Сәуле Ержанова

                                                                                   Ф.ғ.д.проф

                                                                                  ҚазМемҚызПу

 

 

 

                      Лирикалық жанр табиғаты

 

Әрбір жанрдың әлем бейнесінің үйлесімділігі оның жанр түзуші сыңарларының тұрақты қарым - қатынастарына негізделеді. Қазіргі замандық жанрлық түзілістерді талдаудың арқасында, әлемнің жанрлық моделін қалпына келтіру үрдісінің барысында жанрдың барлық сыңарлары әртүрлі ауқымдағы өзгерістерге ұшырап жататыны белгілі болды. Әрбір жанрдың әлем
көрінісі жанрдың кеңістіктік – уақыттық әлем түзуші сыңары арқылы берілетіндіктен, олардың ішіндегі өзгерістерге ең тұрақтысы кеңістіктік – уақыттық категория болып табылады.

Жанрлық мәтіннің ең маңызды нышанына оның жанрлық –номинативтік айырмашылықтануы болып табылады. Дәл осы мәтін атауы – автор мен оқырманның қарым-қатынастарын реттестіретін болғандықтан және біріншісінің жасырын ойы мен екіншісін мәтіннің белгілі бір қабылдау түріне бейімдейтіндіктен, оның көркем шығармада ерекше мәні бар екені даусыз.

Тақырып атауы жанрға нұсқау беретіндіктен, оның жанрлық шығармадағы мәні одан да арта түседі. Оның әдеттегі ақпараттық – коммуникативтік қызметтерден басқа, ақынның ғұрыптарға деген амбиваленттігін анықтайтын міндет атқарып, мәтіннің «өзінше еркі» мен жанрдың жинақталған өзегінің арасын бітістіреді. Тақырып атауы мәтінді кез келген орыннан басқарады, барлық жерде қатысып отырады, мәтінді мағынаға бөлейді «..барлығына белгілі нәрсені атау ақырғы болып біледі: мәтін оны кез келген оқырманға сатып кетеді...» [1]. Орын алып жатқан жанрлық үрдістер туралы ақпараттың басым көпшілігі – жанрлар туралы оқырманның стереотиптік түсінігін ашуға бағытталған және жанрлардың түрлену сапасы туралы мәлімет беретін – модернистік экcперименттерде бар. Бұл жерде мәтіндердің келесі үлгілерін жіктеуге болады:

а) жанрлық мазмұнына сәйкессіздік  қатынасқа түсетін  тақырып  атаулары бар көркем мәтіндер;

ә) атауы жоқ деп белгіленген  поэтикалық түзілістер;

б) бірнеше жанрлық моделдерді жинақтағанын білдіретін тақырып атаулары бар  полижанрлық құрылымдар.

Жанрдың қандай категориялары бұзылады және үнемі түрленіске ұшыраса да, неге жанр әдебиеттің негізі болып қала береді? Жанр құрылымының өзгеріске ұшырауы көркем мәтіннің барлық деңгейлеріне ықпал етеді, оның жанр ажыратушы ақпараты бар және ол ең алдымен идеология, мәдениет және адамдардың рухани – діни сана- сезіміндегі өзгерістерге аса сезімтал келеді.

Егер дәуір ауқымындағы сана өзгерісі орын алған болса, шығарманың субъектілік және номинативтік құрылымдарына тұтастай баға беріледі. Тіл стихиясы әдеби - көркем тілдің шектерін алшақтата бастап, бұрындары танымал емес лексикалық, орфографиялык, грамматикалық, синтаксистік, стилистикалық стратегияларды ұсынады нәтижесінде лексикалық- тілдік жанрды  ажыратушы сыңар өзгеріске ұшырайды.  Ал көркемдік тұтастық осындай тілдік сипаттарымен бірге қарастырылуы керек.

Жанр неғұрлым «көнелеу» болса, оның қазіргі заман әдебиетшілерінің шығармашылығындағы құрылымына соғұрлым белсендірек беріліп жатады да жанр өзегі соғұрлым айқын байқалады, ол өткен жанрлық дамудың бүкіл тәжірибесін жинақтап, қарсыласу қуатына айналдыратын жанрлық моделдің жалғыз ( құрамы болып табылады. Жанр өзегін жинайтын және жанрдың тұтастай қайта туындауына белсенді түрде қарсы тұратын жанрлық сыңар, автордың болмыстың түпкілікті қасиеттері ретіндегі кеңістік пен уақыттың көркем – эстетикалық түсінігін іске асыратын хронотоптың өзі болып табылады. С.Нұржанның «Тәуелсіздік толғауында»:

                      Ереуіл күнді еске алдық,

                      Қоңыр да салқын төске алдық.

