*111805*

                  Қазақтың ұлттық қолөнеріндегі студенттердің эстетикалық талғамын қалыптастыру мәселелері

 

Қасымбекова Г.

 

«Кәсіптік оқыту технологиясы» кафедрасының  оқытушысы

         Қ. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтардағы жарияланған «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту –Қазақстан дамуының басты бағыты» атты  халыққа жолдауындағы ережесінде көкейкесті мәселелерінің техникалық мамандарды сапалы білім даярлау мәселесі он бағыт бойынша аталып өткен болатын [1].

Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты творчестволық өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқы өзініқ күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзініқ тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Бұдан біз халық творчествосынық қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен, кәсібімен тығыз байланысты екенін көреміз.

“Халықтық қол өнеріне әдеп-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім-өрім қолдан әр алуан ыдыс-ақ, асадал, бесік, және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасап, түрлі нақыштарымен әшекейлейтін болды. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондаған қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді”. Ертеден біздіқ заманымызға дейін сақталған  ескерткіштердегі, діни әр түрлі құрылыстардың қабырғалары мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер, ағаштар қиюлап, тастан қашалып жасалған діңгектер – халық қолөнерінің тамаша туындылары.

Саз балшықтарды күйдіріп, ағашты майлап кептіру, шақпаққа қу жасап, оны тұтанғыш ету, бейіт, қорған, мешіт және т.с.с. салуда қолданылған балшықты қыл, жүн, шөп-шалам араластырып илеу тәсілдері де өте ертеден-ақ халықтың іздену талабынан, қоғам дамуы процесінен туған айла-тәсілдер. Батырлық пен саятшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен босмойын, аңшыларға қажетті құстың тұғыры мен томағасы, балдағы мен аяқ бауы сияқты көптеген жабдықтар да қазақ халқының тұрмыс салтына, кәсібіне байланысты туғандығы сөзсіз.

Мал шаруашылығына қажетті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, өре, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандарды да халық даналығы ойлап тапты. Зергерлік, кестешілік және оюшылық өнерді дамытты. Халық өнерпаздары құмнан, тастан, саздан құмыра, ыдыс-аяқтар; мүйізден, сүйектен, мал мен аң терілерінен әшекейленген нақышты мүліктер, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты музыка аспаптарын жасады.

Халықтық қолөнеріндегі мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы - қайыс өру, қару-жарақ, көшу-қону, жол-жорық жабдықтары еді. Шеберлер тас қашау, сүйек ою, ағаш ию, мүйіз балқыту, металды өңдеп өрнектеу сияқты ауыр кәсіппен де шұғылданды. Сондықтан қолөнер “еркектерге тән іс”, “әйелдерге тән іс” деп екіге бөлініп келеді. Мысалы, тастан, балшықтан, сүйек пен мүйізден, металл мен ағаштан бұйымдар жасап, оны әсемдеу сияқты ауыр жұмысты еркектер атқарады. Кесте тігу, жиек жүргізу, өрмек тоқу, ши орау, сырмақ сыру, оюлау, шілтер шалу, тері киім тігу сияқты нәзік жұмысты әйелдер атқарады. Тері илеу, киіз басу, ши тарту, шом, жазы жасау жұмыстарын еркектер мен әйелдер бірлесіп істеді. Бірақ еркектер киім пішу, үлгі жасау киім тігу, жүн сабау, арқан тарту, тері ыстау жұмыстарынан да шет қалған емес [2].

ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап ер-тұрман мен белдік, қыз-келіншектерге арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап оларды түрлі түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті.

Қолөнер бұйымдарының жасалуын төмендегіше жіктеуге болады.

