*113058*

М.п.н., Асетова Ж.Б., к.п.н.,Шаяхметова М.Н.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Казахстан

Этнопедагогиканың дамуы мен қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттары

Білім беру жүйесі мен қазіргі қоғамдағы өзгерістердің болуы кезінде оның әлеуметтік ішкі құрылымы ретінде екі тенденция анықталған:  кеңестік және социалистік кеңістікке ғана емес, сонымен қатар Америка және Шығыс Европаның көптеген елдеріне тән, өзіндік “этникалық бумда” сипат алған интеграция және дифференциация (сұрыпталу). Мысалы, француз тілді Квебек Канададан өз егемендігін талап етеді, Турцияда курттардың өз тәуелсіздігі үшін күрестерінің шиеленісе түсуі және т.б.

Қазақстан үшін Кеңес империясының құлауы коммунистік идеология құлауының барлық проблемаларын алып келді. Қоғам деңгейі мен барлық сфераны  Қазақстан үшін Кеңес империясының құлауы коммунистік идеология құлауының барлық проблемаларын алып келді. Қоғам деңгейі мен барлық сфераны  қамтыған жалпыға ортақ әлеуметтік жіктелу әсіресе, білім беру сферасына кері әсерін тигізгені анық. Мектеп тәжірибесінде мына сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кең етек ала бастады: қылмыстың кең етек ала бастауы, наркомания, алкогольдық ішімдіктерге салыну, жезөкшелік, өз пікірі жоқтық, мектеп жасындағы балалардың мектепке бармауы, балалар үйлерінің көбеюі. Осы келеңсіз құбылыстарды Кеңес педагогикасының белгілі доктриналарда шеше алмады.

Бірақ, мектеп өмір сүруін тоқтатпады. Қазір қайта құру кезеңінің он жылы ішінде келелі, маңызды педагогикалық идеялардың бар екендігі айқындалып отыр. Сол идеялардың бірі - өз этникалық қайнар көзіне, тарихи түп тамырына үнілу. Яғни, мұны адамзат қоғамының әлеуметтік-философиялық дамуының өзіндік заңдылығы деп қарастыруға болады. Мысалы, қиын жағдай туындаған кезде өз ойың мен күшіңді жинақтап, қателіктерін болса сезініп, оны түзетудің жолдарын өз үйіңде іздестіру, ойлану.

Сондықтан болар, ғасырлар бойы жинақталған халықтың тәлім-тәрбиелік тәжірибесін оқыту қажеттігі қазіргі күнде тек көптеген педагог-практиктер мен педагог-ғалымдармен ғана емес, сонымен қатар ата-ана қауымдастықтарымен мойындалып, маңыздылығы айқындалып отыр.

 Халықтың өзінің тарихи даму жолында тәрбие туралы түсініктері мен көзқарастары қалыптасты.  Тәрбие мен оқытуға  халықтық көзқарастың негізінің пайда болуы дінге, магияға, әдет-ғұрыпқа байланысты емес, ол сол халықтың өмір сүру тәжірибесі мен өндірістік еңбек ету іс-әрекетіне байланысты.

Егер тәрбиеге деген халықтық көзқарас пен  ұлы ойшылдардың шығармашылықтарын салыстыра отырып талдау жасайтын болсақ, халықтық педагогика проблемаларын ғылыми тұрғыда зерттеу тарихнамасы  тәрбиенің халықтық тәжірибесін тарихи-әлеуметтік феномен ретінде зерттеу түрлі кезеңдегі , яғни өткен мен қазіргі педагогтар мен ойшылдардың ғылыми қызығушылықтары болғандығын дәлелдей түседі.

