СӨЙЛЕМ МОДАЛЬДІЛІГІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

                                                         Құсайынова Ж.А.ф.ғ.к., аға оқытушы

                С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

         Сөйлем модальділігін талдауда, бұл заңдылықтың контекстегі тілдік бірліктердің ішкі мағыналық байланысы нәтижесінде сипатталатынына көз жеткіземіз. Осындай ерекшелігіне сәйкес кез келген сөйлемді (модальділікке қатысты) контексте қарау қажеттігі шығады. Себебі контекст - тілдік бірліктердің байланыстағы қозғалысын қамтамасыз ететін функционалдық бірлік. 

Бұл туралы Н.Ж.Құрманова, К.Мухлис «Текст теориясы және тексті талдау әдістемесі» атты еңбегінде: «Қазіргі қазақ тілінің қай деңгейінің семантикасын алсақ та, текст туралы мәселемен ұштасып жататынын көреміз. Текстің грамматикалық болмысын таныту арқылы оқушыларға тілдік жүйе, ол жүйенің жекелеген элементтерінің маңызды қызметтері мен олардың өзара байланыстары және соның негізінде туындайтын қатынастарының ерекшеліктері меңгертіледі»,- деп тілдік бірліктерді текст тұтастығына мән бере талдау қажеттігін ескеріп, теориялық тұжырымдарын толықтырады (1, 3).

Сонымен, текст немесе контекст сөйлемдердің тек сыртқы қолданысын реттемейді, текст – белгілі бір ой түйіндердің ішкі мағыналық байланысын реттеп тұратын грамматикалық құрылым. Бұл жағынан текстің мүмкіндігі жоғары. Басқа да заңдылықтар секілді біз талдаған модальділіктің де жасалу жолдары тексте көп қырлылығымен көзге түседі. Яғни, белгілі бір тұтастықта қолданылған сөйлемдер бір-біріне әсер етіп, сөйлем модальділігін күшейтеді. Бұл тұста сөйлемдердің бір-біріне әсер етуін дыбыстардың ықпал ету заңдылығымен салыстыруға болады. Сөйлемдер де дәл осылай мағыналық шеңбер аясында бір-біріне ықпал етеді. Синтаксистік сөйлемдердің бұл қозғалысын «грамматикалық бірліктердің мағыналық ықпалдасуы» деп атауға болады. Мағыналық ықпалдасуда текст құрылымында модальді реңкті актуальдандыратын сөйлемдер болады. Ықпалдасу заңдылығына сәйкес осы сөйлем басқа сөйлемдердің айтылу сазына, қолдану мақсатына әсер етеді. Актуальдандыратын сөйлемдер кейде контекстің басында, кейде ортасында немесе соңғы позицияда тұрады. Демек, алдыңғы сөйлемдердің соңғы сөйлемдерге немесе соңғы сөйлемдердің алдыңғы сөйлемдерге әсер етуі мағыналық шеңбер аясында реттеліп отырады.  

Төмендегі үзіндіде «Ақылыңыз көкейіме әбден қонады» сөйлемінің қызметі контекстегі семантика деңгейінен сипаттауды қажет етеді. Нақты контекстегі қызметін даралау үшін, төмендегі үзіндіге назар аудару қажет.

Бұл екеуі Базаралыны да көздеп берді. Өзара ақылдасқанда Майбасар:

- Поштаның таланғанын ойлаймысың? Есіңе алшы! Пошта жүргізілетін күні Базаралы келіп, барды біліп кеткені қане!  Сол жолы өз еліне бара сала, Әділханды аттандырған сол. Көзбе-көз айтып кеткен қияс сөзі әлі есімнен кеткен жоқ! Осы бәленің тап ортасында жүрген Базаралының дәл өзі! Оның сырты момын, іші қу!- деген.

