Даулетбекова Б. –Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, аға оқытушы

Егембердиева Б.-«Бастауыш оқыту педагогикасы

мен әдістемесі» мамандығы, 2-курс студенті

Қазақстан Республикасы, Түркістан қ.

 

Бастауыш сынып оқушыларын мәтінді есептерді шығаруға үйрету

 

Обучение решению текстовых задач учащихся начальных классов

.

         Қандай зәулім үй салсаң да, оның іргетасы дұрыс қаланбаса, күндердің күнінде құлап қалатыны белгілі. Дәл сол секілді бала тәрбиелеу мен білім беруде бастауышта мықты іргетас қаланбаса, жас ұрпақтан болашақта білімді, көргенді азамат шықпайтыны хақ.

         Тәуелсіздік туын тіккен елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы қабілетті де оқушыларымыз болмақ. Шәкірт санасын білім нәрімен сусындатып, оларды шығармашылық ізденіске баулу мен тәрбиелеуді ұйымдастыру ұстаздардың біліктілігіне де байланысты. Ұстаздық бұл киелі мамандық. Сондықтан да баланы адам етудегі оның сіңірген еңбегі – ардың ісі.

         Ең бастысы, қазіргі кезде ұстаздар қауымы, ата-ана, бүкіл ел-жұрт болып күш біріктіріп, қайтсек еркін ойлы, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелейміз деуімізге еш күмәндік туғызбайды. Басты міндет балалардың қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу болып табылады [1].

         Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі, білім, білік – дағдыларды меңгерту мен бірге табиғат қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта  жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің талабы. Осы талап тұрғысынан алғанда, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіру мен жаңа техналогияларды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.

Бастауыш білім беруде математика пәні өзге пәндерді оқытудың алғышарты мен  негізін қалайтын және осы пәндерді оқытып-үйретуде қалыптасатын білім, білік, іс-әрекет тәсілдерін тұтынушы болып табылады. Ал математика негізгі мектеп математикасының табиғи  бір бөлігі [2]. Мектеп математикасын есепсіз құру мүмкін емес. Математика ғылым ретінде есептен пайда болған және есеп арқылы дамиды.

         Есепті көп шешу міндетті емес. Бастысы, оқушылардың әрбір есепті шешу үдерісінен жаңа бір нәрсе білуі, жаңа іскерліктерді игеруі немесе игерілген білім мен іскерліктерді бекітіп, дамытуы.  

         Математикада  мәтінді есептердің алатын орны ерекше екені белгілі. Мәтінді есептер арқылы оқушылардың ойлау қабілетін кеңейтуге, практикалық жағдайлармен таныстыруға, сонымен қатар тәрбиелік жағына көңіл бөлуге болады. Оқу үдерісінде қарастырылған математикалық білімдерді меңгеру, оларды іс жүзінде қолдана білуге дағдыландыру үшін есеп шығаруға үйрету мақсат десек, мәтінді есептерді шығаруға үйрету осы мақсатқа жетуге әсерін тигізетін әдіс болып табылады.

         Оқушылардың есеп шығару барысында іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырудың қиындығы олардың есеп шығару барысындағы іс-әрекеттеріне, ойлау қабілеттеріне жүйелі де тиянақты талдау жасалмауына байланысты екенін мектеп тәжірибесі көрсетіп отыр  [3].

         Әрине, есептердің негізгі мақсаты алған білімді іс жүзінде әр түрлі жағдайларда қолдануға үйрету және бұл білікті әрі қарай дамыту болып табылатыны белгілі. Мәтінді есептерді шығару – математикалық білімді   өмірмен тығыз байланыстыруға, сондай-ақ оқушылардың өмірден алған тәжірибелерін математиканы оқып білуге кеңінен пайдалануға және мектепте алған білімдерін еңбекпен байланысты іс-әрекеттерінде қолдана білуге көмектеседі.       

         Оқушыларды мәтінді есептерді шешуге үйретуді бірден есепті шешуден емес, есептердің теориясын оқытудан бастау және оларды есепті құруға үйретуден бастау ұсынылады. Оқушыларды әлдебір әдіске емес, жалпы әдіс есептің шартын құруға дұрыс  үйрету. 

         3-сыныптың математика оқулығынан алынған  есептерге тоқталайық [4].

         Есеп № 2, 84 – бет. Салыстыр. Ұқсастығы неде? Айырмашылығы неде?

а) Мектеп пен үйдің арасы 300 м. Оқушы минут сайын 60 м жүреді. Ол 3 мин жүрді. Мектепке жету  үшін ол тағы неше метр жүруі керек? Есепті оқыған соң мәтін бойынша әңгіме  жүргізіледі, тақтада және дәптерлерінде қатар мұғалімнің көмегімен есептің моделін құра бастайды  [5].

