Халықаралық терминдердің  қазақ тіліне ену кезеңі

 

С.К.Кенжемұратова,ф.ғ.к.,доцент

 

Халықаралық терминдердің  тілімізге ену кезеңі - алаш зиялыларының өмір сүрген кезеңімен тұспа-тұс келеді. Бұл кезең – терминология жөніндегі ой-пікірлердің  құндылығымен ерекшеленеді. Алаш зиялыларының  көсемі А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар тобы халықаралық терминдердің тілімізге енуі, қабылдануы және олардың қолданысы жайлы өз пікірлерін айтып кеткен. Бұл кезеңнің қоғам үшін, біздің ұлт тіліміз үшін маңызды  бағыттарының бірі- зиялы қауымның жат сөздерді тіліміздің  заңдылығына сәйкестендіріп қабылдауы еді.

         Алаш зиялыларының термин шығармашылығына қатысты пікірлері бір бағытта болды. Атап айтқанда, өзге тілдерден  термин қабылдау барысында, ең бірінші ана тілімізден  балама табу,  дұрыс балама табылмаған  жағдайда  түркі  тілдерден сөз алу, тіпті бұл екеуі де  орындалмаған жағдайда, жат сөздерді өзіміздің тіл заңдылықтарына  бағындырып қабылдау көзделген. Алғаш рет Бакуде өткен Бүкілодақтық  түркологиялық құрылтайды осы мәселеге қатысты сөз болды. Осы құрылтайда  А.Байтұрсынұлы  әлемдік тілдерден  термин қабылдау мәселесіне байланысты қағидаттарын ұсынды. Қазақ терминологиясының қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалымдардың бірі – Х.Досмұхамедұлы. Ғалым Еуропа сөздерін тілімізге қабылдаудың жолдарын ұсынады. 1924 жылы қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі болады. Сиезге қазақ-қырғыз зиялылары қатысады және қазақтың пән сөздеріне байланысты Елдес Омарұлы баяндама жасайды. Алаш зиялыларыныңхалықаралық терминдерге қатысты көзқарастары мазмұндас, әрі сол кезеңдегі тіл қолданушылар сұранысы белгісі болып табылады. Осы кезеңде “Пән сөздері”, “Атаулар сөздігі” сияқты сөздіктер жоғарыда сөз болған қағидаттар негізінде жасалып, жарық көрді.

         Сөз болып отырған кезеңде жарық көрген еңбектерінің  бірі қазақтан шыққан тұңғыш биолог–ғалым Жұмахан  Қүдериннің “Өсімдіктану” оқулығы. Бұл оқулық 1927 жылы араб әрпімен Москвада, 1930 жылы  латын әрпімен Қызылорда қаласында басылған. 1992 жылы қазіргі жазуымызға көшіріліп, “Рауан” баспасынан жарық көрді.

         Осы соңғы басылымның алғы сөзін жазған биолог-ғалым Қабдірашид Қайым кітаптың ғалымдар мен мұғалімдердің іс жүзінде кең пайдаланып, жетекші құрал етуіне таптырмайтын қомақты еңбек екенін айта келіп, биология ғылымының докторлары Ғ.З.Бияшев пен А.Алманиязовтың пікірлеріне келтіреді. Онда  “биолог-ғалым Ж.Күдериннің ”Өсімдіктану” кітабы қазірдің өзінде  маңызын жоғалтқан жоқ. Ол әлі де болса қазақ арасына өсімдік өмірі жөнінде ғылыми білімді таратудыңөте құнды құралы болып  табыладыарасында ” делінген.

         Қазақ тілінде жазылған тұңғыш өсімдіктану оқулығы екендігіне және жарық көргеніне қаншама уақыт өткендігіне қарамастан, бұл еңбектің бүгінгі күннің  жоғарғы дәрежелі биолог ғалымдары тарапынан бұлайша бағалануы жалпы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының кәсіби деңгейінің қаншалықты биік болғандығынан хабардар етумен бірге, олардың ішінде Ж.Күдериннің де орны бөлек тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді.

         Ғалымның биология ғылымын дамытуға қосқан үлесі мен оның еңбектерінің құнды жақтарын анықтау осы саласының мамандарының яғни, биолог-ғалымдардың еншісне  тиетін жұмыс. Біз оқулық авторының қаламынан туған терминдері туралы қысқаша ғана сөз етеміз.

         Ж.Күдериннің 1927 жылы жарық көрген “Өсімдіктану” оқулығында 300-ге жуық қазақ тілінде жасалған терминдер мен  көптеген қазақша өсімдік атаулары кездеседі.

