т.ғ.к., доцент З.Е. Колумбаева

 

«Тұран-Астана» университеті жоғары оқу орнынан кейінгі

білім беру орталығының директоры, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР МЕН ОҚИҒАЛАР

 

Алаша хан туралы аңыздар неге сонша ұзақ уақыт сақталады, неге қазақ Алаш еліміз деп атайды өзін. Бұл сұрақтарға жауап бермее бұрын Алаша хан күмбезі туралы айтпау мүмкін емес. Сырдарияның арғы жағын қыстап, Сарыарқаны жаз жайлаған көшпелі рулардың ендігі жерде өздерін танытпақ болып, бірігіп жұрт болғанының ең қасиетті белгісі Алаша күмбезі. Аңыз бойынша Ұлыс басшысы болып Алаша сайланады. Алапес туған баланың аламан ісі Алашаның хан аталуына басты себеп болса керек. Бұл көшпелілер табиғатына тән қасиет "Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсрейік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтереді" –деп жазады М.Ж.Көпеев [1]. Оған "Алаша хан" деп ат қояды. "Алаш" деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда "Алаш, алаш" деп шабыңдар "алаш, алаш" демегенді әкеңде болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше "Алаш, алаш болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік" деп айтылған сөз содан қалады" Алаштың хандығының алғашқы қимылдары шежіре бойынша осылай.

Шоқан Уәлиханов "Қазақ шежіресінде" Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа шабуылы/1392ж/ кезінде, қазақ хандарын өлтіргені жөнінде және олардың Алаша тұқымынан екенін жазады. "Если Тамерлан, во первый свой поход в 1392 г. на Тохтамыша, убил детей Алача и первого хана казачьего, то приблизительно можно пологать, что сам Алач мог жить в середине XІV столетия". Осы мақаланың екінші бір жерінде Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы алғашқы жорығында қазақ даласы арқылы өтіп, Ахмет пен Сәмет  деген хандардың өлтіргенін жазады. "Аксак Темир в первый свой поход на Тохтамыша проходя через кочевье казаков Каракума, заметил их, разгромил их улусы и повесил двух ханов – Ахмета и Самета и отправил к ним для распространения истинных правил веры и для искоренения шаманства учителей машаиха [2]. Яғни, XІV ғ соңында қазақ жерінде билік еткен Әмет пен Сәмет хандарының Алаша тұқымы екендігі –мыс.

Алаша хан тақырыбын зерттей отырып Шәкәрім шежіресінен Шыңғыс тұқымынан Жәнеке, Ахмет сұлтан есімдерін кездестіреміз. Шәкәрім Ахмет ханның Алаша хан аталғаны туралы жазады: "Әз Жәнібек хан қазақты Қашқардағы шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей сол кезде қазақты һәм көшпелі басқа  елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билеп, оның ағасы Жәнеке шын аты Махмұд деген, Тәшкентте үлкен хан болыпты. Сонда Ахмет деген қазақтың жараулысын үшке бөліп, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахмет ханды "Алашы" қойыпты. Мағынасы "жан алғыш" дегені, оны есіткен соң Ахмет хан қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда "алашылап" шабыңдар деген соң қазақтар "алашы" деп шауып сол қазаққа ұран болыпты. "Алаш, алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмадық" –деп қазақтың айтатыны сол [3]. Шәкәрім Құдайбердиев қазақтың Алаша ханын Моғолстан сұлтаны Ахмет-Алашпен байланыстырғанды жөн көреді. Шоқан мен Шәкәрім келтірген аңыздар кейінгі заманға қатысты болғанымен, көне шежіренің кейбір деректерін үлгіге алғаны себепті әлі де зерттеуді қажет етеді.

