*112029*

Болашақ технология пәні мұғалімдерін даярлауда қарастырылатын өндірістік оқыту жүйелері

 

Сыздықова Баян Омаровна

техн.ғ.к., доцент м.а.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті

Алматы қаласы,  Қазақстан

 

Болашақ технология пәні мұғалімдерін жоғары оқу орындарында еңбекке дайындық бағыты бойынша даярлау өндірістік жағдайда жүзеге асырылады. Өндірістік оқыту деп, еңбек өнімділігі тән белгілі біліктілік деңгейінде нақты жұмысшы кәсібі бойынша жұмысқа қажетті білім, іскерлік және дағдылар жүйесімен оқушыларды қаруландырудағы педагогикалық үдеріс түсініледі.

Жүйе өзара байланыста тұтастық түзетін элементтердің бірлігі ретінде қарастырылады. Ал, өндірістік оқытудың жүйесі деп, іріктелген оқу материалдарын құрылымдық өңдеу – оны дидактикалық талдау, бөлу, оңайлату, қайта топтау, қажет жағдайда тұтас бірлікті бұзбайтын көмекші материалдарды енгізу түсініледі [1]. Жоғары оқу орындарында оқыту үдерісін оқытудың өндірістік жүйелеріне негіздей отырып жүргізеді. Оларды көбіне өндірістік оқыту жүйесі дейді. Өндірістік оқыту жүйесі деп, тиісті білімі мен іскерлігі бар, жұмысшы мамандарын құзыретті деңгейде даярлауға қажетті технологиялық және техникалық білім беруге бағытталған дидактикалық және өндірістік үдерістерді мақсатты түрде біріктіру арқылы оқыту айтылады.

Кәсіптік-техникалық білім беру тарихында қалыптасып, бірнеше рет өндірістік оқу жүйелері алмастырылған. Олардың негізгілері – заттық, операциялық, операциялық-заттық, моторлы-дайындық, операциялық-кешенді жүйелер [2-6]. Бұл жүйелер «Материалтану» пәнін оқытуда да қолданыс табады.

Болашақ технология пәні мұғалімдерінің әдістемелік даярлығын қамтамасыз етуде оларды мазмұны таныстырылады [7]. Оқытудың өндірістік жүйелерінің өзіндік тарихы бар.

Оқытудың заттық жүйесі ешқандай теориялық негізсіз баланы бірнәрсе жасай алуға үйрету (қолөнер). Оның мысалдары – тері илеу, оны өңдеу мен бояу, пішу, дайындама бөлшектерін жасау, аяқ киім, тон, шапан тігу, ауыл балаларына қойылатын талаптар еді. Қала тұрғындары мен өндіріс ошақтары маңында жеке бұйым немесе зат жасау жұмыстары орындалатын. Мысалы, балға дайындамасынан, пайдалануға жарамды темір балға жасау көптеген қол еңбегін талап ететін, технологиялық үдеріс ретсіз орындалып, оны орындаушы үйренушінің өз еркінде болатын. Дегенмен, тапсырманы бірдей алған студенттер сол затты қалайда жасап бітіретін болған. Мұндағы аңғаратын нәрсе жұмыстың ретсіздігі еді. Сонымен, бұл тәртіппен оқушыларды қолөнерге үйрету ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасын тапты.

Өндірістік оқыту жүйесінің ішінде, операциялық оқыту жүйесі ғылыми негізде тұңғыш рет қолданыла бастаған түріне жатқызылады. ХVІ-ХVІІІ ғасырларда мануфактура өндірісі жеке өндіріс үдерістеріне бөлшектене бастады. Жұмысшы еңбегінің мазмұны мен құрылымы өзгеруіне байланысты жаңа жұмысшыларды даярлауға да талаптар өзгертілді.

1862 жылы Мәскеу техникалық училищесінің инженер-педагогтары Д.К.Советкин, В.П.Марков және т.б. токарь, столяр, слесарь мамандарын даярлаудың оқу мазмұнын және құрылымын ғылыми негізде талдап, операциялық оқыту жүйесін негіздеді.

Д.К.Советкиннің және оның әріптестерінің өндірістік оқытудың операциялық жүйесінің Ресейде және шетелдерде қолдау тауып, кеңінен қолданысқа ендірілуі, ал 1872 жылы Мәскеу политехникалық көрмесінде алтын медаль иегері болуы, авторлар еңбегіне берілген жоғары баға болатын. 1873-1878 жж. осылайша оқытудың бағдарламасы мен қолдан жасалған бұйымдары Вена, Париж, Филадельфия, Лондон, Чикаго қалаларында «орыс жүйесі» деген атаумен көрмелерге қойылып, жоғары бағаланды.

