*112439*

Оразахынова Нұрша

Абай атындағы Қазақ  ұлттық

педагогикалық университетінің профессоры,

педагогика  ғылымдарының  докторы

 

“САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ” ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ БАСТАУ КӨЗІ – ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛАРЫНЫҢ МҰРАЛАРЫНДА

 

Қазақстандық білім беру жүйесінде әр азаматты елінің болашағы толғандыратын мәселелерге араластыру, оны ғаламдық ойлау дәрежесіне көтеру, білім алушыларды алуан түрлі мәдени құндылықтарды құрметтеуге, оған төзімділікке баулу, олардың бойында жалпыадамзаттық сананы қалыптастыру және өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу басты назарда тұр. Сондықтан да қазақстандық білім беру үдерісі ашық жүйе болып табылып, жеке тұлғаны әлеуметтендіруге белсене қатысады.

Осы аталған мақсаттарды орындауда “Сатылай кешенді талдау” технологиясының өзіндік орны бар. Оған себеп бұл технолгияның теориялық өзегі – ұлтымыздың ұлы тұлғалары: Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Уалихановтардың ағартушылық идеялары мен алаш арыстары: А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонановтардың педагогика, психология, әдістеме саласындағы ой-тұжырымдары.

Жаһандану дәуірінде білімнің мәдени ықпалдастығын кеңейту, интеграциялалық білім мақсаттарын айқындау басты қағидалардың бірі деп қарастыратын болсақ, онда отандық білім беру технологиялары мен алаш қайраткерлерінің педагогика, психология, әдістеме саласындағы басты идеяларын оқыту жүйесіне мақсатты түрде енгізу қажет. “Сатылай кешенді талдау” технологиясының теориялық негізінде  алаш арыстарының ой-толғамдары басшылыққа алынады деуіміздің себебі, “ Сатылай кешенді талдау ” технологиясы – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және білім алушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға  ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді талдау білім алушыларға кез келген пәннің ғылыми мазмұны мен жүйесін меңгертіп,  сол пәннің ғылыми тілінде сөйлеуге үйретіп, сауатты, ғылыми стильде жазу дағдысын қалыптастырады.  Бұл пікірдің бастау көзі Ж.Аймауытовтың төмендегі ой-тұжырымынан бастау алады: «...Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру. Бірақ бұл мағынасыз әдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттығумен бірге адам ойлауға да жаттығады.  Сөз, сөйлем, әңгіме дегеніміз – жазуша не ауызша кісінің өзі айтқан ойы, не басқалардың сөзі арқылы жасайтын ақылымыздағы жасырын ой. Сөз бен ой бірінен-бірі айырылмайтын қайнаса біткен нәрсе. Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді. Тілді ойдан бөлек жетілту мүмкін емес. Олай болса, тілді жеке пән ретінде оқыту дұрыс емес. Дұрыс еместігі мынадан тағы байқалады.

         Мұғалім тіл сабағында сөйлеуге, жазуға, оқуға, қысқасы, әңгімеге жаттықтырады екен. Ал басқа пәндерді оқытқанда не істемек? Физиканы, жағрафияны, тарихты оқыту дегеніміз осы пәндердің құбылысы туралы әңгіме ету емес пе? Ендеше тілге төселдіру ғой. Есеп үйрету – сан туралы ойлау ғана емес, есеппен айтылған ойды ұғу, ұққанын айта білу ғой. Тереңірек қарасақ, әр пәннің ісі баланың ойын қозғау, ойлағанын ауызша, иә жазумен сыртқа шығару. Олай болса, тілсіз оқылатын, ұғылатын пән жоқ екені анық.

         Біреудің ойын ұқпай, өз ойын айта білмей, ешбір білім табу мүмкін емес. Бұл даусыз. Ендеше ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын.