Чехтың ұлы  педагогы Я.А Коменский отбасы тәрбиесінің тәжірибесіне сүйене отырып   өзінің «Ана мектебі» идеясының негізін қалады. Ұлы швейцария педагогы Г.Песталоции  швейцария халық педагогикасының тәжірибесін топшылай  отырып өзінің «Аналарға арналған кітап» деген еңбегін жазды. Ол отбасында басталған табиғилық тәрбие өзінің жалғасын мектепте табуы тиіс деді.  Ұлы орыс педагогы К. Д. Ушинский халықтық педагогиканың  тәрбиелік потенциалын жоғары бағалады. «Халықтық бастауға және сол халықтың өзі жасаған тәрбиенің  күші зор» деп жазады

Ол халықтық деп халықтың «менін» сақтауға және оны қоғамдық экономикалық өмірдің барлық салаларында дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысын түсінді. Халықсыз халық – заңды іріп-шіруі ғана қалған жансыз дене – К.Д. Ушинский. Осы принципті ұстана отырып, ол халықтық идеясының негізін қалады. Ол халықтық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптарды жақсы біле отырып, мынадай қорытындыға келді: «ата-баба даналығы – ұрпақтар айнасы»

Халықтық педагогика егер тәрбие туралы халық түсінігін ескермесе,  өзінің бүкіл сан ғасырлық тарихында жинақтаған педагогикалық тәжірибесін зерттемесе  бұл міндетті шеше алмаған болар еді.

Тәрбиенің халықтық принципі ерте балалық шақта, ана тілін меңгеру үрдісінде жүзеге асады. Н.К. Крупская отбасындағы бала сөйлеуінің дамуына ерекше көңіл бөлді, әсіресе бала мен ананың қарым-қатынас процесі кезінде ол мынаған көңіл бөлді: яғни, ананың тілі баланың көңіл күйін, ой-пікірін, ақыл-зердесін дамыту мен өзін айқындауының негізгі құралы»

А.С. Макаренко өзінің көпжылдық тәжірибесінде мынаны тұжырымдайды: «педагогика адамдардың шапшаң жұмыстарынан, шынайы ұжымның реакциясы мен еңбек әрекетінен туындайды. Яғни отбасындағы еңбекке баулу адамның болашақта дамуына үлкен әсерін тигізеді».

В.А. Сухомлинский де халық даналығының сарқылмас көздерінен нәр ала білуді уағыздады. Оның ойынша «руханилық тамырын» қалыптастырудың қайнар көздерінсіз, халықтық педагогиканың пәрменді құралдарынсыз жеткіншек ұрпақты толыққанды тәрбиелеу мүмкін емес. Ол халықтық педагогика бай тәжірибесіне қарамастан ол белгілі бір дәрежеде зерттелмеді, бұл мәселе бойынша терең зерттеу жұмысы жүргізілмеді деп топшылайды.

   XIX ғ ортасына қарай халықтық педагогика мәселелері бірқатар ғалым-педагогтар мен ойшылдардың арнаулы зерттеу нысанасына айнала бастады.

·    1861 жылы В.И.  Водовозов «Орыс халық педагогикасы» деп аталатын халықтық оқуға арналған кітаптар жөнінде мақаласын жазды.

·    1890 жылы бірінші болып кең көлемде Д. Булгаковский мен Г.Пинчук халықтық педагогиканың ескерткіштеріне – мақал мәтелдердің, өлеңдер, жұмбақтар, салт-дәстүрлер және олардың халық тұрмысындағы тәрбиелік мәніне тоқталып өтеді. Е.А. Покровскийдің этнографиялық және педагогикалық жоспардағы ғылыми қызығушылығын, яғни балалар ойынының және оның баланың физикалық және рухани дамуындағы роліне талдау жасайды.

·     Сол сияқты ғалым –зерттеуші Соболев А. балалар ойындары мәселесін балалар өлеңдерімен қиюуластыра қарастыра отырып халық педагогикасының ауқымын одан әрі кеңейте түседі.

Халық педагогикасы этнографиямен және тіл білімімен де тығыз байланысты. Сондықтан да халықтық педагогика мәселесіне әлеуметтік-экономикалық және этнографиялық аспектідегі республиканың тарихшылары, филологтары, этнографтары қомақты үлес қосты. Кеңес заманында халық педагогикасы проблемасына алғашқы болып өз үлесін қосқандардың ішінде этнограф және педагог Г.С. Виноградовты атап өтуге болады. Ол халық педагогикасын халықтың педагогикалық мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оны «жүйе» дегеннен гөрі, «білім мен дағдылар жиынтығы» деген пікірді құптаған. Виноградовтың пікірі бойынша, халық педагогикасын педагогикалық теория емес, педагогикалық практика, халықтың бала тәрбиелеу тәжірибесі ретінде қарастыру қажет.