Операциялық-кешенді (комплексті) жүйе 1935-1936жж. пайда болды да 1940ж. КСРО еңбек резервтері комитетінің жоспарына ендіріліп, осы жүйемен жұмысшылар даярлау жалғаса берді.

Осы жүйе жұмысын талдай келе педагог-инженерлер мен педагог-ғалымдар оның төрт кезеңнен тұратынын анықтады.

Кіріспе кезеңі кәсіптік білім сипатымен, жұмыс орнын ұйымдастыру, оқу шеберханасының ішкі ережелері, техника қауіпсіздігі, өртке қарсы шаралар, өндірістік гигиена (тазалық) мәселелерімен айналысуды қамтиды.

Игеру кезеңі – негізгі еңбек операцияларын орындау тәсілдерінің реті, әрекеттер мен операцияларды орындау жаттығулары, әртүрлі операцияларды біріктіріп оларды кешенді (комплексті) орындау жұмыстарына машықтануды көздейді.

Жетілдіру кезеңінде мамандық бойынша тиісті құзыреттілікке сәйкес кәсіптік білім мен іскерлік қалыптастыруға бағытталған өндірістік тапсырмаларды өзбетінше жасау қарастырылады. Студенттер жаңа техника мен технологияны, жаңашыл (новатор) жұмысшылар тәжірибесін үйренеді. Осы кезеңде өндірістік тәжірибе жинақталып, жетілдіріле түседі.

Аяқтаушы кезең үйренуші-жұмысшының базалық кәсіпорнында мамандығы бойынша штатты жұмысшы болып қызмет етуімен шектеледі. Уақыт өткен сайын ондай мамандар тәжірибесі арта түсіп, қоғамның қажетті, толық мүшесі болады.

Өндірістік оқыту жүйесі өндіріс пен кәсіптік білімнің дамуына байланысты қалыптасады. Өндіріс онша дамымай тұрған кездері жұмысшы маман даярлау салалар бойынша (ағаш өңдеу, металл өңдеу, слесарлық өңдеу, тері өңдеу, мата өңдеу, т.с.с.) жеке (дара) оқу бойынша мамандар аз даярланып келді. Технологиялық үдеріс жүзеге асқанда, оның мазмұнын, операцияларға бөлу жүйесі еңбек элементтерінің белгілі оқу компоненттерін ескереді. Осындай оқу жүйесін құраушылар оны шеберлік тәсіл элементі деп атады. Ф.Л.Блинчевскийдің айтуынша [8] өндіріс типтерінің сериялы және жаппай түрлері сипат ала бастағанда (ол ХІХ ғасырдың ортасы болатын) операциялық өңдеу ұғымы оқу үдерісіне ене бастады. Былайша айтқанда, бір затты даярлау n – операциядан тұратын болса, енді ол n+х – операциялардан тұратын болды. Мұндай жолмен негізгі операцияларды, жеке операцияларға бөлшектеу, операция санының артуымен қоса, жұмыс орнындағы операцияларды орындаушы жұмысшылар саны арта түсті. Ол өз кезегінде жұмыссыздықтың алдын алып, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің түйінін шешуге бағытталды.

Бұл жерде сериялы және жаппай өндіріс типтерінің дара (жеке) өндіріспен салыстырғанда көптеген артықшылықтары бар екенін атап өтпекпіз. Сериялы және жаппай өндіріс типтері үшін, қолданылатын жабдықтар – арнайы және арнайыландырылған болып жіктеледі. Мұндай жабдықтарда тек бір ғана операция жасалып, онда өнім көптеп шығарылады, сондықтан аталған өндіріс серияларында жұмысты ұйымдастыру көптеген артықшылықтарға ие, олар:

- өндіріс өнімділігі жоғары, жеке тетіктер көптеп жасалады;

- әрбір операцияда жасалатын жұмыстар сапасы өте жоғары;

- жұмысшы-операторлар тек қана бір операцияны меңгерген, әрі соны ғана орындайды;

- қажетті кескіш аспаптары орталықтандырылған қайрау бөлімінде даярланып, алмастырылып тұрады;

- әрбір өңдеу операциясының аяқталуы, келесі операция үшін дайындама болып, есептелетіні, тек соңғы операцияда ғана тетік түгелдей өңделіп, құрастыруға жіберіледі.

