Педагогические науки/ Стратегические направления реформирова­ния системы образования.

Экономика ғылымдарының магистрі Ермағанова С.Б.

«Тұран-Астана» университетінің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы, Қазақстан

ECTS үлгісі бойынша жалпы еуропалық білім беру кеңістігін құру және академиялық мобильділік жөніндегі проблемалар

 

Әлемдік қоғамдастықтың адамзат іс-әрекетінің барлық салаларында болып жатқан интеграциялық процестер жоғары білім беру жүйесіне де тиісті. Бүгінгі күні студенттер ұтқырлығын және түрлі елдер университеттердің ынтымақтастығын қамтамасыз ететін тұтас әлемдік білім беру кеңістігі құрылуда. Қазақстандық жоғары білім беру жүйесі білім негізінде қоғам қалыптастыру үшін әлемдік тәжірибенің жетістіктерін пайдалана отырып, жалпы әлемдік тенденциялар ағымында дамып келеді.

Қазіргі кезде қазақстандық білім – еуропалық стандартқа сап түзеді. Білім және ғылым министрінің айтуы бойынша Қазақстанның Болон декларациясына қосылуы бізде жүргізіліп отырған тұрақтылық аймағы, орталықазиялық аймақта адам капиталын дамыту жөнінде жүргізіліп отырған шаралардың бөлігі болып табылады. Қазақстанның Болон декларациясына қосылуы туралы шешімді 46 елдің өкілдері бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Қазақстан Болон үдерісіне 47-ші қатысушы ел болды [1].

Болон үдерісі – Еуропа елдерінің білім жүйесін біртұтас еуропалық кеңістік құру мақсатында жақындастыру және үйлестіру жолы. Ол 1970 жылдардың ортасына қарай басталды, сол кезде Еуропалық Одақтың Министрлер кеңесі білім саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы бағдарламасы туралы қарар қабылданды. Ал бұл үдерістің ресми басталған күні 1999 жылғы 19 маусымнан басталады, сол күні Болонья қаласында еуропалық 29 мемлекет білім министрлерінің арнайы конференциясында «Еуропалық білім беру аймағы» декларациясы немесе «Болон декларациясы» деген құжат қабылданды.

Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуы жөніндегі жұмыс бірнеше жылдардан бері жүргізіліп келеді. Айталық, 2007 жылы Университеттердің Ұлы хартиясы обсерваториясының Бас хатшысы доктор Андрис Барблан оқытудың несиелік технологиясы бойынша алғашқы халықаралық семинар өткізді.

Тұтастай алғанда Болон үдерісі жолына қосылған университеттердің басты міндеті студенттерге білімді бүкіл өмір бойы жинақтау екендігін жеткізу болмақ.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі ЖОО-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек», -  деп атап көрсетілген [2].

Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы – еуропалық форум қатысушылары мен сарапшылардың пікірінше, қазақ әріптестердің әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуы жолындағы үлкен жетістік. Бұған дейін қазақстандық 145 оқу орнының 30-ы Университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы туралы шешімді Болон үдерісі қатысушы-елдерінің бірауыздан қабылдауы   елімізде жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға.

Болон үдерісіне қосылу қазақстандық жоғары оқу орындары мен студенттерге қандай нақты артықшылықтар береді деген мәселеге келетін болсақ, олар мыналар: ең алдымен, отандық оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары еуропалық стандарттарға сәйкестендіріледі; отандық мамандықтар мен академиялық дәреже бүкіл әлемде танылатын болады; қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері шетелдік университеттерге білім несиелерімен қабылданады; қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді; қазақстандық жоғары білім дипломдары еуроаймақтың құжаттарымен теңестіріледі және жоғары оқу орындары түлектерінің Болон үдерісіне қатысушы кез келген елде еңбекке орналасуына мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытудың жаңа  кезеңі басталып, ECTS үлгісі бойынша кредиттерді қайта тапсырудың қазақстандық жүйесін әрі қарай енгізу мақсатында ECTS  үлгісі бойынша жалпы еуропалық білім беру кеңістігін құру проблемалары және кредиттерді қайта тапсыруды енгізу жөніндегі халықаралық оқыту семинарлары өткізіліп, мәселелерге айрықша көңіл бөлініп, талқылануда. Атап айтқанда, Қазақстанның еуропалық білім кеңістігіне енуі, ECTS үлгісі бойынша кредиттерді қайта сынақтаудың қазақстандық жүйесін енгізу, ECTS үлгісі бойынша кредиттерді қайта енгізудің салыстырмалдығын және мазмұндық толтырмасын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды құру [4].

