*111749*
Ахметова К.Н.
Қызылорда көпсалалы гуманитарлық- техникалық колледжі
Білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер жаңа
парадигма аясында
Бүгінгі таңда даму жолына түскен
Қазақстан Республикасы қоғамның барлық
саласында аса маңызды реформаларды жүзеге асыруда. Бұл
реформалардың ішіндегі ең күрделісі әрі өте
байыптылықты қажет ететін бағыты әлеуметтік
саладағы реформалар болып табылады. Өйткені, біріншіден,
әлеуметтік мәселе
адамдардың өмірі мен тұрмыс -тіршілігіне тікелей қатысты
болғандықтан үнемі күн тәртібінде тұрады;
екіншіден, мемлекеттің әлеуметтік саясаты әрқашан
хлықтың назарында болып, оның талқысы мен сынына
түсіп отырады. Сондықтан да әлеуметтік саясат мемлекеттілікті
орнықтыру мен мемлекетті басқаруда аса маңызды орын алады.
1999 жылы ЮНИСЕФ-тің Ұлттар Дамуы
бағдарламасында: «Ұлттың болмысы әскери қуаты мен
күші арқылы емес, астаналарының көркі мен
қоғамдық сарайларымен емес, ондағы адамдардың
өмір сүру сапасымен бағаланады; денсаулық
жағдайы, тамағы мен білімі, еңбегінің жеткілікті
ақысы, шешім шығара алатын мүмкіндіктері, азаматтық
және саяси еркіндіктері құрметі, үйсіз -
күйсіздерді қамқорлыққа алуы, өскелең
ұрпақтың ақыл - есінің дамуы мен дендерінің
саулығы арқылы бағаланады...» деп әлемдік
саясаттың жаһандық сипаттағы қазіргі саяси үрдістерінің
даму бағытына тереңірек принциптік түрде негіз қалады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық
дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру
жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістіне
ықпалдастырудағы негізгі бағдар - адамды қоғамның
ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның
рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен
шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен
мәдени құндылықтарының жоғары
деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына
жағдай жасау.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі
мектептерде оқыту процесінің мазмұндық болмысын жаңа әдіснамалық
тұрғыдан негіздеуді талап етеді.Мұндай жаңа
әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту процесін
түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетіп,
оқытудың
шығармашылық қызметін дамытып, білім мазмұнының
ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар
тұрғысынан жетілдіруді қарастырады.
Білім берудің жаңа бағыттарының
басты ерекшелігі - оқытудың
нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың
қызығушылықтары мен
ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана
«сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық
әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға
ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.
Білім беру процесін жаңаша ұйымдастыру
оның философиялық, педагогикалық -психологиялық
негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта
қарауды қажет етеді.Бүгінгі философтар мен педагог -
ғалымдар білім беру саласында жаңа оқыту технологиялары мен
әдістерін енгізумен шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық
ұстанымдарды қайта қарау, рухани- адамгершілік
құндылықтарға бетбұрыс жасау қажеттігін
дәлелдеуде.
Дегенмен, жалпы орта білім беру жүйесінде
оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға
қатысты іргелі және қолданбалы зерттеулердің болғандығына және бұл
мәселенің маңыздылығына қарамастан, оқушылардың
шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруды
нәтижелі етуде әлі де шешілмеген мәселелер бар екендігі
анық. Олар: қазіргі білім беру жүйесінде болып жатқан
өзгерістер мен жаңашылдыққа бетбұрыс жеке
тұлғаның шығармашыл болуын талап етіп
отырғанымен, оқу процесінде бұл мәселені қазіргі
талап, қоғамдық сұраныс тұрғысынан шешудің ғылыми- теориялық
негізі жүйеленбеуі; білімді меңгеруде оқушылардың
шығармашылық қызығушылықты
қалыптастыруға бағытталған арнайы
дайындықтың ұйымдастырылмауы; бұл бағыттағы
оқу-тәрбие процесінің мүмкіндіктерінің
толық пайдаланылмауы; оқытушылардың бұл мәселеде біліктілігінің толымсыздығы,
мектеп бітірушілердің төмен көрсеткіштері, қазіргі
кезде жалпы оқушы жастардың білім алуға деген
ынта-ықыластарының азаюы, тұлғаға
бағытталған білім берудегі арнайы әдістемелердің
тапшылығы т.б.
