РАХЫМБЕРЛИНА С.Ә.,
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БЕЙРЕСМИ
ЕСІМДЕРДІҢ ЭТНИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қазақ
халқының жалпыадамзаттық құндылықтар
қатарына кіретін асыл мұраларының бастысы ғасырлар бойы қалыптасқан
әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, ұлттық
болмыс-бітімі мен тілі болып табылады. Антропонимика саласы жер бетіндегі
ең күрделі жаратылыс – Адамды, оның есімін зерттей отырып,
тұтас бір ұлттың ментальдық қасиетін
анықтайды.
Бейресми
есімдердің пайда болып қолданысқа түсуі көптеген
экстралингвистикалық және тілдік факторлардың нәтижесі
екені белгілі. Ал осы есімдердің жасалуы түрлі ассоциация,
уәжге негізделген дайын тілдік бірліктерге тікелей қатысты.
Лақап есімді қоршаған орта қойып, ал бүркеншік
есімді субъектінің өзі таңдап алуына қарамастан,
ортақ нысандар алынады. Тілдік тұлғаның қарапайым деңгейіндегі ұлт
өкілінің өзіндік кеңістігін құраушы
нысандар төмендегідей болады. Есімдердің бүркеншік есім,
лақап ат сияқты бейресми түрлерінде біріншіден, ұлт
атаулары көрініс береді. Бүркеншік есімдерде, әдетте,
автордың өз ұлты аталса, лақап есімдердегі жағдай
мүлде басқаша. Г.Ф.Саттаров мұндай лақап есімдерді
үш топқа бөліп қарайды:
- аталушының
шыққан тегі (нағашылары жағынан да) басқа
ұлт болса;
- аталушы сыртқы
түр-тұлғасы немесе мінез-құлқымен
басқа ұлт өкілін еске түсіргендей жағдайда;
- аталушының басқа
халық арасында ұзақ уақыт болуына байланысты [1].
Қазақ
бейресми есімдеріне жасалған талдау екінші топтың жиі кездесетінін
көрсетеді. Лақап есім қызметіндегі ұлт атаулары сол
халыққа тән түр-түс, мінез ерекшеліктерінен
хабардар етеді. Оны мынадай мысалдардан
анық байқауға болады. Неміс халқының басқа
халықтардан басты ерекшелігі - дәлме-дәлдігі, яғни,
уақытынан кешіктірмей, белгіленген мерзімінде, келіскен
уақытында іске асыруы. Осы уәж «Неміс» /Жақып/
лақап есіміне негіз болып, жинақылық, тазалық
сияқты ұғымдарды қоса қамтып тұр. «Кәріс» /Сәрсенбай/, «Якут»
/Жанат/, «Япончик» /Дүйсен/ лақап есімдері сыртқы
түр-тұлға ұқсастығына байланысты
қойылса, «Өзбек» /Жұматай/ сауда-саттыққа
жақын, аздаған қулығы бар адамға берілген.
Діні мен тілі
бөлек көршілес орыс халқы - бетің бар жүзің
бар демей, ойындағысын ашық айтатын тік мінезімен ерекшеленеді. Ел
ішінде қазақ пен орысты бір-біріне қарсы қойған
лақап есімдер жиі кездеседі. Орыс Раушан мен Қазақ
Раушан, «Орыс келін» мен «Қазақ келін» - осының айғағы. Екі
жағдайда да «Қазақ» - мінезі созымды, туған-туыс пен
ата-енесіне жайлы, салт-санадан хабары бар, қысқасы, өз
ұлтының бар ерекшелігін бойына жинаған адам. Осы мінез
айырмашылықтары жазушы С.Жүнісовтің «Жапандағы
жалғыз үй» повесінде де көрініс табады: «... Ауыл ішінде оны «Шопыр
Оспан, Орыс Оспан» деп атайды. Оның себебі бар. Біріншіден, сол
колхозда үш Оспан бар. Үшеуін бір-бірінен ажырту үшін
олардың мінез-құлқына, қызметіне қарай
жеке-жеке ат қойып алған. Колхоз ұйымдасқалы бригадир,
полевод болып, екі аяғы салақтап үнемі ат үстінен
түспей шапқылап жүретін ұзынтұра, қаз мойын
Оспанды жұрт «Кеңірдек Оспан» дейді. Кеңірдек десе,
кеңірдек. Мойнының рабайсыз ұзындығын былай
қойғанда, қашан көрсең жұмыстағы
адамдармен керісіп, қызылкеңірдек болып жатқаны. Екінші Оспан
– маңайдағы колхоздардың тері-терсек,
жүн-жұрқасын жинайтын агент. Сондықтан да оны «Әгінт
Оспан» дейді. Ал, мына Оспанның жөні бір бөлек. <...>«Орыс
Оспан» дейтіні мінезіне қарай қойылған болуы керек.
