*113298*
Кенжебаева
Гүлдариға
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің аға
оқытушысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ
БАСТАУЫ
Кез келген ұлттың
толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін
оның ұлттық санасы, ұлттық
құндылығы және ұлттық мүддесі болуы
керек. Олай болса, ұлттық
сана, ұлттық құндылық, ұлттық
мүдде деген ұғымдарға талдау жасайық. Біріншіден, ұлттық сана дегенде
біз ұлттық идеология, психология, менталитет, патриотизм,
тәрбие мәселелеріне тоқталуымыз қажет.
Өткенімізге көз
жүгіртсек, қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет
болып, көшпенді өмір сүргенде рулық сана басым болды.
Ата-бабаларымыздың аталас, рулас болып топтасып өмір сүруі
Ресейге отар болғаннан кейін де жалғасты. Тек жиырмасыншы
ғасырдың бас кезінде большевиктік жүйенің
басымдығы, тоталитарлық жүйенің интернационалдық
идеологиясының салдарынан рулық сана әлсіреп, космополиттік
сана күш ала бастады. Сондықтан ұрпақтарымыздың
ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел
қамын, жер қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек.
Ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына дарытуда Елбасы
Н.Әбішұлының мына бір ұлағатты сөзі
бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң,
еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса,
қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің
нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп
еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің
екеніңді ұмытпа!».
Ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы
үшін ұлттық құндылығымыздың
маңызы ерекше. Ұлттық құндылыққа –
ұлтымыздың мәдениеті, әдебиеті, өнері, музыкасы,
спорты, салт-дәстүрі жатады десек, қазақта
«ата-қоныс» деген ұғым бар. Яғни, «ата-қоныс»
қазақ үшін киелі жер болып саналады және осы
көшіп-қонып жүрген жерлерінің тауы мен даласы,
өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазақ
халқының
аңыз-әңгімелеріне, өлең-жырларына, шығармашылығына арқау болған. Соның
негізінде қазақ халқы өз алдына, тәуелсіз
мемлекет болып өмір сүргенде оның тілі, мәдинетімен
қатар әдебиеті де қалыптасып дамыған.
Біздің ұлттық
мұрамызда халықтың ғасырлар бойы басынан өткерген
тарихи тағдыры, арман-мұраты, мұң-мүддесі жатыр.
Қазақтың
мәдени құндылықтарының ішінде ұлттық
өнер ерекше дамыған.
Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың
күнделікті өмір салтына байланысты
халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттіліктен
туындайды. Сол сияқты күнделікті тұрмыс қажеттілігінен
туындыған қол өнерін айтуға болады. Оның ішінде –
ағаштан, теріден жасалған
ыдыс-аяқ; жүннен, теріден істелінген киім-кешек; асыл
тастармен әшекейленіп, алтын күмістен жасалынған зергерлік
бұйымдар; кілем, алаша тоқу, киіз басу т.б. Мұнан басқа
қазақ ұлтының рухани мәдениетіне байланысты –
сөз өнері, күй өнері, сән өнері
сияқты өнердің басқа да түрлері жоғары
дәрежеде дамыған. Осы асылдарымыз қазақ
халқының бірнеше ғасыр бойы Ресейдің бодандығында
болып, өмір салтына өзгерістер енгеннен кейін
(қазақтың төл ұлттық қол
өнері) басқа рухани
және материалдық құндылықтармен ауыстырылып, көбі
ұмытылып кетерлік күйге жетті.
Ұлттық
құндылықтарымыздың бір тармағы –
дәстүр. Дәстүр – ұлтты рухтандырып, оның
ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын
сипаттардың бірі. Алдымен «дәстүр» сөзінің
мағынасын біліп қойғанның еш артықтығы
жоқ. «Дәстүр»
арабтың «дүстүр» деген сөзінен парсы тілі арқылы
келген сөз. Егер мағынасына үңілсек
«орныққан», «тұрақты» деген мағынаны білдіреді.
Сондықтан ұрпағымызға сәби кезеңінен бастап
ата-анасы, ұстаздары олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып,
ұлттық дәстүрлерімізді бойына дарытып отыруға
міндетті.
