Оқушыларға сәндік қолданбалы өнері негізінде қолөнерді үйретудің тәрбиелік мәні

 

Қасымбекова Г.

«Кәсіптік оқыту технологиясы» кафедрасының  оқытушысы

Қ. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 

Қазақ қалқының көне дәуірден өшпес мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сәндік көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелігімен таныта білген–қолөнері.

Қолөнердің халықтың әлеуметтік салт тұрмысында алатын орнының қаншалықты биік, жоғары екеніне сене алсаң оның ішінде қолөнерді нақышына келтіріп әдемілік, әсемдік дүниесінің ауқымын кеңейіткен ою-өрнек. Олай болса бұл бөлімде айтайық деп отырғанымыз, өткен өмірімізбен бірге, өшпей мұра болып, материалдық мүмкіндіктерімізбен, қатарласып, сабақтасып келе жатқан ою-өрнек туралы болмақ.

Ою-өрнектің шығып тарауы қолөнер, тұрмыс заттарының өркендеуімен тығыс байланысты және солардың ішінен орын ала білді. Олардың даму процессіне халықтың әлеуметтік сана-сезімінің, болмыс тіршілігінің жанданып, мәдениетінің өсіп, тұрмыс жағдайларының жақсаруының да әсері болды.

Сонымен қатар ою-өрнектің өркендеуіне ата-бабаларымыздың сезімдік талғампаздық дүниесі, қоршаған табиғат аясы, тұған жердің қасиетті топырағы мен тоғай-тауларының құлпырған реңк-түрлері, шикізат байлықтары да көп ықпал етті. Әр халыққа, ұлтқа тән өзіндік ою-өрнек негіздері қалыптасып дәстүр алды. Пішу, үлгі алу және басқа материалдарға көшіріп әсемдеу жолдары дамыды. Кілемге, киімге,  сырмаққа, ыдысқа, қару-жараққа, үй жиһаздарына арналған ою түрлері қалыптасты. Олай болса, ою-өрнек бүгінгі өмірімізге бірден дайын күйінде келмеген.

Ою-өрнек - адам баласының ақыл ойының толып-толқуынан, жүрегінің лүпілінен, өзін айнала қоршаған ортаны танып-тамашалауынан туған бейнелер. Гулдің, жапырақтың, жан-жауардың бейнелері нақты сол шын қалпында берілмей, көшірілмей, образдар арқылы ою-өрнекке айналып, қолдану аясына ерекше мәнермен, үндестікпен, әуенмен жеткен. Бұл халықтың білімінің, шеберлігінің өсіп, ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі, тапқырлығы, данышпандығы.

Ою-өрнекті зерттеген, қолдарынан сан қилы өрнектің үлгі түрлерін жасап көрермендерді қуантқан зергер, ұста, шеберлігімізді, ән мен жырға қосқан әнші, ақындарымызды айтпаған күнде, оларға талдау жасап тарихқа жазып, сызып кеткен, қазақ қолөнерінің, оюының не екенін басқа елдерге жеткізген көптеген шет елдердің саяхатшыларын, тарихшыларын, этнографтарын, археолог-ғалымдарын айтуға болады. Олардың ішінде В.В.Стасов, Г.Н.Потанин, П.С.Поласс, И.Георги, А.К.Гейнес, С.М.Дудин, В.Н.Чепелевті және тағы басқаларды айтуға болады [1].

Халық салтында мұндай өрнектеудің кейбіреулері күні бүгінге дейін сақталып келеді. Оның себебі әдемі ұнасымды кесте ою-өрнегінің барлық түрлері бірдей қолдануға тиімді. Міне, осы сияқты бізбен, машинамен және инемен көркемдеп тігілген кестені әшекейлеп, кестелеу (художественная вышевка) деп атайды. Өнер қазынасының сарқылмас мұхиты халық «адам өнерімен  әсем, аң жүнімен әсем» деп келіп, «кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп қорытқан. Кесте өнері осы айтылғандай, нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-ұйқаш тігу, қайып тігу [2].  

Ою деп заттың, бұйымдардың, жиһаздардың, ғимараттардың сыртқы пішініне, түріне, шығармашылық әуеніне ерекше мәнер, қосымша әсер беріп, қарапайым симметриялы элементтерден құрылып, ырғақ, теңеу, рең арқылы түзу жазықтықта немесе квадрат, ромб, шеңберлерде тұйықталып орналасқан әшекейлі өрнекті айтады.

Заттың бұйымның сыртқы пішініне, алатын орнына, атқаратын қызметіне, пайдалану мақсатына және шикізат түрлеріне қарай ою-орнекті ойып, бояп, қашап, құйып, бедерлеп, өріп заттардың түр пішіні мен үйлестіре пайдалануға болады.

Оюлар әр шикі заттың физикалық қасиетіне, пайдаланылатын өнер бұйымының қолдану аясына байланысты рельефті, барельефті болып шешіліп, жазықтықта қалай қолданылса кеңестікте солай орын ала білген.

