ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН  ДАМЫТУ 

 

  Серікхан Амангүл Серікханқызы

                                                                       «Би Боранбай орта мектебі» КММ

                                                                Тарбағатай ауданы, Қызыл кесік ауылы

                                                                

Аннотация:  Оқушыларды шығармашылық іске жұмылдыру, іздене білім алуға, өз ойын дәлелдеп, тиянақты айтып беруге дағдыландыландырады.

Кілт сөздер: функционалдық сауаттылық, көркем мәтін, синоним, шығармашылық, картотека.

 

Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік.

                        Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төрт негізгі механизмін бөліп көрсеткен. Ұлттық жоспарда көрсетілген функционалдық сауаттылықтың механизмінің бірі – оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. Бағалау жүйесі функционалдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау – оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау және мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты өлшеміне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ал сырттай бағалау – әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне сәйкес (ҰБТ, ОЖСБ), сондай-ақ халықаралық зерттеулерге (TIMSS, PISA) қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Білім алушылардың өзін-өзі бағалауы, ұйымдастыруы, жетілдіруі және жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.

                        «Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес, мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез-келген нысанның артында объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқу және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады» [Александер 2001].

Осы пікірді алға тарта отырып, оқушылардың түсіну дәрежесін бағалауда қалыптастырушы және жиынтық бағалау негізінде жүргізуге  тырыстым. Өзін-өзі бағалау және жұптық, топтық бағалау негізінде бағаланды. Бұл оқушылар үшін үлкен өзгеріс еді. Себебі бұрын оқуда немесе басқа сабақтарда тек суммативті бағалау болатын. Оқушыларға бірін-бірі бағалау, өзін-өзі бағалау бағалау ұнады. Әрине алғашқы сабақтарда жақсы болды деу өте қиын. Осы мақсатта түрлі әдістерді қолдандым. Сабақ барысында түсіну дәрежесін жақсартуда кері байланыс орнаттым. Рефлексия «Екі жұлдыз, бір тілек», «Бағдаршам» арқылы кері байланыс орнаттым, берілген стикерлерге қағаздарға сабақ туралы, оқушылар өз пікірлерін жазып қалдырады. Оқушылардың оқуды бағалауға қызығушылықтары арта түсті. Өз тәжірибем барысында оқыту мен оқуды оңтайландыру бағытында бағалаудың дәстүрден тыс үрдісін қолданып отырдым. Оқушылардың өзін-өзі бағалауы оларды білімге құштарландырып өз білім дәрежесін анықтауға оқу үрдісін жақсартуына көмектесетінін байқадым. Оқушылардың өзін-өзі, бірін-бірі бағалауы арқылы өзін-өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтайды, өз білімін басқалармен салыстыруды үйренеді. Қате кеткен жерлерін түсініп, әділ бағалауды үйренеді, дағдыланады. Бағалау оқушылардың өзі-өзінің, басқалардың ойлары мен жұмыс жасауын бақылау болып табылатындықтан оқушы өзінің ойлауын, түсінуін, тәртібін қадағалап отыруды үйренеді, дағды қалыптасады. Мұны іс-тәжірибе жасау барысында байқадым. Оқушыларға әртүрлі бағалау әдістерін қолданып көрдім. Мұндағы мақсатым – оқыту үшін бағалауда қайсысы ыңғайлы екендігін байқау.

Алғашында бағалау кездерінде кішкене қиындықтар болды, айтар болсам оқушылар өздеріне жоғары баға беріп, бірін-бірі көтермелеп қойды, бірақ бұл алғашқы кезде ғана орын алды. Сонымен қатар, өздерін сыныптастарының бағалауына келіспей, өздерінің кемшіліктері мен жіберген қателіктерін ескере отырып әділ бағалайтындар да кездесті. Сабақ барысында оқушылар бағалаудың маңыздылығын түсінеді. Ол топтардың бірін-бірі бағалауы, марапаттауынан көрінеді. Осының нәтижесінде бала жауапкершілікті сезінеді, өз білімін жетілдіру қажеттілігін түсінеді, талдау жасауды және өз білімін басқалармен салыстыруды, білім алу барысында шешімдерді қабылдай білуді үйренеді. Білімін жақсарту үшін бағалауды түсінеді. Қорыта келгенде оқушының өзін-өзі бағалауы оқуға деген оның қызығушылығын арттырып, білім алуға көп көмегін тигізеді, өзінің оқуын қалай жақсартуға болатынын түсінеді.

