*113004*

БОЛАШАҚ ТЕХНОЛОГИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРДЫ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕРГЕ БАУЛУҒА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақстан Республикасы   Түркістан

ХҚТУ Магистр-оқытушы  Н.Жунисова

ХҚТУ- 2 курс студенті Р.Абдихаликова

 

Болашақ технология пәні мұғалімдерінің педагогикалық білімін арттыру мәселесі қазіргі таңда кәсіптік білім мекемелері үшін ерекше маңызға ие болып келеді. Мұның өзі соңғы жылдары біздің қоғамда орын алған, бүкіл білім беру жүйесіне тікелей қатысты әлеуметік-экономикалық өзгерістермен байланысты болып отыр.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» міндеті қойылған [1].  Заманауи жаңа  технологиялық дәуірдің негізгі ерекшелігі-технологиялық мәдениеті қалыптасқан тұлғаны мектеп қабырғасынан тәрбиелеуді қажет етеді. Бұл міндеттің білім берудегі және кәсіптік дайындықтағы өз шешімін табуының көрінісі ретінде Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандарты «Технология» білім саласының басты мақсатында: оқушылардың өздігінен еңбек етуіне ықпал ету, оларды әр түрлі материалдарды өңдеуге үйрету барысында қазіргі заманғы технологиялық үдеріске және бұйымдарды көркем жобалауды орындауына қатыстыру қажеттілігі атап көрсетілді [2].

Әлемдік тәжірибеде ғылыми білімнің жаңа саласы – технологиялық білімнің қалыптасуы қазіргі мектептердегі осы өзгерістерге себеп болды. Сондықтан, білім беру саласында өскелең ұрпақты технологиялық даярлау мәселесі ерекше маңызға ие болды, өйткені ол келесі жаһандық міндеттерді шешуде басты детерминантардың бірі болып келеді:  қоғамның тұрақты технологиялық дамуы, қоршаған ортаның бұзылу мен ластану салдарларын жою, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және т.б. Кеңес және Қазақстан мектептеріндегі еңбекке оқытудың дәстүрлі жүйесі еңбек іс-әрекетінің заманауи технологиялық күрделі түрлерінің мазмұнына, сонымен қатар жас ұрпақты технологиялық іс-әрекетке даярлау мазмұнына  қайшы келеді. Осы қайшылықты шешу үшін мектептің оқу жоспарында, оқушыларды еңбекке даярлаудың мазмұны мен жағдайына өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты 2002 жылдан бастап Жоғары және орта кәсіптік білім мамандықтарының жіктеуішіне «Еңбек мұғалімі» орнына «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік мұғалімі» біліктілігі берілді.

Қазақстан Республикасының егемендік алуына сәйкес білім беру саласында, соның ішінде мұғалімдерді кәсіби даярлауда да бірқатар өзгерістер болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ішінде еңбек пәні мұғалімдерін даярлаудағы оқу жоспарлары өзгерістерге ұшырап, маман даярлау 5 жылдық оқу мерзімінен 4 жылдық оқу мерзіміне ауыстырылды. Мамандықтың квалификациясы өзгерді, жаңа стандарт бекітілді (1990ж). Жаңа стандартқа сәйкес еңбек пәні мұғалімдерін даярлайтын мамандық 0313 – «Еңбек» деп өзгертілді. Осы орайда жалпы білім беретін орта мектептердің еңбек пәні  бағдарламасының мазмұнына өзгерістер ендіріліп, онда оқушыларды сәндік-қолданбалы өнерге баулу мәселесіне баса назар аударылды [3].

Оқушыларды сәндік-қолданбалы өнерге баулуда еңбек пәні мұғалімін даярлауға байланысты пәндік толықтыруларды 1990-шы жылдардағы болашақ еңбек пәні мұғалімдерін даярлайтын ЖОО-ның оқу жоспарынан көруге болады, мұнда қыз балаларға сабақ беретін болашақ мұғалімдерге «Текстиль материалдарын көркемдеп өңдеу», «Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері», «Костюм тарихы», «Киімді көркемдеп сәндеу» сияқты пәндерді оқыту  қолға алынды.