         Бұл оқулықтағы терминдердің барлығы дерлік сөз болып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының термин шығармашылығында ұстаған  жылы принциптеріне сәйкес жасалғанғандығының көрінісі. Мысалы, аналық, аталық, тұқымдық, түйіршік, тостағанша, сабақша, қалбырша, қабықша, қалташа, қайықша сияқты терминдер морфологиялық тәсілмен, аналықтың мойны, аналықтың   аузы, ағаштың сүйегі, бұтақты тамыр жолы, жапырақтыңтақтасы, тұқым жапырақшасы, ұялы тозаң, тұқымқап, қылшабуын, гүлжапырақ тәрізді  терминдер аналитикалықтәсіл арқылы,  ал буын, тарамыс, түйір, тұғыр, түк, тап, тыс, тегеурін, желек, жік, шаң, шырын, сақина, құндақ, өзек, сұрып, оба сынды терминдер жалпы қолданыстағы сөздердің  терминденуі арқылы, яғни, терминдену тәсілімен жасалған.

         Келтірілген мысалдардан байқап отырғанымыздай, өсімдіктану терминдерін жасауда ғалым қазақ тілінің  сөзжасам тәсілдерін кеңінен пайдаланған. Бұл терминдердің көпшілігі қалыптасып, қазіргі өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алған.

         Айталық, қазіргі кезде ғалым өз оқулығында  алғаш қолданған аналақ, аталық, тозаң, сабақша, қабыршақ, қайықша, гүлжапырақ, қабықша, аналық аузы, аналық мойны  сияқты терминдерді бүгінгі ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың, терминологиялық сөздіктердің  барлығынан ұшыратуға болады. Бұл Ж.Күдериннің тек алғашқы оқулық авторы ғана емес, ғылым тілінің, өсімдіктану терминологиясының қалыптасуына үлкен үлес қосқан, осы істің басында  тұрған қазақтың  озық ойлы биолог-ғалымы екенін көрсетсе керек.

         Жалпы Ж.Күдериннің оқулығында кездесетін терминдердің бестен біріне жуығы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған. Өсімдіктану ұғымдарының деректілігіне (нақтылығына) байланысты болуы керек, жалпы әдеби тілдегі сөздер мағыналарының, метафоралану жолымен терминденуі көбінесе ұғымдардың сыртқы ұқсастықтарына (пішін,көлем, т.б.) негізделетіндігімен ерекшеленеді.

         А.Байтұрсынұлының  1912 жылы Орынборда жарық көрген “Оқу құралының ” (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915 жылдары және одан кейінгі жылдары 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған “”Тіл құрал оқулықтарында  (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптысып, бүгінгі күнге дейін  қолданылып жүрген және қолданыла беруге  тиіс зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша жалғау, жұрнақ сияқты жүздеген терминдердің кездесетіні белгілі. Бұл терминдердің терминге  қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар уақыт сынынан өтіп,  тұрақты қолданылатын  дәрежеге жетті.

         Мұнда ең баста атап айтатын нәрсе – А.Байтұрсынұлы бір топ терминдері ғана емес, бүкіл бір  ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Ғылымның дамуына орай  ұғымдар жүйесінің ұлғайып отыруы табиғи құбылыс. Ахаң қалыптастырған терминдер жүйесі  де қазақ тіл білімі дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде.

         А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі, әдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге  әдістеме, тарих және этнографияға, жалпы мәдениетке қатысты да  көптеген терминдер жасаған ғалым.

         Кезінде А.Байтұрсынұлы пуристік бағыт ұстанды деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. А.Байтұрсынұлының лингвистикалық терминдерін оқытуға арналған көмекші құрал  жазған Ш.Жалмаханов Ахаңның “Тіл-құрал” оқулығының әр жылғы басылымдарында  310 терминнің қолданылғынын солардың ішінде 118-і (38,5%) қазіргі тіл білімінде  қолданылып жүр де, 192-сі (61,5%) қолданылмайды деп көрсетеді.

         Оның қаламынан туындаған терминдердің көпшілігі мақсатты түрде қолданыстан шеттетілгеніне қарамастан, Ахаң жасаған терминдердің елеулі бөлігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал кезінде  арнайы шеттетілген терминдердің  арасында сұрыптап алып, бүгінде қайтадан қажеттімізге жаратуға болатындары да аз емес.

         Әдебиетші ғалым, академик Р.Нұрғалиев Ахаңның еңбегіне жазған алғы сөзіне жазған алғы  сөзінде “сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өззі сұранып тұр” – дейді.

                   Пән сөздерінде” кездесетін көптеген  атаулар сол кезден бастап тілдік  қолданысымызға еніп, ұлт тілінде жасалған  терминқорымызды байытты. Мысалы, алқа (коллегия), аталық (тычинка), әсірлеу (гипербола), баяндама (доклад), болмыс (бытье), жазықтық (плоскость), жәбірленуші (потерпевший), көшірме (выписка), күлте (венчик), қаулы (остановление), қолқа (аорта), дәріқана (аптека), тергеуші (следователь), нұсқау (инструкция), нұсқаушы (инструктор) т.б.

         Бұлар Мемтерминком тарапынан әр жылдары бекітілгенімен тілдік қолданыстан  шығып қалған жоқ.

