*113299*
БОЛАШАҚ ЭКОНОМИСТЕРГЕ КӘСІБИ БАҒЫТТА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ
МАҢЫЗЫ
Апсалямов Надирбек Апсалямович
Президент Казахской финансово-экономической академии
доктор экономических наук, профессор;
Бейсенбекова Гулназ Турлыбаевна
кандидат педагогических наук, доцент
КазНПУ им. Абая
Бүкіл
әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатына сәйкес бүгінгі таңда Қазақстанның
білім беру саласында түбегейлі өзгерістер жасалуда. Қазіргі жүргізіліп
жатқан түрлі бағыттағы сол өзгерістер білім беру жүйесінің қызметін
жаңа уақыт талабына сай жетілдіруді, педагогика ғылымындағы
табыстарды сын көзбен саралай отырып, тәжірибеде кеңінен қолдануды,
білім алушыларды өзгермелі қоғамда өмір сүруге
жан-жақты дайындауды қажет етеді. Ал мұның барлығы
да мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдаумен, оқыту
үдерісін жаңаша ұйымдастырудың жолдарын таба алу мүмкіндіктерін кеңейтумен
тығыз ұштасып жатыр.
Осы орайда, Елбасы
Н.Назарбаевтың: «...Бізге бұрынғы қай кездегіден де
білім мен ғылымның баға жеткізгісіз қорын барынша арттыру,
оны қазіргі заманға сай ету қажет... Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және
жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға
және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін
қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа
технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық,
ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген сөзі егеменді
еліміздің білім беру жүйесін
дамытудың басым бағыттарын айқындауға тірек болды. Осы кешенді міндеттердің
маңызды бір арнасын құрайтын оқыту технологияларын
жетілдіру мәселесі заманауи талапқа сай және жаһандану үдерісін
бастан кешіп отырған әлеуметтік ортада өмір сүруге
бейім дара тұлғаны қалыптастырумен ұштасып жатыр.
Болашақ маманның өмірге қажетті тілдік-қатысымдық
дағдыларды меңгеруі қойылған проблемаларды оң
шеше алуынан, өз мамандығына қажетті терминдерді дұрыс
меңгеріп, әрбір мәселеге деген өз ой-пікірін дұрыс,
анық, дәлелді жеткізуінен көрінеді. Студенттердің кәсіби
біліктері жолдастарымен пікірлесуі, тілдік қатынасқа түсуі нәтижесінде
жетіледі. Әйтсе де бүгінгі
бәсекелестік заманға лайық маманға деген қоғамдық-әлеуметтік
сұраным мен мемлекеттік тілді студенттің болашақ мамандығына
сай оқыту жүйесінің арасындағы, педагог қауымға
қоғам тарапынан жүктелген міндеттер мен олардың оқу-тәрбие жұмысы барысында
жаңаны игеру мүмкіншіліктері арасындағы қарама-қайшылықтар
әлі де сақталып отыр.
Кәсіби
маман - өз болашағын жасаушы, күнделікті дәріс және
практикалық сабақтарда алған білімдерін, іскерлік пен дағдысын,
ерік-жігері мен шығармашылық белсенділігін іс-әрекеттің
белгілі бір түрін меңгеруге жұмылдырып, өмір ағысына
икемделе білген, болашағына сеніммен қарайтын жеке тұлға. Оның алдында тұрған басты
мақсат - әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына
қосылу жөніндегі нақты қадамдарға өз үлесін
қосу, қоғамымызда жаңадан қалыптасып келе жатқан
жаңа сапалық қарым-қатынастарды бойына сіңіре
отырып, нарықтық қатынастар жүйесіне бейімделу. Сонымен
қатар олардың бойындағы дарын мен қабілетін қазіргі
заман талабына сай қалыптастыру, оны жан-жақты дамыту, оқу
барысында алған білімі мен кәсіби шеберлігін, біліктілігін үздіксіз
дамытып отырған тиімді. Егеменді елімізде қалыптасып келе жатқан
нарықтық қатынастар жағдайында жемісті қызмет ету
үшін мәдениеті мен адамгершілік қасиеті жоғары, рухани дүниесі бай,
жалпы білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлау – бүгінгі
күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Жоғарыдағы
міндеттерді шешу барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі
жаңа Қазақстан» деп аталатын Қазақстан халқына
жолдауында көрсеткен жаңа кезеңнің міндеттерін атап көрсеткен
болатын: «Осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау,
«парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа
технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық
экономиканы дамыту».
«Білім
беру реформасының табысты өлшемі – тиісті білім мен білік алған
еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке
жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл
елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне
қол жеткізуге тиіспіз. Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде
тірке мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек.
...Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға
бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегияға жүгінетін
боламыз. Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы байқуатты
мемлекеттер «парасатты экономикаға» сүйенген болатын. Ал ондай
экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы
адами капиталымызды дамытқан жөн» [1].
Еліміздің қазіргі кезеңінде болып жатқан
экономикалық, әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық
өзгерістерге байланысты жас ұрпақты тәрбиелеуде білім
мен тәрбие беру жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру
мәселесі туындап отыр. Қазіргі кезеңде білім беру жүйелерінде
құзіреттілік тұрғыда білім беруді ұйымдастыру мәселесі
қарастырылады. Осыған байланысты кәсіби мамандарды даярлай
отырып, сапалы білім беру, сонымен бірге оларды өнегелі ұрпақ
етіп тәрбиелеу негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру, оның
шығармашылық және рухани мүмкіндіктерін дамытуға
барлық жағдайлар жасалуда. Егеменді еліміздің болашағы,
оның материалдық және рухани дамуы, экономикалық, әлеуметтік
және саяси жағынан өркендеп өсуі жас ұрпақтың
қолында.