Көңіліне жақпаған нәрсесін бетің бар,
жүзің бар демей, жарып салатын тік мінез. Ел арасындағы
қысыр әңгіме, қақ-соқта жұмысы
жоқ. Өз жұмысын біліп, шаруасын тындырып жүре беретін
еңбекшіл бір жан (15-бет). Үш Оспанның мінез,
түр-тұлға, айналысатын ісі сияқты үш түрлі
белгінің ажыратқыш ретінде тұрғанын көреміз.
Ғ.Мүсіреповтің
«Ұлпан» романында Есенейге серік болған екі
Мүсірептің бірінің
«аңшы», екіншісінің «түрікпен» аталатыны белгілі. Екінші
Мүсірептің аталуының себебін жазушы былай түсіндіреді:
«Бұлардың арғы аталары жаугершілік заманда қолға
түскен бір түрікпен қызына үйленіпті. Өзі батыр
кісі екен. Ерте өліпті. Содан қалған жетімді ел
«түрікпен» деп кетіпті» (117-бет). Яғни, кейіпкердің
арғы тегінің лақап есімнің тууына негіз болғанын
көреміз.
Еліміздің
тәуелсіздік алуымен Қытай мен Монғолиядан,
Өзбекстаннан тарихи отандарына
көшіп келіп жатқан оралман қандастарымызды халық арасында
«Қытай», «Монғол», «Өзбек» есімдерімен атау
дәстүрге айналса, «Қырғыз» /Руслан/, «Қалмақ»
/Қайырбек/, «Қожа» /Қайрат/, «Араб»
/Есенәлі/ лақап есімдері мен «Қырғыз»
/Ишанғали Арабаев/ бүркеншік есімі сол адамдардың
ата-бабалары кезінде қазақ ішіне сіңіскен
ұлттардың ұрпақтары дегенге мегзейді.
Түр-түс
атаулары есімдердің бейресми түрлерін жасауға белсене
қатысады. Адам табиғатының жақсы мен жаманды, дос пен
қасты, адал мен арамды ақ пен қараға теңейтіні
белгілі. «Ақкөңіл», «ақжүрек», «ақ-адал»,
«қаражүрек» (тасжүрек), «қаратас»
ұғымдары ұлттық
тіл мен ділден хабардар әр адамға таныс. Бір-біріне үнемі
қарсы тұратын осы ақ пен қара ғана емес,
басқа да түр-түс атаулары бейресми кісі есімдерінен орын
алып, өздеріне белгілі бір шамада мағыналық, эмоционалдық
жүк артып, өз бойларына күшті ұлттық
әлеуетті шоғырландырған жоғары ассоциациялық
семиотикалық белгілер болып табылады: «Аппақ», «Ақ Әлима»,
«Ақкемпір», «Сары», «Қоңыр», «Тасқара», «Шикіл» т.б. Қаныш
Сәтбаевтың анасы Әлиманы ауылдастары аппақ
өңі, ақжарқын мінезі, ұтқыр
әзіл-қалжыңы мен ерекше тазалығы үшін Ақ
Әлима атап кетеді [2]. «Ақ», «Аппақ» есімдерін
иеленушілердің сыртқы сұлулық пен жан
дүниесі жарасымдылық
тапқан, көңілінің ақтығы мен ниетінің
тазалығы ұштасқан, жан-жақтарына жарық
сәуле тарататын шапағат
иелері екендіктері талассыз. Дүниедегі бар жақсылықтың
«ақ»-тан басталатыны, «ақ» жүрген жерде адалдық пен
әділдік, тазалық пен пәктік жүретіні анық.
