*112470*
Педагогические
науки/5. Современные методы преподавания
Г.М. Альмурзина
Шығыс
Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан
СТУДЕНТТІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНЕН
ӨЗДІК ЖҰМЫСЫ МАЗМҰНЫНЫҢ ҚАТЫСЫМДЫҚ
БАҒЫТЫ
Қоғам дамуының әр сатысы білім
беру жүйесіне, оның бір саласы техникалық жоғары
орындағы кәсіби дайындықтың мазмұнына өз
талаптарын қояды. Жаңа экономиканың дамуы жаңа
қоғамдық құрылысқа сай инженерді талап
етеді. Бүгінде болашақ инженердің өз бетімен
жұмыс істеуі, дайын білім алудан гөрі олардың
өзінің білім алудағы шығармашылық
белсенділігінің артуы, студент жауапкершілігін көтеру
мәселелері оқу үрдісін жаңаша құруды талап
етеді. Бұл жағдайда білімді орыс тілінде алушы болашақ
инженердің қазақ тілінде кәсіби
қарым-қатынасты меңгерудегі өздік іс-әрекетін
қалыптастыру маңызды мәселе болып табылады. Өздік
іс-әрекетін қалыптастыру мақсатына жету оған
сәйкес оқыту әдістемесі арқылы жүзеге асады. Оқытушы
алдында көптеген әдістемелерден студенттің өздік
оқу әрекетін қалыптастыру, тіл үйренушінің
оқудағы жауапкершілігін дамыту мақсатын
жүзеге асыруға лайықты әдістемені таңдау мәселесі туындайды. Сондықтан қазақ тілін студенттің өздік жұмысын негізінде меңгерту үшін А. Байтұрсыновтың „Қай
әдіс жақсы?”-деген сұрағына тағы да жауап іздеуге
мәжбүрміз.
Біздің ойымызша, бүгінде оқыту әдісін
таңдауда бірнеше фактор есепке алынады: 1) қазақ тілін
үйретудің жаңа мақсатының ерекшелігі; 2)
өздік жұмысы формаларының көптігі, яғни
студенттің міндетті практикалық дәрісханалық
сабақтардағы
өзбетінше атқаратын жұмысы, студенттің кесте
бойынша оқытушының қатысуымен жүргізілетін
дәрісханалық сабақтардан тыс өзбетінше атқаратын
жұмысы, студенттің дәрісханадан тыс оқытушының
қатысуынсыз өзбетінше жұмысы; 3) жеке тұлғалық-даралау тұрғысынан
оқыту қажеттілігі; 4)
студенттің өздік оқу
әрекетінің дамуына қарай әртүрлі деңгейде
болуы; 5) міндетті
дәрісханалық практикалық сабақтардың
санының азаюы; 6) „Қазақ тілі” пәнінің өзге
пәндерден ерекшілігін ескеру. Белгіленген мақсатқа жету
үшін аталған фарторлардын
барлығын ескере отырып, бір ғана әдісті қолдану
арқылы оқыту мүмкін бе деген сұрақ
туындайды. Осы
сұраққа жауап іздеу
барысында студенттің
өздік оқу әрекетін қалыптастыру үшін әртүрлі
әдістердің тәсілдерін біріктіре қолдану керек деген
ойға келдік. Дегенмен қолданатын
тәсілдердің
қатысымдық бағыт аясында болуына ерекше назар
аударамыз.
Тілді қатысым
құралы ретінде
өзбетінше жалғыздан –жалғыз, тіпті екеуара меңгеру
қиындыққа әкеледі. Өкінішке орай, біздің
байқағанымыз тәжірибеде кейде студент өзбетінше белгілі бір мәтіндерді оқып, алдын-ала
жаттаған монолог, диалогтарды тапсырып, ережелерді меңгеріп,
грамматикалық тұрғыдағы тест тапсырмаларын орындаса,
өздік жұмысын ұйымдастыру мәселесі шешілді деп
есептеледі. Бұл бағыт өзге пәндерден өз бетінше
атқаратын жұмысты ұйымдастыруда жарамды да шығар.
Мысалы, Қазақстан тарихынан белгілі бір тақырыпқа байланысты материалды оқып, соңында өз білімін тест арқылы тексеріп,
оқытушының бақылауынан өтсе, бакалавр сол тақырып көлеміндегі материалды
меңгерді деуге болады. Себебі ол материалды ұғады, сол
тақырыптан алған білімін ары қарай да қолдана алады.
