ОҚУШЫЛАРДЫҢ ӨЗ БЕТІНШЕ ЕСЕПТЕР ШЫҒАРУ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Мұқадасова Диларам, Нурышова Арайлым- ПМНО-11-1топ студенттері  М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ

Ғылыми жетекші: Кенжебекова Рабиға Ибрахимқызы- п.ғ.к., доцент

 

          Оқушыларды өздігімен ойлауға тәрбиелеу, математикаға деген ынтасын арттыру үшін оқыту әдістерін таңдап алудың маңызы зор.     

         Қазір оқушылардың өзіндік жұмыстарды меңгеруіне көмек ұйымдастыру және математикалық есептерді шығаруды үйретуге қатысты олардың әсерлі түрлерін айқындау мәселесі өзекті сипат алып отыр. Бұл маңызды мәселені шешуде ең алдымен оқушылардың математикалық іс-әрекеттерінің мән-мағынасын түсініп, әрбір баланың қабылдау ерекшелігінің және орындау қабілетінің деңгейін ескерген жөн. Мұғалімнің басты міндеттерінің бірі – кластағы әрбір оқушының тексті есеп шығаруға әзірлігін, мүмкіндігін және қабілетін анықтау және бұған сәйкес есеп шығаруды ұйымдастыру болып табылады.

         Оқыту практикасында оқушылардың өзіндік іс-әрекеттерін жетілдіру жұмыстарында математика мұғалімінің алдында оларды басқара білу, қайта өңдеу, жеке дара іздену және шығармашылық міндеттері қойылып отыр. Тексті есепті шығару кезінде оқушының мейлінше дербестігін қамтамасыз етуде мұғалімнің көрсететін көмегі қандай болады? Алдымен, мұғалім оқушының есеп шығару идеясын іздеуге: есепті жан-жақты қарастырып, оның меңгерілген білімге, шығарылған есепке қандай қатынасы мен ұқсастығы барлығын анықтауға бағыт беруі керек. Бұрын шығарылған есепті немесе қосалқы есептерді таңдап ала білуі оқушының есеп шығарудың кейбір тәсілдерін меңгергендігін білдіреді. Алайда, төменгі класс оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты есеп шығару іс- тәжірибелері әлі де жетілмегендіктен, олар есеп жөнінде ұзақ тиянақты ойлай алмайды, тек қана өз істерінің нәтижесін мейлінше тезірек көруге ұмтылады. Сондықтан, класта мұғалім оқушыларға есеп шығаруға қажетті қосалқы есептерді өзі ұсынуы керек немесе көмекші сұрақтар беру арқылы оқушыларға бағыт бергені жөн. Дұрыс қойылған жетекші сұрақтар жүйесі балаларға есептің негізгі идеясын түсінуге көмектеседі.

          Оқушылардың оқу жұмыстарының қиыншылығы оқу материалының ерекшелігіне, оның ұғынуының, зейін қоюының, ой-өрісінің жеке-дара  ерекшеліктеріне  және  олардың  жас ерекшеліктеріне байланысты екені мәлім. Сондықтан,  кластағы  оқушылардың әрқайсысының  жеке-дара  ерекшелігін  жақсы білетін  мұғалім  есеп  шығару  біліктерінің  деңгейіне сәйкес  оқушыларды үш  топқа  бөлуге  болады.

         Бірінші  топтағы  оқушылардың бұрын  өтілген  оқу  материалдарға қатысты білімінде кемшіліктер  бар, өз  бетімен  есеп  шығару кезінде  бір-екі  қадамды  ғана  орындауы  мүмкін,  құрама  есепті  шығару  процесінде  тиянақты  іздене  алмайды  және  берілген  мен ізделінді  шамалар  арасындағы  байланысты  табуда  қателіктер  жібереді, есеп  шығаруға  әрекеттену  барысында  қалыптасатын  болжамдарда  негіздеу  біліктері  нашар.

         Екінші  топтағы  оқушылар  бұрын  өтілген  оқу  материалдарын  жеткілікті  меңгерген,  оларды  бұрын  шығарылған  есептерге  ұқсас  есеп  шығаруға қолдана алады.  Осы  топтағы  оқушылар   жаңа  типтегі есептерді   шығару  әдіс-тәсілдерін  меңгере  отырып,осыған  ұқсас  есептерді  шығара  алады,бірақ  өз  беттерімен  құрама типтес  емес  есеп  шығару  біліктері  нашар,  сондай-ақ  олардың  тапқырлық  ойлары  қалыптаспаған  және  есеп   шығару  жолын  іздеу  процесінде  болжамдарды  қинала  келтіруі  мүмкін.

         Үшінші  топты  неғұрлым үздік және  өз  бетімен   тиянақты  болжам  жасай  алатын   оқушылар  құрайды. Олар  бұрын  алынған  білімді  жаңа  жағдайларға, ситуацияларға  пайдалана  алады,  өз  бетімен  құрама  есепті  жай  есептерге  жіктеп,  есеп  шығару  жолын  іздеу  процесінде  қажетті  болжам  келтіріп,  негіздей  алады.  Бұл  оқушылар  бір  типтегі  есеп   шығару  әдіс-тәсілдерін  тез  және  жеңіл  жалпылайды,  мұғалімнің  көмегімен  есеп  шығарудың  бірнеше  тәсілдерін  келтіреді  және  әртүрлі  эврикалық  тәсілдерді   қолдана  алуы  да  мүмкін.

Есеп шығару идеясын табуға жаттықтыру оқушыларды есеп шығаруға үйретудегі күрделі жұмыстардың бірі болып табылады. Есепті шығару жолы анықталғаннан кейін оны біртіндеп іске асыру арқылы есептің шешімі алынады. Сондықтан есеп шығару кезінде жан-жақты тиянақты талдау жүргізу болады. Есеп шығару процесінде оның мазмұнына талдау жүргізе отырып алдымен есептің шешіміне жеткізетін шығару тәсілінің негізгі идеясы /принципі/ іздестіріледі. Егер мұндай идея нақты болса, онда келесі іс-әрекет оны нақтылау, негіздеу, яғни оны іске асыру болып табылады.

         Кей жағдайда есеп шығару жолының табылған идеясы мақсатқа жеткізуге жеткіліксіз де болуы мүмкін, ондай кезде талдау жасауға қайта оралып, берілген есеп шешімін толық табуға лайықты басқа идеяны қарастырып, оны іске асырамыз.

         Кез-келген есептің шығару тәсілін іздестіру өте қиын жұмыс болғандықтан, оны мынадай жолдармен тауып, былай үйретуге болады деп айтуға болмайды. Бірақ ол жөнінде көптеген құнды кеңестер беріп, ұсыныстар айтуға болады. Мұғалімнің бұл жөніндегі атқаратын міндеті есеп шығару тәсілінің идеясы туралы ой-пікірлерді іздестіріп табуға жөн сілтеп, оқушылардың есіне түсіру.

Пайдаланылған әдебиеттер.

 

1. Актуальные проблемы методика обучения математики в начальных.        классах. Под.ред. М.Т.Моро, А.М.Пышкало. М., Педагогика, 1997.

2.Әбілқасымова А.Е.Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру. Алматы. «Білім» 1994

3. Баймұханов Б.Б. Математика есептерін шығаруға үйрету. Алматы. «Мектеп» 1983.

4. Далтнгер В.А. Обучения учащихся решению текстовых задач методов состовления уравнений. Пособие для учителей. Омск,1991.

5. Кузнецов В.И. Самостоятельная работа при решении задач на движение. Начальная школа, 1977.