Оқытудың моторлы-дайындық жүйесі операциялық жүйенің жеке нұсқасы және ол жұмысшы қозғалысы мен элементтерін дамытуға бағытталады.

КСРО-да 1923-1935 жылдары Орталық еңбек институты (ЦИТ) оқытудың операциялық-кешенді (комплексті) жүйесіне басшылық еткен. Онда жұмысты орындау кезеңдерге бөлініп іске асырылған.

Бірінші кезеңде оқушылар еңбек қозғалыстарына дағдыланған, оған токарь мамандарын даярлауға бөлінетін 400 сағаттың 5% ғана қарастырылған. Оқытудың негізгі тәсілдері моторлы-дайындық жаттығуларын орындаумен шектелген.

Екінші, үшінші және төртінші кезеңдерге тәсілдер (амалдар) мен операциялар, кешенді операциялар, өздігінше жасайтын жұмыстар болып табылады.

Тәсілдер мен қозғалыстардың құрылымын үйрету еңбек үдерістерін тиімді ету мен еңбек өнімділігін көтеру жағдайларында қалыптасады, оның маңыздылығы осы кезге дейін өз орнын жоғалтқан емес. Тұтас кешенді пайдалы жұмыстарды орындау өндірістік оқыту тәсілдерін ұйымдастырудың негізгі тармағы.

Оқыту жүйесін жалпы сипаттау мен таптастыруға техника мен өндірістің дамуы, соған сәйкес кәсіптік-техникалық білімнің қажеттілігі мен сұраныстың болуы негіздеме болады.

КСРО кезінде ХІХ ғасырдың 80-жылдары ғалым А.А.Кыверялг «Методы исследования в профессиональной педагогике» деп аталатын іргелі және өте құнды еңбегінде [9] дидактика мен кәсіптік-техникалық педагогика қандай сұрақтарға жауап беруді қарастыру керек дей келе, оларды төртке жіктейді: не үшін оқыту керек? не үйретіледі? қалай оқыту керек? оқыту не береді?

1. Біріншіден техника мен технологияның заманауи дамуына байланысты, білікті мамандар даярлау қажеттілігінен, осы кезге дейін оқыту оқушының есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталса, қазіргі кезде оның ойлау қызметін дамытуға бағытталады. Халқымыздың «бұлақ көрсең көзін аш» деген даналық сөзі осы кездегі «не үшін оқыту керек» деген сұрақпен үндеседі.

2. Екіншіден не үйретіледі? Оқу үдерісін ұйымдастырудың ең маңызды мәселелерінің бірі жеке оқу пәндерінің мазмұнын жетілдіру арқылы, әдіснамалық негізделген, оқыту-практикалық жұмыстардың нәтижелі өтуін мұқият қадағалау керек. Маманға қойылатын құзыреттілік талаптарға сай оқыту мен практикалық-жұмыстар толықтай игерілгені жөн.

3. Үшіншіден қалай оқыту керек екендігі қарастырылады. Оқу үдерісінің нәтижесі оқытушының білім беру іскерлігі, құзыреттілігі, ғылыми негізде оқытуы мен түсіндіру, оқушылар білімін бағалауда нақты талап қоя білуі, сұрақ қоя білу арқылы олардың ынтасын, қызығушылығын оята білу. Педагогика ғылымында қалыптасқан көптеген құнды ережелер мен заңдылықтарды негізге ала отырып оқыту. Я.А.Коменский «кім аз білсе, сол аз үйретуі мүмкін» дегені оқытушылар қауымына айтылған сын деп түсініледі.

4. Оқыту не береді деген төртінші сұрақ студенттер қауымына көбірек қатысты. Өйткені оқытушы оқытады, ал студент оны қабылдауға тиісті. Әрине ол көп факторларға байланысты: түйсіну, қабылдау, ойлау, түсіну, т.б. Сондай-ақ оқу материалдық базаға, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуге, студенттердің оқу үлгерімдері мен ортасына, т.б.

Осылардың негізінде төменде көрсетілген кесте 1 түзіледі.

Дегенмен, операциялық-кешенді жүйенің өзіне тән кемшіліктері болды. Кешенді жұмыстарды оқушылардың өндіріс орындарында жалғастыруы қиындық туғызды. Олардың қызметі жұмысшы іс-әрекетін атқаруға бағытталды.

