т.ғ.к. , Саржанова С.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің

«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы.

 

 

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының «Социалистік меншікті  қорғау»

заңын орындау барысындағы қызметі

 

   Кеңес өкіметінің басты мақсаты «кеңес халқын қалыптастырумен » қатар «социалистік меншікі» қорғау болғаны белгілі. ҚРОММ (ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат) қойнауындағы құжаттар  құқық қорғау ұйымдарының «социалистік меншікті қорғау» саясатына 1932 жылдың мамыр айынан бастап кіріскенін аңғартады.

  1932 жылдын 4 мамырында ҚазАКСР ЮХК «Барлық облыстық және өлкелік Прокурорлар мен соттарға, автономды республикалардың Бас соттары мен прокурорларына» - деген атпен құпия циркуляр жібереді. Онда ҚазАКСР ЮХК төмендегідей тапсырмалар береді:

«1. Астықты алыпсатумен, азық-түлік және т.б. товарларды ұрлаумен айналысқандарға репрессияның ең қатаң шаралары қолданылып, оларға қарсы ҚК 58 7 бабы қолданылсын.

 2. Жергілікті құқық қорғау ұйымдары ЮХК берген нұсқауларды жетекшілікке ала отырып, жергілікті ОГПУ ұйымдарымен бірігіп алыпсатарларға, азық-түлікке қол салғандарға қарсы қозғалған қылмысты істі өте аз мерзімде тергеп бітірсін.

 3. Көрсетілген қылмыстармен күресу үшін жергілікті құқық қорғау ұйымдарының қабылдаған шаралары туралы әр тоқсан сайын ЮХК-на мәлімет берсін» (1).  Бұл құжатқа РСФСР Юстиция комиссары Крыленко қол қойған.

  ҚазАСР ЮХК-на осы жылдың 26 мамыр күні ОГПУ төрағасының орынбасары Ягода мен КСРО Юстиция Халық комиссары Крыленкодан социалистік меншікке қол сұққандарды жазалау жолдарын көрсеткен тағы да бір, аса құпия циркуляр келеді. Онда:

  «1. Азық-түлікті ұрлаушыларды, ысырап қылушыларды ҚК 58 7 бабымен сотсыз жазалау керек.

   2. Осы категорияға жататын қылмыстық істерді, сонын ішінде, ату жазасы берілетін жағдайда, өлкелік (обл) прокурор соттық тәртіпте қарауға тиіс деп шешсе, Республика прокурорының айыптау үкімі қылмысты іс тыңдалмай тұрып шығарылсын...»( 2), - делінген.

   Бұл құжаттардан, біріншіден, құқық қорғау ұйымдары социалистік меншікті қорғауға аса қатаң шаралар қолданғанын, екіншіден, социалистік меншікті қорғау саясатын жүзеге асыру науқанында да, құқық қорғау ұйымдары Конституцияда белгіленген міндеттеріне қайшы, заңсыз әрекеттерге жол бергенін көреміз. Құқық қорғау ұйымдары «социалистік меншікке»  қол сұққандармен күресті күшейту, олар адам құқын емес, мемлекет мүддесін қорғаушы ұйымға, яғни әкімшіл-әміршіл жүйенің құрамдас бөлігі ретінде, деспоттық тәртіптің жазалаушы аппаратына айналғанын дәлелдейді.

    1932 жылдың 7 тамызында «Социалистік меншікті қорғау» заңы қабылданғаннан кейін, 19 тамыз күні ЮХК жабық отырысы болады. Отырыста «Социалистік меншікті қорғау және колхоз құрылысын күшейту туралы» қаулы қабылданады. Бұл құжатта ҚАКСР ОАК мен КСРО ОАК-нің қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау және колхоз құрылысын күшейту туралы 7 тамыздағы заңға қосымша, ЮХК мынадай саяси нұсқауларды басшылыққа алуды ұсынады (3). Олар:

    «1. Қоғамдық (социалистік) меншік кеңес қоғамының негізі болғандықтан, ол жоспарлы социалистік шаруашылықтың алғы шарты. Сондықтан, социалистік меншікті қорғау үкіметтің негізгі міндеті. Социалистік меншікке қол сұққандар «халық жауы» болып табылады. Бұл бүгінгі күннің негізгі саяси факті. Осы жағдайға байланысты, социалистік меншікке қол сұққандармен күрес – таптық күрес» - деп, социалистік меншікке қол сұғушыларды категорияларға бөлу мәселесі талқыланады.

    Социалистік меншікке қол салушылардың негізгі категориясына: «социалистік меншікті ұйымдасып қымқырушылар, өрт қоюшылар, жару әрекетін жасаушылар, шетел империалистік мемлекеттер агенттері, яғни контрреволюциялық элементтер» жатқан. ЮХК бұларға қарсы белгіленген жазаны қатаң түрде қолдануды талап етеді.

  «Кеңестік жабдықтау, сауда, кооперативтік ұйымдарға кіріп кеткен алып-сатарлар, бұрынғы жеке саудагерлер» - осы меншікке қол салушылардың екінші категориясына жатады. «Егер олар ұйымдаспаған түрде ұрлық жасаса, немесе аз мөлшерде жасаған ұрлығы үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс» - деп белгілейді.

   «Социалистік меншікке қол сұғушылардың келесі категориясына, колхоз мүлкіне (астық, тірі және өлі инвентарь, колхоз қоры т.б.) қол салушылардың ең көп бөлігі кірген. Бұл топқа жататындардың ісін қарау кезінде ЮХК сот-тергеу ұйымдарына мынадай ескертулер береді.

