Батыс Қазақстанда мемориалдық тас қашау

өнерінің дамуы

 

Ш.Есенов атындағы Каспий мемелекеттік технологиялар  және инжиниринг университеті

«Халықаралық қатынастар» кафедрасы

т.ғ.к. Кузутбаева Б.К.

 

Тас өңдеу өнері Қазақстанның аумағында ерте кезден біркелкі дамып, оның өркендеген және құлдыраған кездері де болған. Дегенмен, ол Батыс Қазақстанда кейінгі орта ғасыр дәуірінде және жаңа кезеңде (XVI-XX ғғ.) діни-жерлеу сәулетінде және шағын пішіндер монументтік глиптикасында барынша гүлденді.

Аталған аймақта айрықша тас өңдеу өнерінің өркендеуіне халықтық бейнелеу өнерінің ертеден келе жатқан дәстүрлерімен қатар, өңдеуге оңай көнетін тау жыныстарының болуы да ықпал еткен. Атап айтқанда, аймақтың оңтүстігінде - әктас және ұлутас; солтүстігінде - құмтас және бортас болды. Соңғы шарттың маңыздылығын тувалықтардың тас өңдеу өнері де дәлелдейді. Мұнда агальматолит тасын алатын шағын ауданда аталмыш өнер барынша дамыған [1].

Батыс Қазақстанның тас қашаушы-шеберлері құрылымы біркелкі, барынша тығыз, бірақ оңай өңделетін әктастарды пайдаланған. Осындай тау жынысының пайдалы қасиеттері жайлы XIX ғасырда Маңқыстауды зерттеген орыс ғалымдары да айтқан еді. Ұлутас - қолайлы материал, көбіне кесенелердің ішін қаптау үшін қолданылған, ал сыртқы қаптамасына сиректеу пайдаланылған. Бұған ұлутастың қуыстарының атмосфера қалдықтарын жинап, кейін тез үгітіліп кететіндігі себеп болса керек.

Құмтас та әктасқа қарағанда сирек қолданылса, бұған да оның тығыздығы себеп болған тәрізді. Одан құлпытастар мен "қойтас" түріндегі ескерткіштердің қарапайым түрлерін жасауға тырысқан. Мысал ретінде Ақтөбе облысындағы Есет батыр мен Бекқұл әулиенің басындағы қоңыр құмтастан жасалған құлпытастарды атап өтуге болады. Құлпытастар бір қарағанда қарабайыр өңделгенмен, материал фактурасына сәйкес екінші рет өңдеу өңдеушінің шеберлігі мен ұқыптылығының нәтижесі ретінде өзіне назар аударады. Әріптер мен төбелік розетка әдейі үлкен етіп берілген, әйтпесе, олар кішкене, нәзік жасалса, ескерткіштер өз әсерлігінен айырылып қалар еді.

Жем өзенінің жағасынан Ұлыбританияның оңтүстігіне дейін сілемдері созылып жатқан бор өзінің құрылымы осал, атмосфералық әсерлерге төзімсіздігіне орай өте сирек пайдаланылып, көбіне эстетикалық мақсатта қолданылғанға ұқсайды. Мұны, мысалы, Шақан қорымы (Ақтөбе облысы) ескерткішінен байқаймыз. Бейіттің сұр және қара фонында бордың ақ түсінің айрықша көрінуі ерекше әсер қалдырады.

Осы тұста бұл кешенде ақ бортастан жасалған, батыс қабырғасына 1917 деген датасы бар екі құлпытас орнатылған тік бұрышты қоршауға жеке тоқталғанымыз жөн. Оның біреуінде (ұшар басы дөңгеленген) датаның астында тарақ пен екі әйел сырғасының бейнесі бар; оның бетінің негізгі бөлігінде эпитафия орналасқан. Ұшар басы үшбұрышты екінші құлпытас нашар сақталып, жазуларының бір бөлігі өшіп қалған. Біздіңше, қоршаудың кейбір тастарындағы қатып қалған жануарлар сүйегі де қызықты көрінеді [2].

Сөйтіп, Батыс Қазақстанда тас өңдеу өнері тастардың түрлерін пайдалануда белгілі бір мамандануға алып келген.

Маңқыстау мен Үстірттің тас өңдеушілерінің барынша ертедегі тәжірибелері біз бұрын атап өткеніміздей жартастарда немесе жер астында мешіттер салудан көрінеді. Ұзақ уақыттар бойы осы мешіттердің жанында ірі қорымдар қалыптасып, оларда тас өңдеу өнері барынша өріс алған. Мешіттердің тірек және сәндік бағандарын, қуыстарын безендіруде көркем қашау әдістері қолданылған.