Ал өзге тілді
студенттердің қазақ тілін меңгеруінің
өзіндік ерекшелігі бар. Студент жоғарыда айтылған
жұмыстардың барлығын өз бетімен орындағанымен,
қазақ тілін меңгеруде сапалы нәтижеге жете қояды
деп айта алмаймыз. Оның себебі мынада. Тіл – қатынас құралы екені белгілі. Біз зерттеу жұмысымызда “қатынас” ұғымы кең,
өйткені қатынас ақпаратты жеткізу ғана емес, ол
тұлғалардың бір-біріне әсер етуі, әрекет жасауы
үрдісімен байланысты деген көзқарастарға
сүйенеміз[1;2]. Қазақ тілін қатысымдық
тұрғыда оқытуда, тілдік
қатынас, бір жағынан, оқыту пәні ретінде танылса,
екіншіден, ол – сол пәнге оқыту мен өзбетінше
үйренудің оқу
құралы. Тілдесім
үрдісі кем дегенде екі қатысушының қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатыны белгілі. Егер
әр студент өзі тек оңаша, басқалардан бөлек
өз бетімен жұмыс жүргізіп отырса, мысалы, компьютермен
жұмыс немесе мәтін аудару, онда қандай тілдесім болмақ?
Сондықтан қазақ тілін меңгертуде
өзбетінше жұмысқа бағытталған оқыту
үрдісінде де тілдік қатысым басшылыққа алынады. Ол
үшін студенттердің өзара қарым-қатынасына
негізделген, болашақ
қызметіндегі шынайы тілдік қарымы-қатынас жағдаяттарды
бейнелеуші жұмыс түрлерін қолданамыз. Осы арада қатысымдық
тұрғыдағы әдістерді пайдалану тиімді.
Бұларға оқыту әдістемесінде қатысым, жеделдете
оқыту, жоба т.б. әдістерді жатқызады. Енді осы әдістерге жеке- жеке тоқталамыз.
Соңғы жылдарда мемлекеттік тілді оқыту
әдістемесінде қатысым әдісі басымдылық танытуда. Кез келген оқыту әдісінің мәні, оның
ұстанымдары, негізгі белгілері арқылы барынша айқындалатыны
белгілі.
Ғылым Ф.Оразбаева: „ Қатысымдық
әдістің басты белгісінің бірі – тілді
үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру, сабақты
практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету. Мұнда
оқу сырттай немесе жеке дара күйде іске аспайды, адамдардың
іс-жүзіндегі өзара іс-әрекеті үстінде, ауызба –ауыз
сөйлесуі, тілдесуі арқылы болады”,- дейді[1, 127]. Осы
әдістің негізгі ұстанымына ғалым тіке байланыс ұстанымын жатқызады. Ал осы ұстанымды оқыту жүйесінде жүзеге
асырудың ең тиімді түрі – міндетті дәрісханалық
практикалық сабақтар болып есептеледі. Бірақ кредиттік жүйемен оқытуда бұл
сабақтарға бөлінген сағаттардың көлемі
шектеулі. Бұл арада бір жағынан, дәрісханадан
тыс өзбетінше атқарар жұмыс сағатының
көбеюі студентке қажетті
арнайы жағдайда тілге үйрену мүмкіндігін жасаса, екінші
жағынан есту, тыңдау, бір-біріне әсер
ету, өзара әрекетке түсу, тез арада кері байланыс орнату
дағдыларына негізделген ауызша сөйлесуге шектеу қояды. „Қазақ тілінде кәсіби-қатысымдық
құзырлықты меңгерту” мақсаттары „... тілдік құралдардың қолданысқа түсуі,
әртүрлі ситуациялар үшін әр түрлі тілдік
құралдарды дұрыс пайдалана білуі”[3, 87] екенін, катынас тек сөйлеу
циклдарынан емес, сонымен қатар эмоциялық реакциялардан,
мимикалық және пантомимикалық қозғалыстардан
тұратынын басты назарға алады. Тілдік қатынастың
„әлеуметтік, ... қауымдық,... эмоционалдық”[1,80] қызметін
жүзеге асыру мүмкіндігі азаяды.
Осылайша, міндетті дәрісханалық сабақтардың
оқыту мерзімінің азаюы олардың тиімділігін арттыру міндетін
алға тартады. Бұл
дегеніміз - осы сабақтарда студенттің ауызша сөйлеуге
уақытын көбейту,
үйренушінің тілдесім белсенділігін күшейту. Бұл міндеттердің орындалуы
сабақтарда әр түрлі әдістердің тәсілдерін
қолдануымен шешіледі деп ойлаймыз. Оқыту тәжірибесі ауызша
сөйлеу уақытын көбейту мақсатына қатысым
әдісінің тәсілдерімен жеделдете оқыту
әдістің тәсілдерін біріктіре қолданудың
тиімділігін байқатты.
