Оқасова Б.Қ.

   Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті,  Қазақстан.

Креативтілікті қалыптастыру - шығармашылыққа жетелейтін интеллектуалдық үрдіс

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының қабылдануына байланысты Қазақстан ғылымы мен білім беру жүйесі өзінің жаңа даму кезеңін және жаңару үрдісін басынан кешіруде. Білім берудің ең негізгі, өзекті мәселесі - адамды жан-жақты етіп тұлғаландыру. Сондықтан бүгінгі білім берудің мақсаты мен мазмұны  қазіргі заман талабына сай анықталуы керек.

Қоғамда жаңа экономикалық жағдайда еліміздің өркендеуі мен ғылымның даму ықпалы білім беру құрылымы мен мазмұнын жетілдіру міндетін қояды. Білім мазмұнының ұлттық негізде берілуі мен оқытудың жаңа міндеттері және озат тәжірибелердің жинақталуынан білім беру креативті-педагогикалық өркениетке енуде. Мұндағы ең басты талаптардың бірі: білім беруді дамытудың жаңа бағдары - инновациялық жаңару стратегиясыңда болашақ маманның бәсекеге қабілетті тұлға ретіңде кәсіби құзырлығының жоғары дәрежеде болуы.

Қазіргі таңда қоғамдағы болып жатқан өзгерістер ең алдымен білім берудің жаңа бағыттарын, әдіс-тәсілдерін айқындауды алға тартып отыр. Қоғамның қай саласы болмасын мамандардан өз кәсібіне сай терең білімімен қатар оның бойынан күрделі мәселелерді шешудегі ерекше қабілеттілік, тапқырлық, шығармашылық қасиеттер талап етілуде. Жоғары оқу орындарындағы жүргізіліп жатқан бетбұрыстар мамандарды даярлауда білім сапасының әлемдік стандарт талаптарына сай келуін басты бағыт етіп алуда. Білім сапасының  артуы бүгінгі таңда білім берудегі кредиттік жүйенің енгізілуімен, оқылатын пәндердің көлемі мен мазмұнының өзеруімен, оқытудың жаңа технологияларын іздестіру жолдарымен жүзеге асуда.

Қазақ тілін деңгейлеп оқытуда оны сала бойынша мамандардың қолдана білу дәрежесінде, яғни кәсіби деңгейде меңгертудің мәселелері бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Тілдік қызметті айқындауда, оның ең алдымен халықтың рухани байлығын, ұлттық мәдениетті, білімді жинақтаушы, сақтаушы және оны ұрпақтарға жеткізуші құрал екенін ескерсек, оны үйренуде адамның ойының кемелденуі, тіл арқылы терең білім көздеріне қол жеткізуі басты болмақ. Белгілі ғалым Ж.А.Манкеева «Тіл - бірден-бір коммуникативтік құрал ғана емес, тілдік қарым-қатынас негізінде мәдениетті де анықтайтын кешенді ұғым» - дейді. Яғни тілдің адамның мәдени-танымдық болмысын қалыптастырушы құрал екендігі мемлекеттік тілді оқытуда да ұмыт қалмауы тиіс. Сондықтан да қазіргі жағдайда білім беру жеке тұлғаға бағытталып, педагогикалық үрдісте шәкіртті үнемі даму үстіндегі әрекет иесі - субъект ретінде тану маңызды болмақ. Осындай мәселелердің шешімін табуда болашақ мамандардың креативтілігін дамыту мәселесінің өзектілігі айқындалады.

Ғаламдық кеңістікте біртұтас кешенді жүйе ретінде білім қоры үнемі алмасу, тоғысу, даму үдерісінде болатыны да баршамызға аян.

Мемлекеттік тілді үйретуде  тіл үйренушілердің қабілеттерін ашу, оны баламалы әдістер арқылы дамытуда жаңа бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешен қалыптастыру бүгінгі және болашақта атқарылар істердің бастысы болмақ. Қазақ тілін меңгерту сапасының қоғамның барлық салалары сұранысына сай болуы, оның ғылыми-әдістемелік негізінің жоғары деңгейде қалыптасуымен тікелей байланысты.

Қазақ тіліне деген қызығушылықты ол арқылы адамның креативтік қабілетін ашу, оның шығармашылық ойлауын қалыптастыру, әлемді өзінше тани білуге жетелеу арқылы дамытуға болады.

Креативтілікті қалыптастыру мәселесі көптеген ғалым, педагог-психологтердің еңбектерінде көрініс тапқан.

Қоғам дамуымен, философиялық және психологиялық ғылымдардың дамуымен креативтілікті қалыптастыру мәселесіне көзқарастар дамып өзгеріп отырды. Түрлі психологиялық мектептер креативтілік феноменіне, танымдық қызығушылык, шығармашылық белсенділік, шығармашылық қабілеттерді зерттеуге деген өзіндік тәсілдерін ұсынды.

Креативтілікті қалыптастыруды зерттеуді төмендегідей шетелдік ғалымдар қарастырған: Дж. Гильфорд, Э.Юдин, В. Смит, К.Тейлор, Е.Торренс, М.Розенберг, Э.Эриксон М.Уоллах, Д.Халперн, И.Верткин, А.Лук, Я.Пономарев, Н.Фролов,   М.Ярошевский және т.б.

Зерттеу еңбектеріндегі креативтілікке берілген анықтамаларға тоқталайық. Е.Торренс креативтілік білім игеруде кездесетін қиындықтарды, кейбір мәселелерді шешудегі қабілеттілік деген анықтама береді. Ғалым креативтілік моделінің негізгі үш белгісін ұсынады:

- ой ұшқырлығы (нәтижелігі-өнімділігі);

- жағдаяттардағы икемділік;

- тұлғалық ерекшелік, өзіндік шешім [2].

