухымызды жанитын тіл жанашыры Асылы Османның  сүйек балқытар сөздерін сағынатын сәттер көп екені де сөзсіз.