Интенсивті
оқыту әдісі өз бастауын 60-жылдардан алған. Қазақ тілін үйрету
әдістемесінде осы әдістің атауы ретінде көбінде жедел(жеделдете)
оқыту сөздерді қолданылып жүр. Біз де осы атауды
қолданбақпыз.
Әдістемеде сөз етіліп отырған әдістің
ерекшеліктері төмендегідей анықталған:
қысқартылған уақыт мөлшері; мөлшерлі
уақытта сөйлеу процесіне қажетті оқытылатын
материалдардың көлемінің молдығы;
үйренушінің оқу үрдісі барысындағы
белсенділігінің күшейтілуі; жеке тұлғаның
бойындағы барлық психологиялық мүмкіндіктерін,
оның ішінде жасырын қабілетінің шексіз жұмсалуы; тіл
үйренушіге ықпал жасаушы әрекет
құралдарының барлығының кешенді түрде
қолданылуы; сабақтың ерекше ұйымдастырылған
формада өтуі[1].
Қазақ тілін жедел оқыту негізінен ересек тіл үйренушілерді курстарда оқыту үшін жасалған. Мектептерде, ЖОО-да бұл әдістің мүмкіншілігі әдістемеде көп зерттелмеген. Біз өз мақаламызда осы әдістің жоғарыда айтылған мақсатқа сәйкес қолдануының мүмкіндіктерін қарастырамыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, жеделдетіп оқыту әдісінің бір белгісі оқу үрдісінің шоғырлануы(аптасына 6-20 сағаттан) және оқыту мерзімінің жинақылығы (2-3 ай, ұзағанда 6-ай) болып табылады. Осы өлшемдерді ЖОО –нда қазақ тілін кредиттік жүйемен оқытуда сақтауға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты бұл әдісті толық оқыту жүйесі ретінде пайдаланбай, оның тәсілдерінің тіл үйрену қарқынын күшейтушілік мүмкіншіліктерін пайдалану керек деп ойлаймыз.
Біздің
тәжірибеміз жедел оқыту әдісінің ауызша сөйлеуге
бағытталған өмірден алынған жағдаяттарға
құрылған жаттығуларды, рөлдік, іскерлік ойындар
мен әртүрлі көрнекі құралдарды жиі қолдану
сияқты тәсілдердерін пайдалану үйренушінің
оқу-таным үрдісінің қарқынды жүруіне
себепші болатынын көрсетті.
Бұл ретте тіл үйрету әрекетінің мынадай нысаны
басшылыққа алынады: оқу үрдісіне болашақ
қызметі аясында жиі кездесетін жағдаяттар ойын арқылы
кірістіріледі де, оқушылар осы жағдайлар шеңберінде
қазақ тілінде кәсіби
тілдесімге үйренеді. Тапсырмалардың мазмұны нақты қатысымдық міндет түрінде беріледі. Оны тіл
үйренуші өз ойын айтып жеткізудің нұсқау
–бағдарламасы ретінде пайдаланады. Мысалы: «Өндірістік
көрме-жәрмеңкеде» тақырыбында төмендегідей
қатысымдық тапсырманы беруге болады:
А. Вы являетесь директором машиностроительного завода. Находитесь на
выставке-ярмарке. Вас заинтересовал проект машины, представленный фирмой
«Салтанат». Познакомьтесь с автором проекта, выясните, где может быть
использована эта машина, какова ее мощность, на каком топливе она работает.
Заключите договор.
Ә. Вы автор
проекта. Ответьте на вопросы директора машиностроительного завода. Примите
предложение заключить договор.
Бір тақырып көлемінде әртүрлі
жағдаяттарға қатысты осы үлгідегі бірнеше тапсырмалар
беріледі. Оқытушының мұқият ойланып және
сұрыптап алған ойын тапсырмалары кезекпен өтіп, үнемі
ауысып отырады. Осы орайда, рөлдік ұйымдастырылу
оқытуда жедел оқыту әдісіне тән шарттар барынша
толық жүзеге асады. Біріншіден, студенттердің оқу
әрекетінің әртүрлігі, жұмыс
түрлерінің үдемелі дамуда өзгеріп, кезекпен ауысып
тұруы. Екіншіден, оқу үрдісінің элементтері
студенттердің өзара әрекеттері барысында іске асып, оқу
әрекетінің тұлғааралық тілдік қатынаста
ашылуы. Үшіншіден, оқу барысында қазақ тілін
үйренушілердің алдында жеке тұлғаға қатысты
маңызды міндеттердің қойылуы. Осындай жағдайда жеке
тұлғаға сырттан қойылған маңызды міндеттер
іс-әрекет үстінде оның оқу, өздігінен жетілу
әрекеттерінің уәжіне айналады.