                      Көз жазып қалды көшімнен –

                      Кезеңнен мені тосқан жұт.

                      Күнеске қосын қондырды,

                      Беймезгіл шошып басқан жұрт.

                      Жеті қат тонды жібіткен,

                      Аңсатып жеттің, Бостандық!

                      Шаршатып жеттің, Бостандық!

 

                      Арылып жаным зар-мұңнан,

                      Тазарып тәнім зәр-жыннан,

                      Қайтардым есе, ес жиып,

                      Қапымды тапқыш Малғұннан.

                      Сарсаң боп санам, санды ұрған,

                      Көзіме тұман тандырған,

                      Бергімнен белгі біле алмай,

                      Ала алмай дерек арғымнан –

                      Кезімде таңды таңға ұрған –

                      Қарғып бір өтіп қарғыннан,

                      Алаулап асып жал-қырдан,

                      Ақ таңның қызыл қаны боп,

                      Азаттық! –

                      Шықтың алдымнан! –

                      ...Сайлардан сүйрік суырып,

                      Көлдеуден тарттым балдырған.

 Махамбет стиліндегі суреткер туындыларында көркемдегіш амал-тәсілдерін қолданудың өзіндік ерекшелігі де көз тартады. Ақын өз ойын барынша көрнекті, мейілінше мәнерлі түрде беру жағын көздейді, сол үшін де ол шығармаларында көркемдіктің тамырына терең бойлап, оның неше түрлі амал-тәсілдерін меңгеруін байқаймыз.

Светқали Нұржанов көркемдеудің ең бір көп тараған түрі – теңеуді көріктеу құралы ретінде көп қолданған.

Ақынның теңеп отырған обьектісімен теңеліп отырған құбылысының арасында логикалық байланыс, үйлесім, сурет дәлдігі бар. Сол сияқты, ақынның өлеңдерінің ішінде шындықтан өрбіген, жаңа мазмұнға ие болған тыңнан табылған теңеулерді енгізген. “Қой жейтін қорқау қасқыр секілденіп”, “Қорласаң дауыл күнгі жалындаймын”, “керуендей аппақ сеңдер жардан асып”, “толқындар көшкен бұлттай түйдектеліп” деп ешкімнің ойына келмейтін жерден сөздерді ойнатып, құлпыртып, құбылтып, әсерлендіріп шығара қояды. Бұл теңеулерде өмір шындығын көріп байқағыштық, тапқырлық пен шеберлік – бәрі де бір жерден келіп тоғысқан. Табиғат тынысын адамның ішкі сезім- дүниесімен астастыра суреттеуге ақын өте шебер. Ақынның  өлеңдері түгелдей дерлік эпитеттік теңеуге жатады. Себебі, теңеуді жалаң алмай, үнемі оған тән әрекетімен, сипатымен, болмысымен  қоса жандандырып отырады.

Ақын туындыларынан дәстүрлі метафоралардан гөрі индивидуалдық алмастыруларды жиі ұшыратамыз. Мысалы, “ай едік бір уақытта тұтас туған, мен содан ұшып түскен қиындымын”, “нәзік сырдың түйілген жібек бауы”, “мен – бөрі өз күшігін өзі жеген” т.б. ұлғайған метафораларды, “тіл – бақша, өлең – бұлбұл”, “бетім – күн”, “жел – жұпар”, “тауқыметтік теңізі” деген сияқты дара метафоралар да  молынан ұшырасады. Ақын көркемдік тәсілдерді, оның ішінде метафораларды пайдалануда, бұрын-соңды кездеспеген тың тіркестерді, шебер оралымдарды өрнектейді.

Автор шығамаларынан сөздің мағынасын құбылтудың  қай түрін болса да табуға болады. Олар белгілі бір стильдік жүк атқарып тұрады. Сөздің суреттілігін, көңілге әсерлігін күшейту мақсатында қолданылған метанимия, синекдоха, кейіптеу секілді троптары сырлы сезімге толы болып келеді. Метанимияны Светқали  Нұржанов ойын әрі ықшам, әрі жинақы беру ниетінде пайдаланған. Адамның мінезіне, қылықтарына байланысты айтылған “жуан, күшті, зұлымдар, сұрқиялар” тағы басқа алмастырулар сапалық сын есімдердің заттанған мағыналарынан жасалған. Өзге сөз таптарының ішінен сын есімнің зат есім категориясына ену тәсілі қазақ поэзиясында ғақлият, мақал-мәтел, нақыл сөз үлгілерінде кеңінен қолданылған.

