Құдабаева Шынар Аубакирқызы

№54 мектеп-лицейінің матемактика пәнінің мұғалімі

Астана қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Математика сабағында оқушыларға берілетін үй тапсырмалары

 

Қазіргі оқу үрдісіндегі мұғалімнің алдына қойылған басты талаптардың бірі – ғылымның барлық саласында талантты, жан-жақты дамыған, талапты, зерек жастарды тәрбиелеу. Осы тұрғыдан қарағанда, ертеңгі ел иесі, қоғамды белсенді дамытушы болып табылатын бүгінгі мектеп партасында отырған әр оқушының  туа біткен табиғи қабілеттерін толық ашу, жетілдіру және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу бұл күндегі көкейкесті мәселелердің бірі. Математика сабағында осы мәселелерді шешудің бір тәсілі- оқушылардың өзіндік жұмыстары болып табылады.  Осы орайда оқушыларға математикадан білім беру жүйесінің алдына келесі міндеттер қойылады:

-      Оқытудың қолданбалы бағытын күшейту;

-      оқушыларда  практикалық біліктілікті және дағдыларды қалыптастыру, және т.б.

Оқушылардың білімдері біліктілік пен дағдыға айналу үшін, міндетті түрде оқушылардың өздері де талаптануы тиіс.  Белсенді оқу- танымдық іс-әрекет, оқушыларда практикалық әрекетті тудырады. Математиканы оқыту әдістемесін және оқыту әдістерін жетілдіру оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстарымен, соның ішінде үй тапсырмасын орындай алу деңгейімен тығыз байланысты.  Үй тапсырмасы сыныпта орындалған тапсырманың жалғасы болып табылады. Басқаша айтқанда, үй тапсырмасының орындалуы  оқушылардың сыныпта орындаған жұмыстарының барысында осы үй тапсырмасын орындауға қажетті жұмыстарға дайын болды ма, соған байланысты.   Бірақ, егер  оқушыларда үй тапсырмасын орындауға деген жауапкершілік қалыптаспаған болса, онда олар тапсырманы орындауға  жақсы дайындалғанмен, оны орындауға көңіл аудармай, орындамай келуі мүмкін. Оқушының өзі орындайтын үй тапсырмасы , оқу-тәрбие процесінің ең маңызды және негізгі бөлігі.  Оны орындау негізінде алынған білім пысықталады, дағдылары қалыптасады. Үй тапсырмасының көлемі мен қиындығы оқушының шамасына қарай лайықталып, олар меңгере алатындай мөлшерде берілуі тиіс.

    Математикадан берілетін үй тапсырмаларын мынадай үш түрге бөлуге болады:

ауызша, жазбаша және практикалық  сипаттағы жұмыстар.

Ауызша үй тапсырмасы ретінде оқулық бойынша белгілі бір материалды  (мысалы, қандай да бір ережені немесе теореманы) оқып біліп келуді, қандай да бір теореманың дәлелдеуін логикалық кезеңдерге бөлуді, сұрақтарға ауызша дайындалып келуді, т. с.с. жатқызуға болады.

Үй тапсырмасының жазбаша түріне есептер шығару, мұғалімнің қойған сұрағына жазбаша жауап дайындап келу,  мұғалімнің тапсырмасы бойынша белгілі бір материалды оқып, біліп, оны конспектілеу және т.б. жатады.

Практикалық тапсырмаларға мыналар жатады: қандай да бір теореманы дәлелдеуге немесе есепті шешуге қажетті модельдерді жасау, әртүрлі өлшемдер мен бақылауларды орындау, смета құру, диаграмма мен графиктерді сызу және т. б.     Мысалы:

1. Өзіңнің бөлмеңнің периметрі мен ауданын тауып кел.

2. Үйдегі әрбір адамға келетін ауаның кубатурасын есептеу.

3. Конустың моделін жасап, оның толық беті мен көлемін тауып кел және т.б.

 Үй тапсырмасының көлемі және қиындығы оқушының шамасына қарай лайықталып, олар меңгере алатындай мөлшерде берілуі тиіс.

5-6 сыныптарда үйге берілген тапсырманы орындау үшін қалай жұмыс істелуі керектігі оқушыларға ауызша түсіндіріліп, нұсқау берілгені дұрыс. Берілген тақырыптағы қандай мәселелер маңызды, қандай мәселелер қосалқы екендігі түсіндіріліп, қандай ережелер мен формулаларды жаттап алу қажет екендігіне оқушылардың назарын аудару қажет.

