Қыздарға тән ұлттық мәдениет сипаттары           

 

Алимбекова Сабира Шереханқызы

П.ғ.к., доцент м.а.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

 

Халқымызда қыздардың тәрбиесіне ерекше мән береді және оның себептері де баршылық. Ол жөнінде өзге ұлт өкілдері де, өзіміздің ғұламаларымызда, ақын-жазушыларымызда айтып та, жазып та қалдырған.

З.Ахметова апамыз «Менің бір байқағаным қыздарымыз ұлттық үлгі-өнеге мәйегін білгісі келеді, алайда үйретушіге зәру. Қалай болғанда да ынта-пейілдері мол екенін талай кездесулерде көзім жетіп жүр» - деп айтуында үлкен мән бар  және де қыздарға:

«Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,

                     Жақсы қыз ел-жұртының сақтар салтын

                     Күлсе де, сөйлесе де көпке ұнап,

                     Көрікті күте білер сыр-сымбатын, - деп халық өлеңінде айтқандай қыздарымыз ел-жұртының көз қуанышы, көңіл жұбанышы болса екен деп, аналық жүрекпен тілеймін деп» - тілегін білдіреді [1, 85-86]. Бұл барлық аналардың тілегі секілді көрінетіні ақиқат.

Сала мамандары “қыз” деген сөздің этнолингвистикалық мәніне де назар аударып, оны ұғым тұрғысынан да дұрыс түсінуді қарастырады. Өйткені, дүниедегі заттар мен құбылыстардың баршасына ат қойып, айдар тағатын қазақ (кеңірек – түркі халықтары) дәстүрінде қыз сөзінің екі ұдай мағына беретін синкретикалық түбір екендігі айқындалған. Арнайы зерттеуде оның бірі етістік: қыз – “быть горячим, пламенеть”, (“бойын от жалын шарпу, қызу, басу”) мағынасында болса, екінші есім: қыз – “жара, огонь; жаркий” (“от-жалын, ыстық”) мағынасын көрсетеді [2]. Қызға берілген осы атаудың өзінен-ақ көп нәрсені ұғуға болады.

Қазақ қызы идеалының алғашқы үлгісін, қыз сынына қатысты ең басты құндылықтарды, біз ұлы Абай жасаған қыз портретінен айқын көре аламыз. Бірақ заман талабы оған да өз көзқарасын енгізіп отыруы да заңды.

Идеал саналатын кешегі қазақ қызының толық бейне-болмысын басынан (басындағы тұлымы мен қос бұрым қолаң шашынан бақайындағы қара тырнағына дейін, киген киімі, тағынған әсем заттарына дейін түгел) көркем суреттейтін сөздер мен (мысалы, “Ақ тамақ, алма мойын, жазық маңдай... сияқты”) теңеу-эпитеттер, қалыптасқан санаулы фразеологизм, мақал-мәтел түріндегі (Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер, тараған жәрмеңкенің базарындай”, “Қараша үйде сұңқар бар – ораздыға кез келер”, “Судың алдын шым бөгейді – даудың алдын қыз – бөгейді”, “Қыз –қылығымен сүйкімді”, “Қыз қырық шырақты”, “Гүл өссе жердің көркі, Қыз өссе – елдің көркі”, “Қыз-қонақ”, “Қыз қылығымен жақсы”, “Қыз – жат жұрттық”, “Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық” т.б.) тұрақты тіркестер жатады.

Этнолингвистика саласында қыз тәрбиесіне қатысты бай тілдік материал қалыптасқан (“Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар”, “Анасын көріп, қызын ал, ыдысын көріп, асын іш”, “Қызға – қырық үйден тиым, қала берді – қара күңнен тиым” т.б.). Бұл қыз тәрбиесіне барша ауыл-аймақтың қатысты болғанын көрсетіп тұр. Сондай-ақ қыз балаға қатысты себеп-салдарлық байланыстың да өмір сүруін көрсетеді.