Орталық еңбек институтының жүйесі техниканың дамуы мен технология жабдықтарының жетілуіне байланысты маңызды орын алатын уақыт өлшемін жеке есептеу қызметін айқындады. ОЕИ жүйесіне, өз міндеттерін шығармашылық түрде орындай алатын жұмысшылар дайындау міндеті қойылды.

Автоматтандыру және механикаландыру үдерісінің жетілуіне байланысты жаңа жүйелерді басқаратын мамандар даярлау қажет болды.

Конструкторлық-технологиялық жүйе ХХ ғасырдың 80-жылдары КСРО ПҒА еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру ҒЗИ негізінен V-VІІ сынып оқушыларын еңбекке баулу бағдарламасын әзірлеуде қолданыс тапты. Бұл жүйенің негізгі идеясы - оқушылардың орындаушылық және шығармашылық іс-әрекеттерін үйлестіру. Осы жүйеге сәйкес еңбек объектісін дайындауда алдымен оның конструкциясын және технологиясын әзірлеу қажет болды. Сонымен бұл жүйеде оқушылар алдымен бірқатар техникалық сұрақтарды шешеді, содан кейін барып, бөлшекті өңдеуді, оларды құрастыруды, т.б. орындайды.

 

Кесте 1. - Кәсіби біліктілік элементтерінің қалыптасу параметрлері мен өзара байланысының практикалық жұмыс нәтижесінде анықталуы

Еңбек үдерісте-рінің тобы

Өндіріс жағдайында жеке мамандарды оқыту

Оқу-өндірістік немесе өндіріс жағдайында топпен оқыту

Оқу орындарында топпен оқыту

1-топ

Оқу мазмұны кәсіпорында жасалатын бұйымдар тізіміне сәйкес бөлшектенеді.

Оқу бағдарламасына сәйкес технологиялық үдеріс элементтері топтастырылады. Мамандық даярлау мысалы: токарь, фрезерші, слесарлар

Топпен оқыту щығарылатын өнімдер мысалында жүргізіледі. Тетіктерді өңдеу реті тұрақты. Соған сәйкес операцияларға бөлшектенеді.

Оқыту мысалы ретінде токарлар мен слесарлар даярлайтын операциялы-кешенді жүйе қолданылады

Оқу мазмұнын бағдарламаға сәйкес бөлшектеу. Оқыту ЦИТ жүйесіндегі моторлы-даярлық бөліміндегідей.

Мысалы, слесарлық, столярлық, ұсталық жұмыстарды операциялық жүйе бойынша оқыту

2-топ

Үдерісті түгел қадағалап, оның жеке бөліктерін игеру. Мысалы, химия өндірісінің аппаратшылары мен операторларын, энергетикалық құрылғы машинистерін даярлаудағы оқыту жүйесі.

Еңбек үдерісінің жеке бөліктерін игеруге бағытталған оқыту. Қордағы немесе бос аппараттар мен агрегаттарда жұмыс істеу

Қосалқы жүйелерде оқу, үйрену, жаттығу. Агрегаттар мен аппараттардың макеттерін, схемаларын жасау мен оқып үйрену. Автоматты жабдықтардың реттеушісі, энергетикалық құрылғылардың машинистерін даярлау үдерісінде жаттығу

3-топ

Операцияларды игеру реті жергілікті жағдайға байланысты болып, мыналар анықталады:

1) операциялардың жиілігі мен қиындықтары (тоқымашыларда);

2) технологиялық реттілігі (құрылысшыларда). Мысалы, тоқымашыларды, тігіншілерді, құрылысшыларды оқыту жүйесінде

Кейбір әрекеттер, операциялар бойынша алдын ала және қосымша жаттығу (дайындық).

Оқыту үдерісін нақты бөлшектеу жеке операцияларды бөлшектеу немесе ерекше игеруде орын алады.

Мысалы, тігіншілерді, жіп иірушілерді, информаторды, құрылысшыларды оқыту жүйесінде

Қосымша жүйелер. Лабораторияларда, оқу шеберханаларында, полигондарда, тренажерлерде операциялар мен әрекеттерді ажыратып оқыту.

Мысалы, құрылысшыларды, жіп иірушілерді, шоферларды оқыту жүйесінде

 

Конструкторлық-технологиялық жүйе тек оқушылардың интеллектуалдық іс-әрекетінің мазмұнын алдын ала анықтайды, ал практикалық еңбектік іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыру әртүрлі жүреді. Дегенмен көп жағдайда шеберханаларда оқу заттық-операциялық жүйеде өтеді. Бұл жүйе мектеп оқушыларын өндіріс жағдайында кәсіптік еңбекке дайындығын жеделдету ұмтылысынан туындады.