Дәстүрлі оқытуда оқытушының
өзін қоса алғанда екі-үш адам белсенді тілдесімге
түсе алады, өзге үйренушілер тек тыңдаушы ғана
болады. Бұл сабақтарда оқытушы тіл үйренушілердің
үштен бірін ғана сөйлесуге тарта алады. Ал проблемалық
(проблемалық емес те) жағдаяттық сипаттағы
тапсырмаларды, мысалы, қатысымдық этюдтерді және тағы
басқа ерекше тәсілдерді қолдануда оқытушы белсенді тілдесімге
негізделген, өзбеттілікке бейім жұмысқа бір мезетте
топтағы студенттердің көбін, кейбір жағдайда
бүкіл топты жұмылдыра алады.
Осылайша, міндетті
дәрісханалық сабақтардың тиімділігі артады. Студенттің
дәрісханада алған тілдесім дағдылары келесі сатыда
оқытушының қатысуынсыз өзбетінше атқарар
жұмысына көмек болады, ары қарай дамиды.
Қатысым, жеделдете оқыту әдісінің кәсіби бағытымен жоба
әдістемесі тығыз байланысты. Жоба
ұғымы қазір тек сәулет-құрылыс саласында
ғана қолданылмайды, экономика, саясат, педагогикада өз
түсінігіне ие болған.
Жоба - әр
түрлі пәндерді, соның ішінде басқа тілді
оқытуда кең тараған. Педагогикалық
тұрғыдан алғанда жобаның маңыздылығы -
үйренушінің өмірлік тәжірибесімен оқу
материалдардың тікелей байланыста болуында, студенттердің бір
ортақ мәселені шешуде өзбеттерімен шығармашылық,
танымдық өзара әрекетте белсенді түрде жұмыс
істеуінде.
Сондықтан да, жоба
әдісінің басты мақсаты - тәжірибеде орындауға
бағытталған білгілі бір міндеттерді не әр сала бойынша
білімдерін толықтыруды талап ететін маңызды мәселелерді
орындау барысында өзбетімен білім алуға жағдай жасау.
Мысалға, жоба әдісін
қолдану арқылы қазақ тілінде кәсіби қарым-
қатынасты меңгеру барысында бакалаврлардың өздік
жұмысы арнайы бір мәселе бойынша қазақ тілінде
материалдар жинауды және сараптауды қамтиды. Мысалы, «Стандарттау, метрология және сертификаттау»
мамандығының студенттеріне болашақ қызметі сапа
жүйесін енгізумен байланысты болғандықтан, оларға «Қазақстан
өнеркәсібіндегі сапа саясаты» атты тақырыпты ұсынамыз. Бұл тақырып “Қазақстанда
өндірістің сапасын енгізу жүйесінің мәселесі”,
“Қазіргі кезеңде сертификаттау мен стандарттаудың рөлі”
және т.с.с. кіші жобаларды қамтиды.
Жоба тапсырмаларын орындауда көбінде студенттер
жұппен, үштен немесе шағын топпен жұмыс істейді.
Табысқа жету ұжымдағы әрбір мүшенің тілдік
қатынасқа құралған жоба тапсырмаларын дұрыс
орындауына және ұжымның жаппай ұйымшылықпен
жұмыс істеуіне байланысты. Жобада оқытушы сарапшы,
үйлестіруші немесе қосымша мәліметтерді беруші рөлінде
болады. Өзбетінше жоба - тапсырманы орындауда тіл үйренушілер
жұмыстарын жоспарлау, оның нәтижесін болжау, бірігіп
жұмыс істеу сияқты өз бетінше жұмыс істеу
тәсілдерін де меңгере алады.
Сонымен, қатысымдық тұрғыдағы әдістерді қолдануда қазақ тілінде кәсіби
бағытталған қатынасты меңгеруде бакалаврлардың
өздік жұмысын белсендіру, олардың өздік оқу іс-әрекетін қалыптастыру іске асады. Нәтижесінде қазақ тілінде
кәсіби қатысымдық құзырлықты
жетілдірудің арнаулы деңгейіне жетуге болады.
Әдебиет:
1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы
және әдістемесі. Алматы, 2000ж.- 208 б.
2. Леонтьев А.А.
Психология общения. М., 1999
3. Қадашева Қ.Қ. Жаңаша
жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Пед.ғыл.докт. ...дисс., Алматы,2002. -240б.