Қорымдардың негізін мемориалдық-діни сәулет өнерінің шағын пішіндері: құлпытастар, қойтастар, сандықтастар құрайды. Олардың ең көнелері орта ғасырларға сәйкес келеді. Осыған орай Арал-Каспий ескерткіштерін зерттеуші С.Е.Әжіғали өзінің "Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана" атты еңбегінде орта ғасырлар дәуіріндегі екі даму кезеңін: орта ғасыр (XI-XII-XV ғғ.) және кейінгі орта ғасырды (XV-XVIII ғасыр басы) атап көрсеткен [3].

Ерте дәуірде ескерткіштердің композициялық негіздері қалыптасады, әртүрлі пішіндер жасалып, олардың ішінде құлпытастар мен ескерткіштердің қарапайым түрлері басым түседі, өңдеуі көбіне қарапайым, эпиграфикасыз стильденген түрде. Ескерткіштердің бетін өңдеу тәсілі - жазық бедерлі қашау. Кейбір ескерткіштердегі бейнеленген қару-жарақ, тұрмыстық заттар кескіндерді нүктелеу әдісі (пикеттік әдіс) арқылы жасалған.

Кейінгі орта ғасыр дәуірінде тас өңдеудің осы әдістері сақталған, бірақ түрлі мәтіндермен, таңбалық белгілермен, күрделі безендіру әдістерімен толықтырылған. Тас өңдеудің күрделі тәсілдері: екі қырлы оймыш қашау, көлемді детальдар салу қолданылады. Ескерткіштер композициялық жағынан да күрделеніп, құлпытас - қойтас, құлпытас - сандықтас, т.б. пайда болады. Кейбір нұсқаларда бұйымдардың бұрыштары дөңестеніп, жұмсақ пішіндерге (мысалы, "қойтастарда") ие болады.

Жаңа дәуірдің келесі кезеңі (XVIII-XX ғғ.) - орта ғасырдың тас өңдеу өнерінің дәстүрлерін сақтай отырып, безендіру әдістерін одан әрі байыту, композицияны күрделендіріп, глиптика бұйымдары өрнектерін дамыту, осы дәстүрлердің ауқымын Батыс Қазақстанның алыс солтүстігіне қарай, Орал Жайық өзеніне дейін кеңейту құбылыстарымен сипатталады. Барлық аймақтарда нағыз қазаққа тән детальдары асқан шеберлікпен жасалған, беті боялған ескерткіштер кең тараған.

Осы тұста солтүстікте бірегей өнер туындыларының дамуына аймақ тұрғындарының жерлеу дәстүрі ескі салттарының сақталуы ықпал еткенін атап өткен жөн. Бұған оңтүстік (Маңқыстау, Үстірт) үлгілеріне ұқсас ертедегі ескерткіштердің қатар көрініс табуы дәлел бола алады. Кейінгі заман қорымдары мен бейіттері (мәйіттері) ертеректегі обалармен аралас орналасқан.

Батыс Қазақстан жерлеу-діни кешендерінің (оның ішінде солтүстік аймақ та бар) ерекшелігі - олардың белгілі бір эпонимдермен (негізін қалаушылармен), тарихи немесе аңыздық тұлғалармен, "әулиелермен" байланыстылығы дер едік (мысалы, Есет батыр, Қыз әулие және т.б. қорымдар). Жаңа дәуірде тұтас кешендер салынып, олардың құрамына қорымдар, бейіттер, мешіттер, тұрғын жайлар, қосалқы үйлер енеді (мысалы, солтүстік Үстіртте, Сүлікті, Үлкен Жыбысқы, және т.б. кешендер). Кейініректе салынған (XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басы) классикалық мұнаралы мешіттерді де (солтүстік аудандарда алдымен, ағаштан, кейін тастан тұрғызылған) белгілі дәрежеде қорымдарға байланыстыру байқалады. Мысалы, Атолла хазірет кешені сондай үлгілердің біріне жатады. Осы тас мешіт жағалбайлы руының үлкен қорымында орналасқан [4].

Тұтастай алғанда, Батыс Қазақстан қазақтарының тас өңдеу өнері XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына дейін өзіндік даму жолынан өте отырып, аса үлкен аймақтың мәдениетіндегі қайталанбас айрықша мәдени құбылыс болды. Тарихи және хронологиялық тұрғыдан алғанда да осынау өнердің дамуының негізгі орталығы Маңқыстау және Үстірт аудандары болғаны сөзсіз. Осы проблеманы зерттеуші С.Е.Әжіғали: "Аймақтағы көшпелі халықтарда монументтік тас өңдеуден барынша кең тараған және өзіндік даму ерекшелігі бар өнер болған" деп әділ көрсетеді.