Алаша хан туралы аңыздардың ішіндегі көне нұсқасы болып табылатын Әбілғазы кітабында  ол Алаша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасығанын айта келіп, "әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасап қоятын болған, бұл пәленшенің суреті деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді"дейді [4].  Бұл нұсқада аңыздың мазмұнының көнелігін аңғартады. Әбілғазы Алашадан Татар мен Моңғолды таратады. Оның айтуынша, көп жылдар бойы патшалық қылған Алынша (Алаша) хан заманында барша жүрт мұсылман болған. Генеологиялық шежіре бойынша Алаша Нұх пайғамбардың 8-ші атадан келетін ұрпағы. Ғалым Г.Н.Потанин нұсқасында Алаша хан қазақ-қырғыз ру басы Қотан заманында өмір сүрген бір ханның баласы.

Сонымен деректердің бәрі Алашаның хан тұқымынан екенін көрсетеді. Көшпелі қоғамда хандық билік мемлекеттіліктің кепілі. Ендеше Алашаның әр жағында  мемлекеттіліктің негізі тұр. Мәселен, "Алынша ханның жұртының 60 мың жасағы /мүмкін 60 мың түтіні/ осынша бір әміршіге бас игені ол заманда мемлекетке есеп берілетіндігі" - деген Қ.Халидтің пайымдауы жанды [5].  Көшпелілердің империясының мемлекеттік құрылымын қалыптастыру үлгісі ерте заманда қалыптасып, оның саяси және патесторлық (рулық) институттары дәстүр ретінде ортағасыр және жаңа заман көшпелілерінде сақталып қалған.

Ұлыс басшысы болып сайланған Алашаның мифке айналған тұлғасы назар аудартады. Мемлекет тағдыры мен адам арасындағы байланыс тығыз. Мұнда көшпелі қоғамның мемлекет идеологиясына ерекше көзқарасы жатыр. Шежіре деректерін салыстыра келе, Алаша Қазақ хандығынан ертерек өмір сүрген және Ахмет Алаштың ол образға қатысы жоқтылығын анықтаймыз.

Алаша бейнесінің мемлекет идеясымен тығыз байланыстылығының және ол идеяның жаңғыруының бірден-бір дәлелі – Алаша мазарының салынуы болса керек. Қазақ хандығының негізін Әбілхайырға қарсы күрескен рулар салған болса, Алаша хан мазарында салған солар деп топшылаймыз. Бұл XV ғ. құрылған Қазақ хандығының құрылу себептері Шәкәрім шежіресі: "Арғындардың арғы атасы Дайырқожа ханның сүйікті қазысы екен. Әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қарақыпшақ Қобыланды батыр да Әбілхайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайырқожаны  өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілқайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатұғын болған соң, бере алмай үш кісінің құнын алып бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал болып жүрген "Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным" деген сөз Дайырқожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қыдан тайшы деген кісінің сөзі, аты Қыдан еді, тайшы дегені өлеңші, ақын дегені. Біздің қазақтың арғы атасы Қотан ақын дейтұғын осы" деп баяндайды [3]. Шежіре дерегін археологиялық зерттеулердіңде беретін дәлелі бар. Оның бір олжасы Алаша хан мазарынан табылған таңбалар, соның ішінде төре тұқымының таңбасымен бірге, арғын тайпасының да таңбасы /оо/ кездесуі, мазардың салынуы шамамен Қазақ хандығының жеке шаңырақ құру кезеңімен байланысты екенін дәлелдей түседі [6]. Алаша хан туралы аңыздар Қазақ мемлекеті мен хандығының тарихын нақтылай түседі. Осы кезеңге дейін тарихшылар қазақ аңыздарының дәлелді жобасын жоққа шығаруымен болса, енді қайта оралу қажеттілігі сөзсіз.

Кейіннен қазақ ханы болған Жәнібектің шын аты Әбусағид екенін Әбілғазы шежіресі де дәлелдейді. "Әз" атауы Алтын Орданың ханы Әз Жәнібекке /1343-1357 жж./ қолданылғанын ортағасырлық деректер мәлімдейді [7]. Қазақ ханы Жәнібекке қатысты "Әз" атауын қолдану алғаш рет Шәкәрім шежіресінде көрініс табады.