Дегенмен, 1998 жылы қоғамдағы мынадай қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы себебінен:

- еңбек пәні мазмұнының төмен дәрежеде болуы, оқушының дамуын тежеуі, еңбекке баулу пәні оқу жоспарында қосалқы орын алуы;

- еңбек пәні мазмұнындағы жаңа технологиялық жетістіктердің бастауыш және орта буын оқушыларына үйретілмеуі;

- жалпы білім беру жүйесі мен еңбекке даярлауда сыныптар жүйесі арасында байланыстылықтың болмауы, еңбекке даярлау деңгейі төмендігі және оқушылар мен  ата-аналар осы даярлықты төмен бағалауы;

- оқушылар арасында шығарған өнім сапасы бойынша көрсететін бәсекелестіктің болмауы;

- оқушылардың өздерінің жасаған еңбектеріне қанағаттанбауы;

- еңбек пәні бойынша қазақ тілінде оқулықтардың болмауы негізінде   5-11 сыныптарда оқытылатын «Еңбекке баулу» пәнінің аты  «Технология»  білім саласы деп өзгертілді.

Осы орайда, білім берудің сапасын көтеру жоғары білім беру құрылымдарын реформалауда оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын ендіруді, педагогикалық үдерісті жетілдірумен қатар, болашақ технология пәні мұғалімін оқушыларды сәндік-қолданбалы өнерге баулуға кәсіби даярлаудағы тұжырымдамалық көзқарастарды айқындауды және «Болашақ технология пәні мұғалімін кәсіби даярлау» тұжырымдамасын ұсынады  [4].

Технология пәні мұғалімін кәсіби даярлаудың  тұжырымдамасын даярлау барысында  032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік»  мамандықтары  бойынша мұғалім даярлау бағдарламалары және жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған «Технология» білім  беру саласы мен еңбекке баулу бағдарламаларын басшылыққа алынғаны орынды [5].

Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес (1996 ж.) маманның кәсіби-педагогикалық іс-әрекетіне: техника, технология, кәсіпкерлік ғылымдарының іргелі білімдері қажет деп көрсетілген.

032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мамандығының түлегі түрлі білім беретін мекемелеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарына дайындалады. Маманның кәсіби іс-әрекеті болып оқытушының: ғылыми-әдістемелік, әлеуметтік-психологиялық, тәрбиелік, мәдени-ағартушылық, басқарушылық, коррекциялы-дамыту жұмыстары саналады.

Сонымен қатар, 2004 жылы бекітілген 050120 – «Кәсіптік білім» (бакалавр) мамандығының жалпыға міндетті білім беру стандартының мазмұнында кәсіптік іс-әрекет функцияларына: білім беру (педагогикалық), өндірістік техникалық, ұйымдастыру, басқарушылық, гностикалық, ғылыми-зерттеушілік, жобалық әрекеттерін жатқызады.

Болашақ технология пәні мұғалімі жалпы орта білім беретін бағдарламаларды іске асыратын білім беру мекемелерінде кәсіби іс-әрекет атқаруы қажет. Аталған стандарттардың (1996, 2002, 2004 жж.) мазмұнын құруда “Кәсіби іс-әрекет” және “Кәсіби функциялар” арасындағы ерекшеліктерді ашып көрсетуді қажет етеді.

