Оқушы
қыздарды
мектептің
оқу-тәрбие жұмысында этностық мәдениетке баулу
мазмұны
Алимбекова
Сабира Шереханқызы
педагогика
ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Қ.А.Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университеті,
Түркістан қаласы,
Қазақстан Республикасы
Халықтық
тәлім-тәрбие құралдары: әдет пен
ғұрыптар, салт пен дәстүрлер,
мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен айтыстар,
өлеңдер мен жырлар, ертегілер мен аңыздар,
қолөнері, өнер түрлері және т.б. Олардың қазіргі
білім беру жүйесіндегі тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерінің
мол екендігі анықталуда.
Жаһандық
демократиялық үдерістердің ықпалымен
халықтардың этномәдениетінде жаңадан
отбасы-тұрмыстық, еңбек, қоғамдық-саяси
және басқа да әдет пен ғұрыптар пайда болуда.
Қазіргі демократиялық даму үдерістерінің
ықпалымен қазақ әйелдерінің еркіндігі арта
түсті. Бұл, әрине, қоғамның демократиялану
деңгейін көрсететін белгілер. Бірақ оның теріс
нәтижелерінің болатынын да ұмытуға болмайды. Осыдан
келіп ұлттық мәдениетті, тілді, өнерді, салт пен
дәстүрді, әдет пен ғұрыптарды қорғап
отыру міндеттері туындайды. Қоғамдық және мемлекеттік
органдардың тарапынан жастар арасында белең алып бара жатқан
антипатриотизмді, космополитизмді ауыздықтап отыру бүгінгі
таңдағы көкейкесті мәселеге айналды. Ол үшін
ең алдымен қыздарды “бұқаралық мәдениет”
дейтіннің ықпалына еріп дүбәраға айналуынан
сақтандыру қажет [1].
Қоғамдағы
бұл белең алған сорақылықты, қыздарға
қатысты мәселені Мөңке би өз заманында осындай
боларын:
... Бедірейген қызың
болады,
Кекірейген келінің болады,
Ақырайған
әйелің болады,
... Ар-ұяттан жұрдай
боп,
Қарап тұрған
жігітке қыз артылады.
деп толық сипаттама
жасаған деуге болады [2].
Иман жүзді, сыпайы да,
ұяң жастарымыздың сапалық, құнды
қасиеттерінен ажырап қалмау және жаман әдеттерден
арылту мақсатында бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру
көзделеді. Оның ішінде:
- мектептегі этностық
тәрбиені (оқу пәндері және арнайы тәрбиелік
іс-шараларды) жетілдіру;
- отбасындағы
тәрбиені маңызды ету;
- мектеп пен отбасындағы
тәрбиелік іс-әрекеттің сабақтастығын
күшейту. Аталған мәселелерді зеттеудің жекелеген
мақсаты етіп, одан кейін міндеттерге ажырата отырып шешу жолдары
қарастырылады.
ХХ ғасырдың
90-жылдарында жаңашыл ғалым Ж.Қараев халықтық немесе
ұлттық педагогика,
этнопедагогика туралы пікірлердің туындағанын айқындай келе,
“кейінгі кездегі "Ұлттық педагогиканы дамыту керек!" деген теориялық, ғылыми негізсіз
науқаншылықтың, жалған
патриотизмнің пайда болғанын айтады. Оның ойынша халықтық педагогиканы оқытамыз деп математика,
физика, химия, биология сияқты негізгі пәндердің
оқытылу
сағатын азайту енді егемендікке қолы жеткен елімізді тоқырауға душар етіп,
үлкен қателікке ұрындырады. "Біздің
балаларымыздың кішіпейіл, инабатты болғаны,
салт-дәстүрді білгені жақсы, - дейді ол. – Бірақ оған біржола
бетбұрып, бүгінгі ғылым білімнен мақұрым қалмауы керек.
Өйтпесек біз өркениеттің көшіне ілесе алмаймыз,
баяғы тоқырау, мешеу күйде қалып қоямыз..."“ деп
айтуы, этнопедагогиканы оқытумен жаратылыстану-ғылыми
білімдерді толық мәнді зерделеу назардан тыс қалмауын
көздеді деп ұғамыз [3].
Дегенмен де, халықтық
педагогиканың тәрбиелік мүмкіндіктерін айқындау мен
оларды оқу-тәрбие ісіне енгізу мәселесі тереңінен
зерттеліп, олардың нәтижелерінің ендірілуі жүзеге
асырылып жатқандығы көпшілік педагог қауымға
белгілі.