1. Қолөнер түрінің және бұйымдарның мектеп бағдарламасына сәйкестігі сыныптан бастып оқушылар бағдарламадағы көрсетілген оқу материалдарын және практикалық іс-әрекеттерді орындауында. Қолөнер бұйымдарын, еңбек объектілерін даярлау оқушының шамасы келетін және дамытуды жүзеге асырудағы қажетті күрделілікпен үйлесімді болуды қарастырады. Қолөнерге байланысты ұғымдардың оқушылар үшін түсінікті болуы, орындалатын операциялардың, еңбек құралдарының оқушыларды дамытуды қамтамасыз ету керек. 

2. Қолөнер бұйымдары негізінен қол еңбегі құралдарымен дайындалатындықтан мақсатқа жетудегі шыдамдылықты, ұқыптылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сондай-ақ көз өлшемді (өлшеуді және бақылауды), саусақ ептіліктерін, кеңістікті елестетуді, қысқа мерзімдік көрнекі образдық есті, т.б. сапалық қасиеттерді оқушыларда тәрбиелеу мен дамытуды қарастырады.

3. Оқу-тәрбие процесі үшін қолөнер мен қолөнер бұйымдарының педагогиалық мақсаты мен қоғамдық (жеке бастық) мақсаттылығының үйлесімділігі. Қолөнер бұйымдарын дамыту, тәрбиелеу және танымдық белсенділікті арттырып қана қоймай оқушының жеке басы мен қоғамдық пайдалы болуы тиіс.

 4. Қолөнері, қолөнер бұйымдарының оқушы шығармашылығы бастамасын дамытуы. Қолөнер түрлері өте көп. Соған сәйкес орындалатын технологиялар (еңбек тәсілі, әдісі, дене қозғалысы тұрғысынан) да көп болып келеді. Технологиялық процесте технологияны оқушының таңдауына, тоқыма өнерімен жұмыс жасауына шек қоймау керек. Сондай-ақ қолөнер бұйымдарының эскизіне, түс таңдауына, т.б. оқушының шығырмашылық оңды іс-әрекет бастамасына кедергі жасамау қажет.

5. Қолөнер бұйымдарын дайындаудағы еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау керек. Қолөнер бұйымдары қол еңбегі құралдарымен әзірленеді. Сондықтан да метепте (бастауыш, орта, жоғары) сынып оқушыларының жас шамасына лайық еңбек құралдарының антропологиялық көрсеткіштерінің сәйкес келуін қамтамасыз ету керек.

Қазақ  халқы  өз  тарихында  ұзақ  та,  күрделі  дамудың  жолдарынан  өтті.  Осындай  дамудың  нәтижесінде  қоғамдық  еңбектің  түрлі  салалары  пайда  бола  бастады.  Тұрпайы  еңбектен  бара – бара  халықтық  қолөнері  дамыды.  Бұл  түсінікті де.  Адамға  құрал – жабдық  пен  ішер  ас,  киер  киім  қандай  қажет  болса,  оны  ұқсата  білу,  икемді  де  ұнасымды  ету,  әдемілеп  әшекейлеу,  келістіріп  пайдалану  да  сондай  қажет  болды.  Әрине  бұл  айтылғандардың  барлығы  тек  қана  қазақ  халқында  ғана  емес,   басқа  халықтарда  да  өзіндік  ұлттық  қолөнер  творчествосының  даму  тарихымен  байланысты.

Адамның  жан-жақты және  үйлесімді  дамуында  еңбек  шешуші  факторлардың  бірі.  Ал  халық  педагогикасында  еңбекті   бүкіл  тәрбие  жүйесінің  күре  тамыры  деп  қарастырады.  Адам  еңбексіз  дамымайды,  кері  кетеді,  азады.

Еңбек  арқылы  адамның  денесі,  көзқарасы,  эстетикалық  және  ақыл – ой  деңгейі  дамып,  жетіледі,  еңбектің  мәні  және  құндылығы  арта  түседі.         Балалар  мен  жастардың  еңбек  тәрбиесі  ежелден – ақ  ата – ана  парызы,  бүкіл  халық  міндеті  болды. 