Әдетте оқушылар үй тапсырмасын сол сабақ болатын күннің алдындағы күні орындайды. Әрине, тапсырманы осылай орындау оқушының келесі күнгі сабаққа дайындалуына жағдай жасайды. Бірақ та, оқу тәжірибесі, сондай-ақ психологиялық зерттеулер меңгерілген материалды сол түсіндірілген күні пысықтаған ұтымды екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, оқушылардан үй тапсырмасын сол берілген күні орындауды талап еткен жөн. Ал, сабақ болатын күннің алдында оны бір қайталап алса, материал есте жақсы сақталады.

Оған үйрету үшін бастапқы кезде, әсіресе, І тоқсанда, тапсырма берілген күннің ертеңінде оқушылардың дәптерін жинап алып тексеріп, содан соң, сол күні қайтарып берсе болады.      

Үй тапсырмасы қоңырау соғылып жатқанда берілмей оның мазмұнына қарай, сабақтың ортасында, немесе сабақтың аяқ кезінде беріліп отыруы тиіс.

Үйге берілген тапсырма қандай түрде болмасын уақытында тексеріліп отырылуы керек. Ол үшін әртүрлі әдістерді қолдануға болады.  Мысалы, оқушылар жаңадан өтілген материалға есептер шығарып жатқанда, мұғалім аралап жүріп сынып жұмысының қалай орындалып жатқанын тексерумен қатар, олардың үй тапсырмасын қалай орындағанын тексереді. Кейде, сабақтың бас кезінде 2-3 оқушыны тақтаға шығарып, оларға өздерінің шығарған есептерін тақтаға жаздыртып, содан кейін барлық оқушылармен дұрыс-бұрыстығын тексеріп, шығару жолдарын талқылауға болады. Немесе оқушылардың дәптерлерін жинап алып, тексеріп, талдау жасауға болады.

  Үй тапсырмасын күнделікті тексеру нәтижесінде байқалған оқушылардың білімі мен дағдысындағы олқылықтарды болдырмау үшін мұғалімнің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап отыруға оқушыларды үйрету керек.

   Тексерулердің қорытындылары байқау журналына жазылып отырса, бұл оқушылардың білімі мен дағдысын тексеріп, бағалауда өзіндік зор үлесін қосар еді, яғни оқыту процесін жетілдіріп, оқушылардың үлгерімін арттыруға себі тиер еді. Оқушы үнемі үй тапсырмасын орындап, барлық сабақ барысында өзінің нақтылы білімі мен дағдысын көрсеткеніне қарай, сабақ соңында оған баға қойылады.

   Үй тапсырмасын тексеру кезінде мұғалім оқушылармен жақсы танысып, олардың жеке бастарының ерекшеліктерін білетін болады, білімдері әділ бағаланады.

Математиканы  оқыту процесін жетілдірудің көптеген факторлары бар. Солардың ішіндегі ең негізгісі- математика пәні мұғалімінің оқытудың ғылыми және әдістемелік дәрежесін үнемі жоғары сатыға көтеріп отыруы, сонымен қатар әрбір оқушының жеке басына қамқорлық жасалып, ұқыпты түрде көңіл бөлініп отыру керек.

Математиканы оқыту процесін жетілдірудің басты мақсаты оқушылардың есеп шығару қабілетін арттыру екендігі анық.  Үй тапсырмаларын ойдағыдай орындап, сыныпта сабақты мұқият меңгерген  оқушының математиканы да оңай игеретіні белгілі.

Д. Пойа айтқандай: «Егер мұғалім өз пәніне шын ықыласымен берілсе, онда бүкіл сынып оқушылары да бұл пәнге шын берілетін болады. Егер де , пән сізді қызықтырмаса және оны терең білмесеңіз, онда сабақ беруден бас тарту керек. Себебі сіз ешқашанда сабақты жақсы бере алмайтын боласыз.»   Пәнді сүю және оны терең білу – мұғалімге қажетті шарт, алайда бұл жеткілікті емес. Мұғалім өзінің пәнге деген қызығушылығын өз оқушыларының бойына сіңіре білу қажет.