Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
Филология,
әдебиеттану және әлем
тілдері
факультетінің
магистранты
Әзизова Айнұр
Тәуелсіздік
тұсындағы қазақ әдебиетіндегі ұлттық
көркем бейнелер көрінісі
Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз
қасық қаны қалғанша күресіп, өмір
бойы аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де
биыл 21жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде егеменді еліміздің әлемдік
ауқымда танылып үлгерген мемлекеттік бағдарламаларында
ұлттық руханиятқа кең өріс берілуі
ғалымдардың жаңа бір ғылыми тынысын ашты. Соның нәтижесінде
фольклор, этнография, көркем әдебиет салалары да өз
нысандарына тереңдей еніп зерттеудің және өзара
сабақтастықта дамудың жаңа белесіне көтерілді.
Жазушылардың шығармаларындағы ұлттық таным
мәселесі де қазіргі таңда зерттеу нысанына айналып отыр.
Қазіргі қазақ
прозасының мәні ұлттық өмір салтымыздағы он
саусағынан өнері тамған тұлғаларды сомдауынан
көрінеді. Бұрынғы қазақ тұрмысындағы
ұсталық, зергерлік өнерінің іздерін көркем
шығарма арқылы қайта тірілту Таласбек Әсемқұловтың
«Тал түс» атты туындысының ғана емес, қазіргі
қазақ прозасының тың тақырыбы деуге болады.
Себебі «Шебердің қолы ортақ» дейтін халқымыз темірден
түйін түйген ұста, шеберлерді заманының
толыққанды тұлғалары ретінде таныған. Көп
уақыт бойына социалистік реализм талаптары тұрғысынан
ғана қарағандықтан ұлттық
ой-өрісіміздегі мұндай халықтық идеалдар
көмескіленген.
Кезінде Мұхтар Әуезов әдебиеттегі ұлттық тұлға
мәселесіне ерекше назар аударып, «Ойлы адам интелектуальный адам
дегеніңіз кім? Әрине бұл «оқымысты» немесе «интелегент»
деген сөзімен барабар емес энциклопедиялық көп жақтан
хабардар болу да интеллектің тереңдігін танытпайды. Қазіргі
білім жеке ғылым саласына тереңдейтін мамандықты тілейді.
Аристотелъдің, Абуғали Ибн Синаның, Леонардо да Винчидің жан-жақтылығы бұл
күнде мүмкінде емес. Дәуіріміз бізден өзгені тілейді.
Адамзаттың көп ғасырлы мәдениеті бізге
қалдырған мұра да өз дәуірің туралы жауапты
терең ойлан дейді. Ал біздің әдебиетіміз анық
күткен қадірлі замандасымыздың өзі де
өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемін де
даналықпен қамтып, тани білетін адам»[1, 43б.],
– деп атап көрсеткен болатын.
Адам болмысының жаратылысындағы
ерекше қасиеттеріне мән беріп, сол арқылы кейіпкерлік даралау
көркем прозадағы сәтті табыстардың бірі.
Ұлттық болмыстағы ұсталық, зергерлік,
аңшылық секілді кәсіп түрлері тұрмыс-тіршіліктен
ығыстырылғанымен оның этно-мәдени
құндылығын көркем шығарма арқылы беру
жазушыдан тек шеберлікті ғана емес, тарихи зердені,
өнерпаздық сан қырлы болмысты талап етеді. Осындай талап
деңгейінен табылатын Т.Әсемқұловтің
«Талтүс» романындағы ұста, шеберлер тұлғасы
қазақтың ежелгі мәдени-рухани өмірінің
сәулесі.
Шығармадағы диалог арқылы
берілген басқалардың Ахметжан ұста жайлы ой-пікірлері
болашақ кейіпкердің кім екендігінен хабардар етеді. Жазушы Ахметжан ұстаның
қолы ғана ісмер емес, ой-өрісі кең, өткен-кеткен
тарихтан мол хабары бар жан екендігін аша түсу үшін ас үстіндегі
оның әңгімесін береді. Әңгіме ішіндегі
әңгімеден оқырман да ұсталық өнердің
қыр-сырына бойлап, оны үйрену, меңгеру, сол жолдағы
шыңдалу өнегесімен қаныға түседі.