Бұл тәсілде шығармашылық өлшемі нәтиже сапасы емес, шығармашылық өнімділікті белсендіріп, жандандыратын сипаттар мен үрдістер ретінде көрінеді.

Д.Богоявленская креативтілікті жеке тұлғаның шығармашылық дарындылығы ретінде қарастыра келе, шығармашылықты талдау бірлігі - интеллектуалдық белсенділікті (шығармашыл тұлғаның танымдық және мотивациялық сипаттарын олардың бірлігінде бейнелеп көрсетеді) және интеллектуалдық белсенділіктің үш деңгейін: стимулдық-өнімді, эвристикалық және креативтілік деп ажыратады.

Алғашқы деңгейге жеке тұлғаның интеллектуалдық белсенділігі танымдық ынта және жігерлілікпен жұмыс жасау барысында да бастапқы берілген тәсіл шеңберінде қалатын адамдар жатқызылады, олардың іс-әрекеті сыртқы стимулмен анықталады.

Эвристикалық деңгейдегі адамдарға өз іс-әрекетінің құрамы мен құрылымын талдау, түрлі міндеттерді өзара салыстыру тән, бұл жаңа шешімдерге, ой-қорытындыларға, жаңалық ашуға жетелейді.

Интеллектуалдық белсенділіктің креативтілік деңгейіндегі адамдар құбылыстардың себептерін түсінуге тырысады, ал бұл өз кезегінде зерттеудің жаңа мақсаттарына айналады, талдау үрдісін тереңдетеді.

Көптеген зерттеулерде ғалымдар «креативтілік» ұғымына анықтама беруде креативтіліктің бір сипаты ретінде жеке тұлғаның жағдаяттардан шыға білу қабілеті мен өзіндік мақсатты нақты қоя білу қабілеттілігіне тоқталады.

Л.Ермолаева-Томина шетел зерттеушілерінің тәжірибесін жалпылай келе, креативтілікті әртүрлі қабілеттердің жиынтығы ретінде анықтайды, қабілеттер әр адамда жеке-дара әр сапада көрінетініне тоқталып, келесі белгілерін көрсетеді:

- тәжірибеге ұмтылушылық - жаңа проблемаларға икемді, мәселені шешуге бейімділік;

- талқылауға икемділік - тапсырманың шегіне шыға алу;

- ой ұшқырлығы - тез арада, кенеттен шешім шығару тәсілдерін өзгерте алу қабілеттілігі;

- ойлау ерекшелігінің болуы - өзбеттілік, даралық ерекшелік, ерекше шешім шығару

Креативтілікті қалыптастыру мәселесіне сәйкес жазылған еңбектерді саралай келе креативтіліктің құрылымдық бөліктерін бөліп көрсетуге болады: аса сезгіштік, ой ұшқырлығы, жаңаға ұмтылушылық, шығармашылық қабілеттер, өзіндік ой-пікірлерде тұра білу, өзіне сын көзбен қарау, қисынды ойлау, жаңаны сезгіштік, күмәншілдік, әр нәрсеге күмән келтіру, т.б.

Креативтілік арқылы адам өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылып, ізденеді, өзінің істеріне есеп беріп, кемшіліктеріне сын көзбен қарай алады.

Жеке тұлғаның креативтілігін, шығармашылық дербестігін қалыптастыру өте маңызды, күрделі және көп салалы мәселе болып есептеледі. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі.

Креативтілікті қалыптастыру шығармашылыққа жетелейтін қабілеттер мен шығармашылық қызметі сапасын анықтайтын, жаңаны тану мен жасауға бейімделуге апаратын әрбір жеке тұлғаға тән интеллектуалдық үрдіс ретінде сипатталады.

Болашақ мамандардың интеллектуалдық капиталы осы көрсетілген барлық талаптардан тұратындықтан, қазақ тілінен алынатын білім де оны биік деңгейде, яғни ғылыми жаңалықтар ашу, жоғары технологияларды күнделікті қолдану сияқты талаптарға сай болуы керек. Қазақ тіліне деген қызығушылықты, ол арқылы адамның креативтік қабілетін ашу, оның шығармашылық ойлауын қалыптастыру, әлемді өзінше тани білуге жетелеу арқылы  дамытуға болады. Қазақ тілін үйрену тартымды да адамға ой салар, ойын өрістетер, оның қалыптасқан мәдени білімін жетілдірер тәсілдерге толы болғанда нағыз білім беру құралы болмақ.

 Қазақстан  Республикасының  үздіксіз білім беру жүйесі саясатының басты мақсаттарының бірі жан - жақты, жоғары білімді, шығармашылық қабілетті  жеке тұлғаны қалыптастыру.

ӘДЕБИЕТ:

1.Богоявленская Д.Б. Психология усвоения знаний в школе. М., 1989. 244 с.

       2. Гартунг Т.А. Развитие креативности подростков средствами дисциплин

           гуманитарного цикла. Автореф. дис.к.пед.н.-Тюмень, 2008.- 23с.

       3. Гарунов М. Развитие творческой самостоятельности специалиста //

           Высшее образование в России. – 1998. – № 4. – С. 83-87.

        4. Морозов А.В., Чернилевский Д.В. Креативная педагогика и психология.

            М., Академический проект, 2004.

        5. Кадашева К. Казақ тiлiн жаңаша жаңғыртып оқыту әдiстемесi.             

            - Алматы, 2001. -160 б.

 6. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

      Қазақстан халқына жолдауы. – Астана: Елорда, 2006. - 44 б.

7. Бұзаубақова Қ. Ж.  Жаңа педагогикалық  технология. Тараз, ТарМУ, 2003.