Кейінгі тарихи зерттеулерде қазақ ханы Жәнібекті (1453-1474) "Әз Жәнібек" деп атау көрініс тапқан. Ал шын мәнінде "әз" атауы Алтын Орда ханы Өзбек ханның ұлы Әз Жәнібекке (1341-1357) жж. қатысты. Бұл туралы ортағасырлық жазба дерек: "Ханом стал Узбек. Затем ханом стал его сын Джанибек. Его называли святым Джанибеком" –деп Жәнібектің әзіз аталғаны жөнінде атап өтеді. Бұл дерек шежіре тарапынан да қолдау табады. XVІІ ғ. жазылған Әбілғазы шежіресінен мынадай мәлімет аламыз: "Өзбек хан өлген соң, оның ұлы Жәнібекті хан көтереді. Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді, Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар еді" [8]. Келтіріп отырған екі деректе Алтын Орданың ханы Жәнібектің "Әз" аталуының бірнеше себептерін ашып көрсеткен. Қ.Халид Әз Жәнібектің өте әділ, шарғи мәселелерге жетік болуымен қатар "Әз Жәнібек" лақабын  алғанын айта келе, "Әзіз Жәнібек деген сөз, бұл халыққа аса әділдігімен беделді болып көріне білген" – деп бұл жазғанын "Әзіз" – арабша "ғазиз" -қымбат, қадірлі деген мағынаны білдіретінін дәлел етіп бекітеді [5]. Шынында да, араб тілінде "Әз" – мықты, қымбатты, құрметті, ғазиз деген мағынада түсіндіріледі.

Шежіренің жазба нұсқалары қазақ ханы Жәнібекті "Кіші Жәнібек" деп атайды. Ол туралы Қадырғали Жалайыр: "Оның ұлы /Барақтың Е.З./ Кіші Жәнібек деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі" –деп жазады [9]. Әрине, шежіре деректеріне кейде жансақтық да кездеседі.

Дегенмен бұдан шығатын қорытынды біреу. Қазақ хандығы Алтын Орданың ыдырау процесінде пайда болған саяси ұйым болатынын мойындасақ, қазақ атанған рулардың да Алтын Ордалық дәстүрлерді, құндылықтарда жетекшілікке алған қауым екендігі сөзсіз. Сол себептен тарихи фольклорда Алтын Ордалық Әз Жәнібек пен Қазақ хандығын құрушы Жәнібектің айырмашылығы ескерілмейді, екі тұлға жадыда біте қайнасып ескерілмейді, екі тұлға жадыда біте қайнасып кеткен. Түптеп келгенде қазақ фольклорындағы Жәнібек бейнесі /симбиозды/ тұлға.

Әдебиеттер:

1 Көпеев М.Ж. Таңдамалы. Екі томдық.  - Алматы:Ғылым, 1992. Т.2. – 60 б.

2 Қазақ шежіресі//Ш.Уәлиханов.Таңдамалы.1Т. - Алма-Ата: АНКазССР, 1985. 3 Құдайбердиев Ш. Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі. -Орынбор, 1911.

4 Әбілғазы Б. Түрік шежіресі. –Алматы:Ана тілі, 1992. - 35 б.

5 Халид Қ. Тауарих хамса. - Алматы, 1993. - 56 б.

 6 Ошанов Ж. Тарихи деректер мен қазақ аңыздарындағы Алаша хан бейнесі. // Халықаралық ғылыми-теориялық «Марғұлан оқулары» конференциясының ғылыми жинағы. - Жезқазған,1998.

7 Таварих-и Гузида-йи нусрат-наме // МИКХ. – с. 33.

 8 Тозған қазды топтанған қарға жейді. – А.,1992. -16 б.

 9 Жалайыр Қ. Шежірелер жинағы. -Алматы:Қазақстан, 1997.  -114 б.