БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ 

Жаулыбаев Ж.- п.ғ.к., аға оқытушы, ОҚПУ

 

Мектепте эстетикалық тәрбие оқушылардың сыныптан тыс тәрбие жұмысының жүйесінде кеңінен пайдаланылады. Эстетикалық тәрбиенің өмір елегінен өткен көптеген формалары бар. Шығармашылық үйірмелер – олар әдебиет, музыка, хореография, бейнелеу өнері т.б.

Балалардың шығармашылық жұмыстарының басты формаларының бірі – көрмелер, сайыстар. Көрмеде оқушылардың бейнелеу өнері, қабырға газеттері, қолжазба журналдары көрсетіледі. Сайыста жақсы лирикалық, эстрадалық әндер, әңгімелер орындалады. Сайыс оқушыларды қуанышқа бөлейді, келешекке үмітін тұтындырады.

Мектепте музыка, кескіндеме және әдебиет кештері өткізіледі. Онда оқушылар тыңдаушыларды өз шығармалары және әндерімен таныстырады, пікір алмасады, ұсыныстар айтылады.

Шығармашылық конференцияларда оқушылардың зерттеу жұмыстары туралы баяндамалары, рефераттары талқыланады. Олардың жұмыстары жөнінде құнды пікірлер айтылып, ұсыныстар беріледі.

Мектеп және сынып бойынша алдын-ала жасалған жоспарларға эстетикалық саяхат өткізіледі. Саяхаттың негізгі объектілері көркем галерея, мұражай, театр, кинотеатр, түрлі көрмелер.

Көркемөнерпаздар үйірмесі оқушылардың өнерге әуестігін, қызығушылығын, талғамын дамытуда үлкен роль атқарады. Көркемөнерпаздар үйірмесі сынып, сыныпаралық және мектеп бойынша ұйымдастырылады. Үйірмеге ән салуға, билеуге машық, музыка аспаптарында ойнай білетін қабілетті оқушылар қабылданады.

Эстетикалық тәрбие жұмысына көмектесуде мектеп кітапханасының көп мүмкіншіліктері бар. Кітапхана бейнелеу өнері, кескіндеме, музыка және өнердің басқа түрлеріне байланысты кітаптар көрмесін ұйымдастырады, әдебит тізімдерін дайындайды, әңгімелер өткізеді, мұ,алімдермен бірігіп, сыныптан тыс оқулықтарды, оқырмандар конференциясын өткізеді, басшылық жасайды.

Сыныптан тыс эстетикалық жұмыстың барлық түрлері оқушылардың еріктік, қызығушылық, бейімділік принциптері негізінде іске асырылады.

Мектепте оқушылардың эстетикалық мәдениетіне басқа факторлар әсер етеді. Мысалы, жарық сынып бөлмесі, әдемі мектеп мебельдері, демалыс бөлмелері, қолайлы жұмыс орны оқушылардың эстетикалық танымын, белсенділігін көтереді.

Көп түрлі эстетикалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру оқушылардың эстетикалық дүниетанымының негізгі көзі болады.

Басты мәселе, күнделікті өмірдегі әсемдіктің адам мен табиғаттың бірлескен әрекетінің күшімен пайда болғанын ұғындыру. Осының негізінде ғана оқушы өз еңбегінің пайдалы екенін және оның сұлулығын көре білетін, осыдан өмір сұлулығын жасайтын адам екенін түсінеді. Мұны жүзеге асыруда көпшілікке хабар тарату құралдарын және баспасөз материалдарын кең пайдалануға болады.

Қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің міндеттерін шешу үшін халықтың осы уақытқа дейінгі тәжірибесін меңгеру қажет.

Халық әрдайым әсемдікті іздеді, қолдан жасады және оны өмірде, тұрмыста, еңбекте бекітуге тырысады. Оны халқымыз үй жиһаздарын жасауынан және оны әсемдікті сезінудегі тәрбие құралы ретінде пайдалануынан көруге болады.

Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектің және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбиенің құралдары ретінде қызмет етеді. Халқымыздың әндері жанры және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер би қимылдарымен байытылады.

Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі таң қаларлықтай (домбыра, шертер, асатаяқ, шаң қобыз, ұран, мүйіз сырнай, жетіген, үскірік, қамыс сырнай, дабыл т.б.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етті.

Эстетикалық тәрбиенің күрделі мәселелерін айқындауда біз халықтың жинақтаған педагогикалық білімі мен тәрбие тәжірибесіне сүйенуіміз қажет.

Жеке адамның жалпы мәдениеті үйелменде, қжымда, жұртшылық арасында байқалады. Сондықтан күнделікті өмірдегі оқушының жеке басының эстетикасына ерекше көңіл аудару мұғалімдер мен ата-аналар алдындағы кезек күттірмейтін басты мәселелердің бірі болып саналады.

Оқушылардың жалпы мәдениеті, яғни эстетикалық тәрбиенің маңызды жақтары ізеттілік, ұқыптылық, жылы шырайлылық, қайырымдылық, тазалықты сақтау т.б. Жалпы эстетикалық мәдениет – бұл қатынас эстетикасы, киім-кешек эстетикасы, үй-жағдай эстетикасы, манера (өзін ұстай білу), дене қимылы т.б. А.С.Макаренко еңбектерінде бұл проблемаға зор мән берілген.

Қатынас эстетикасы. Үйелменде ата-аналармен, мектепте оқушылар мен мұғалімдермен, басқа адамдармен қатынас жасау эстетикалық тәрбиенің іргетасы. Мұндай қатынас балалардың күнделікті өмірінде, іс-әрекетінде қалыптасады, эстетикалық сезіміне үнемі әсер етеді. А.С.макаренконың айтуы бойынша: адамдармен жылы шырайлы қарым-қатынас, көршілерге қайырымды, сенімді дос және өнегелі болу – осының бәрі моральды эстетиканың басты салалары.

Үй-жағдай эстетикасы. Әрбір үйелмен өз үйіне жайлы жағдай жасауға тырысады. Әр түрлі үй дүние-мүліктерінің өз орнына әдемі, ыңғайлы тұруын ойластырады. Жұмыс істейтін және демалатын бөлмелерді өте қолайлы жабдықтайды. Үйелменде балаларды үй ішінде өзінің жеке заттарын, нәрселерін ретке келтіріп ұстауға, кетуге, үйді жинауға, тазалықты сақтауға үйретеді. Осындай жұмыстардың барлық түрлеріне балаларды қатыстыру әке мен шешенің, ересек үйелмен мүшелерінің басты міндеттері.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Әбдалаева Ш. Халық қолөнері. Алматы. Рауан. 1992.

2. Әбдуәлиева Ш "Қазақтың қолөнері" - әдістемелік құрал

3. Әбдуәлиева Ш "Халық қолөнері" Алматы. Рауан. 1992