Бейнелегіш-көркемдегіш құралдарының бірі – арнау. Арнау әдетте үшке бөлініп жүр: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау. А. Байтұрсынов арнаудың осы үш түріне сипаттама берген болатын [2, 32б]. Ақын поэмаларында бұл тәсілдің зарлай және сұрай арнау дейтін түрлері кездеседі. Суреткер сезімі, түйсігі, туған жеріне, еліне деген махаббатты, жан-дүниесінің нәзік толқынысын осы тәсіл арқылы айшықтаған. Мұнымен шектелмей автор кейіпкерлеріне жаны ашып, көкірегінде жиналған шерлі сұрақтарды бірінің үстіне бірін төпелеп қойып арнаудың стильдік реңкін құбылта түскен. Светқали Нұржанов бірінен бірі өткен суреттеулерді бірнеше шумаққа жеткізе отырып, табиғаттың құпия сыры мен адамның сезім қабаттарын астастырып, қос өрімдеп суреттеген. Егіздеу тәсілі арқылы адамның психологиясын алып қана қоймай, одан гөрі масштабқа қоғам өмірімен де байланыста алып қараған.

Қазақ фольклорынан нәр алған ақын өз шығармаларында халық поэзиясының әдемі бейнелері мен небір бояуы қанық ою-өрнектерін аса бір шеберлікпен пайдаланған.

Л.А. Новиковтың: “Поэзияда антитеза қарама-қарсы құбылысты көрсетеді, оны білдіретін сөздер өзара антоним болуы да мүмкін, әрі болмауы да мүмкін” [3], – деген тұжырымына сәйкес мысалдар ақын туындыларында молынан кездеседі. “Ақша бет, қап-қара қас, қып-қызыл қар”, “ақ жонға қызыл көрпе төсегендей” деген секілді өрнектер сын есімнің жай және күшейтпелі шырай тұлғасынан жасалып, шеберлікпен аса сарабдал пайдаланылған.  Светқали Нұржановтың  «Жан-Тер» рух драмалық поэмасында  заманның қилы  құбылыстарына пәлсапалық талдау жасап, өз тұжырымын танытуда,  талдап отырған нәрсесін субьект етіп ала отырып қоғам портреттерін беруде, заман болмыс-бітімін көрсетуде пайдаланған тәсілін:

 

Иә, айтпақшы, желтоқсан..

Қалды мәңгі жадымда,

Қара мөр  боп басулы,

Менің қызыл қанымда.

 

Менің қаным-алты айлық,

                                 Құрсақтағы нәресте,

Ағып түскен шырқырап қар бетіне..

Әлі есте.

 

Қазақ поэзиясында кездесетін шендестіру үлгілеріне сай орамды да ұтымды қолданады. Демек, көркемдіктің бұл тәсілі заманның ауқымды мәселелерін беруде, әсіресе, ең толғақты жағдаяттарды беруде ұтымды шығады.

Ақынның сөз қолдануындағы келесі бір стильдік ерекшелігі - ұлттық өрнекті тиісті жерінде жаңа қырымен жаңартып, жандандырып қолдануы. Мысалы, “текшеленген сандықтар”, “әшекейлі киіз үй”, “сабаудағы түтілген жүн”, “көгендегі қозы”, “ту тіккен батырлардай оғаштанып”, “төсім – жайлау, төбем – қыстау”, [4] деген сияқты өрнекті ойлары оның туындыларының өміршеңдігін байқатып, ұғымға жеңіл, қарапайымдылығымен қайран қалдырады.

Ақынның кез-келген өлең-толғауларынан замана сызын анық, қарапайым адамның өміріне, жай-күйіне, қарапайым тұрмысына сәйкес алып отырады. Негізінен арнаулық сипатты сақтайды. Замана жағдайын жалаң айтпай, кісілік өре тұрғысынан толғап, екшеп, өз басынан кешкенін қорытып отырады. Бір құбылысты екінші бір құбылысқа теңестіру, салыстыру арқылы әдемі, айшықты ой тастайды, өз уайымының шеңберінде қалып қоймай, іштегі дертін сыртқа, сол кездегі елдің аумалы-төкпелі тұрмысына ортақтастырып отырады. Заман, қоғам, адам туралы толғаулары жеке-жеке бөлінбей, тұтас туындының келбетін береді. Заман туралы тұжырым-түсініктері өз ортасының сол қоғамды қабылдау түсініктерінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан хабардар етеді. Мұндай құбылыстарды танытуда М.Ақдәулеттің ұлы суретшінің көрмесіндегі «Жалаңаш әйел» суретін көрген кезде туған ойынан байқаймыз:

 

Әлің жетсе,

Жанарыңды ала қаш-

Әйел, Әйел..

Әйел тұттай жалаңаш!

