Бейсенова Д.Р., Сыздықова Н.Қ.

Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қаласы, Қазақстан

МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУДА ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

Кейінгі жылдары ақпараттық технология термині компьютерлік технология терминімен мағыналас болып есептеледі, өйткені қазіргі уақытта ақпараттық технология компьютермен тығыз байланысты. Ақпараттық технология қазіргі заманғы компьютермен желілік құралдарға негізделе отырып, қазіргі заманғы ақпараттық технология терминін құрады.

Мультимедиалы компьютерлік технологиялар барлық дәстүрлі оқу құралдарын алмастыруға мүмкіндік береді. Көп жағдайда мұндай алмастыру өте тиімді, өтйкені мұғалім әртүрлі құралдарды қиюластырып қолдана отырып, оқытылатын материалдың терең де, саналы түрде меңгерілуге жағдай жасай»ды, сабақ уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, сабақты ақпараттандырады [1].

 Компьютер оқыту процесіне табиғи түрде еніп, оқыту процесін түрлендірудің тағы да бір тиімді техникалық құралы болып табылады. Әрбір сабақта студенттердің эмоциясының жоғарылауын бақылауға болады, тіпті үлгерімі төмен студенттер де компьютермен қызыға жұмыс істейді. Сабақтарда компютерді жүйелі түрде қолданғанда студенттердің сабақтағы белсенділігі артып, материалды меңгеруге қызығушылық артады; рухани сайыс пайда болады; сабақ барысында жағымды эмоция көбейеді; компьютерді «жеңу» үшін табандылық пайда болады, өзіндік дайындыққа қызығушылық артады. Екінші жағынан бұл оқыту әдісі оқытушыларға да ұнайды, өйткені: студенттің қабілеті мен білімін дұрыс бағалауға көмектеседі, студентті түсінуге, оқытудың дәстүрлі емес, жаңа әдістерін іздеуге итермелейді.

Математиканы оқытуда қазіргі заманғы компьютерлердің мынадай мүмкіндіктерін қолдануға болады:

1)  ақпараттың кез-келген түрін өңдеудің жылдамдығы және сенімділігі. Сандық ақпаратты өңдеу үшін микроЭЕМ ғана емес, сонымен бірге калькуляторды да пайдалануға болады;

2)  ақпаратты графикалық түрде көрсету. Компьютерлер өздерінің графикалық (демонстрациялық) мүмкіншіліктері жағынан түрлі-түсті теледидардан да артық, бұл олардың әдістемелік құндылығын арттыра түседі;

3)  көп мөлшердегі ақпаратты сақтау және жылдам берілуі. Мысалы, математика курсындағы барлық кестелер компьютердің жадында сақталады. Қажет ақпарат экранға бір-екі пернені басу арқылы шыға алады.

Сабақта компьютерлерді қолдану мүмкіндігі машиналардың программалық жабдықталуына байланысты. Сабақ барысында қолданылатын барлық программаларды шартты түрде үйрететін және оқытатын деп бөлуге болады. Үйретуші программалар оқытушының кейбір қызмет түрін алмастыру үшін құрылады (жаңа материалды түсіндіруде, өткенді бекітуде, білімді тексеруде және т.б.).

Математика сабағындағы зерделік жұмыс көбейетіндіктен, студенттердің пәнге қызығушылығын, сабақ соңына дейін белсенділігін  қалай сақтау керектігі ойландырады. Оқыту барысында компьютерді пайдалану ақпараттық жағдай жасап, студенттің қызығушылығының артуына ықпал етеді.

Қазір жоғары оқу орындарының барлығы компьютер сыныптарымен жабдықталған. Бірақ бұл техника математиканы оқыту барысында сирек қолданылатынын байқаймыз. Математиканы оқытуда қазіргі заманғы технологияны пайдаланбаудың бір себебі – математика сабақтары үшін программалық қамтамасыздандыру, компьютерлік бағдарлама мен оқытушыға арналған құралдан тұратын бағдарламалық-әдістемелік кешендердің болмауы.

Математиканы оқыту процесінде ақпараттық технологияларды қолдану сабақ уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, студенттерге есептің шешуін ұқыпты да, таза қылып жазудың үлгісін беруге, оқыту барысында көрнекіліктің деңгейін көтеруге, оқу процесін жандандыруға мүмкіндік береді.