0321 – «Еңбек» (1996 ж.),  032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік», (2002 ж.), 050120 – «Кәсіптік білім» (2004 ж.) бойынша Қазақстан Республикасының жалпыға  міндетті  білім беру стандарттарына жасалған салыстырмалы талдау, 0321 – «Еңбек» мамандығына арналған негізгі жоғары білім берудің мемлекеттік стандартында бітірушінің кәсіби біліктілігіне сипаттама үстірт берілгенін көрсетеді, онда: еңбек технологиясы және бизнес; өндіріс негіздері; жалпытехникалық пәндер және кәсіпкерлік мұғалімдерін даярлау қарастырылса, ал 2002 жылғы 032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мұғалімі біліктілігіне ие болатын 2006 жылы 050120-«Кәсіптік оқыту» мамандығының ішінде «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» мұғалімін мамандандыру саласын   бітірушіге қойылатын ережелер мен талаптар егжей-тегжейлі ашып көрсетілген.

 «Технология» ұғымының (гректің «техне» - өнер, шеберлік, икемділік, «логос» - ілім, ғылым) түсіндірмелері өте көп болып келеді:

-   іс-шаралар мен операцияларға тиімді бөлу негізінде іс-әрекетті жүзеге асыру және соңынан оларды орындаудың оңтайлы құралдары мен тәсілдерін үйлестіру және таңдау (В.Даль);

-   қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қолданылатын тәсілдер, әдістер және әсерлердің жиынтығы (Әлеуметтік педагогика сөздігі);

- өнер, шеберлік, икемділік, өңдеу әдістерінің жиынтығы, нысан жағдайының өзгерісі (С.Н.Данакин);

-   практикалық іс-әрекет, ол сапалы еңбек іс-әрекетіне қол жеткізу үшін аспаптарды бірізді пайдаланумен байланысты  (К.Өстеміров) және т.б.

Сонымен, технология дегеніміз – бұл өз бойында білім, нысан, үдеріс, субъект және т.б. құралатын жалпы ғылыми, жалпы өндірістік деңгейлердің көпаспектілі және көпдеңгейлі ұғымы [Б.Т.Ортаев].

Жалпы білім беретін мектептегі  "Технология" пәні – бұл түрлі ғылыми білімдерді синтездейтін (математикадан, физикадан, химиядан, биологиядан және т.б.) және олардың өнеркәсіпте, энергетикада, байланыста, ауыл шаруашылығында, сонымен қатар адам іс-әрекетінің басқа да бағыттарында пайдаланылуын көрсететін интегративтік білім саласы  [6].

Мектепте технологиялық білім беру барысында оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулуда  шығармашылығын дамытуды басқару мұғалімнен осы педагогикалық іс-әрекет түріне тиісті дайындығы болуын талап етеді. Ол  іс-әрекеттің мазмұнына мыналар енеді: оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулудың мақсаты мен нәтижелерін жобалау; сәндік-қолданбалы өнеріне үйретудің мазмұнын, әдістерін, құралдары мен формаларын іріктеу мен моделдеу; оқушылардың сәндік-қолданбалы өнері шығармашылығын дамытудың жеке бағдарламаларын (бағыттарын) құрастыру; шығармашылық іс-әрекет барысында жоспарлау мен мониторинг жүргізу және т.б. [7]. Алайда, технология мұғалімдерінің көпшілігі әлі күнге дейін оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулу іс-әрекетін ұйымдастыруда қиындықтарды бастан кешіп отырғандығын мойындау керек. Мұғалімдердің педагогикалық іс-әрекеттің осы түрін өз бетінше меңгеруі тиісті оң нәтиже беріп отырған жоқ. Сонымен, мектепте өскелең ұрпақты еңбекке даярлау жүйесін дамыту қисыны оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулу тұрғысынан алғанда технология мұғалімдерінің педагогикалық білімін жетілдіру қажеттілігін көрсетеді.

Болашақ технология пәні мұғалімдерін кәсіби даярлауда педагогикалық білім беруді дамытудың жетекші үдерістері қатарына оның үздіксіздік, ізгіліктендіру мен гуманитарландыру, демократияландыру, интеграцияландыру және т.б. қасиеттері жатады.