Ұлтымыздың келесі
құндылықтарының бірі – спорт. Қазақ
халқы бұрын көшпенді мал шаруашылығымен
айналысқандықтан оларда өзінің өмір салтына
бейімделген спорттың түрлері қалыптасқан. Көбіне
ол ойындар жылқы малымен байланысты – бәйге, көкпар, қыз
қуу, аударыспақ, теңге алу т.б. болды. Сол сияқты, қазақша күрес, жаяу жарыс,
асық ойындары, ойлау қабілетін жетілдіретін
тоғызқұмалақ т.б. ойындар болды. Осылардың ішінде
ұлттық ойындар жайында қазақтың ағартушы
ғалымы Ж.Аймауытов: «...Баланың жасындағы икемдігі
сыртқа шығуға ақылға сыймайтын ырымшылдық
бөгет қылады. «Жер қазба, қора соқпа, жаман
сұмдықты бастама» деп кейбіреулер баланы ойыннан тыяды.
«Қарақұлақ ойнаса» қасқыр келеді деп
сұмдық көреді. Әуелі асық ойнағанды
әуейілік деп тыятындар бар. Мұның бәрі баланың
еліктегіштегінен, іске икемділігінен туады, үлкен кісі не істесе, бала да
соны істеймін деп талпынады. Балаға «жер қаздырмаймын»,
«қарақұлақ» ойнатпаймын десе, үлкендер
құдық қазып мал суарады. Қасқырдан мал
күзетуді қою керек. Әйтпесе баланы тыю жолы емес, асық
ойнаудың сан, есеп үйренуге, денесі оңтайлы болуға,
ұйымдасуға, қоғамдық, әділдік сезімін
күшейтуге зор пайдасы барын білген әке-шеше еш уақытта
ойыннан тыймас еді...»,–дейді. Ғалымның ойын ары қарай
сабақтар болсақ, спорттық ойындар тек дене шынықтыру,
денсаулықты күшейту ғана емес, қоғамдағы
адамның сана-сезімінің өсуіне ықпал етеді, саяси
көзқарасы қалыптасады, бүгінгі техникалық артта
қалушылықтың орнын толтырып, адамдармен
қарым-қатынас жасау, белгілі бір ортада өзін еркін сезіну
дағдысы қалыптасатындығы сөзсіз.
Ұлттық
тәрбиенің қайнар көзінің бірі –
ұлттық мүдде. Ұлттық
мүдде дегеніміз – сол ұлттың рухани, әлеуметтік,
қоғамдық дамуында шешуші роль атқаратын оның
басты белгілері. Бүгінгі күні қазақ
халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі басты
мүдделері – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің
тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің сақталуы,
салт-дәстүріміздің, тіліміздің өркендеуі.
Сондықтан осындай ауыр жүк арқалаған
ұлттық мүддемізді болашақ жас ұрпақ бойына
сіңіру ұстаздар алдындағы абыройлы міндет. Ол үшін ұстаздар өз пәнін
теориялық тұрғыдан жетік білумен қатар, өз
ұлтының ғасырлар бойы тарихи қалыптасқан
ұлттық тілі, ділі, діні, болмысы, психологиясы, менталитетін
терең меңгеріп, ауыз әдебиеті үлгілері мен ақын-жазушылардың
көркем шығармаларындағы айтылған айшықты ойларын
сабақ үрдісінде де, сабақтан тыс жұмыстарда да
үнемі басшылыққа алып,
түрлі әдіс-тәсілдер арқылы білім
алушылардың бойына дарытып отыру керек. Оған дәлел Ж.Аймауытовтың
төмендегі айтқан ой-тұжырымы болмақ: «Ұлтын шын
сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматты көп
жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте
тең түсіп, басқаларға өзін елітіп отыр. Ұлт
үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген
азаматтардың елі артта қалып отыр... «...Естеріңізде болсын:
қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті
кісінің қазақ болуы қиын. Баласына осы бастан ұлт
рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып
тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт
қызметкері бола алмайды».
