Биологические науки/ 2. Структурная ботаника и биохимия растений

 

Б.ғ.к., Дурмекбаева Ш., студенттер Мукалатова А., Сапабекова Д.

 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Техногенді ластану жағдайына байланысты Phlomis tuberosa L. өсімдігінің морфо-анатомиялық ерекшеліктері

 

Әрбір биоценоздың негізгі құрам бөлігі - өсімдік. Табиғи фитоценоздарда кездесетін өсімдіктердің қазіргі кездегі ішкі құрылымын зерттеу - өсімдіктердің табиғи және техногенді әсерлерден өзгерген қоршаған ортамен өзара әрекеттесу механизмін түсіндіреді. Өсімдіктер мүшелерінің анатомиялық құрылысын қоршаған ортаның әртүрлі  экологиялық жағдайында өсімдіктер төзімділігінің қосымша көрсеткіші ретінде пайдалануға болады. Топырақтың радионуклидтермен ластануы жағдайында өсімдіктердің анатомиялық көрсеткіштерін фитоиндикацияға пайдалануға болады[1].

Солтүстік Қазақстанның уран-кен өндірісі аймағындағы өсімдіктер мүшелерінің анатомиялық құрылысы ерекшеліктерін сипаттау үшін зерттеу жұмыстары мынадай нүктелерде жүргізілді:

1.         Ақмола облысы Шаңтөбе қалашығындағы уран-кен өндірісі аймағындағы табиғи фитоценоздар (бірінші нүкте);

2.         Ақмола облысы Ақсу селосының уран-кен өндірісі аймағындағы табиғи фитоценоздар (екінші нүкте);

3.         Ақмола облысы Степногорск қаласы маңындағы  ЖАҚ “КазСабтон” гидрометаллургиялық зауыты маңайындағы табиғи фитоценоздар (үшінші нүкте);

4.         Ақмола облысы Зеренді ауданы (төртінші нүкте – бақылау нүктесі).

Зерттеуге  Phlomis tuberosa L. өсімдігі алынды. Анатомиялық зерттеулер  гүлдену кезеңінде жиналған өсімдіктер сабағында жүргізілді.  Сабағының ортаңғы бөлігінен және сабақтың ортаңғы бөлігіндегі жапырақтар тақтасынан анатомиялық кесінділер даярланды, қалыңдығы 10 – 15 мкм. Зерттеу жүргізілген нүктелерден өсімдіктің 10 данасынан алынып, барлығы  126  уақытша препараттар даярланды.

Анатомиялық зерттеуде сызықтық өлшеуге арналған окулярлы микрометр (окуляр х 15, объектив х 8) қолданылды. Өсімдіктер жалпыға бірдей қабылданған ботаникалық әдістер арқылы зерттелді [2]. Анатомиялық құрылысын сипаттауда Эзау К. (1980) еңбегі пайдаланылды [3]. Зерттеу нәтижелерінде математикалық өңдеуде Г.Ф.Лакин еңбегі қолданылды [4].

   Бірінші нүктедегі Phlomis tuberosa L. өсімдігінің биіктігі – 61,18±5,82 см, ал бақылау нүктесінде – 59,16±6,54см (1- сурет)

1-сурет

Сонымен, зерттеулер нәтижесінде Phlomis tuberosa L. өсімдігінің морфологиялық құрылысында айырмашылықтар байқалмады.

 Phlomis tuberosa L. сабағының   көлденең  кесіндісінде  эпидермис,   алғашқы  қабық   және  орталық  шеңберді ажыратуға болады. Эпидермис беткейі кутикуланың жұқа қабатымен жабылған, онда жай және бұтақтанған түкшелердің түрлері кездеседі, олардың саны аз. Эпидермис қабатының астыңғы жағында 4-5  қатар арқаулық ұлпа – колленхима жасушалары орналасқан.  Алғашқы  қабық эндодермамен шектелген. Өткізгіш  шоқ  флоэма, камбий,  ксилемадан  тұрады, яғни  ашық, коллатеральды. Өзек ірі паренхималық жасушалардан құралған. Өзектің ортасы – ауалы қуыс.

       Phlomis tuberosa L. өсімдігінің сабағының ішкі құрылысында алғашқы қабық қалыңдаған, өзек паренхималары артқан(1-кесте).

1-кесте – Phlomis tuberosa L.  өсімдігі сабағының анатомиялық құрылыс ерекшеліктері

 

Нүкте

Сабағының ішкі құрылысы

Алғашқы қабық қалыңдығы, мкм

Өзек паренхималарының мөлшері, мкм

Ксилема түтік

ауданы,

х10-3  мм2

1

106,07±4,51

50,16±2,82/48,0±1,48

3,43±0,32

2

91,15±4,66

50,0±4,56/48,0±2,04

1,91±0,30

3

98,48±3,20

47,5±2,04/47,66±2,37

2,05±0,22

 бақылау нүктесі

63,08±1,00

36,70±2,35/38,82±2,70

2,47±0,24

 

Phlomis tuberosa L. бақылау нүктесінен алынған өсімдік сабағының ішкі құрылысындағы алғашқы  қабық  қалыңдығы 63,08±1,00 мкм болса,  бірінші нүктеде – 106,07±4,51, яғни алғашқы қабық қалыңдығында айырмашылықтар бар.  Өзек  паренхималарының  мөлшері бақылау нүктесінде – 36,70±2,35/38,82±2,70 мкм болса, бірінші нүктеде - 50,16±2,82/48,0±1,48, яғни өзек паренхималары ұлғайған.   Ксилема  түтіктерінің  ауданы бақылау нүктесінде   2,47 х10-3 ±0,24 мм 2  болса, бірінші нүктеде 3,43 х10-3  ±0,32 мкм, яғни ксилема түтіктерінің ауданында да  өзгешеліктер байқалады (1-кесте).

Сонымен, зерттеу нәтижесінде Phlomis tuberosa L. өсімдігі өркенінің анатомиялық құрылысында мынадай айырмашылықтар байқалды. Өсімдік сабағының ішкі құрылысында алғашқы қабық қалыңдаған және өзек паренхималарының мөлшері артқан.

Сонымен, зерттеу нәтижесінде Phlomis tuberosa L. өсімдігінің морфологиялық құрылысында айырмашылықтар байқалмады. Өркеннің ішкі құрылысында радиоадаптациялық белгілер қалыптасқан. Сабақтың ішкі құрылысында алғашқы қабық қалыңдаған, өзек паренхималарының мөлшері артқан. Сабақтың ішкі құрылысында өзгерістерді (алғашқы қабық қалыңдауы, өзек паренхималарының мөлшерінің артуы) топырақтың радиоактивті заттармен ластануын анықтауда критерий ретінде қолдануға болады.

Зерттеу нәтижелері бойынша өсімдіктер өркендерінің морфологиялық және анатомиялық ауытқушылықтарын территорияның радиациялық заттармен ластану деңгейін анықтауда қолдануға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Айдосова С.С., Н.М. Мұхитдинов, Дурмекбаева Ш.Н. Семей полигоны аймағындағы өсімдіктердің морфо-анатомиялық ерекшеліктері. – Алматы: Қазақ университеті. – 2001. – 140 с. (монография)

2.   Прозина М.Л. Ботаническая микротехника. - М.: 1960. – 208с.

3.   Эзау К. Анатомия семенных растений. - М.: Мир, 1980. – Т. 1, 2. – 558с.

4.   Лакин Г.Ф. Биометрия. - М.: Высшая школа, 1990. – 352с.