Оқытуда компьютерді пайдаланудың үш құраушысын бөліп көрсетуге болады.

Бірінші қажетті компонент – заманауи компьютерлік құрал-жабдықтың және бағдарламалық қамтамасыздандырудың болуы.

Екінші қажетті элемент – арнайы бағдарламалық құралдар, олар оқыту процесін компьютерді пайдалану арқылы тиімді етіп ұйымдастыруға және  техникалық оқу құралдарын кең пайдалануға мүмкіндік береді.

Үшінші құрамы – оқытушылардың әдістемелік құралдары. Тәжірибелі оқытушылар компьютердің көмегімен нені оқытуға болатынын анықтауы қажет. Оқытушылар бағдарламалық-аппараттық кешеннің мүмкіндіктерін саралай отырып, қалай оқыту керектігінің ең жақсы тәсілін ұсынулары керек. 

Оқытушылардың көп бөлігі қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдаланып  әдістемелік тұрғыдан сауатты құрылған сабақтарды даярлайды.

Бұл жағдайда оқытушының бірден-бір көмекшісі – Power Point. Бұл қосымшаны пайдалану ешқандай қиындық туғызбайды, сипаттамасы ең кіші компьютер болса болғаны. Оқытушыдан терең компьютерлік даярлық та қажет емес, бірнеше сағат осы қосымшада компьютерде жұмыс істесе жеткілікті, тез үйреніп алады. Бұл қосымша кез-келген пәннен аз уақытта сабаққа мультимедиалық құрал даярлауға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыстың мақсаты – математика сабақтарына арналған осындай мультимедиалық құралдарды құрудың кейбір тәсілдерін көрсету.

Мультимедиалық қосымшалар жасау үшін мультимедиалық компьютерлер қолданылады. Жалпы алғанда барлық қазіргі заманғы компьютерлер дыбыстық платасы (Sound Blaster), CD-ойнатқышы, микрофоны, құлаққа таққышы (наушник) немесе дыбыс колонкалары болса, мультимедиалық болып саналады. Қазір компьютерге арнайы платалар TV-тюнер, бейнеплаталар (Video Blaster)  арқылы теледидарды, видеокамераны, видеомагнитофонды (видеоплеерді) т.б. құрылғыларды қосуға болады. Сонымен,  PowerPoint-та құрылған презентацияларды пайдаланатын сабақты мультимедиалық сабақ деп атай аламыз.

Мультимедиалық қосымшаны құру бірнеше кезеңнен тұрады [2]:

1.  Жоспарлау;

2.  Элементтерді құру;

3.  Программалық іске асыру;

4.  Тестілеу.

Осы кезеңдерде орындалатын жұмыстарды қарастырайық. 

Жоспарлау кезеңінде мына сұрақтар шешілуі тиіс: 

§        Мультимедиалық қосымшаның міндеті? 

§        Мультимедиалық қосымша қандай аудиторияға арналған? 

§        Мультимедиалық қосымшада қандай ақпарат орналасады? 

§        Аудиториямен кері байланыс қалай жүзеге асады? 

Мультимедиалық қосымшаны программалық өнім ретінде іске асыру үшін мынадай жұмыстар жасалады: 

§        Презентация үшін слайдтар дизайнын құру;

§        Беттерді толтыру үшін мәтіндік және көркемдік материалдарды дайындау (кестелер, графиктер, суреттер және т.б.) 

Сонымен, математиканы оқыту процесінде ақпараттық технологияны пайдалану сабақта уақытты үнемдеу, есеп шығарудың таза да, түзу көрнекіленуін көрсету, оқыту барысында көрнекілікті пайдалану деңгейін көтеру, оқу процесін жандандыру мүмкіндіктерін береді.

 Әдебиеттер тізімі:

1.     Егоров В.В. Инновационный процесс в системе высшего образования // Актуальные вопросы повышения качества и перспективы развития высшего образования в Республике Казахстан. –Караганды, 2004. –С. 32-35. 

2.     Мануйлов В. Г. Power Point 97 в уроках // Информатика и образование. 1999. –№4. –С.52-58.