...Ұлт
пен тіл ешуақытта ажырамайтын, бірімен-бірі кірігіп, бөліп
алуға болмайтын нәрсе. Ұлттың ең негізгі
қасиеті – қабілетінде, ал қабілет ойлаумен байланысты,
өз кезегінде ойлау деген нәрсені құрайтын – тіл. Осыдан тиісті қорытындылар
жасауға болады. Ұлттың рухы тілдің мазмұнын
рухтандырып тұрады. Рухсыз тіл – тіл емес. Мысалы, дүние
жүзінде жасанды тілдер бар.
Ұлттық
рухтың ең бір абыройлы
қызметі – тілді рухтандырады. Тілдің рухты бойына
сіңіріп алып, ұлттық дүниетанымдық,
психологиялық, басқа да толып жатқан ұрпақтан-
ұрпаққа беріліп жататын қажетті қасиеттерін
бойына жинаушы, кезең-кезеңімен кейінгі ұрпаққа
жеткізуші құралға айналатын себебі де сондықтан.
Ұлт пен тілді ажырату мүмкін емес». Осы пікірмен сабақтас
классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз
тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық
мәнді интеллигент емес деуге де болады, себебі, ол қандайлық мамандық
білімі болса, рухани ой-тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады.
Тегінде, қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын
интеллигент дәрежесіне жету үш әдебиетті білу жалпылығы
ортақ шарт. Ана тілінен бірнеше
жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азған» ел атанып, кейіннен
аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап,
қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз
жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз
болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес», – дейді.
Алаш ардақтыларының
бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше
жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей
тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл –
күйініш» деп, өзінің ұлт тіліне деген
құрметін, жанашырлығын білдіреді.
Ұлт
ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Орысша оқығандар орыс
сөзінің жүйесіне дағдаланып үйренген,
ноғайша оқығанда ноғай сөзінің
жүйесіне дағдаланып үйренген. Қазақ
сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол
нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас
үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде
оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің
жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден
дағдыландығын кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де
тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана
тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға
тиіспіз» деп ұрпақтың ұлттық тәрбие
алуының негізін айтса, Халел Досмұхамедұлы: «Баспа мен
мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей
қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса,
елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен
баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел,
мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды» деп
тілдің сақталуы мен дамуындағы мектептің ерекше
рөлін атап өтеді.
Ұлттың
болмысын, басқалардан ерекшелендіріп тұратын маңызды рухани
табиғатын түсінген Алаш қайраткерлері әрқашан тіл
мәселесін ұлттан бөліп қарамаған. Мәселен,
А.Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да,
жоғалуына да себеп болатын
нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі
жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз
ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер, әуелі сол
жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ
деген ұлт болып тұруды тілесек қарнымыз ашпас қамын
ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар
ойлауымыз керек» десе, М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі –
ұлттық тіл», М.Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына
бірінші шарт – тіл. Ұлт үшін тілінен қымбат ешнәрсе
жоқ» деген құнды ой-тұжырымдар жасайды.
Қорыта
айтқанда, бір үлкен ғалым айтқандай: «Келешек туралы
көп уайымдап, келешекті жасаймын деп әуре болудың
қажеті жоқ, келешек біздің ешқандай ісімізсіз-ақ
өзінен-өзі келеді, бірақ келетін ертеңді немен
толтырамыз, соны бүгін ойлау керек». Бүгіннің өте
қажет екендігі даусыз. Өйткені келешек дегенің бүгін
басталады. Келешектің түбірі бүгінде жатыр. Ал
бүгіннің баюы, рухтануы, нығаюы – кешеге байланысты, кешегіні
бүгінге алып келіп, бүгінді байытып, рухтандырса, бізден
сұрамай-ақ келетін ертеңді дұрыс мағынамен,
мазмұнмен қарсы алуға дайындалуымыз керек». Сонда ғана
біз ұлтымыздың алдындағы борышымызды адал атқарамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
М. Жұмабаев. Педагогика. Алматы, Ана тілі, 1992, 154 б.
2.
Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-том, Алматы.
Ғылым, 1999, 301 б.
3.
Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том, Алматы.
Ғылым, 1998, 446 б.
4.
А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы, Алматы, Ана тілі, 1991 ж, 444 б.