         Мәтін бойынша сұрақ қоя отырып, мұғалім дауыс ырғағымен тірек сөзді бөліп айтады. Ол сөздер мәтінде асты сызылып тұр. Мектеп пен үйдің арақашықтығы қанша болған? (300 м) Жазуды орындаймыз – моделдің бірінші жолы:

         Болғаны – 300 м.

         Оқушы қанша метр жолды жүріп өтті? (Белгісіз)

         Жүріп өткен жол туралы не білеміз? (Оқушы минут сайын 60 м жүреді).      Оқушы жолда қанша уақыт болды? (3 минут)

         Жазылу моделі:

         Жүргені – ? м, минут сайын 60 м, 3 мин.

         - Есептің сұрағы қандай? (Мектепке жету үшін  ол тағы неше метр жүруі керек?) Жазылу моделі:

         Қалғаны –? М.

         Мәтінді есеппен жұмыс істеу нәтижесіндегі соңғы  жазылу моделі:      Болғаны – 300 м.

          Жүргені – ? м минут сайын 60 м, 3 мин.

         Қалғаны – ? м

         Мәтінді есеппен жұмыс істеудің келесі кезеңі, оны  шығару жоспарын құру. Ол үшін моделі бойынша есепті талдаймыз. Бұл жағдайда мақсатты талдауды пайдаланамыз (сұрақтан берілгенге қарай).

         Мұғалім сыныпқа сұрақ қойып әңгімелесе отырып, есепті  талдау сызбасын салады.

         - Есепте нені білу керек? (Оқушыға мектепке дейін жүретін қанша жол қалды?)

         -Қанша қалғанын білу үшін не істейміз? (Ара қашықтыққанша еді және оқушы қаншасын жүріп өтті?).

         - Қалған жолды қандай амал арқылы табамыз? (Азайту)

         - Үйден мектепке дейінгі ара қашықтықты білеміз бе? (Иә, 300 м)

         - Оқушы қанша жол жүріп өткенін білеміз бе? (Жоқ. Бірақ ол әр минут сайын 60 м жүргенін білеміз.)

         - Оқушы жолда қанша уақыт болды? (3 минут)

         -Жүріп өткен жолын қандай амалмен табамыз? (Көбейту)

         Есепті талдаудың ең соңғы мына түрде болады: Егер есепті синтезді қолданып 300 ?  60 · 3 талдасақ ( берілгеннен сұраққа қарай), онда әңгімеміз

мына түрде болады:

         - Оқушы әр минут сайын 60 м жүргенін білеміз  және жолда барлығы 3 минут жүрген, біз нені біле аламыз? (жүріп өткен жолды)

         -Жүріп өткен жолын қандай амалмен табамыз? (Көбейту)

         - Үйден мектепке дейінгі қашықтық 300 м екенін білеміз және жүріп өткен жолын біле отырып, енді нені таба аламыз? (Оқушы мектепке дейін неше метр жол жүруі керек)

         -Қалған жолды қандай амалмен табамыз? (Азайту)

         Есепті талдаудың (синтез) соңы  мына түрде болады:

         Келесі кезеңде екі амалды орындау керектігі анық көрініп тұр.

         Мәтінді есептермен жұмыс істеудің келесі кезеңі оны шығару жоспарын орындау. Есепті амалдарды орындау арқылы шығаруға болады (түсіндіре отырып немесе түсіндірмей де), сол сияқты өрнек құрып та шығаруға болады.

         Бірінші есепті амалдар арқылы шығаруды жазайық:

         1) 60.  х 3 =180 (м) – оқушы жүріп өтті

         2) 300 - - 180=120 (м)

Енді есепті шығаруды өрнек түрінде жазып көрсетейік:

         300- - 60 х. 3 = 120 (м)

         Жауабы: 120 м жол жүруі керек.

Мәтiндi есептердi шығаруда белгiлілер мен белгiсiздердi салыстыра отырып, оқушылар олардың арасындағы негiзгi байланысты түсiнулерi және оны математикалық қатынастар тiлiне ауыстыра алулары, есептердiң шығарылуын математика тiлiнде рәсiмдей алулары қажет.

 

         Әдебиеттер:

         1 Баймолдаев Т.М., Ахметұлы.К.  Жаңа буын оқулықтары арқылы жас ұрпаққа білім беру мен тәрбие беру жолдары.  - Алматы. 2003.

         2 Бағдарлама. Математика. Жалпы білім беретін мектептің 1-4 сыныптарына арналған. – Алматы, 2010.

         3 Ведилина Е.А Обучение решению текстовых задач учащихся начальной школы.  – Павлодар. 2006.

         4 Оспанов Т.Қ. және т.б. Математика. Жалпы білім беретін мектептің 3- сыныбына арналған оқулық – Алматы. 1998.

         5 Өтепқалиев С. Оқушыларды мәтінді есептердің мағынасын талдауға үйрету. //Математика және физика. №4 -  2002.