Түр-түс
уәж болған, танымның жоғары сатысында
тұрған тағы бір есім – «Қоңыр». Бір
қызығы, осы есім кісінің төл есімінде де, бейресми
- лақап, бүркеншік
есімдерінде де көрініс береді. «Қоңыр» – ұлы
жазушы М.Әуезовтің
бүркеншік есімі. Халқымыздың момын, жуастықты
қойға телитіні, сол себепті де моп-момақан, монтиып
қана отыратын қарадомалақ баласын жақсы көргенде
«қоңыр қозым» деп айналып-толғанатыны шындық.
Кезінде бала Мұхтардың да осындай ықылас-мейірімге
бөленуінен «Қоңыр» лақап есіміне ие болып,
санасына сіңген әрі табиғатына жақын осы есімді кейін
бүркеншік есім еткені белгілі: «Атасы Әуез бен әжесі
Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы
үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен
«Қоңыр қозы» дейді. Мінезі салмақты, ойынға онша
құмар емес, үнемі көз алдындағы көрініске
таңданып, монтиып отыратын немересін қариялар еркелетіп солай атайтын»
(Т.Жұртбаев). Өйткені,
бүркеншік есімді алушы автор өзіне бұрыннан таныс, өз
кеңістігіне енетін атауларды (ру, ата-тегі, туған,
оқыған жері, мамандығы, айналысатын ісі,
туыс-туғанының аты т.б.) алатыны белгілі. Екіншіден, табиғатынан салқынқанды, сабырлы
кісінің не мәселе болсын асықпай ой таразысына салып,
жан-жақты зерделемей шешімге келмейтін орнықты, сыпайы мінезі
жарқыраған ақты да емес, тұнжыраған қараны
емес, ұлттық таным-түсініктен берік орын алған
«қоңыр кеш», «қоңыр дауыс» сияқты қоңырды таңдағаны деп
білеміз.
Сол
сияқты Қоңыр есімді жас келіншектің төл
есімін, «Майдақоңыр» /Сапарғали/,
«Балқоңыр» /Меруерт/, «Қоңырша»
/Зәуреш/ лақап есімдерді
кездестіруге болады. Бір ерекшелігі, есімнің қай түріне
жатпасын, есіміне қоңыр анықтауышы тіркескен адамның
бәрі жайлы мінезімен («Майдақоңыр», «Қоңырша)
және тілінің майдалығымен («Балқоңыр») ерекшеленеді, содан кейін барып,
қараторы өңі туралы атауға болады. ҚТТС-де
берілген «Қоңыр: 1. Қоңырқай, сұрғылт
(түс), 2. Ауысп. (дауыс туралы) қоңыр үн, жұмсақ,
майда дауыс, 3. Ауысп. (мінез жайлы) тыныш, біртоға, жайлы, 4. Ауысп.
(ауа-райы туралы) салқын, қара суық, қоңыр
күз т.б. [3,328-329] алғашқы үш мағынаның
да бейресми есімдерден көрініс тапқанын көріп отырмыз.
Жоғарыдағы үш жағдайда да уәждеме
құбылысының ең негізгі ұстанымы –
сөздің /атаудың/ сыртқы тұлғасы мен
мағынасының бірлікке ұмтылуы, сол арқылы
уәжділіктің пайда болуы көрінеді. «Біраз сөз қазақтың
түбі қайдан шыққандығы туралы» мақаласында
Абай қазақтың қоңыр қазақ аталуын
«біраз момындықпен тұрған кезі болса керек» деп санайды. Сол
сияқты ұлттық ән өнерінің атақты
жұлдызы «Қоңыр» тобының атауының да, Арқа
күйлерінің шебер орындаушысы, дәулескер күйші
Ф.Тұтқабековтың күй кешінің «Қоңыр»
аталуы да осы мақсаттан туғаны анық.