Қыз деген – басына үкі тағып, үлпілдеп өсіп, ерке күн кешкен, өзге босағаны аттамаған, етегін жел ашпаған бүлдіршін.

Қыз деген ұғым алдымен жас мөлшеріне байланысты. Мысалы, Ғабит Мүсірепов “14-17 жастағы қыз-періште, 17-20 жастағы қыз бала - елес” дейді  [3]. Алпамыс жырында “жалғыз қыз Гүлбаршын – Он бесте толған ай еді” дейді. Мұрат ақын “Қыз бала сұлу көрінер Жас он беске теңелсе” дейді. Есет Қараұлының “Алма мойын арудың Ажары кетер бетінен Екі он бестен жасы өтсе” дегені бар. Демек, 15-25 арасындағы қызды сөз етудің мәні зор.

Қыз тілі (қыздың сөйлеу әдебі) деген, сайып келгенде, қызға тән сөз бен сөйлеу және ым мен ишарат түріндегі атаулар, тек қана қыз балаға қатысты және солармен қарым-қатынаста қолданылатын сөз саптау әдебі.

Қыздың қасиеті ар, намыс, ұятында!

Қазақ қауымында қыз баланың орны айырықша болған. Оны мынадай мақал-мәтелдерден анық аңғарамыз. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Осы себепті де барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісімер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.

Ата – ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. “Қызды қымтап ұстаған ұялмайды” дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқыт-тырмай өсіруді парыз санайды. Олардың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін еш уақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан “қыз бен жылқы жаудікі” деп қыз тәрбиесіне мейлінше сақ қарайды. “Қыз баққаннан қысырақ баққан оңайлығын” жадынан шығармай баянды отанын тапқанша өзінің жауапты екенін де ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтеді.

Қазақ дәстүрінде қыздың шебер болуына, яғни тамақ даярлау, киім тігу, ою-өрнек, үй жиһаздары т.б. үй шаруаларын жақсы білуін қадағалап отырған.

Ақан сері қызды жеті түрге бөліп сипаттайды. Бірінші ақша маңдай: үлкенге, кішіге жағымды дана, ақылды жолдасын үй тұрмысы мен бала шағасын дұрыс тәрбиелей білетін. Екінші тілі жорға: әсемдікті ұнататын сырға сақиналарға әуес. Үшінші қара шашты: көзі күлген, аузы оймақ, қасы қиғаш үлкенді, кішіні ағажан деп отыратын. Төртінші қара торы: өз ісін өзі білмейтін, жұртқа күлетін. Бесінші сұрша жайдақ: көңілі жас, кәріні бірдей көретін, нәпсіні семіртіп майдай шайнап, не нәрсе болса да тәуекелшіл келетін. Алтыншы толық сары: өзіне теңдес жан таба алмай, өмір бойы қайғы зар шегетін. Жетінші алым-салым: мойны қысқа, шашы қалың оған тап болады соры арылмаған адам [4, 311-312].

“Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі; ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол, Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол; Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер ...”, “Ата дәстүр бойынша еркек шаңырақ иесі, әйел отбасының берекесі. Әкенің айтқаны балалары үшін заң және ол орындалуы керек. Әке шаңырағы қара шаңырақ деп аталады. Кенже бала шаңырақ иесі ...”. [5, 168].

Қилы заманда, тар жол тайғақ кешіп, соғыс зардабын шеккенде, бай кедей болған дәуірлерде де қыз бұзылған жоқ. Сондықтан қазақ жері, әдеті мен ғұрыпы, салт мен дәстүрі, тілі мен мәдениетін сақтап жас ұрпаққа әкеліп жеткізді. Аналардың ақылдылығының арқасында көп бала тауып оның ішінен алғыр жүйріктері шығып, ұлттың болашағын сақтап қалуына ат салысты.