Арал-Каспий аймағының мемориалдық тас өңдеу өнері халқымыздың жалпы өнерінің репрезентативті бір бөлігі болып саналады және соған қарап, қазақтардың монументтік глиптикасының жоғары дамығандығы жөнінде нақты тұжырым жасауға болады.

Құлпытас - негізінен Батыс Қазақстанда аса кең тараған қазақ тас ескерткіштерінің ерекше бір түрі. Бұл қабірдің батыс жағына тігінен тұрғызылатын тас бағандар. Құлпытастар - пішіні жағынан сан түрлі, сәндік-композициялық жағынан да бай әр алуан шағын пішінді қабір үсті ескерткіштерінің бірі.

Ең алғашқы құлпытастарға өңделмеген немесе жеңіл-желпі өңделген тас тақталардан жасалған қабірдің батыс жағына қойылған бағандарды жатқызуға болады. Мұндай тақталардың қас бетіне қайтыс болған адам руының таңбасы қашалған. Кей жағдайларда ешқандай өңдеусіз жай ғана тас кесектері қойылған.

Мысалы, Алтын қорымындағы (Атырау) қоршаудың батыс жағында тасқа айналған жұмыр пішінді ағаш баған түріндегі бедер тақта тұрғызылған. Ешбір өңдеу ізі жоқ (мүмкін бұл ертедегі орта ғасырларда ағаш құлпытастар орнатылғанның дәлелі шығар?). Бастапқы тұрпайы өңдеуден өткен баған үлгісін Қошқар ата қорымында табылған (Солтүстік Үстірт) құлпытастан  көруге болады. Құлпытас жұмыр баған түрінде жасалған (қазіргі кезде ескерткіш құлаған, үш бөлікке жарылған күйінде сақталған). Мұнда өңдеудің оймыш техникасы қолданылған: онша терең емес тұтас сызықтар, қиғаш кертіктер, ірі көлемдегі зооморфты ою-өрнектер түсірілген. Ескі әдіспен нашар өңделгеніне қарамастан, бұл ескерткіш қатты материал қою қоңыр құмтастың ерекше стильде қашалу үлгісін танытады.

Кейінгі құлпытастар ұшар басы жартылай дөңгеленіп келген қырлы баған түрінде жасалған. Төменгі жағына мұнда да ру таңбасы ойылған. Көрнекті болу үшін таңба құлпытастың жартысындай көлемде үлкендеу етіп түсірілген, мысалы Қошқар ата қорымындағыдай (Үстірт). Маңқыстаудың Қошқар ата қорымындағы құлпытасы ұшар басы дөңгеленіп келген жалпақ тақта түрінде жасалған және қоршаудың батыс жағында орнатылған. Бағанды қайта өңдеген кезде жазық бедерлі қашауды қолданған. Үшбұрыштардан құралған күрделі тұрпайы сурет құлпытастың қас бетіндегі жазықтықтан шығыңқы болып тұрған сияқты. Бет жағында ұсақ нүктелермен ою-өрнек салынған.

Көбінесе стелалардың беті діни-тұрмыстық мазмұндағы араб тіліндегі жазық бедерлі эпиграфикамен безендірілген. Бастапқыда құлпытастардың тек батыс жағы ғана безендірілген еді, кейінірек - эпиграфика сәндік рольді атқаратын болды (бүйіріндегі қас бетіне жазу түсіріліп, көлбеу, иректелген әріптер пайдаланылды). XVIII ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басында құлпытастарды сәндеп безендіруде өсімдік және жануар тектес ою-өрнектер кең қолданылған. Стелалардың жоғарғы жағының безендірілуі де күрделендірілген. Құлпытастардың бас жағы үшбұрыш тәрізді, қосшатырлы болып істелген. Жекелеген нұсқаларда бағанның ұшар басы негізгі тұлғасынан шағын жалғама бөлікпен ажыратылған.

Баған бетіне әртүрлі суреттердің: қару-жарақтардың (қайқы қылыш, найза, пышақ, мылтық, дойыр және т.б.), тұрмыста қолданылатын заттардың (қайшы, тарақтар), әйелдердің әшекейлік бұйымдарының, жануар бейнелерінің салынуын ерекше атап өту қажет. Ертеректегі суреттер жазық бедерлі қашаумен, яғни бейнеленген заттың айналасындағы фонды алып тастаумен орындалған еді. Кейінірек сурет салу оюдың алуан түрін қолдануға, ұсақ бөлшектерді айқын көрсетуге байланысты күрделене түскен.