1.     Колхоз мүлкін ұрлауды ұйымдастыратын, колхоз шаруашылыыыыыыығын бұзу, алып-сату мақсаттарын көздеп астық ұрлаушылар, колхоз құрылысына және кеңестік шаруашылық жүйесіне қас – кулактар.

2.     Астық сату үшін немесе колхоз мүлкін өзінің мүддесі үшін қолдануды көздеп, колхозға кірмеген жеке меншік болып табылады. Сонымен қатар, колхоз мүлкін сату мақсатымен ұрлаушы – колхозшының өзі болады».

  Алып-сатарлардың негізгі бөлігін ОГПУ (4) жазалауы, алып-сату үшін сотталғандардың еш жағдайда амницияға түспеуі, құқық қорғау ұйымдарының «социалистік меншікті қорғау» саясатын аса қатаң шаралар қолдану арқылы жүргізгенін көрсетеді.

   Енді сот-тергеу ұйымдарының «социалистік меншікті қорғау» заңын іс-жүзіндегі орындау барысына тоқталайық.

  7 тамыз заңының қабылданған күнінен бастап, 1933 жылғы 1-ші ақпанға дейінгі уақытта «социалистік меншікті қорғау» мәселесі төңірегінде қозғалған істердің 15 күннен көп қаралмай жатқандары, барлық істердің 18 %құрағанымен, 7 тамыз заңына байланысты қылмысты істердің соттарда өту мерзімі ЮХК көңілінен шықпаған (5). Сонымен қатар, ЮХК-ты тергеу қарқыны мен сапасы төмен, қылмысты анықтау ұйымдарының жұмысы қанағаттандырарлықсыз деп тапқан.

   ЮХК-ның 7 тамыз заңының орындалуын көрсеткен баяндамасында, жергілікті сот-тергеуұйымдарының аталған заңды түсінбегендігіне бірнеше мысалдар берген. Олар:

1.     Сталиндік халық соты Воровьев және Дудин деген колхозшыларды, атын мая шөптің жанына байлап қойғанда, шөп құлап, аттың көзі зақымдалғаны үшін сотталған.

2.     Осы сот Ковчук деген колхоз мүшесін атты екі рет күрекпен ұрғаны үшін 10 жылға соттаған.

3.     Қордай аудандық халық соты, колхоз мүшесі бригадир Самойленконы колхоз атымен өз жұмыстарын істегені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

4.     Қарағанды облысында сот мүшесі Таранухинның басшылығымен, Белов және Малых деген азаматтардан бірде-бір рет жауап алмай, айыптарын мойындарына қоймай, сырттай ату жазасына кескен.

5.     Қара жұмысшы Филипов арақ түсіру кезінде, 1 литр арақты қымқырғаны үшін 10 жыл бас бастандығынан айырылған...

   ЮХК-ты аталған қылмысты істерді тексеру барысында құқық қорғау ұйымдары «социалистік меншікті қорғау» заңын түсінбегендігінің басты себебіне – «қылмысты істеуге итермелеуші, ұйымдастырушы – бай-кулактардың жазаға тартылмауын» жатқызған.

    7 тамыз заңы негізінен бай-кулак табына қарсы бағытталғандықтан, осы заңға байланысты қаралған істерде бай-кулак табының аз өтуі, жеңіл жаза алуы, сот-тергеу қызметкерлерінің «бай-кулак» табына жақын болу фактлері ЮХК-ты тарапынан жүйелі түрде қабылданып, кінәлі деп табылған құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлерін жауапқа тартып тұрған. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының халық соты Коконянов, халық тергеушісі Лесовой, учаскелік милиция инспекторы Менжебаев, аудан прокурорының хатшысы Молдабаев, халық тергеушісінің іс-қағаз қызметкері Тілегенов, кіші милиционер Аманқұлов тап жаулары – бай-кулактармен байланысты болған деп, соттық жауапқа тартылған (6).

   Қорытындысында, 7 тамыз заңын өмірге енгізу әкімшіл-әміршіл жүйе жүргізген саяси науқан болғандықтан, бұл науқан барысында да құқық қорғау ұйымдары тоталитарлық тәртіп белгілеген дөрекі тәртіп шегінен шықпай, асыра сілтеушілікке жол берген.

    ЮХК-ның ҚазАКСР сот ұйымдарының социалистік меншікті қорғау және 7 тамыз заңын жүзеге асыру жұмысын сипаттаған баяндамасында, 7 тамыз заңы қабылдаған мезгілден 1933 жылдың 1 тамызына дейінгі аралықта 23.345 адам жазаланған деген (7). Кеңестер мемлекеті өмір сүрген жылдары бұл заң өз жалғасын тауып, халыққа қарсы қуғын-сүргін саясатының басты құралдарының біріне айналғаны белгілі.

 

          Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     ҚР ОММ   . 1380-қор. 1-тізбе. 268-іс. 16-п.

2.     Сонда. 21-п.

3.     ҚР ОММ   . 1380-қор. 1-тізбе. 268-іс. 57-п.

4.     ҚР ОММ   . 1380-қор. 1-тізбе. 267а-іс. 59-п.

5.     Сонда. 8-п.

6.     ҚР ОММ   . 1380-қор. 2-тізбе. 413-іс. 5-п.

7.     ҚР ОММ   . 1380-қор. 1-тізбе. 267а-іс. 1-п.