Нарықтық
қатынастар жағдайында білім беру мен кәсіптік даярлау бағытындағы
оқу орындарының негізгі міндеті - әлемдік стандарттар деңгейінде
білім беру. Бұл міндеттерді орындау үшін болашақ мамандарды
даярлауда қазіргі қоғам үрдісіне сай білім беру қажеттігі
туындайды. Қазақ тілін мамандыққа сай үйретудің
басты өзегі - елімізде бәсекеге
қабілетті өз ісін жетік меңгерген, сауатты, білімді, өндірісте
жұмыс істей алатын жан-жақты дамыған құзіретті
маман даярлау. Яғни мемлекеттік
тілді студенттер меңгерте отырып,
болашақ мамандықтарын жан-жақты игерген құзіретті
маман болуы қажет. Ол үшін экономика мамандығы бойынша білім
алатын студенттер мынадай кәсіптік қызмет түрлерін қалыптастыруы
тиіс:
·
Ұйымдастырушылық-технологиялық қызмет. Бұл қызмет
бойынша оқушы кәсіпорынды басқару технологиясын жасау және
және қолдану аймағында білікті жұмысқа қажет
барлық дағдыларға ие болуы; басқарудың ғылыми-әдіснамалық
және технологиялық ұйымдастыру базасын құруға
қатысуы; басқа мамандармен бірлесе отырып, нақты бір фирмада
немесе компанияда менеджменттің ең тиімді әдістерін,
ережелерін жасауы; ішкі экономикалық қызметті жүргізуге өндіріс
ұйымдары үдерісінде белсенді түрде қатысуы; табиғат
пайдалану экономикасы және қоршаған ортаны қорғау
шараларына белсенді қатысуы тиіс;
·
Өндірістік-басқарушылық қызмет. Экономикалық басқару үдерісіне
байланысты барлық сұрақтарды шешуі қажет, сонымен қатар
кәсіпорынды басқару, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру,
басқару тиімділігін сараптау, өндірістік-басқарушылық қызметке
тән ерекшеліктерді игеру болашақ маманның міндеті болып
табылады.
·
Экономикалық жобалау қызметі. Басқарудың ұйымдастырушылық
құрылымын жасауды, оларды енгізуді, бейімдеуді қамтиды;
сонымен қатар экономикалық жобалауды талдау, жаңа кәсіпорын
немесе экономикалық жобаны ұйымдастыруға қатысты және
несие, қарыз, қаржылық қолдаудың барлық түрін
алуға қажет арнаулы құжаттар мен олардың
тиімділігін талдауды көздейді.
Болашақ
экономист студенттер кәсіптік қызмет түрлерін қалыптастырудың
нәтижесінде төмендегідей жетістіктерге қол жеткізе алады. Ұйымдастырушылық-технологиялық
қызмет арқылы кәсіби
бағытта қазақ тілін үйренудің маңызы
төмендегідей:
1.
Жаттығулар шынайы өмірлік-экономикалық жағдаятқа
сәйкес, яғни мамандық жағдаятқа сай болғанда
негізгі мақсат орындалады.
2.
Студенттердің шынайы коммуникативтік қажеттілігіне сай келіп,
белгілі ортада ойын жеткізуге көмектеседі.
3.
Мазмұнды мамандыққа қажетті ақпаратты
игереді.
4.
Экономикалық құбылыстарды, әрекеттерді, оқиғаларды,
фактілерді т.б. тілдік қатынаста
жан-жақты игеруге қалыптасады.
Өндірістік-басқарушылық
қызмет арқылы
экономикалық басқару үдерісіне байланысты барлық сұрақтарды
кәсіби қазақ тілінде шешуі қажет, сонымен қатар кәсіпорынды
басқару, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, басқару
тиімділігін сараптау, өндірістік-басқарушылық қызметке
тән ерекшеліктерді мемлекеттік тілде игеру болашақ маманның
міндеті болып табылады. Өндірістік-басқарушылық қызмет арқылы тілді үйренудің
маңыздылығы төмендегідей:
-
біріншіден, тіл үйренуші кәсіби қазақ тілінде
экономикалық басқару жүйесін игереді;
-
екіншіден, болашақ маман кәсіпорынды тиімді басқару жүйесін
қазақ халқының менталитетіне сай жүргізу дағдысын
қалыптастырады;
-
үшіншіден, өндіріске, кәсіпорынға қатысты мәселелерді
кәсіби қазақ тілінде талдай отырып, басқару барысында
туындайтын түрлі жағдаяттардан сол ұлттың ерекшелігін
негізге ала отырып, шығуға икемделеді.
Экономикалық
жобалау қызметі арқылы басқарудың ұйымдастырушылық
құрылымын кәсіби қазақ тілінде жасайды,
экономикалық жобалауды талдайды, жаңа кәсіпорын немесе
экономикалық жобаны ұйымдастыруға қатысты және
несие, қарыз, қаржылық қолдаудың барлық түрін
алуға қажетті арнаулы құжаттарды жүргізу
шеберлігін қалыптастырады. Экономикалық жобалау қызметі арқылы:
-
тіл үйренуші қазақша ойлай отырып, экономикалық басқарудың
ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастырады;
-
тіл үйренуші мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізе
отырып, несие, қарыз алуды; қаржы
көзін молайтудың жолдарын қазақша жазуға дағдыланады;
-
тіл үйренуші мемлекет ішінде өтетін түрлі экономикалық
мәселеге байланысты сайыстарға, мемлекеттік грант, тендерге қатыса отырып, экономикалық
жобалаудың бірнеше бағыттарын кәсіби қазақ
тілінде белгілей алады.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан
халқына Жолдауы // Астана. – 2007. -28 ақпан.