Үздіксіз білім беру мәселесі педагогикалық теориямен практикада баяғыдан-ақ берік енгізілген. Жалпы алғанда, үздіксіз білім беру ұғымы мынаған келіп негізделеді: адамның білімі қазіргі таңда белгілі бір кезеңде, мәселен, жалпы білім беретін немесе кәсіптік мектепті бітірген соң аяқталып қалмайды, керісінше бүкіл өмір бойына жалғасып отырады  [8].

Технология пәні мұғалімінің оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулуда үздіксіз педагогикалық білім алуының маңызы мынадан көрінеді: кәсіби даярлық кезеңінде оның бойына педагогикалық тәжірибенің шынайы жағдайларында қажетті білімдер мен дағдыларды өз бетінше алуға мүмкіндік беретін қабілеттерді қалыптастыру; өзінің кәсіптік-шығармашылық әлеуетін жетілдіру; оқушылардың мектепте технологиялық білім алу жағдайлары мен мазмұнын дамытуға ықпал ету. Мұндай жағдайларда технология мұғалімінің жетекші кәсіптік қасиеттеріне мыналар жатады: шығармашылық ойлауын дамыту; кәсіби белсенділік; ақпаратпен жұмыс істеудің әдіснамалық білімдері мен тәсілдерін меңгеру; іс-әрекеттің жаңа түрлерін меңгеруге дайындығы мен қабілеттілігі; кәсіби-тұлғалық даму мен жетілуге деген қажеттілік.

 Осы үдеріс педагог тұлғасын әлеуметтендіру мен кәсіптендіруге, үздіксіз дамуға бағыттаудан, барлық деңгейде (орта, жоғары) педагогикалық білім беру мазмұнының өзара байланысы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру бағдарламалары арқылы Қазақстанда үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасын әзірлеуден көрінеді.

Оқушыларды сәндік-қолданбалы өнеріне баулуда болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдірудің басты заманауи үдерістерінің бірі педагогикалық білім беруді  ізгілендіру болып табылады,  ол  өз пәнінің құралдары арқылы оқушыны тәрбиелеу мен дамытуға, оқытудың заманауи формалары, әдістері мен құралдарын жүзеге асыруға кәсіптік деңгейде дайын болып келетін болашақ маманның субъектілік дамуы мен өзін-өзі дамытуын қарастырады  [9].

Ізгілендіру бағытында педагогикалық білім беруді дамыту тұлғаға бағдарланған ұстаным негізінде, педагогтарды кәсіби даярлаудың мақсаттарын, мазмұнын және шарттарын жетілдіруден көрінеді. Оларды жүзеге асыру бітірушінің кең мәдени, ғылыми-техникалық және шығармашылық әлеуетке ие тұлға ретінде кәсіби қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Білімді гуманитарландыру ізгіліктендірудің құралы бола отырып, ең алдымен, педагогикалық білім берудің мазмұндық  сипатын өзгертуге қатысты болып келеді. Мұнда оқу жоспары құрылымындағы гуманитарлық пәндердің үлесі ұлғайтылмауы ескеріліп тұрған жоқ, өйткені олардың саны барлық кезде сападан артып түсе бермейді. Көбіне студенттерді мәдениетке, өзінің кәсіби және шығармашылық әлеуетін, педагогикалық тұлғааралық қатынаста, педагогикалық іс-әрекетте өз орнын тануға әкелетін алуан түрлі ғылыми элементтерді, категориялар мен деректерді енгізу арқылы оқу пәндерінің мазмұнын жетілдіруді қарастырады [10].

Білімді демократияландыру педагогикалық үдеріске қатысушылардың барлығының, ең алдымен, студенттердің құқықтарын кеңейту ретінде қарастырылады. Бұл оларға оқу курстарын, оқудың жеке жолдары мен тәсілдерін ұсыну мен еркін таңдаудан көрінеді (жеке, экстер­нат, қашықтықтан оқыту және т.б.). Кәсіби оқыту ісі жүргізілетін мамандықтарды таңдауда маман даярлау ерекшелігіне сәйкес жеке білім бағдарламалары мен оқу жоспарын құруда оқу орнының құқықтары едәуір кеңейеді [11].