Еліміздің
ҚР “Білім туралы” Заңын жастар тәрбиесіне лайықты мән
берілген. Мысалы, “Білім беру жүйесінің міндеттері” деген
8-бабында: “Азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны
Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік
рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін
қастерлеуге, Конституцияға және қоғамға
қайшы кез-келген көріністерге қарсылық білдіре білуге
тәрбиелеу;
-
әлемдік және отандық мәдениет жетістіктеріне
құрметпен қарау, тарихты білу, қазақ
халқының және республикадағы басқа да
халықтардың салт-дәстүрлерін сыйлау, мемлекеттік тілді,
орыс және де шетел тілдерін меңгеру”, - деп көрсетілген [4].
“Оқу-тәрбие
жұмысын ұйымдастыру” деген 14-бапта білім берудің
тәрбиелік қызметі көрсетіледі.
Жалпы білім беретін мектеп
аясында ұлттық пішінде жастарымызды тәрбиелеуге
бағытталған бағыт-бағдарлар белгіленген.
Ұлттық пішіндегі тәрбие негізінде ұлттық
мәдениет қалыптасады. Педагогикалық еңбектерде
«ұлттық мәдениет» және «этностық мәдениет»
сөз тіркестері кездеседі. «Ұлттық мәдениет»
Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиевтің «Әдеп және
жантану» еңбегінде: «... әр халықтың ғасырлар
бойына жинақталып, белгілі жүйеге түскен рухани
өмірінің жиынтығы» ретінде анықталады. Ал
В.Г.Бабаковтың зерттеу еңбегіне сәйкес этностық
мәдениет – халықтардың тұрмыстық өмір
тіршілігі мәдениетіне қатысты элементтердің жиынтығы. Этностық мәдениетте
адамдардың дәстүріне тән тұрмыстық
өмір тіршілігін қамтитыны; тұрмыста, салтта, сенімде,
шаруашылық тәжірибелерде, қолөнерде, т.б. элементтермен
суреттелетіні айқындалған.
Этностық мәдениетті
қалыптастырудағы негізгі құралдың бірі
қолөнері. Мектеп қабырғасында қолөнерін
оқытуға «Технология» оқулығынан басқа, әдістемелік
нұсқаулықтар мен бағдарламалардың өзіндік
орны бар.
Халқымыздың
қолөнері бойынша Ш.Әбдуәлиеваның “Халық
қолөнері” атты 5-9-сыныптарды еңбекке баулу
пәнінің мұғалімдеріне арналған әдістемелік
құралда нақты әдістемелік ұсыныстар берілген [5].
Сондай-ақ әдістемелік
құралда (бесінші сыныпта):
- өнер туралы
мағлұматтар, қолданбалы өнер түрлері;
- мататану элементтері;
- кесте түрлері және
кестелік бұйымдар дайындау, көркемдік кесте тігістері;
- сыйлықтық
және тұрмыстық бұйымдар жасау,
алтыншы сыныпта:
- мататану элементтері;
- тоқыма бұйымдар
жасау жұмысы;
- бастырма түрлері
және бұйымдарды бастырмалаумен әзірлеу,
жетінші сыныпта:
- мататану элементтері;
- ойма-нақышты
бұйымдар;
- құрақ
(құрау) көрсетілген. Осында жүн туралы, оның
қасиеттеріне,
қолдануына тоқталады.
Ойма-нақышты бұйымдарды матадан дайындау қарастырылады. Ал
8-9-сыныптарда кілем, алаша тоқу туралы толық
бағдарламаның тақырыптық жоспары келтірілген.
Қазақ мектептері
5-7-сынып оқушыларын еңбекке баулудың
күнтізбелік-тақырыптық жоспарынан, үй жағдайында
көптеген тағамдардың түрлерін жасатуға болатынын
көруге болады.
Қазақ тіліндегі
мектептерде кеңінен қолданылып жүрген
бағдарламаның бірі 5-9 сынып оқушыларын еңбекке
баулудағы бағдарлама - “Тұрмыста қызмет көрсету”
[6].
Аталмыш бағдарламада:
- қазақтың
ұлттық аспаздық өнері;
- қамырдан ас және
тәтті тағамдар даярлау, мереке дастарқаны;
- тамақтануды ұйымдастыру
тәртібі мен мәдениеті жөніндегі мағлұматтар
берілген.