Әйел емес,

Күллі әлем тұр алдымда,

Күнәсі мен қасиеті аралас

 

Ал «жалаңаш» сөзі жалпы адам, оның рухани әлемі, абырой беделі ұғымында жұмсалған синекдоха екенін жоққа шығара алмаймыз. Демек синекдохалық теңеулік құрылым деп шартты түрде атағанмен, оның құрамында метафора да, гипербола да, синекдоха да, теңеу де бірлесіп келіп әсем үйлесім тапқан бірегей көріктеу құралы болып тұр. М.Ақдәулетов бірнеше троптың семантикалық-стилистикалық қиюын келтіріп, “қиыннан қиыстырған”. Гиперболалық теңеулерде заттың белгісі шамадан тыс ұлғайтылып, литотикалық теңеулерде құлдыратып суреттеледі.

Ұлғайту халық ауыз әдебиетінде жиі қолданылған фигураның бір түрі, қазіргі қазақ әдебиетінде де бейнелеуіш тәсілдердің бірі ретінде көркемдік мақсатқа қызмет етіп, поэзияда экспрессиялық бояуды қалыңдата түседі. Гипербола теңеулік құрылымда келіп, оның бейнелілік әсерін арттырып, көркемдік қуатын еселей түседі. Мысалы,

 

 Түймең түссе,

Түйедей зіл тағады.

Керіспей ше,

Сондайға көнеміз бе?

 

Мысалда теңеудің сипатталушысы – зіл, образы – түйе белгісі жасырын тұрғанмен, ойша зор, үлкен ұғымдары екенін жобалаймыз. Өйткені түйедей теңеуі осы ұғымды білдіреді. М.Ақдәулетов теңеуі “түймедейді түйедей қылу” деген фразеологиялық компаратив негізінде туындағанын аңғару қиын емес. Бұл тұрақты теңеу де ұлғайтуға құрылған. Ақын өлеңінде теңеудің сипатталушы мүшесі зіл дерексіз зат есім болса да, теңеулік құрылымда ұлғайту тәсілі бой көрсеткен. Ұлғайту мәні түйе мен түйме сөздерінің қарсы  қойылуынан да көрінеді.

Литота гиперболаға керісінше шамадан тыс ұлғайтылған құбылысты құлдырата, кішірейтіп көрсетеді. Литота теңеулік құрылымның құрамында тұрып бейнелеуіштік сапасын арттырады. Ақын поэзиясында литоталық теңеулер аса көп болмағанымен, өзара көркемдік сипатына көңіл аудартады. Мысалы,

Сонда маған көрінер,

Шабақтай боп жайыны.

Сүңгіп қашқан қасқалдақ,

Сүңгуір жау қайығы.

 

Өлең шумағы тұтастай литотаға құрылған. Лирикалық қаһарман, жауынгердің портретін жасауда ақын литотаға жүгінеді. Жайынды шабақтай, жаудың сүңгуір қайығын қасқалдаққа балау арқылы жауынгерді зорайтып көрсетеді. Жайынның шабақтай болып көрінуі литоталық теңеу болып тұр. Мысалы,

 

                                Тумасы жарық жұлдызым,

                                Тұлғасы алып шың-құзым!

                                Ошақтай орға қайтып сыйды екен?

 

М. Ақдәулетов өлеңде гипербола, литота, теңеу, метафораны түйдек-түйдегімен қолданады. Жарық жұлдыз, шың – құз – метафораланған қолданыстар. Сонымен бірге шың – құз гипербола екені байқалады. Ақын лирикалық қаһарманды шың – құзға балап, шамадан тыс ұлғайтады. Оған қарсы қойылған ошақтай ор теңеулік құрылымы литота болып келген. Шың – құз бен ошақтай сияқты бір-біріне қарама-қайшы құбылыстарды шендестіру арқылы ақын жан-дүниесіндегі алай-дүлей психологиялық күйді білдіреді: өлімге қимау, өкініш, дәрменсіздік, ашыну т.б. шың-құз тіркестірілмегенде ошақтай ор өз-өзінен литоталық теңеу болмас  та еді.

                             

 

           

   Резюме

Автор делает краткий обзор научной особенности казахской литературоведение и взаимосвязь с другими предметами как лингвистика, история языка,  эстетика и психология.

 

                                                      Summary     

The author gives short outlook on the scientific significance of Kazakh literary language and its connection with other sciences as linguistics, history of language, aesthetics and psychology.

 

   Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ю.М.Лотман.Тезисы к прблеме"Искусство в ряду международных систем". Унив"Тарту",1967-130стр.

2. Поэтика:Собр.сочА.Н.Веселевского.т.І;тІІ,П.1921стр-7-68

3.Е.Абдуллаев.Вопросы литературы.2006.№5

4.А.Байтұрсынов. Ақ жол.1991ж

5. Фрейд. Психоанализм. М.-1978.-87стр