*111522*
Атажанов Ибрагим
Исраилович
тех. ғыл. канд., доцент
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Ауылға кәсіптік білім мамандарын бағыттау мүмкіндіктері
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына 2012 жылғы Жолдауында:
Әр өңірде
педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған
орталықтар жұмыс істеуі тиіс. Соның бірі - «Дипломмен
ауылға» атты жоба қазақ елінің қазығы
болған ауыл үшін де, жастар үшін де өзекті ұсыныс
болғаны анық. Бұл шара
мемлекеттің ауылды қолдауға бағытталған
бұрынғы іс-қимылдарынан өзгеше маңызды болып
отыр. Өйткені жоба сәтімен жүзеге асатын болса, одан тек
ауыл ғана емес, мемлекеттің де, ұлтымыздың да
ұтары көп деді [1].
Бүгін әлемді дағдарыс жайлап отыр.
Қазақстан осы дағдарыстың салдарын қаншама
сәтті еңсере алды десек те, қауіптің ауылы алыстап
кетті деуге әлі ерте. Осындай жағдайда кеше ғана оқу
орнын тәмамдап, білім мен тәжірибенің оң-солын енді
ғана ажырата бастаған «сарыауыз балапандарды» ұйым,
мекемелердің бірден қызметке алуға
қиынсынатыны бар. Оның үстіне
дағдарыстың әлі қанша уақытқа созылатынын
ешкім де дөп басып айта алмай отыр. Яғни студент жастарға
оқуын бітірген соң, дипломын ала сала бұрынғыдай
қаладағы ұйым, мекемелерге жүгіре жөнелудің
реті жоқ. Тіпті солай бола қалған күннің
өзінде де жастарға қалада тұрақтап қалу
немесе тұрғын үй мәселесін шешу оңайға
соқпайды. Өйткені қалалық жерлерде әсіресе
жастарды ерекше қызықтыратын немесе жастардың сөзімен
айтқанда, «мәртебелі» қалаларда қазір
тұрғын үйге қатысты проблемалар онсыз да жетерлік.
Бұл бір. Екіншіден, қалалы жерде жұмыс орындарына
қатысты бәсекелестік та бар. Яғни,
«сенен зор болмасам, кем емеспін» деп, жұлқынып тұрған
мамандар да көп.
Ал ауылдық аймақтар
білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға
зәру. Бұл әсіресе білім
саласына көбірек қатысты. Ауылдық аймақтарда
математика, физика, химия, технология сияқты пәндер бойынша білікті
мамандардың жетіспей отырғандығы жөнінде осы сала
мамандары жиі айтады. Осындай жағдайда отырған ауылдарға
еліміздің ең үздік деген жоғары оқу орындарында
білім алған жастар бара қалса, нұр үстіне нұр
болары сөзсіз. Ауылға барған жас маман тек кадр
мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай,
ондағы өзге де салаларға серпін береді. Айталық қазір
ауылдық аймақтардағы ұйым, мекеме, мемлекеттік
қызмет салаларында болсын, көбінде егде тартқан және
кезінде бойына кеңестік жүйенің тәрбиесін әбден
сіңірген ағаларымыз отыр. Әрине олардың еңбек
тәжірибесі мен мемлекетке сіңірген еңбектерін жоққа
шығаруға болмас және қызметке келген жас маман
жұмыс тәжірибесі жағынан олардан асып түседі деу де орынсыз.
Дегенмен қашан да жаңалыққа жаны
құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да
жаңа тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Жалпы бұл
бағытта тарқатып айтатын мәселе көп. Мысалы қазір
ауылдық аймақтарды қаншама пайыз компьютерлендірдік десек те
ауыл халқы мемлекет қомақты қаржы жұмсаған
сол машиналардың қарым-қабілеттерін толық пайдалана
алмай отыр. Ал компьютерді жақсы меңгерген жастар оның
мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Бәлкім жастар арқылы
компьютердің қыр-сырын терең меңгерушілердің саны
да арта түсер. Бұдан жастар қызметке келген ұйым,
мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түседі деп үміттенуге
болады.