Дегенмен кәсіптік оқыту (еңбекке баулудың) жүйелерінің нәтижелі қолданыс табуы оқу үдерісін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге байланысты болды.

Жоғары педагогикалық оқу орындарында болашақ жалпытехникалық пәндер, технология және кәсіпкерлік мұғалімін дайындаудағы “Материалдарды өңдеу технологиясының практикумы” – пәнін оқыту операциялық-заттық жүйеге негізделеді. Бұл жүйе жұмысшы кадрларын кәсіптік оқытуда қолданылды және оны ХІХ ғасырдың 90-жылдары кәсіптік білім беру бойынша Ресей қайраткері С.А.Владимирский ұсынды [1, с. 95].

Оқытуды жетілдіру бағытында аталған жүйелерден бөлек кәсіптік оқыту жүйелері жөнінде ұсыныстар жасалды. Солардың бірі 1965-1966 жылдары С.Я.Батышевтің білікті жұмысшыларды дайындаудың аяқтаушы кезеңі үшін ұсынған технологиялық процестердің мәнін тереңінен түсінуге және қажетті шешімді қабылдауға мүмкіндік беретін өндірістік оқытудың проблемалық-талдау жүйесі [1]. Бұл жүйе жоғары оқу орындарында технология және кәсіпкерлік пән мұғалімдерін даярлауда қажетті оқыту жүйесі болатындығын көрсетеді.

Білім беру жүйесін қайта құру талаптары және бәрінен бұрын шығармашыл жеке тұлғаны дайындауға, үйлесімді дамытуға шығармармашылық заттық-операциялық жүйе жауап береді. Оның негізіне жеке тұлғаның шығармашылық және заттық-пайдалы іс-әрекеті алынды. Бұл іс-әрекет үрдісінде материалдық құндылықтарға ысырапшыл қатынас төмендейді. Сонымен қатар, шығармашылық элементтері (шығармашылық іс-әрекет объектілерін іріктеу, оның конструкциясын сызу және дайындау технологиясын әзірлеу), белсенділік және іскерлік (пайдалы бұйымдарды дайындау), еңбектік мақтаныш, абырой (тұтынушылар қолданатын, сапасы жоғары бұйым дайындау) артады. Мектеп оқушыларын еңбекке дайындау практикасына шығармашылық заттық-операциялық жүйенің енуі шығармашыл ойлайтын және әрекет ететін мұғалімді талап етеді. Бұл жүйе жоғары оқу орындарында болашақ технология пәні мұғалімдерін даярлауда, сәндік қолданбалы өнер, техникалық (көркем) шығармашылық негіздері курстарын оқытуда кеңінен қолданыс табуда.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Катханов К.Н. Педагогические проблемы производительного труда учащихся в профессионально-технических училищах. Профпедагогика. –М.: Высш. школа, 1973, -264 с.

2. Кругликов Г.И. Методика преподавания технологии с практикумом: учеб. пособие для студ. высш. пед. учеб. заведений. – 3-е изд., стер. – М.: Издательский центр “Академия”, 2007. – 480 с.

3. Сейтешев А.П., Абдыкаримов Б.А. Научные основы профессионально-технической педагогики. –Алматы, Казпрофтехконтакт. 1993. – 432 с.

4. Эрганова Н.Е. Методика профессионального обучения: учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений / Н.Е.Эрганова. –М.: Издательсский центр “Академия”, 2007. – 160 с.

5. Макиенко Н.И. Педагогический процесс в училищах профессионально-технического образования / Под ред. И.Г.Коваленко. Минск: Вышэйш. школа, 1977.

6. Корольский В.В.Симоненко В.Д. Общественно полезный, производительный труд учащихся. –М.: Просвещение, 1990.

7. Сыздықов О., Пошаев Д., Ортаев Б. «Технология» пәнін оқыту әдістемесі. –Алматы: Нұрлы әлем. 2010. -394 б.

8. Блинчевский Ф.Л. Учебно-трудовая операции и комплекс. – Профессионально-техническое образование, 1963, №3.

9. Кыверялг А.А. Методы исследования в профессиональной педагогике. НИИ педагогики Эстонской ССР. – Таллин «ВАЛГУС», 1980. – с.334