         Тіл оқытушы мұғалім өз міндеті тілге машықтандыру деп ұғады, тіл үйретуге керекті ойдың әр тарауын қозғайтын мағлұматтар іздеумен оның жұмысы жоқ. Жаратылыс пәнін оқытушы мұғалім міндетін балаға білім беру деп ойлайды, тілге төселдіру оның жұмысы емес. Мұнан шығатын нәтиже: тілге жаттығатын бар мағлұмат тіл оқытылуында болмайды... дей келіп (4-том, 305-306 б). Егер олай оқытпаған күнде бала өз  ойын ауызша жеткізуде төмендегідей келеңсіздіктерге ұрынатындығын сөз етеді: «...қазақ баласының бір әдеті: «бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп...» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге дағдылана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері. Бала түгіл, әлеумет қызметкері болып жүрген кейбір азаматтардың топтарда орыс сөзін қазақшаға аударғанын тыңдасаң, олқылығы көрініп тұрады: қысқаша мазмұнын өз ойымен айтып бере алмайды, сөйлеушінің сүрлеуімен түгел айтып шығам деп әуре болады. Кетеусіз, татымсыз көп сөзділікке тұрмыс үйретеді ғой. Одан пайда да бар шығар, әйтсе де зияны басым болар.  Түбінде көп сөзді адам берекесіз келеді. Ал, дәмді, тиімді сөздің қадірін қазақ та білген ғой, білмесе, «ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей» деп, мақтамас еді. (5-том, 196 б). Бұл кемшіліктер бүгінгі күнде мектеп оқушыларымен қатар жоғары оқу орындары студенттері мен  көпшілік арасында да белең алып отырғандығы аян. Оны болдырмаудың жолдары баланың отбасында, балабақшада, мектепте және жоғары оқу орындарында сөйлеу дағдысын дұрыс қалыптастырумен қатар қазақ тілі пәнінен алатын теориялық білімін жүйелі, сауатты, сатылап үйрету аса қажетті мәселе болмақ. Осы тұрғыдан келгенде пәндерді «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен меңгерту тиімді екендігі мұғалімдер тәжірибесінен байқалып, өз нәтижесін беруде.

Сонымен қатар, “Сатылай кешенді талдау” технологиясы – тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмейтін, білім алушының жалпы тұлғалық дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа да танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі. Бұл – “Сатылай кешенді талдау” технологиясының басты қағидаларының бірі. «Сатылай кешенді талдау» технологиясының бұл көрсетілген тұжырымдарға келуі, өзінің тірек етіп алған ұлттық психологиямызға, менталитетімізге сай алаш қайраткерлерінің білім саласына қалдырған мол мұраларын бүгінгі білім жүйесінде басшылыққа алуы, олардың идеяларын мұғалімдер қауымының тәжірибесіне енгізуі. Оған дәлел ретінде ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі – А.Байтұрсынұлы оқытуды дыбысқа жаттықтырудан бастау қажеттілігіне былайша тұжырым жасайды: «...Екінші кемшілігі – қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұғалімдері де оқуды дыбыспен жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік.  Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы (Тіл тағылымы. 434-бет).

«Сатылай кешенді талдау» технологиясының бастау көзі фонетикалық бірліктерді сатылап, кешенді талдай отырып,  әр дыбыстың өзіндік ерекшелігін, олардың бір-бірінен айырмашылығын зерделеп меңгерумен қатар, олардың өзіндік табиғатын зерттеп, ұғынады. Ол үшін фонетикалық бірліктерді дәстүрлі оқыту жүйесімен емес сатылап, жүйелеп, бірізділікпен оқыту қажет. Сол арқылы А.Байтұрсынов айтқандай дыбыспен жаттықтыра оқытуға болатындығын тәжірибе көрсетуде. Дыбыспен жаттықтыруды екі жолмен жүргіземіз: бірінші, сөзсазындық (фонологиялық) талдау, екіншісі, дыбыстарға математикалық тәсілмен дыбыстық мінездеме беру.