Ата баба мынадай тәрбиелік ұғымдарды ұстанған: жалаңаяқ, жалаңбас жүрмеу, еркек алдынан кесе өтпеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, молдас құрып жүресінен отырмау, балаға шаңқылдап ұрыспау, қатты дауыстап сөйлемеу, әдепті биязы болу, келіп түскен келін босағасын құрметтеу сияқты ұғымдарды үйретіп жат елге келген келін дұрыс ұрпақ әкелу үшін дала төсіндегі салт пен дәстүр негізін көп пайдаланған [6, 57].

Селк етіп секем алып қарадың-ау,

Қай таудың киігі едің қарағым-ау?

Төбеңде шыр айналып бала қыран,

Мүйісте мергені бар қала мынау,

Сондықтан секем алып қарадың-ау, - деп Мұқағали ағамыз жырлағандай, бұзық жолға жол сілтейтіндерден қорғаштап, қамқорлық көрсетіп, бұзылған қыздар қатары дегенге жеткізбеу керектігі көпшілікті ойландыратыны анық.

Қасиет адамға қатысты қолданылғанда, адамның өзіне тән адамдық (жақсы немесе жаман) белгісі. Жақсы қасиеттер (имандылық, ізеттілік, т.б.) адамда тәрбие арқылы қалыптасатыны педагогикалық тұрғыдан қарастырылған. Ал, қыздарға тән негізгі қасиет – іскерлік, шеберлік, инабаттылық, ізеттілік, т.б. Қыз аларда оның қасиеттерін былайша сынаған:

Қыздың тектілігін әртүрлі жолдармен тексеру. Мәселен, бойжеткеннің көшкен жұртына зер салып қарауы мүмкін. Сондай-ақ, қыз көруге келгенде сол шаңырақтың көсеуіне көңіл аударады, егер көсеудің екі жағымен от көселсе, онда “шешесі салақ” – деп бойжеткенді көрмей-ақ жүре беретін көрінеді.

Қалыңдықтың ақылдылығына аса назар аударған:

“Ақылды әйел ізде, - іздесең сен есті болса,

Төрт құбылаң тең келер”.            /Баласағұн/

“Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар.

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма”.        /Абай/

Сыншылар әртүрлі сыйлық ұсыну арқылы бойжеткеннің дүние мүлікке көзқарасын тексерген, жұмбақ шешкізіп, зейін зердесін байқаған, аға-інілері құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасына қарай бауырмалдығы мен қайырымдылығын екшеген. Киген киімі, істеген ісі, сөйлеген сөзіне қарап, оның ұқыптылығы, іскерлігі және мінез-құлқынан мағлұмат ала білген.

Бойжеткеннің тал бойынан табылуға тиісті тағы бір қасиет – сымбаты мен көркі.

Болашақ ошақ иесіне қояр талаптың ең мәндісі – іскерлік. Халық “Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без” – деген. Әр әйелдің ерін күте білуі- басты міндеті болса тауып өсіру – ананың борышы.

Әйел ажары хақындағы мына бір анықтамаларға назар аударған дұрыс сияқты: “бет пішіні, дене мүсіні келіскен, өзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз – ару”.

Жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз - әсем. Сөзі өткір, өзі пысық, өрескел-дікті сүймейтін, болмашыға күйіп-піспейтін келбетті қыз – сұлу. Істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз – көрікті. Баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қыз - әдемі. Дене бітісі жинақты – тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты қыз – ажарлы. Көз жанары өткір, бет әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр қыз – шырайлы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1 Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. -Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, 2003. І том, 344 бет

2 Қажыбеков Е.З. Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках (явление синкретизма). Алма-Ата, 1986, с.252.

3 Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы, 1997, 141-бет

4 Бес ғасыр жырлайды 2-ші том 1984. 311-312 б.б.

5 Бурбаев Т. Ұлт менталитеті А., 2001. 168 б.)

6 Арғынбаев Х. Қазақ отбасы. А., 1996. 57 б.