Халық  еңбекті  асыл  мұра  деңгейінде  қарады.  Адам  өзінің  жан  және  тән  сұлулығын  еңбекте  ғана  көрсете  алатындығына  назар  аударады.  Сондықтан да  баланы  еңбекке  тәрбиелеу  үйелменнің  қасиетті  борышы.  Жас  ұрпақтың  еңбекке  қатынасы  халық   ауыз  әдебиетінің  өзекті  мәселесі  ретінде  жырланды.

Халық  педагогикасынан  орын  алған  еңбек  және  еңбекке  тәрбиелеу  көзқарастары  қазіргі  педагогика  теориясындағы  принциптермен  ұштасып  жатыр.   Еркін  еңбек  барысында  өзінің  және  бүкіл  қоғам  мүшелерінің  қажеттілігін  қанағаттандыру  үшін  адам  материалдық  және   рухани  құндылықты  жасайды.  Шығармашылық  еңбек  барысында  адам  өз   күшінің  шамасын  және  қабілетін  анықтайды.  Неғұрлым  адам  өз  еңбегінің  қоғамдық  маңызын  терең  түсінсе,  соғұрлым  оның  жұмысы  нәтижелі,  өз  басының  бақыты  толыса  түседі.

Қоғамның  ең  басты  талаптарының  бірі - әр  азаматтың  өмірде  өз  орнында  толық  күш – жігерін  жұмсап,  қоғамдық  байлықты  еселей  түсуге  еңбек  үлесін   қосуы,  еңбекке  адал,  саналы  қатынасуы  қоғамның  өмір  салтының  алғашқы  шарты  болып  табылады. Ол  үшін  адам  еңбекке  лайықты  тәрбиеленуі  қажет.  Осы  заманғы  ғылыми  біліммен  қаруланған,  белсенді  және  қоғамдық   іс - әрекетке  жан – жақты  даярланған  еңбек  адамын  қалыптастыратын  әлеуметтік  тәрбие  институттарының  негізгісі.

Адам сыртқы табиғатқа тікелей қолымен, яғни дене еңбегімен ықпал ете отырып, өзінің ақыл-ойының дамуын қамтамасыз етеді терең философиялық талдаудың негізінде Энгельс мынадай қорытындыға келеді: қолдың, мидың, сөйлеу органдарының бірлескен іс-әрекеттің нәтижесінде ғана адамдар алдына жоғары мақсаттар қойып, оларға жетуде барлық күрделі операцияларды орындау мен меңгеру қабілетіне ие болды.

Еңбекке  тәрбиелеу,  баулу   және  кәсіптік  бағдар,  мектеп  оқушыларының  қоғамға  пайдалы  өнімді  еңбекке  тікелей  қатысуы   оқуға  деген  саналы  көзқарасты  тәрбиелеудің,  азамат  болып  өсудің,  жеке  адамды  адамгершілік  және  зиялылық  жағынан  қалыптастырудың  негізгі  көзі  болып  табылады.  Осымен  қатар  мұны  еңбек  тәрбиесінің  мақсаты  деп  түсінуіміз  қажет.      Ертеден  тәрбие  мәселесіне  терең  көңіл  бөлген  ата – бабамыз  тәрбиелеуді  от  басынан  еңбектің  бейнеті  мен  зейнетін  басынан  өткізіп  баланы  еңбекке  бастаған.  Қазақ  халқы  ежелден  ұл  бала  мен  қыз  баланың  тәрбиесін  өзара  бөлісіп  алған [3]. 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер: 

 

1.                     «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан Республикасының Президенті–Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы №41-42 (27114) 27 қаңтар 2012 жыл 

2.                     Ж.Күнпейіс «Қолөнер материалдарын технология сабақтарында оқытудың теориялық негіздері» Алматы,ӘГИ «Дарын», ЖШС «Шұғыла» 2008 ж. 57 б.

3.                     О.Сыздықов, Д.Қ.Пошаев, Б.Т.Ортаев «Технология пәнін оқыту әдістемесі» оқу құралы Алматы. Нұрлы әлем,  2010.-394б.