“Сатылай кешенді талдау” технологиясында мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар: ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік, әріптестік сияқты қасиеттер. Осы тұрғыда М.Жұмабаевтың: «Тәрбияшы баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын» деген пікіріне сүйене отырып, балаға білім берумен қатар адамгершілік, азаматтық жауапкершілікті бойына сіңіруді мақсат етеді.

 Бұл технологияның маңызды тағы бір ерекшелігі – оқушыларды жақсы, жаман, орташа деп бөлмей, тек материалды өте жылдам, жылдам, баяу қабылдауына қарай тапсырманы он деңгейге икемдеп, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтады. Бұл орайда Ж.Аймауытовтың: «Айқын қылып оқыту мен сатылы бір тегіс оқытудың байланысы бар. Оқыту бірте-бірте сатылап ілгері басып отырмаса, анық та, ұғымды да болмайды. Білім біржола күреп алатын нәрсе емес, аздан көбейетін нәрсе. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген мақалды еске түсіру керек. Жаңадан берілетін әсер, суреттеу ұғым бұрынғы алған суреттеуге, ұғымға байланбаса баланың миына берік қонбайды. Сондықтан оқуда біртегіс өрлейтін саты болу керек. Әрбір тыңнан берілетін білім бұрынғы білгеннің жалғауы, келесі білімнің бастаушысы сияқты болғаны тиіс. Сатылап оқытудың ескеретін екі жағы бар, бірі – шәкірттің шама-шарқымен септесу, екіншісі – оқу мағлұматтарын дұрыс қолдану. Оқытушының шеберлігі – ойына келген нәрсені білдіру емес, ау-жайына, жасына, біліміне, күшіне қарап сабақ беру. Сондықтан, сауаты ашылған ересек балаға берілетін сабақ пен жаңа оқыған жас балаға берілетін сабақ басқаша болуға тиіс», – деген пікірі басшылыққа алынады (4-том, 319-бет).

Дара тұлғаны қалыптастыру дегенде, ұлт ойшылдарының еңбектерін негізге алсақ, М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру туралы ой-тұжырымдарында баланың қиялын тәрбие қылу жолдарын сөз етеді. Ғалым: «Адам неғұрлым білімді, тәжірибелі болса, қиялы да сонша бай болмақ. Міне, осы сәбәптардан баланың қиялы терең, бай болсын десек, оның білімді болуына иждиһат қылу керек. Бала тұрмыспен көзбе-көз таныссын, оның есінде, жанында көп білім болсын, жан-жануарлардың тұрмысын бақыласын, жаратылыстың тұрмысымен таныс болсын», – деп білім мен тәрбиені өмірдің өзінен үйрету керектігін айтады.

Оқушының дүниетанымын қалыптастыру – барлық пәндердің міндеті деп қарастыратын болсақ, бұл мәселе де Алаш арыстарының назарынан тыс қалмаған. Оған дәлел Ж.Аймауытовтың мына пікірі болмақ: “Мектептің міндеті – алдымен төңіректегі нәрселерге қызықтырып, баланың махаббатын арттыру. Оқушы да, оқытушы да төңіректегі өмірге ой көзімен терең қарап, тексеріп үйренсе, төңіректегі табиғатпен, адамдардың тұрмысымен, көрнекті құралдармен пайдаланған тәрізді пайдаланып, таныса білсе, тәрбие жүзінде мұндай оқытудың маңызы өте зор. Ондай оқыту алдымен мектепті жергілікті өмірмен жақындастырады, айқастырады. Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеует тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң, бала үйренген білімін ұмтып қалмайды, қайта білгенмен өмір жүзінде пайдаланатын болады” (4-том, 313-бет).

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. А.Байтұрсынов. Тіл тағлымы. –Алматы, “Ана тілі” баспасы, 1991 ж. -444 б.

2. Ж.Аймауытовтың бес томдық шығармалар жинағы. 4-том, –Алматы, Ғылым баспасы, 1998 ж. -446 б.

3.  Ж.Аймауытовтың бес томдық шығармалар жинағы. 5-том, –Алматы, Ғылым баспасы, 1999 ж. -301 б.