Еңбекке дайындау
бағытына сәйкес бағдарлама мазмұны қыздар
үшін бiрнеше тараудан тұрады. Олар:
1. Аспаздық жұмыс
технологиясы.
2. Қазақтың
ұлттық әйелдер киiмi. Матамен жұмыс.
3. Қазақтың
үй тұрмысындағы әйелдердiң кәсiбi.
4. Қазақтың
әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық өнерi.
Этностық
мәдениет деп халықтың тұрмыстық өмір
тіршілігіне тән білімдерді (қонақжайлылық, ісмерлік,
эстетикалық талғам, этностық мәдениеттілік),
құбылыстарды сипаттайтын және жеке тұлғалық
сапалық, жағымды қасиеттерін қалыптастырудағы
тәрбиелік іс-әрекеттер, байланыстар, қатынастар
ұғынылады. Нақтырақ айтқанда этностық
мәдениет: адамдар арасындағы қарым-қатынаста; еңбек,
өндіріс құралдарымен іс-әрекетте; табиғат
тіршіліктерімен араласуда және оларға ықпал етуде;
дәстүрлі тұрмыстық тіршілікте; образдық
қолданбалы, көркем шығармаларды жасауда этносқа
тән дәстүр элементтерінің орындалуымен
анықталады.
Этностық
мәдениеттегі іс-әрекет мақсаттары:
- гностикалық тұрғыдан: тану, анықтау,
түсіну, тексеру, бағалау. Мәселен, рухани
құндылықтарды анықтау және бағалау, т.с.с.;
- түрлендірушілік тұрғыдан: түрлендіру,
өңдеу, ұйымдастыру, әсер ету. Адамның өзін
және қоршаған ортасына қатынасын түрлендіру,
сапалық қасиеттерді іс-әрекеттерді (салт, дәстүр,
жөн-жоралғы, т.б.) ұйымдастыру, материалдық игіліктерді
өңдеу, сыйласымдық қарым-қатынас жасау.
- ізденушілік тұрғыдан: ойлап табу, үлгі
құрастыру. Сәндік-қолданбалы өнерде
шығармашылықпен тұрмыстық заттарды әзірлеу, т.б.
Этностық
мәдениетке тән нысандардың мазмұны:
- ұлттық
төл ұғымдарымен;
- этносқа тән
іс-әрекет үлгілерін орындау іскерліктерімен;
- этностық
нысандарды орындау мен жүзеге асыруда қалыптастыратын жеке
тұлғалық сапалық қасиеттермен анықталады.
Түрлік
ұғым тұрғысынан қазақ
қыздарының этностық
мәдениеті – қазақ қыздарының
ұлттық дәстүрлі өнер үлгілерін танып білу
мен әзірлеудегі және салт пен дәстүрді, жөн-жоралығыларды
орындаудағы мәдени іс-әрекет үлгілері. Қыздарды
этностық мәдениетке баулу немесе оқушы-қыздардың
этностық мәдениетін қалыптастыруға
бағытталған оқу-тәрбие жұмыстары мектеп аясында,
отбасында жүргізіліп отырғаны белгілі. Оны айқындау
мақсатында мектептің тәрбие және оқу
жұмыстары бойынша басшылыққа алынатын құжаттарда
этностық мәдениетке тән оқу материалдары мен
іс-әрекеттерінің тіркелуін байқауға болады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1 Қазақ қызы: өткені,
бүгіні, ертеңі. Халықаралық
ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 21-22
қараша 2003, ІІ том. Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогика институты, 2003. - 454 бет.
2 Шаймерденова К.
Абайдың ағартушылық ойларындағы жаңашылдық
және бүгінгі мектеп мәселелері. –Алматы, 2002. – 160 б.
3 Аманкелдиев Ә. Педагогикаға да технология қажет //Зерде, 1994. -№5,
Б.3-4.
4 Қазақстан Республикасының
“Білім туралы” заңы. 1999, 7-маусым.
5 Әбдуәлиева
Ш. Халық қолөнері: -Алматы: Рауан. 1992. –120 б.
6 Жалпы
білім беретін орта мектеп бағдарламалары. “Тұрмыста қызмет
көрсету” бағдарламасы. V-ХІ кластар. Алматы, 1992. – 40 б.