Аты ескі
замандардан таныс қыпшақ тайпасына қатысты есімдер
көбіне сары түспен байланыстырыла айтылады. Ғалымдардың
деректері мұны былай түсіндіреді: «Қыпшақты баяғы
Орхон жазбаларында «сір» (бәлкім, сары) деп те атағаны еске
түсетіні бар. Бірсыпыра ғалымдар (Аристов, Грум-Гржимайло, Гумилев
т.б.) қыпшақтар әу баста сары басты, көк көзді
болуы мүмкін дегенді айтады. А.Харузин башқұрт
қыпшақтарының жартысына жуығы сары, жирен түсті
екенін жазса, К.Шаниязов өзбек қыпшақтарының арасында
да сары түстілер мол ұшырасатынын тілге тиек етеді. Ал Монғол
жорығының екпінінен Мажарстанға (Венгрияға)
ығысқан қыпшақтардың сары шашты, көк
көзді болғаны (олар әлі де солай) талайдан айтылып келеді.
...Демек, қыпшақтарды маңайдағы басқа
халықтардың сары жұрт ретінде танығаны, соған
байланысты оның «сары» деген анықтауышпен аталуы әбден
мүмкін («Қазақ шежіресі»). «Байырғы
қыпшақтар үшке емес, төртке бөлінген. Олар:
ақ қыпшақтар, қара қыпшақтар, қызыл
қыпшақтар, көк қыпшақтар болып жіктеледі. Ал
осылардың негізгі ұйтқысы (орталық ядросы) сарылар,
яғни, сары қыпшақтар деп аталған. Былайша
айтқанда, әлгі төрт қыпшақ осы сарыдан
бөлінеді. Осылайша бөліну ол кезде тек
қыпшақтарға ғана емес, Алтай мен Оңтүстік
Сібірді мекендеген тайпалардың бәріне бірдей ортақ
болған. Сонда олар солтүстікті – қара, оңтүстікті
– қызыл (қырғыздар), шығысты – көк, батысты –
ақ (половец), орталықты – сары түспен атаған.
Көне қыпшақтардың түске бөлінуінде де,
міне, осы заңдылық сақталған тәрізді» [4].
Бүркеншік
есімдерден де түс атауларын кездестіруге болады. Олар, негізінен, екі
түске байланысты алынған: «Қараша бала», «Қара бала»
/Б.Майлин/, «Қараторы жігіт», «Қараторы»
/Ә.Ғалымов/ және «Қызыл найза»
/І.Жансүгіров/, «Қызылбас», «Қып-қызыл»
/Жүсіпбек Аймауытов/ т.б. Соңғы есімдер Кеңес
өкіметінің орнауымен кең қолданысқа түскен
«қызыл» түсіне байланысты алынса, қара, қараторы,
қараша түстері ұлттық ерекшелік, сын-сипатқа
байланысты деп ойлаймыз. Сөз – өткір найзаға теңеліп,
ал ол найзаның өзі басқаның емес, кеңестік адам
сөзі, жан-жақтың бәрі қызыл, тіпті
қып-қызыл, одан басқа ештеңе жоқ деген
жеңіл ирония да байқалғандай.
Жоғарыда
айтылғандарды түйіндей келгенде, атау, ат қоюдың
сөздік қордағы дайын тілдік бірліктерді өз орнымен,
белгілі мақсатта қолданысқа түсіретін, бойында
талғампаздық пен шеберлікті ұштастыратын күрделі үдеріс екендігін көреміз.
Ұқсату, салыстыру арқылы екі нысанның арасындағы
ортақ белгіні тани білу есім берушінің жеке таңдауы
сияқты көрінгенімен, оның түп-тамырының
ұлттық менталитетпен тығыз байланыста жатқанын
аңғару қиын емес.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Саттаров Г.Ф.
Татарская антропонимика и этнолингвистические связи. Советская тюркология,
1978. С.23-28.
2. Букетов Е.А. Об академике Сатпаеве. Караганда: Полиграфия, 1994. 144 с.
3. ҚТТС, 9-т. Алматы: Ғылым, 1986. 560 б.
4. Салғарин Қ. Көмбе: Роман-эссе. Алматы: Жалын, 1989. 448 б.