Таюпова Элеонора Камилқызы

Академик Е.А.Бөкеторв атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту – қосымша білім беру жүйесінің басты мәселесі

Жеке тұлға - өзіндік құндылық. Оның шығармашылық дамуы мен қалыптасуы қосымша білім беру жүйесіндегі басым бағыттың бірі. Дамыту сипатындағы білім бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда жүзеге асырылады. Мектептен тыс ұйымдарында тұлғааралық, яғни балалар мен ересектердiң қарым-қатынасы барысында баланың тұлғасы, оның адамгершiлiгi үлкен маңызға ие болады. Яғни, бұдан бала үшін сабақтан тыс уақыттарда өзінің ерікті таңдауы бойынша қосымша білім алу мүмкіндігі туады.

Қосымша бiлiмнiң оқытуды ғана емес, сонымен қатар, тәрбие берудi, баланың тұлғалық шығармашылық дамуын бұрыңғай үрдiске бiрiктiру мүмкiндiгi бар.

Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту, шығармашыл тұлға қалыптастыру жөнінде өз ойларын көптеген ғалымдар өздерінің еңбектерінде зерттеген. Олар: Қазақстан Республикамыздың аса көрнекті ғалымдары М.М.Мұқанов, Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Жарықбаев, Ж.М.Әбділдин, Т.С.Сабыров, Б.А.Жетпісбаева, А.Т.Кенжебаева, Т.У.Оспанова, Р.Ш.Сыздықова, З.С.Сатқаева, Д.Ж.Кішібаева, А.Ш.Орақова, Б.А.Тұргұнбаева,  Б.Ш.Байжұманова; Ресей ғалымдары А.Г.Ананьев, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, А.Н.Леонтьев, Л.С.Выготский, Г.С.Альтшуллер, Н.С.Лейтес және т.б.; көрнекті педагогтар: Ы.Алтынсарин,  К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко шығармаларында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың жолдары қарастырылады. Қосымша білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылығын дамыту мәселесін Ресей педагог - ғалымдары Е.А.Кисилева, О.А.Белянина, В.А.Березина, С.В.Сальцева, А.Б.Фомина, А.И.Щетинская және т.б. зерттеген. Қазақстан Республикамыздағы мектептен тыс жұмыс ұйымдардың даму мәселесіне В.И.Загайнова, Н.Д.Жамәділов, Л.А.Дорожкина назар аударған.

Шығармашылық дегеніміз – ол адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой туып, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі [1,135 б.].

Психологиялық тұрғыда шығармашылық процесс дегеніміз – үнемі білімдер мен ептіліктерді өз бетімен жаңа жағдайға өткізу болып табылады, білім өз бетінше жүзеге аса, соғұрлым ілімді қолдану шығармашылық сипатта болады, - деген анықтама берілген [2,301 б.].

Оқушының шығармашылық мүмкіншілігінің дамуы, оның жеке бастық қасиеттерінің бірі болып табылады. Егер шығармашылық әрбір адамның жеке психолоиялық қасиет болса, онда оның жеке басының психологиялық қасиеттерінің ерекшелігі сол шығармашылығыннан көрінеді. Әрбір жас кезеңдерінде шығармашылық потениалдың дамуы, баланың сензитивтік кезеңіне, оны тиімді пайдалана алуына тікелей байланысты жүзеге асады [3].

Бүгінгі күннің негізгі талабы -  білімді адамды әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, шығармашылық таныммен тікелей қатынас жасай алатын, жаңаша ойлай алатын шығармашылық адамға айналдыру. Балаларда әлемнің көп бейнелі жақтарын шығармашылық таным негізінде қабылдай алу қабілетін дамыту қажет. Осының негізінде интеллектуалды, креативті ұрпақты тәрбиелеп оқыту – педагогиканың маңызды мәселелерінің бірі.