Интеграция қазіргі таңда әлеуметтік жүйелердің, оның ішінде білім жүйесінің даму заңдылығына айналды. «Интеграция» ұғымы әлдебір жекелерді бүтінге біріктіру, жеке дифференциалданған элементтерді бүтінге байланыстырылған жағдайы, сонымен қатар осындай жағдайға әкелетін үдеріс ретінде түсіндіріледі [12].

Пе­дагогикалық теория мен практикада әдіске ерекше мән беріледі өйткені, атап айтқанда, әдіс өз бойына білім берудің тиісті стратегиялық доктриналарын жүзеге асыратын әдіснамалық бағдарларын жинақтайды. Қазақстандағы педагогикалық білімнің қазіргі даму үдерістеріне жасалған талдау оқушылардың сәндік-қолданбалы өнерін дамыту іс-әрекетіне технология мұғалімдерін даярлаудың мазмұны мен шарттарын жетілдірудің негізгі тәсілдері туралы жалпы түсінік қалыптастыруға көмектеседі. Технология мұғалімдеріне кәсіби білім беру барысында осы әдістерді пайымдау мен теориялық негіздеу үшін, көрсетілген аспектіде кәсіби дайындықтың шынайы ахуалына проблемалық-бағдарланған талдау жасау қажет.

Болашақ технология пәні мұғалімдері отандық білім берудің үздік дәстүрлері мен әлемдік тәжірибені сақтау және оны арттыру негізінде еңбекке баулу мен тәрбиелеу жүйесінде жаңару идеяларының жаршысына айналуы керек. Сондықтан, бүгінгі күнде технология мұғалімдерінің отандық білім беру жүйесіндегі жаңа идеялар мен өзгерістердің маңызын түсінуі және оны жастардың еңбек дайындығы барысында жүзеге асыруы  ерекше сипат алып келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1 Қазақстан Республикасы «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңы //Егемен Қазақстан. – 2007. - № 254-256.

2   Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Мамандығы 050120 – Кәсіптік білім. –Астана. 2004. – 42 б.

3        Жолдасбекова С.А. Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік мұғалімдерін кәсіби даярлау: монография. – Алматы: Әрекет-Print, 2008. – 330 б.

4        Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Жоғары кәсіптік білім. Мамандығы 032040 – «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік». Қазақстан Республикасының  Білім  және ғылым министрлігі. -Астана, 2002. – 27 с.

5         Бағдарламалар. Технология (5-9 сыныптар), Қазіргі заман талабының  тұрмыс мәдениеті (10-11 сыныптар) – Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы  Қазақтың  білім  академиясының  Республикалық  баспа кабинет, 2000. - 52 б.

6   Ортаев Б.Т. Технология пәнін оқытудағы политехникалық бағыттылық: оқу-әдістемелік құрал. – Түркістан. 2006. - 124 б.

7   Технология профессионально-личностного развития будущего учителя, его готовности к организации воспитательного процесса в образова­тельном учреждении: Научно-методические рекомендации /под рук. В.А. Сластенина. - М.: Новый учебник, 2003. - 176 с.

8   Кан-Калик В.А. Педагогическая деятельность как творческий про­цесс. - М.: НИИВШ, 1977. - 64 с.

9   Талызина Н.Ф. Управление процессом усвоения знаний. - М.: Моск. ун-та, 1984. - 344 с.

10   Хотунцев Ю.Л. Сохранить технологическое образование школьников // Мир образования – Образование в мире.- 2006.- № 1. – С. 201 – 206.

11   Овечкин В.П. Технологическое образование школьников: основания реформирования, сущность, подходы к реализации: монография. - Ижевск: УдГУ, 1998. - 44 с.

12   Безрукова В.С. Интеграция технического знания.  Екатеринбург: Деловая книга, 1996. - 123 с.