Қазіргі уақытта
Қазақстандағы техникалық және кәсіптік
білім беру жүйесі институционалды түрде өз деңгейінде
дамуда. Елімізде 894 техникалық және кәсіптік білім беру
ұйымы бар. Оларда 604 мың адам білім алуда. Оқыту 185
мамандық бойынша жүргізілуде. Алайда, мамандар даярлау сапасы
әлі де сын көтермейді. Техникалық және кәсіптік
білім саласының еңбек нарығымен қарым-қатынасы
төмен деңгейде. Жұмыс берушілер оқу стандарттары мен
бағдарламаларын дайындауға, сондай-ақ
техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына қолдау
көрсетуге қызығушылық танытпай отыр.
Мұндай
қарым-қатынастың аса қажет екенін көптеген
дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады деп атап көрсетті
ҚР Білім және ғылым министрі
Б.Жұмағұлов[2].
Мемлекеттік бағдарламада
техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын
жаңарту, инфрақұрылымды, материалдық техникалық
базаны дамыту, кәсіби даярлықты тәуелсіз бағалау жүйесін
енгізу және тағы да басқа шаралар қарастырылған.
Аталған даму бағдарламасында индустриалды жобалармен кадрларды
қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер жүктелген.
Бұл міндеттерді
шешудің басты факторы – техникалық және кәсіптік
білімнің еңбек нарығымен тығыз
қарым-қатынасын қамтамасыз ету. Осындай
қарым-қатынасты жетілдіріп, техникалық және
кәсіптік білім саласында мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің
мүдделерін біріктіру қажет. Мемлекет басшысының елімізді
индустриялдық-инновациялық дамытуға байланысты міндеттері осы
шаралар арқылы жүзеге асады [3].
Жоғарыда аталғандарды
ескере отырып, ауылға кәсіптік білім мамандарын бағыттау
мүмкіндіктері туралы мынадай тұжырым жасауға болады:
· үлкен қалаларда
қазір тұрғын үйге қатысты проблемалар онсыз да
жетерлік.
· қалалы жерде жұмыс
орындарына қатысты бәсекелестік бар.
· ауылдық аймақтар
білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға
зәру.
· ауылдық аймақтарда
математика, физика, химия, технология сияқты пәндер бойынша білікті
мамандар және дәрігерлер жетіспейді.
· ауылға барған жас
маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп
қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді.
· жаңалыққа жаны
құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да
жаңа тың серпілістер жасайтыны анық.
· жоғары білім алған
көзқарасы кең, көзі ашық азаматтар ауылға
барса, ондағы демократиялық құндылықтардың
қалыптасуына біршама ықпал етеді
Қорыта
айтқанда, жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы
халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген
жас ертең билік басында отыратын басшы.
Ол қабылданған шешімнің қалалық жерде
қалай, ауылдық жерде қалай жүзеге асатынын білуі керек.
Ауылдық аймақтың мүмкіндіктерімен жете таныс басшы
оған қаншалықты мөлшерде қаржы қажеттігін
және оның қалай бақылануы керектігін біледі және
қызмет барысында осы мәселелерді ескеретін болады. Бұл
жоспарланған істің талапқа сай әрі тиімді
жүргізілуінің кепілі.
Ауылдық
аймақтағы ұйым, мекемелердегі қызметтен министрліктер
мен ведомстволарға дейінгі аралықтағы жағдайды
«көзімен көріп, қолымен ұстап білген» маманды
ғана тәжірибелі маман деп атауға болды[4]. Ендеше «Дипломмен ауылға» жобасы кадр
бліктілігіне қатысты көзге көріне бермейтін, бірақ
маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал
ететіні сөзсіз.
Қорыта келгенде
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Дипломмен
ауылға» атты жоба өте көкейкесті және оміршең деп
қарастырып, бұл іске барлық лауазымды тұлғалар ат
салысуы керек.
РЕЗЮМЕ
В данной статье рассмотрено актуальное предложение для молодежи и села согласно послания Главы государства в осуществление
проекта « В село с дипломом». Также приведены основные концепции привлечения
специалистов профессионального образования в село.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ЖАҢҒЫРТУ-ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ
БАҒЫТЫ атты Қазақстан халқына жолдауы. Астана
27.01.2012.
2.
«Еңбек нарығы, техникалық және кәсіптік
білімді дамытудың болашағы» атты конференция –Астана: 29
сәуір 2011.
3.
2010-2014 жылдарға арналған
индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы- Астана: 2010.-
12б.
4.
Қожамқұлов Т. Еңбекті ұйымдастыру мен
басқару тәсілдері. Алматы
1989ж. 144 б.