Шығармашыл тұлға қалыптастыру мәселесі - қосымша білім беру жүйесінің ең маңызды мақсаты болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы қосымша білім берудің алдында тұрған негізгі міндеттері: қосымша білімнің қазіргі жалпы орта білімнің құрамдас бөлігі ретінде маңыздылығын және мәртебесін қалпыта келтіру; білім беру ұйымдарында жеке тұлғаның жалпы адамзаттық құндылықтар, қазастандық елжандылық және азаматтық идеясы негізінде қалыптасуына және еркін дамуына бағытталған кешенді тәрбие бағдарламасын ары қарай жүзеге асыру; педагогтердің бала тәрбиесіндегі дәстүрлі тәсілден адамгершілік, тұлғалық бағдарлы тәсілге қайта бейімделуі. Баланың өмірдегі орның өзі белгілеуге көмектесу; дәстүрлі және қазіргі тәрбие технологияларына қолдау көрсету. Этнопедагогика игеру, озық дәстүрлі халықтық педагогиканы іске асыру және осы негізде балаларды бабалар мәдениетіне және ұлтаралық достыққа тарту; мектептен тыс ұйымдардың вариативтік тәрбие жүйесін, түрлі типті мектептен тыс ұйымдардың қызметтерін ерекшеліктерін және білім беру бағдарламасының түрлерін зерделеу; жеке тұлғаның психологиялық ерекшелігінің жүйелік есебін, баланың шығармашылық қабілеті мен қызығушылығын тану әдісін пайдалану негізінде қосымша білім және тәрбие жұмыстарының ұйымдастыру формалары мен мазмұнын қалыптастыру [4, 10 б.].

Бүгінгі күнде республикамызда 541 мектептен тыс ұйымдар жұмыс істейді. Онда республикадағы барлық оқушының 11,2% (300 мыңнан астам бала) қамтылған. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйлері, сарайлары, жас техниктердің, туристердің, натуралистердің станциялары мен базалары, балалардың музыка, көркемөнер, өнер және спорт мектептерінде қосымша білім беретін 12 мыңнан аса педагог баланың ерікті таңдауына сәйкес шығармашылық қабілетін дамытуға көмектеседі [5;5 б.].

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылықтарын сабақтан тыс уақытта дамыту шарттарын мына түрде көрсетуге болады: қосымша білім беру педагог, ой-өрісі кең, жан-жақты білімдар, өз мамандығының шебері болуы керек; оқушының қосымша білім беру педагогпен бірлесе отырып өз шығармашылық қабілетінің жеке бағдарын құруы; ыңғайлы жоспардың жасалуы және шығармашылық жұмыстардың белгілі кезеңдерінің орындалу жүрісі; баланың шығармашылығын дамыту үшін оқу процессін тиімді ұйымдастыру іс-әрекеттің субъектісінің шығармашылық сапалық ерекшеліктерінің, сабақтан тыс мезгілде шығармашылық тапсырмаларды тиімді қолдана білу қажет.

Сондықтан оқыту әрекетінде қосымша білім беру педагог және оқушының тығыз байланысы болуы, педагог бар күш-жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы, оқушының өз тарапынан белсенділік, дербестік көрсетуі, оның өзіне деген сенімділігі арқылы ғана баланың шығармашылығын  дамытуға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Эльконин Б.Д. Психология развития: Учебное пообие для студентов высших учебных заведений.  – М.: Издательский центр «Академия», 2001. – 144 с.

2.     Жарықбаев Қ. Жалпы психология жоғары және арнаулы орта оқу орындарының, пединституттардың педагогика және бастауыш мектеп әдістемесі факультеті студенттеріне арналған оқулық.- Алматы, 2004. – Білім, 1993. – 378 б.

3.     Байжуманова Б.Ш. Психологические особенности развития творческих способностей у детей младшего школьного возраста: Дисс. … канд. психол. Наук. – Шыкент, 2002. – 154 с.

4.     Жамәділов Н.Д. Республикамыздағы мектепен тыс жұмыс ұйымдардың даму болашағы. – А.: Қосымша білім және тәрбие. Внешкольник Казахстана. – 2006. - № 5. - С. 6-11.

5.     Жамәділов Н.Д. Республикадағы әр түрлі бағыттағы мектепен тыс ұйымдардың қызметіне талдау. – А.: Қосымша білім және тәрбие. Внешкольник Казахстана. – 2007. - № 1 (9). - С. 5-8.