Ою-өрнектің классификациялық негізгі мәнері төрт топқа бөлінеді. Олардың барлығының негізінде геометриялық ұғым элементтері жатыр. Ол-нүкте, ол-сызық, бұлар классикалық төрт топтың негіздері.

Классификациялық ою-өрнектің төрт тобына: геометриялық ою-өрнектер; жан-жауарлар, хайуанаттар ою-өрнектері; өсімдік тектес ою-өрнектер және космоногиялық ою-өрнектер жатады. Ою-өрнектің қайсысын адам баласы бірінші ашып, көркемөнер шығармасы ретінде қолданғанын дәл зерттеп ашқан ешкім жоқ. Ашып дәләлдеуде мүмкін емес. Қайсысының бірінші, қайсысының екінші екендігі туралы, ою-өрнектің бір-біріне қалай бағынатындығы туралы сұрақтарға тек арнаулы физикалық, математикалық заңдылықтарға негіздеп қана жауап беруге болады. Ол тек ғылым тұрғыдан берілетін тұжырым.

Сондықтан ою-өрнектерге талдау жасап, әр классикалық топқа бөлмес бұрын ою-өрнектің негізгі құрылымы қалай, оюдың өзіне тән ерекшелігі неде, композициялық орналастыру ережесі не, ою-өрнектің пішінін, құрылысын, образдық белгісін, өзгертуге симметрияның әсері қандай деген сұрақтарға жауап беруіміз керек.

Ою-өрнекті халық шеберлері сәулет, кескіндеме, қолданбалы өнерде, қолдан шыққан барлық өнер заттарын көркемдеуге, әсемдеуге пайдаланған. Осыған орай ою-өрнек үлгілері араласқан бұйым – заттарды тұрмыста қолдану негізіне қарай екі топқа бөледі. Біріншісі, ою ешқандай заттарды көркемдемей-ақ, өз алдына жеке әшекей ретінде қолданылып, көрермендерге эстетикалық сүйсініс, әсер береді. Бұндай жағдайда оның көркемдік, әсемдік жақтары пайдаланылады. Екінші түрінде оюлар шебердің қолынан шыққан заттарды көркемдеп толықтырып, айрықша көрініс, сәндік мағына береді. Яғни ою-өрнек жасалған заттың ерекше бөлінбей оның формасын күнделікті тұрмыста пайдаланумен қатар, көрермендерге эстетикалық ләззат және рухани байлық болып ерекше  сезімге бөлейді. Қазақ ою-өрнектерінің өздеріне тән сыңар ою, тең жүздеме ою секілді композициялық құрылымдары қалыптасқан. Аталған оюларда да композицияның классикалық-орталық бөлек, шет, жиек, фон негіздерімен бірге, симметриялық тепе-теңдік, тұйықтық, орнықтылық категориялары сақталған. Мысалы, толқын, ирек, су, омыртқа, айшық, сыңар мүйіз, бұғы мүйіз, оюларынан шапшаң қосғалысты байқасақ, қошқар мүйіз, сынық мүйіз, қолтықша, тарақ, балта секілді оюлардан орнылықты байыптылықты көреміз  [2].     

Әл-Фарабидің пайымдауы бойынша оқыту-бұл философия, теориялық білімдер негіздерін оқуды меңгеру; тәрбиелеу-мұғалімнің, тәрбиешінің жасөспірімде белгілі адамгершілік мінез-құлық нормаларын және қолөнер кәсібінің практикалық дағдыларын игерту.

Тәрбиенің мақсаты жан-жақты және болашақ қоғамның жеке тұлғасының үйлесімді дамуын қалыптастыру болғандықтан, К.Маркс пен Ф.Энгельс балаларды тәрбиелеуге зейін аударды.  К.Маркс еңбектің тәрбиемен үйлесімді болмауына қарсы болды. «Тәлім-тәрбие деп, біз үш нәрсені түсінеміз: Біріншіден: ақыл-ой тәрбиесі. Екіншіден: гимнастика мектептерінде және әскери жаттығулар арқылы берілетін дене тәрбиесі. Үшіншіден: өндірістің барлық процестерінің негізгі принциптерімен таныстыратын және сонымен бірге баланы немесе жеткіншекті барлық өндірістің қарапайым құралдарын пайдалану дағдысына үйрететін техникалық оқыту» - деп, жазды [3].   

Оқытудың ғылымилық қағидасы. «Технология» пән сабақтарының мазмұны өндірістің негізгі компоненттері бойынша анықталатындығы белгілі. Сабақта техника, технологиялық үдерістерді және экономикалық көрсеткіштерді оқыту барысында, олардың негізгі анықтамалары, заңдылықтары ғылыми негізде түсіндіріледі.   

 

 

                              Пайдаланылған  әдебиеттер: 

 

1. Әмірғазин Қ. «Қазақ қолөнері» Алматы: Дайк-Пресс 2004 ж.

2. Қасиманов С. «Қазақ халқының қолөнері» Алматы. Қазақстан – 1995 ж.

3. Ортаев Б.Т. «Технология пәнін оқытудағы политехникалық бағыттылық» Оқу-әдістемелік құрал Шымкент 2006 ж.