Функционалдық сауаттылықтың механизміне қосымша білім және мектептен тыс сабақтармен қамту жатқызылады. Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір қағидасын басшылыққа алсақ, функционалдық сауаттылықтың бұл механизмі жүзеге асқан болар еді: «Балаға ең қымбат, ең жылы, ең жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенімен өмір жүзінде пайдаланатын болады. Балалар туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын біледі» [6.,301].

Мектепте «Абайтану» қолданбалы курсы өтіледі.

Ұлы ақын шығармаларын терең де, жан-жақты таныту арқылы елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім, білік дағдылармен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз кәдесіне жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру.

Сол себепті мен өз тәжірибемде қазақтың маңдай алды бас шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясын пайдаландым. М.Әуезов қазақ тілінің бар інжу-маржанын қағаз бетіне түсірген. Жазушы сол кезеңдегі көне қазақ мәдениетін, яғни халық тілінің байлығын, әсіресе, ондағы байырғы құбылыстарды, шешендік нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді, ас беруге, қыз ұзатып, келін түсіруге, той-томалақ түрлеріне, әр алуан этнографиялық, рухани мәдениетке байланысты лексикалық қабаттардың қай-қайсысын да қажетінше қамти пайдаланды.

                        «Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз іздеп табу – шебер суреткердің қасиетті парызы. Оның дәл осы жағдайда сөз іздер атырабының бірі -синоним»,-дейді З.Қабдолов.

Оқушылардың танымдық қабілетін арттыру, оларды білуге ынталандыру, шығармашылыққа ұмтылдыру, ойлана іздене білім алуға, өз ойын дәлелдеп, тиянақты айтып беруге дағдылану сияқты сапаларды оқушы бойына дарыту – білім саласындағы өзекті мәселе.

                        Осы тұрғыдан келгенде оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында мен қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында «Абай жолы» роман-эпопеясында қолданылған синоним сөздер негізінде жасаған картотека материалдарымды пайдаландым. Мақсатым: шығармашылық іске жұмылдыру, іздене білім алуға, өз ойын дәлелдеп, тиянақты айтып беруге дағдыландырып дамыту. 

                        Л.С.Выготский «Шығармашылық деп жаңалық ойлап табатын іс-әрекетті» атаған.

                        Қазақ тілі сабағында оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелеуде жазба жұмыстарының маңызы зор. Жазба жұмыстары – оқушының іс-әрекетіне негізделген ой еңбегі, шығармашылық ізденісінің жемісі, білімінің көрінісі.

                        Қазақ тілінде жазба жұмыстары арқылы шығармашылық жұмыстарға қол жеткізу – мұғалімнің де шеберлігін талап ететін өнімді ізденіс.

                        Қазақ тілінде жүргізілетін жазба жұмыстарының мақсатын А.Жапбаров төмендегіше көрсеткен: «Жазу жұмыстарын жүргізудегі басты міндет –шәкірттерді кітаппен жұмыс істей алуға, өздігінен іздене білуге, өмірден көрген, тұшынған мәселелерге байланысты пікірін дұрыс жеткізіп, ой-түсінігін, сезімдік әсерлерін нақты тұжырымдап жаза алуға үйрету болуға тиіс».

                        Оқушылар картотекадағы сөйлемді талдау  барысында көркем мәтінді оқудың төмандегідей түрлерін пайдаланады:

-         Көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Қиын, түсініксіз сөздерді ұғына оқу.

-         Таңдап оқу. Өзара мағыналас сөздерді, синонимдерді теру.

-         Іштей оқу. Әр оқушыға жеке берілетін тапсырма болғандықтан, әркім өз бетімен орындайды. Бұл оқушыны ойлануға, өз бетімен ізденуге, сұраққа жауап табуға, бәсекелестік негізінде белсенділігін арттыруға көмектеседі.

-         Ұжымдық және жұптық оқу. Мәтінді өз алдына дербес оқып шыққан оқушылар бір-бірін мұқият тыңдай білуге, сыни көзқараспен қарай білуге, бір-бірінің жұмысын талдай білуге жаттығады.

Мысалы: «Қайтқанда» тарауы бала шәкірт Абайдың өзінің туған ауылына ерекше алабұртып, асығып келе жатқан қалпын суреттеуден басталады.Оның бұл сәтін бейнелеуде жазушы барын салды, асықты  деген сөздерді қолданады. «Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асық-қанды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзі оятып тұрғызып еді». Осындағы күн шыға, таң атар-атпастан деген сөздер де оның туған өлкеге ынтыққан бейнесін аша түскен.