Тәкежан өзінің де Базаралыдан әлденеше рет көрген тізесін еске алды. Сөйлетпей, тапап кеткендей боп жүретін омырауы бар. Балағаз айдалып кетсе, ертең артынан жоқшы боп шығып, бүлік шығаратын да сол. Сондықтан Майбасарды құптап: Ақылыңыз көкейіме әбден қонды... Қалағанда нағыз қатты қадайтын сол!- деп Базаралыны бірге көрсетті (М.Әуезов). Көрсетілген хабарлы сөйлем алдыңғы субъектінің іс-әрекетін «құптау» модальді реңкін айқындап, Базаралыға қарсы, наразы болу, күдіктену реңктерін кеңіткен. Яғни, сөйлемнің контекстегі басқа сөйлемдермен семантикалық байланыста қараудан жұмсалу мақсатын, модальді реңкін кеңіте қарауға мүмкіндік туған.

Контекстегі семантикалық шеңбер ішінде алдыңғы, соңғы сөйлемдердің мағынасына ілесе қолданғанда, тілдік бірліктердің мағыналық, функциялық түрленуі көзге түседі. Төмендегі үзіндіде –ушы, -уші еді тұлғалы сөйлемдер соңғы сұраулы сөйлеммен мағыналық байланыста қолданылып, субъектінің наразылығын ашатын тілдік құрылымға айналған. Мұнда - ушы еді тұлғалы сөйлемдер наразылыққа тиек болар дәлелдерді айқындаса, сұраулы сөйлемдер сол модальді реңкті бекітуге себеп болған. Дербес қолданғанда сөйлемнің бұл қызметі айқындалмас еді. Демек, модальділік категориясын контекстік семантика ықпалымен салыстыру модальді реңк үстейтін грамматикалық амалдардың құрылымын кеңейтуге де негіз болады. Ойымызды төмендегі мысалдармен бекітуге болады.

...Үлкендердің әңгімесі әр саққа соғып кеп, бір кезде заман мен заман арасын салғастыруға ауысты. Қаратай өздерінің жас кезін айтып, әкелер заманын еске алып кеп, бүгінгі заманның азғанын, бүгінгі адамның құнарсыз боп, жұтаң тартып бара жатқанын айтты. Абай осы тұста мырс беріп күлді де, қиғаш сөйледі.

- Бұрынғы заманның жақсылығы со ма, қатар отырған бір туысқан елдер бірін-бірі шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы еді. Кемпір-шал, қатын-бала тыныштықпен ұйқы ұйықтап, түгелімен асын іше алмаушы еді. Осы тұрған Сыбан мен Тобықты арасында, тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым қатынаса алмаушы еді. Алып кетеді, жұлып кетеді деп, ылғи ғана жасанып жүруші едіңдер... Сол заман да жақсы ма екен?- деген  (М.Әуезов).

Төмендегі контексте «Басыма қамшы тигізгенің бағыма соққан соққың ғой» сөйлемнің қолданыстағы мақсатын, интонациялық құрылымын алдыңғы «Жауым сенсің, Тәкежан!» сөйлемімен байланыстыра қарап ажыратамыз. Соңғы сөйлем мазмұны да бірінші сөйлеммен астарлас қалыптасады. Бұл сөйлемдердің бірлігінен субъектінің наразылығы ажыратылады.

Лосовскийдің әмірінен соң, үй іші аз уақыт жым-жырт еді. Көтерілген қамшылар да Жиренше, Асылбек, Базаралыға соғылудан тиылып, бата алмаған қалпында асылып тұрып қалған. Тек алғашқы қамшы тиген Базаралы ғана. О да қазір жұлқынып, ұшып түрегелді. Ояздың қасында аппақ қудай боп, неғыларын білмей тұрған Тәкежанға қарап:

- Жауым сенсің!, Тәкежан! Басыма қамшы тигізгенің бағыма соққан соққың ғой! Тірі болсам, кегім сенен кетер!- деп қалған. Жеке алғанда эмоциясы басым бұл сөйлем басқа бірліктермен байланысты қаралғанда, модальді реңкті айқындайтын негізгі амал болады.