   Елімізде саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты 30-40 жылдары этнопедагогикалық бағыттағы зерттеулер тоқталып қалады да, 50-60 жылдары зерттеу қайта жандана түседі. Осы кезеңде Е.Л. Христова халықтық педагогиканы әлеуметтік аспектіде қарастырады. Ол халық педагогикасын – «халықтың таптық пеадгогикалық санасы» деп қарастырады. 60-жылдардың ортасына қарай ғалымдар халықтық педагогиканы халықтық-педагогикалық ой-пікірлер негізінде қарастырады. А.Ш. Гашимов бойынша бұл түсінік «тәрбие мәселелері жөніндегі көзқарастарының, идеяларының, әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің жиынтығы». Ю.Н. Намитоков – «халықтың тәрбие жөніндегі ой-пікірлері» деген анықтама береді.  Осы сияқты бағытты қолдаушылар Б.Ф.Афанасьев, Б.Х. Арутюнян, М.М. Ширбаев және т.б. болды.

Осы саладағы зерттеудің ерекше жүйесіне Г.Н.Волковты жатқызуға болады. Оны этнопедагогиканың негізін қалаушы деп толығымен айта аламыз. Сөз жоқ, ұлттық мәселелер лениндік доктринаға бас иген кезде және коммунистік идеология мен тоталитарлық режимнің бой алып тұрған уақытында этникалық педагогиканың қажеттілігін айқындап беру Г.Н.Волковтың бойындағы азаматтық жігер күшінің жеткілікті екендігін көрсетеді.

Қазақстандағы этнопедагогиканың жандануы Қалиев С.Қ., Жарықбаев Қ.Ж., Ұзақбаева С.А., Қожахметова К.Ж, және т.б. ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты. Қазақстанда этнопедагогиканың жалпы теориялық негізімен қатар, оның әдіснамасы да өңделген. Этнопедагогикалық мәдениетке заманауи көзқарас, тәрбиенің көпғасырлық тәжірибесін отандық ғалымдардың зерттеуі тәрбие үрдісінің теориялық негізін өңдеудің маңыздылығын болжауға мүмкіндік береді. Сондықтан да этнопедагогиканың қалыптасуы мен пайда болуының тарихи-педагогикалық алғышарттары болып:

·    кеңес империясының құлауымен пайда болған қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси және тарихи-экономикалық өзгерістер;

·    өзгеріс еңген кезеңдегі коммунистік тәрбие идеясы мен кеңес педагогикасының негізгі доктриналарының әлсіздігі;

·    тәрбиенің көпғасырлық тәжірибесін қолданудың қажеттілігін мойындау;

·    өткенді зерделеу және этникалық түп төркінге үңілу үрдісіндегі тарихи өткеніміздің педагогикалық тәжірибесін қайта бағалап, жан-жақты қарастырудың маңыздылығын ұғыну;

·    тәрбие үрдісінің теориялық негізін тереңдете өңдеуде және оның оң нәтижелілігін жетілдіруде ғылым мен педагогикалық тәжірибенің аса қажеттілігі табылады.

Әдебиеттер:

1.   Виноградов Г.С. Народная педагогика. -  Иркутстк, 1926. – 293 с.

2.   Калиев С. Қазақ этнопедагогикасынан теориялық негіздері мен тарихы. Алматы., 2003

3.   Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика. Алматы: Ғылым, 1998. – 316 с.

4.   Ушинский К.Д. О народности в общественном воспитании / Пед.соч.: в 6 Т. / Сост. С. Ф. Егоров.  – М.: Педагогика, 1988. Т. 2. - 527 с.

5.   Этническая педагогика: Книга для чтения / Пятин В.А., Тренев А.М, Алексеева Г.В и др. - Астрахань, 1995. – 276 с

6.        http://ethnopsyhology.narod.ru/index.htm - Сайт "Этнопедагогика"