Эпопеяның «Жолда» аталатын тарауы төмендегідей синоним сөздердің қатарласа қолданылуымен басталады. «Бейуақ. Кеш қараңғылығы қоюланып келеді. Үлкен үйдің бұрыш-бұрышынан қарауытып түн туып, тұтасып келе жатқан тәрізді... Шыңғыс кешкі шақта ымырт жабыла, көкшілденіп, суық тартып алыстай береді».

Қыр кеші Абайдың бір ұғымсыз әміршісі, сүйсіндіре мүлгіткен зор мұңдасы тәрізді. Ол сындай сәттерде өзімен-өзі қалғысы келеді. «Осы қыстауға қонғаннан бері, кеш сайын Абай ешкімге білдірмей, елеусіз ғана әжесімен оңаша қалады. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсіз, жым-жырт қана өткереді. Өзімен-өзі ғана болуын сүйіп, саяқ қалады. Егер ол кей күндер бұл шақта тыста болса, жапа-жалғыз төбе басына шығып кетеді».

Абай кеш сайын, бейуақ шағында ешкімге білдірмей, елеусіз, өзімен-өзі ғана,оңаша, жапа-жалғыз, саяқ қалады. Міне, бір ғана ойды білдіруде жазушы осыншама мәндес сөздерді пайдаланған.

Эпопеядағы Әбіштің дүниеден өтетін кезінде ақын біршама контекстік синонимдерді пайдаланады. «Таң жаңа сызат беріп ата берген шақта, Әбіш үзілді. Көптен бері барлық пен жоқтық арасында жатқан аяулы жан, өмір шегінен баяу ғана, ақырын ғана жылжып өтіп кеткендей».Эпопеяда үзілді дегеннен басқа Мағауияның, Бөжейдің өліміне қатысты өлді, дүниеден озды, қайтыс болды, жантәсілім етті тәрізді синонимдерді пайдаланады. Ал Абайдың өзі дүниеден озған сәтті жазушы былай бейнелеген: «Ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай қаза тапты.Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл дарияны жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді, алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті». 

М.Әуезовтің бас еңбегі «Абай жолындағы» синоним сөздердің көп қолданлуы жазушы тілінің көркем де кестелігін, һас шеберлігін, жазушы тілінің байлығын танытаныны анық.

Шеберлік–сөздің орнын таба білу. Әрбір сабақ басталар алдында оқушыны қызықтырып әкететіндей кіріспе ойлап табу керек. Бейнелі сөздер, қызықты мәлімет, тартымды үзінді оқу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Жүргізілген жұмыстардан оқушыларда сөздікпен жұмыс істеу дағдысы қалыптасады, өздігінен кітап оқуға қызығушылығы артады, ұжым болып жұмыс істеуде бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсарады, шығарманы талдай білуге үйренеді, әдеби тілде сыпайы сөйлеуге үйренеді.

Синоним сөздер халық тілінің байлығын, сөздік қорының молдығын танытады. Ал синоним сөздерді жетік меңгерген оқушының тіл байлығы молайып, шешен де шебер сөйлеуге дағдыланады. Өз ана тілін құрметтей білетін, оның сөздік қорын мейлінше жоғары игерген оқушыдан таным-түсінігі терең, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген тұлға шығатынына әбден сенуге болады.

Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой,  сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ.

           

                                Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Оразахынова Н. Функционалдық сауаттылықты жүзеге асыру жолдары//Қазақ тілі мен әдебиеті.-2013.-№2.-18-23б.

2.      Құрманова Ж. Оқушының шығармашылық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру арқылы жеке тұлға қалыптастыру жолдары.- Өскемен,2014.-7-10б.

3.      Әуезов М. Абай жолы: роман-эпопея.-Алматы,2002.

4.      Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты// Ана тілі.-2012.-№5,2-8 ақпан.

5.      Мұғалімге арналған нұсқаулық.-Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.-306 б.

6.      Аймауытов Ж. Бес томдық жинағы.Vтом.-1999.  – 301 б.

7.      Серікхан А.С.  «Абай жолы» роман-эпопеясында қолданылған синоним сөздер» шығармашылық жұмыс негізінде жасалған картотека материалдары.