Контекстік семантика әсерінен төмендегі үзінді құрылымындағы сөйлемдердің мағынасы, модальді реңкі айқындалады. Шәке екі ойлы жауап берді: - Іші қандай екенін білдірмейді.Қыңқ еткен ауруы да бар сияқты емес. Үнемі үндемейді, өзімен-өзі. Домбырасымен оңаша мұңдас боп апты. Отауының сыртында тұрып, бір күн тыңдап ем, осы күнде дәл осы өңірде теңі жоқ, дәулескер домбырашы болып кетіпті. Сырты сау, бірақ іші алай-түлей ме деймін. Содан болу керек, құсталанған кісідей сарғайып, жүдеп барады. Әлде осыдан ба, серпілгісі келе ме? Сырласып жатқан ауыл, ағайын жоқ, жөнін айтпай, жаңағыдай салдарын жиып алып отыр.  Бүгін таңертең естісем,  «Көкшеге аттанамыз» деп айтады дейді. Онысы енді көрінеу ел жұртпен ұстасып, жауығу тәрізді. Өзгені қойғанда, кеше анадай өз қарғысымен байлап берген қажы не дейді?! Намыс, кекпен уланып алған Көкше қайтеді?! Қазасына бара ма деп отырмын. Осыған қайтіп тоқтау саласыз, не ақыл айтасыз?- деді (М.Әуезов.).

Мұндағы «Сырты сау, іші алай-түлей ме деймін», «Содан болу керек, құсталанған кісідей сарғайып, жүдеп барады. Әлде осыдан ба, серпілгісі келе ме?» сөйлемдері субъектінің ішкі болжамын сараласа , «Онысы енді көрінеу ел жұртпен ұстасып, жауығу тәрізді. Өзгені қойғанда, кеше анадай өз қарғысымен байлап берген қажы не дейді?! Намыс, кекпен уланып алған Көкше қайтеді?! Қазасына бара ма деп отырмын» сөйлемдері күдікті көзқарасты бекіткен. Дегенмен, бұл сөйлемдердің модальді реңкін өз мәнінде түсіну үшін, шығармадағы басқа контекстпен байланыстыра қарау шарт. Ол - Әмір мен Үмітей арасындағы ғашықтық, оған қарсы болған Құнанбай іс-әрекеті, Үмітей ұзатылып, Әмірдің жалғыздығы суреттелетін тұстары. Сонда ғана дараланған сөйлемдердің модальді реңкі айқындалып, нақтылана түспек.

Төмендегі үзіндіде контекстік семантика «Шаруаның қара қыртысын айналдырар сол» сөйлемі мен «Жетістіргенін көреміз» сөйлемінің модальді реңкіне әсер еткен. Бұл сөйлемдер контекст басындағы «Оспан өз ағасы Абайдың шаруа шебері емес екенін білетін-ді» сөйлемімен байланыста алынып, субъектінің сенімсіз көзқарасын қалыптастырған. Осындай мағыналық байланыстың жігінен соңғы екі сөйлемнің айтылу ырғағы, мақсаты анықталады.

«Оспан өз ағасы Абайдың шаруа шебері емес екенін білетін-ді. Қар кетісімен, Абай Ақшоқыға көшкенде, оған керек ұста-шеберлерді, қайратты жұмысшыларды, аспап-жабдықты, ең аяғы,  ұн-шай, азық-түлікті де түгел қамдап, өз қолымен сайлап жөнелткен Оспанның өзі болатын.

Бірақ Абайлар көшіп кеткеннің артынан үй-ішіне, шешелеріне қалжың етіп: - Біздің Абай бір жоқ ырымды бастап, жылпос жігіт болыпты. Шаруаның қара қыртысын айналдырар сол... Осы сен сөз айда, мен мал айдайын десем, биыл өнер тауып, қора салам деген бопты. Жетістіргенін көрерміз!- деп күліп қойған-ды (М.Әуезов).

Модальді реңктер тек белгілі бір күрделі синтаксистік тұтастық аясындағы сөйлемдер байланысынан айқындалмайды, кейбір сөйлемдердің модальді реңкі басқы тараулардағы сөйлемдердің семантикасына бағына ажыратылады. Мысалы, төмендегі үзіндіде Әйгерімнің Абайға деген наразылығы алдыңғы тараулармен байланыста қарастырғанда нақтыланады.