Құлпытас қашау өнері шарықтау шегіне XIX ғасырдың ортасында жетті, бұл кезде Батыс Қазақстан тас шеберлерінің "әсемдік" стилі қалыптасқан болатын. Бұл кезеңнің көркем құлпытастары композициялық және стильдік бағыттағы бірлігімен, тік бөліктерінің ерекше мүсінделуімен, бедерлілігімен, сәнді тұлғасымен сипатталады. Бұл кездегі құлпытастар үш бөліктен: қимасы тікбұрышты негізі (өзегі), қондырғыға тұрғызылған тағаны, қашау арқылы әртүрлі бедерлермен күрделендірілген жалғама бөлігі және көбінесе жұмырланған, шар пішіндес, үшбұрыш тәріздес немесе басқадай пішіндегі ұшар басынан құралып, тігінен тұрғызылған баған - параллелепипед түрінде (биіктігі 1,5-ден 3 м-ге дейін жететін) қашалған. Құлпытастың осы үш бөлігінің қатаң түрде белгіленген арақатынасы болмаған.

Көркем құлпытастардың бір ерекшелігі - батыс қырларында таңба және жазық бедерлі эпитафиялар салынған, басқа қырлары жазық бедерлі және кесек бедерлі өсімдік тектес ою-өрнектермен безендірілген. Соңғылары ұшар басы ашылмаған гүл қауашағы түрінде қашалған құлпытастарда да кездігеді. Көп жағдайда ескерткіштер ашық - негізінен қызыл, көк, сары - түстерге боялған.

XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басындағы ескерткіштер бұдан өзгешелеу. Бұл кезеңнің құлпытастары құранды бөліктерінің қашалуындағы дәлдігімен, бұйымдардың сымбаттылығымен ерекшеленеді. Мысалы, Бекқұл әулие қорымындағы Батыс Қазақстанға тән көпсатылы, көлемді сәндік композициясы бар құлпытасты алайық. Ерекше көзге түсетін бөлігі - орта жағындағы стильденген бидай масақтары түріндегі кесек бедер, сондай-ақ сырт пішіні шахмат ойынындағы пешка пішіндес кескінделген көлемді бас жағы.

Ұшар басы осындай болып келген құлпытастар Батыс Қазақстан аймағында басқа кездеспейді. Құлпытастың қызылдау-қызғылт және күлгін түске боялғанының іздері сақталған [5].

Батыс Қазақстандағы шағын пішінді сәулет үлгілерінің ішінде ерекше назар аудартатыны - бірегей өңделген құлпытастар, атап айтқанда, тұғыр-тағандары бар түрлері (мысалы, Абат-Байтақ қорымы, Целинный елді мекенінің жанындағы және т.б. құлпытастар). Ескерткіштердің қырлары ұшар басына қарай біртіндеп сүйірленген. Негізі арнаулы тұғыр-тағанға қондырылған. Құлпытастың бұл түрі Батыс Қазақстанның солтүстік ареалында (Жайық өзені және оның салаларының бойында) кең тараған [6].

XX ғасырдың басындағы осы және басқа да осы сияқты ескерткіштер құлпытастар келбетін дараландыру үрдісін, тас шеберлерінің ерекше, бірегей шешімдерді іздегенін аңғартады.

Сонымен қатар бұл кезеңдегі ескерткіштер келбетінде және олардың сәнделуінде дағдылы қалып, үлгілеу байқалады. Бұл кезеңдегі құлпытастардың көбісі, асқан шеберлікпен жасалғанмен, ешқандай жаңалығы жоқ, негізінен жай ғана көшірме болып табылады. Міне, осы да жағдай Батыс Қазақстандағы тас қашау өнерінің дамуына кедергі болды, 1910-1920 жылдарға қарай тас қашаушылардың "әсемдік" мектебі біртіндеп құлдырайды.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Таймагамбетов Ж.К., Нуркабаев М.С., Исследования на Мангышлаке. М., 1987. C 581.

2.Бекназаров Р.А. Отчет о работе архитектурно-искусствоведческой       экспедиции 1995 г. на территории Актюбинской области.А,1995. С 97.

3.Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой                                         архитектуры Западного Казахстана. А, 1994. С 32.

4.Бекназаров Р.А. Памятники истории и культуры долины реки Илек.               А, 1996. С 213.

5.Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана.
А, 1987. С 112.

6.Бекназаров Р.А.Памятники мемориально-культовой архитектуры  Западно-Казахстанской области. Сборник научных статьей. Уральск, 2002. С 195.