Шығармада Ахметжанның
әңгімешілдік қыры, өткен мен бүгінді шебер
қиюластырып, тағлымды тұстарын баяндай білетін өнері
ерекше көзге түседі. Бұл үшін жазушы еске алу, еске
түсіру әдістерін қаламгерлік шеберлікпен пайдалана білген.
Өйткені, «Әдебиеттанудағы еске алу тәсілінің
өзіне тән формалық, көркемдік қызметінің
өзі адам санасының бір түпкірінде тығылып
қалған әртүрлі әсерлердің,
ұғым-сенімдердің, белгілі бір оқиға –
бейнелердің ойға оралуынан ішкі жан әлемінде бір-біріне
тәуелді-тәуелсіз, өзара сабақтас сезімдердің
тууына себеп болары сөзсіз. Еске алу – ішкі монологтың өріс
алуына, оның өркендеп дамуына түрткі болар, яғни
тұңғиық ойға берілудің алғашқы
баспалдағы да» » [2, 41 б.].
Ахметжан ұстаның аузымен
шертілген әңгімесі арқылы Кітапбай шебердің асқан
өнерпаздығы мен өз ісіне ыждағаттылығы,
шәкіртін шеберлікке шыңдау жолындағы қатаң
талапкерлігі танылады.
Жазушының кейіпкерінің
әңгімесінде ғана аты аталып, ерекше қасиеті тілге тиек етілетін
ұста шеберлер көркем қиялдан туған бейнелер емес,
ежелгі қазақ тұрмысының шынайы шындығы.
Ұлттық кәсіп пен руханияттың тұтастығы
бұзылмаған замандардағы адамдар болмысындағы парасат,
сөзге беріктік, өзара құрмет сезімдерін жазушы
асқан шеберлікпен бедерлей алған. Ол ұлттық образды
қайта тірілтуден ғана емес, кәсіп иесіне тән
көрікті де ойлы, тіл өрнектерінің шебер жымдасуымен де
ерекшеленеді. Таланттыларға тән талғам мен
психологиялық хал-күйді беруде жазушының ана тіліміздің
байлығын терең меңгергендігі айқын
аңғарылады. Өйткені қаламгер ұлтымыздың
дәстүрлі мәдениеті мен киелі өнерінің
қасиетін бүгінгі оқырман ойына оралтуды мұрат еткен
және осы мұрат үддесінен шыға алған.
Ұлттық психологиямыздағы
ерекшеліктерді сөз өнерінің көркемдік әлемінде талғампаздықпен
бедерлейтін бұл туындыда кейіпкер тұлғасының тарихи
даму динамикасы да сақталған. Әрбір дәуірдің
талабына сәйкес ұлттық құндылықтардың
өзгеріске түсуі оңай бола салатын құбылыс емес.
Қаламгер ғасырлар бойы халықтың ой-санасы мен
тұрмыс-тіршілігінің айнасы болған ұсталық,
зергерлік шеберліктің сын-сипатын суреттеумен шектеліп қана
қоймайды. Сол қасиет, киені аңсаған
ұрпақтың жан дүниесіне де суреткерлік көзбен
бойлай білген.
Халық прозасы үлгілерін
жіті тексергенде
аңшы-мергендердің бейнесі, негізінен, екі түрлі арнада
сомдалғаны байқалды. Аңшы-мергендер қауымды азық-түлікпен, жылы тері киіммен
қамтамасыз ететін, ел-жұртын
табиғаттың дүлей күштерінен батыл
қорғайтын өз заманының идеал тұлғасы болғандықтан ертегі мен хикая жанрларында
киеге баланып, мадақталып, олардың мінсіз тұлғасы суреттеледі.
Ал, мифтерде керісінше қатігез
мергендер қарғысқа ұрынып, Тәңір тарапынан
ауыр жазаға ұшырайды. Осы ерекшеліктердің себеп-салдары
рулық замандағы шаруашылық пен дүниетанымның
терең қатпарында жатқандығы мәлім.
А.Сейдімбектің «Рамазан мерген» атты
әңгімесінде аңшылық кәсіптің қыры мен
сыры, қалтарысты құпиясы, жан-жануарлардың
қасиетін тани білген сұңғыла қасиеті ашылады.