Абай Әйгерімнің жүзіне таңдана, қызығып қарағандай. Келіншегін оқшау әзілмен қарсы алды:

-        Ербол, Әйгерімнің жүзіне қарашы, талайдан сағынған әндерін еркін шырқап, құлпырып қалған ба, немене?

Ербол қоса сүйсініп:

- Бәсе, алғашқы ақша қарға аунап жортқан түлкідей, жүні құлпырып қапты ғой, өзінің!- деп, Әйгерімнің өзін де күлдірді...

Үшеуі де бұл сияқты ойда жоқтан айтылған оқшау бір теңеуге күлісіп тұрса да, Әйгерім қысылыңқырап қалды. Қызарған жүзінен сыпайы күлкісін тыймай тұрып, Абай сөздеріне наразылықтай қарсылық айтты.

- Сізден іріккен әнім бар ма еді! Нені аяп ек? ... - деді де, өңі өзгере беріп, қабағына кейіс алған бойынша үйіне кетті (М.Әуезов).

Соңғы сөйлемдердің айтылу ырғағын алдыңғы тараулардағы сөйлемдердің семантикасымен байланысты қараймыз. Бұл ерекшеліктер модальділік категориясы семантикалық байланыстан айқындалатын заңдылық екенін тағы бір айқындайды.

Контекстік семантика шеңберінде атқаратын қызметі де, мағынасы да өзгеше сипат алған «есеп айырысатын боламыз» сөйлемін даралауға болады. Контекстен тыс хабарлы сөйлем деңгейінде қабылданатын бұл синтаксистік бірліктің модальді реңкі алдыңғы сөйлемдермен байланыста алынып,  күшейтілген. Ерекше интонациялық даралаумен айтылған соңғы хабарлы сөйлем субъектінің наразылығын активтендірген.

...Тысқа шығып осы жайды болжап жүргенде, салмақты Лосовский екі алақанын жайып, өз-өзінен күлді де:

- Ең аяғы бұралқы ит те қалмапты!- деп басын шайқады. Өзінің өрескел ісін аңғарып, үнсіз ашумен тек қана басын шайқай түсіп, сенделіп жүрген Тентек оязға қарады.

- Киргиз даласын көп жылдан бері біліп жүріп, мұндай ұйымдасқан ел көрген жоқ едім. Осы керек бізге. Кешпестік қате жасадық. Елдің жазықсыз адамдарын орынсыз жабайылықпен жазалау арқылы мынадай соққыны көріп отырмыз. Менің адал арым сізге бар шынымды айтуды талап етеді. Қалаға барғанда, осы жолсыз сапар үшін, сізбен жоғары ұлықтар алдында есеп айырысатын боламыз!- деді (М.Әуезов). Атқаратын функциясына сәйкес басқа сөйлемдерден соңғы сөйлем дауыс ырғағының жоғарылауымен дараланады.

Контекстегі синтаксистік құрылымдардың мағыналық бірлікте жұмсалуынан «Бұған көрінеу жаманатты боп қиястана беру қисынды болмас...» сөйлемінің мағынасы, қызметі, жұмсалу мақсаты анықталады. Алдыңғы сөйлемдер көрсетілген сөйлемді өзіне бағындыра, өзара әсер ету нәтижесінде «күдіктену» реңкін жеткізуге жұмсалған құрылым деңгейіне көтерген. Мысалы: «Екі інісі, екі болыс ұйғарған соң, Тәкежан де енді жалтарып, дауласуды құп көрген жоқ. Ол әлі өз есебімен, өз қаупінен қол үзген жоқ-ты. «Ұлыққа сөзі жүріп тұрған Абай бір болмаса, бір жерімнен ертеңгі күн зақым келтірер. Бұған көрінеу жаманатты боп қиястана беру қисынды болмас...» - деп байлаған (М.Әуезов). Контекстің модальді реңкін тиянақтау қызметін атқарған соңғы сөйлем дауыс ырғағының бәсеңдеп, сөйлем соңында кідіріспен аяқталады.

                        Пайдаланылған ғылыми әдебиеттер:

Құрманова Н.Ж., Мухлис К. Текст теориясы және тексті талдау әдістемесі. Алматы: Алматы мемлекеттік университеті, 2000. -114б.