Қазақстанның Болон процессіне қосылуы жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру жүйесінің реформалануын, еуропалық білім беру жүйесіне ену мүмкіндігін, білім беру сапасын көтеру, студенттердің және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын белсендетуін қамтиды.

 «Тұран-Астана» университетінің ұжымы да осы бағдарлама желісінде игі бастамаларын кешенді түрде университеттің білім беру жүйесіне енгізу бойынша іс-шараларын бастап та кетті.

Бүгінгі таңда ел ішінде біздің университет пен қазақстандық басқа да жоғары оқу орындары арасында өзара қарым-қатынас жайлы және шетелдік жоғары оқу орындарымен келісім шарттар жасалуда. Келісім-шарттар халықаралық ғылыми жобаларға және бағдарламаларға қатысу, өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға және келісімдерге қол қою, сол арқылы профессорлық-оқытушылық құрамның кәсіби біліктілігін жоғарылату, студенттер және магистранттармен алмасу, өзара білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жұмыстары іске асырылуда.

Қазіргі таңда халықаралық ынтымақтастық аясында «Тұран-Астана» университеті және Қытай Халық Республикасы, ШУАР Санжы университетімен келісім-шарт жасалынып, сол келісім бойынша студенттер (12 студент) аталған университетке бір семестрге қытай тілін меңгеру бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді.

Оқытудың   кредиттік жүйесі әлемдік университеттер  қауымдастығының Қазақстан  Республикасындағы жоғары білім  беру, бакалавриат,  магистратура және  РҺD докторантурасын тамамдағаны туралы құжаттарды мойындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Білім алушылардың (студенттер, магистранттар, докторанттар) шетелдік университеттік білім берудің барлық деңгейлеріне қолдарын жеткізе отырып, академиялық мобильділікті қамтамасыз етеді, түлектердің әлемнің кез келген елінде жұмыс істеуге мүмкіндігі туады.

Академиялық мобильділік дегеніміз – бұл  білім алушы немесе зерттеуші-оқытушылардың  білім алуы үшін немесе зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір академиялық мерзімге: басқа жоғары оқу орнына бір семестрге немесе оқу жылына (ел ішінде, не шетелге) барып, меңгерілген білім беру бағдарламаларын өз ЖОО-да қайта тапсыру немесе оқуын басқа ЖОО-да жалғастыру мүмкіндігі [3].

Қазіргі кезде академиялық мобильділік аясында біз бакалавриат бойынша оқитын  студенттерді қабылдауды қарастырып жатырмыз. Біздің университетте әріптес ЖОО студенттері үшін жатақханадағы  орындарды, оқу және ғылыми әдебиеттерді, электронды кітапхана мен Интернет-трафикті пайдалануды ақысыз, яғни біз өз студенттеріміздің пайдаланатын барлық мүмкіндіктерін ұсынамыз. Әріптес ЖОО-да оқитын біздің студенттерге олардың тараптарынан өз студенттеріне ұсынылатын дәл осындай жағдайлар жасайды.

Министр Б.Жұмағұловтың айтуынша халықаралық және республикалық деңгейде академиялық мобильділікті дамытуға ерекше көңіл бөліну тиіс. «Академиялық мобильділік  - Болон процесінің маңызды принциптерінің бірі. Қазақстанда алғаш рет академиялық мобильдікті мемлекеттік қолдау тетігі енгізілді. Енді ұлттық университет студенттері  мемлекет есебінен  семестр бойы үздік еуропалық  жоғары оқу орындарында, ал аймақтық жоғары оқу орындарының студенттері ұлттық университеттерде оқи алады», - дейді ведомство басшысы.

Академиялық мобильділікті жүзеге асыруда туындайтын қиындықтар бізде ғана емес, сонымен қатар басқа да жоғары оқу орындарында туындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінде семинарлар ұйымдастырылып, академиялық мобильділік, ЕСТS типі бойынша кредиттерді қайта тапсырудың қазақстандық моделін енгізу және т.б. мәселелер қарастырылады.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасынды білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға мемлекеттік бағдарламасы.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, 2012.

3. Академическая мобильность и организационные аспекты и механизм реализации. Научно-практическое и методическое пособие для вузов, 2011.

4. ECTS үлгісі бойынша жалпы еуропалық білім беру кеңістігін құру және кредиттерді енгізу проблемалары бойынша халықаралық семинар материалдары, - Алматы, 2010.