         Алайда 1910-1930 жылдар аралығында қазақ зиялыларының  қаламынан туындап, кейін қолданылмай қалған  терминдердің барлығы болмаса да басым көпшілігі негізсіз шеттетілген. Ондай терминдердің бір тобы өткенімізді  саралап қарай бастаған соңғы жылдары  араға 70-80 жыл уақыт салып барып қайта қолданысқа  енгізіліп,  терминқорымыздан орын алып жатыр. Мәселен, қазір Н.Қаратышқанұлының сөздігінде берілген салым (вқлад), әдіс (метод), әдістеме (методика), кеңес (совет), жасақ (отряд), жанартау (вулкан) сияқты атаулар еш өзгеріссіз  сол қалпында алынып ресми бекітілген терминдеріміз ретінде кеңінен қолданылып жүр. Сондай-ақ онда кездескен  кейбір терминдер бәсекешілік (конкуренция), қазір бәсекелестік түрінде, әкім (администрация) қазір администратор сөзінің баламасы ретінде,  қаттама (ведомость) протокол, жарнама (объявление) реклама терминдерінің баламасы ретінде азды-көпті мағыналық немесе тұлғалық өзгерістермен терминқорымызға қосылады.

М.Әуезовтің ғылым тілінің тарихында ескерусіз қалмауға тиісті еңбегінің бірі -  «Ғылым тілі (науный термин)» деп аталатын мақаласы. Бұл мақала жоғарыда сөз болған «Қайсысын қолданамыз?» атты мақаладан кейін арада бір жылдай уақыт өткенде 1918 жылы «Абай» журналының №7 санында жарияланған.

Мақаланың бірінші сөйлемі – «Ғылым тілі – бөл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» - деп басталыпты. Мұндай пікір айтылғаннан бері арада сексен жыл уақыт өткеніне қарамастан, ғылым тілінің бар мәселесі шешілді деп айту қиын. Тіпті сонау XX ғасыр басында көтерілген кейбір мәселелердің күн тәртібіне бүгін қайта қойылып жатқандығының да куәсі болып жүрміз. Ғылым тілін бір қалыпқа түсіріп, бір негізге құрдық деуге әлі ертерек. Ендеше Әуезов көтерген мәселенің әлі де құнын жоймағандығы. Ол алғашқы мақаласында алға тартқан мәселені қайтадан қозғап, былай деп жазады: «Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мқсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін арапшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар, ғылым тілін орысшаға, европа негізіне тартады. Бұл жік тәртіпті бастауыш мектептердің хәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білгеніне тартатыны мәлім нәрсе».

Ұлт тілінде термин жасау ісінің жандануы, кеңестік кезеңнің 30-ыншы жылдарынан бастап 90-ыншы жылдарға дейінгі алпыс жылдың ішінде жасалмаған терминдердің соңғы он жыл ішінде жасалып, қалыптасып жатуы соның айқын дәлелі бола алады.

Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек, бізде бір күні ұрынатын секілдіміз.

Кеңестік кезеңде біз де орыс тілін үлгі етіп алу арқылы терминологиялық қорымызға мыңдаған шет тілі терминдерін дайын күйінде қабылдап алдық. Нәтижесінде терминологиямыздың ұлттық сипаты әлсіреді. Ұлттық тілге негізделген термин шығармашылығы дамытылмады. Қазақ тілінің лексикаылқ байлығын ұтымды пайдаланып, қосымшаларымызды құнттап қолдана алмадық. Терминологияны қалыптастырудың ең басты жолы өзгелердің жасағанын бас қатырмай өзгеріссіз қабылдау деген түсінікті қалыптастыра бастадық. Соның салдарынан шет тілдерінен енген терминдер саны шектен тыс артып кетті. Сол себепті тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болып, ғылым саласындағы қызметін атқаруға көше бастаған соңғы оншақты жыл көлемінді ғалымдар кеңестік дәуірде қалыптасқан терминологиялық лексика төңірегінде әр түрлі сын пікірлер айта бастады.

Әсіресе Мағжан қолданған терминдер бүгінгі ғылыми, әдеби қауымды ойландыру тиіс. Күні бүгінге дейін «наравственность» деген сөздің дәлме-дәл баламасы табылмай жүргені мәлім. Бірде «адамгершілік» десек, бірде «имангерлік» деген сөздермен тәржімалап жүрміз. Мағжан «наравственность» деген сөзді «құлықтылық» деп аударады. «Прекрасное» атты эстетикалық терминді «сұлулық» депті.

         Даналық ешқашан көнермейді. Қайда апарып көмсең де, бір күні алтын секілді тот баспаған қалпында жарқ етіп шыға келеді. Мағжанның: «Ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе болмасқа тиісті» деген сөздерін оқығанда дәл бүгін сөйлеп тұрғандай әсерде болтының ақиқат.

         Қазақ терминдерінің Кеңес үкіметі тұсындағы өзгерісі – тілді дамытатын жол болмады, оны аздыратын, тоздыратын жол болды. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы алдын – ала сезіп, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деп ескерткен болатын. Осы сөзде қаншама терң ой мен сыр жатқанын біздің бүгінгі санамыз қорытса жақсы болар еді.