Бұл әңгіме хикаялық сипатта басталғанмен
шығарма ішіндегі оқиғаларда өмір шындығы басым
жатады.
«Бұл мезгіл, әсіресе,
мың-мыңдап жөңкілген киікке қолайлы. Ала жаздай
сай-сала, сағымды далада шашырай жайылған киік, енді үйір
құрап, ешкі-лақтары әлуетті құлтекелерді
төңіректеп, күйекке түсер алдында бір-біріне бой
үйретіседі. Жер сонысын көп шалған сақ текелерге
қосылған соң, қалың киік күнде
қоңданып, қабырғаларын май жауып шыға келеді.
Бұл кезде киік аулау – қияметтің қайымы. Ертеден
қара кешке желдеп жайылған киік қияннан қылт еткенді
көргіш келеді. Шілденің ми қайнаған ыстығында
ғой пысынап көп жусаған киікті кім көрінгеннің
атып ала беретіні. Ал қазіргідей сары күзде аңшының
аңшысы ғана өнерін асырып барып, қанжығасын
қандай алады» [4, 165 б.].
Авторлық баяндаудағы
табиғат мезгіліне сай аң аулау үрдісінің де ерекшелігі
болатындығын бұлайша сипаттаудың себебі шығарма
барысында ғана ашылады. Мезгілдің мінезіне тән
қиындыққа қарамастан аулайтын киіктің
қоңдылығы мен аң аулаудың қиындығын
таңдап алатын Рамазан мерген аңшылығы алдыңғы
талданған Сағын қарттан өзгеше. Ол
аңшылққа деген ынтызарлық, аңсарлық сезім.
Зерттеу
барысында ғылыми
тұрғыдан сарапталған
А.Сейдімбектің «Рамазан мерген», Т.Әсемқұловтың
«Тал түс», т.б. шығармалардағы қазақтың
бұрынғы қоғамдық әлеуметтік өмірінде
зор ықпал атқарған ұста, шебер, күйші, ақын т.б. тарихи
тұлғалардың
көркемдік бейнесін сомдалған. Туындылардың тағылымдық –
тәрбиелік маңызы зор. Себебі, бүгінгі жахандану үрдісіндегі ақпараттар ағынында өмір сүріп жатқан жас
ұрпақ үшін ұлттық өнердің
құдіретімен сол
өнерді кие тұтқан
тұлғалардың
өмір өрнектерге
үнелте отырып,
ұрпақты тәрбиелеуде
бұл шығармалардың
көркемдік құны жоғары. Зерттеу жұмысы осы
мақсат мүдеден шығуды
көздеген. Олай дейтініміз: Ең алдымен тұлға
деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел үшін, халық үшін,
орасан маңызы зор, тарихи мәні терен іс әрекетке барған, немесе аса
жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айырықша орны болған
адамға халықтың өзі осындай тұлғалық
денгейге көтеретін бағаны
беріп отырған.
Жоғарыда талданған
шығармалардағы өнерпаз тұлғалар қазақ
тарихындағы нақтылы
тарихтың көрінісі. Талантты қаламгерлер А.Сейдімбек,
Т.Әсемқұлов осы ұлттық құндылық тарихын қайта
жаңғырту арқылы қазақ прозасында сүбелі
үлес қосып отыр. Көне заманғы мифтен бастап,
түрлі фольклорлық түсініктер қаламгерлердің
творчестволық, интелектуалдық мүмкінгі нәтижесінде
бүгінгі өмір шындығымен ұштасып отыр.
Халықтың дәстүрлі эстетикасы мен генетикалық
байланыстың жандануы ұлттық рухты жаңғыртуды
қажет етіп отырған, заман талабының рухани сұранысын
өтейтін өнегелі үрдіс. Бұл тұрғыда
қазақ прозасындағы қаламгерлердің кең
тынысты творчестволық құлашы танылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Мұхтар
Әуезов тағлымы: әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. –
Алматы: «Жазушы», 1987. - 43 б.
2.
Пірәлиева
Г. Ішкі монолог. – Алматы:
Ердәулет «Қазақстан», 1994. - 212 б.
3.
Әсемқұлов
Т. Тал түс. – Алматы, 2002.
4.
Сейдімбек
А. Аққыз. – Алматы, 2002. - 410 б.