Білім беру саласындағы инновациялық
процестерінің күрделілігі мен қайшылықтары жаңа
құбылыстармен әрекеттесу және жалпы орта білімді
ізгілендірудің сапалы кезеңінде оқушылардың
шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың
мәселесін өзекті етуде.
Соңғы уақытта оқу -тәрбие
процесін гуманизациялау, оның практикалық бағытын
күшейту, дамытушылық қызметін арттыру
мақсатындағы шаралар қолданылғанымен, оқу процесінде уақыттың басым бөлігі
репродуктивті әдіске жұмсалып отыр, сондықтан оның
нәтижесі мардымсыз сипат алуда.
Бүгінгі күні өткеннің
қателіктері неден тұратындығын біліп қою
жеткіліксіз.Маңыздырағы - қандай бағыттарда
ілгерілетуді ұғыну мен түсіну.
Көрсетілген қиындықтарға
қарамастан, білім беру жүйесі даму тұғырын сақтап қалуға
ұмтылады. Білім беру жаңа сапаға: өзгермелі,
демократиялық және вариативті сипатқа көшті.Оқу
мекемесінің типін,
бағдарламалар деңгейін, т.б. таңдау мүмкіндігі
туды.Білім беру жүйесі жаңа бағыт іздеу, оқыту
мазмұнын жаңартуға бет бұрды.
Әлеуметтік жағдайды, жаңашылдық
өзгерістер мен әлемдік педагогикалық тәжірибені
қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді
дамытудың жаңа бағдары -жаңару стратегиясын
таңдауға себепші болды.
Жалпы, жаңарған оқу орнында оқыту
құрылымы мен ұйымдастырылуы
оқушылардың қызығушылығы мен
қабілеттеріне, рухани дамуына, олардың өмірлік
жоспарларының жүзеге асырылуына бағытталған,
көпвариантты және икемді болуы қажет. Сондай-ақ
бұл мәселеде негізгі, орта және жоғары мектептің,
өндірістің т.б. өзара сабақтастығы проблемасын
ескерген жөн.
Ақпараттандыру, жаһандану
жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді
түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға
қатысты принципті бағыттар қатарын қайта қарамайынша
елестету мүмкін емес.
Солармен бірге, қазіргі оқу орнының
педагогикалық процесін бүгінде қарқынды даму
үстіндегі инновациялық білім беру жүйелерімен, бірінші
кезекте, шығармашылық қабілетке, шығармашылық
рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі
дамытуға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке
қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі
мәселесінің қарастырылуына да үлкен мән берілуі
керек.
Еліміздің XXI ғасыр баспалдағын
жаңашылдықпен қарыштап басып, өркениетке бағдар
алуы әр адамның шығармашылық болмысының
нәтижесі деп
бағалауға болады. Ұлттың шығармашылық
әлеуеті де әр жеке тұлғаның
шығармашылық деңгейімен анықталады.Өзекті
мәселені көре білетін, ой ұшқырлығы мен
ізденімпаздық іс -әрекеті қалыптасқан білімі мен
біліктерін өмірдің өзгермелі жағдайына қарай
оңтайлы пайдалана алатын, танымдық дербестігі жоғары деңгейдегі
шығармашыл тұлға қазіргі білім беру
стратегиясының мақсат - мұраты.
XXI ғасыр
қоғам өмірінің әр түрлі саласында
үнемі өзгеріп отырған маңызды ғаламдық
процестермен сипатталады.Ол білім беру саласына да әсер етіп, оқушылардың шығармашылық
әлеуетін қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіруді
талап етеді. Осыған орай, бүгінгі ақпараттық
қоғам жағдайының өркениетті, прогресшіл
бағытына сай, терең білімді, өзгермелі жағдайға
тез бейімделгіш, өзін-өзі саналы
игеретін, бәсекелестік жағдайда өресі биік,
азаматтық-тұлғалық бет-бейнесі қалыптасқан,
рухани жан дүниесі бай, шығармашыл тұлға
тәрбиелеу қоғамның басты мақсаттарының
біріне айналды. Бұл мақсат-міндеттердің жүзеге асуы
адам бойындағы асыл
қасиеттердің көзін
ашып, оқыту мен тәрбиені сабақтастықта,
шығармашылық мақсат қоя отырып, арнайы оқыту
процесін жүргізгенде мүмкін болмақ.
Пайдаланылған әдебиет:
1.Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңы Астана, 2007
2.Қазақстан
Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2012 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2011
3.Қазақстан
Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты,
2010
4.Мировая экономика: глобальные тенденции за 100 лет - М: 2003