*112845*

Жоғары сынып оқушы қыздарының этностық талғамын қалыптастыру

 

З.Байназарова – оқытушы

 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университеті

 

Қазақстан Республикасының этникалық –мәдени білім тұжырымдамасында «Бізге қажетті– халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт- дәстүрін бойына сіңірген, туған жерін түлетуді, егеменді елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу» деп атап көрсетілген [1].

Егемен еліміздің елдігі мен бірлігін сақтайтын ұрпақ тәрбиелеу –қазіргі  мұғалімдердің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Бұл міндетті шешудің бір жолы-мектеп мұғалімдерінің этнопедагогикалық таным түйсігі, ой-санасы, ұлттық тұрғыда толық шешілуі тиіс. Ол үшін ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздар қауымы халық педагогикасының үлгі өнегелерін оқу-тәрбие үрдісінде тиімді қолдана білуі тиіс.Жасөспірімдерді Отан сүйгіштікке, адамдыққа, адами тазалыққа, ізгілікке баулу –ұстаздың басты парызы болып саналады. Сондықтан  мұғалім қазіргі қоғамның дамуына қарай лайық өзінің білім беру ісінде рухани шығармашылық ізденіспен жұмыс жасай алатын, этнопедагогикалық теорияны толық менгеріп, оны өмірде жүзеге асыра алатын тұлға болатындай қажеттерді іске асыруы керек. Мұғалімнің сапалы кәсіби даярлығына, біліктілігіне, оқу-тәрбие үрдісінде халық педагогикасының идеяларын педагогикалық сауатты, мақсатты даярлықпен пайдалануына байланысты. Бұл қоғамнаң өзекті  мәселелерін  шешуде жоғары педагогикалық оқу орны маңызды рөл атқарады.

Әр халық -өз мәдениетін жасаушы және оны ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізуші. Ұлттық мәдениетіміздің құндылығы жайында профессор Ә.Табылдиевтің ғылыми мақаласында айтылады: «Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін білімді болу –міндет. Білімді болғанмен ұлттық мәдениетті игермеген болса, ондай тұлға ұлт алдында «мәңгүрт», мәденитсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына ұшырайды деп түсіндіреді [2].

Атап айтқанда 23 қазанда Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 14 сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының мынадай қағидаларын тарқатып айтты, олар:

«Бірінші қағида-этностық, конфессиялық, мәдени және тіл ерекшеліктері. Бұл еліміздің баға жетпес байлығы болып табылады.

Екінші  қағида Қазақстандағы этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға мемілекет тарапынан барлық жағдайлардың жасалғандығы.

Үшінші қағида –біздің ұлтымыздың толеранттылығы мен жауапкершілігі.

Төртінші қағида-қазақ этносының ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі.

Бесінші қағида-Конституцияда атап айтылған: «ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...», яғни Қазақстан халқының бірлігі.Өткен ғасырдың 70- ші жылдары пайда бола бастаған «Этнос» туралы ұғым педагогика ғылымының саласына ене бастады. «Этнос» гректің –еtпos –тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос» термині орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негізгі тарихи түрі-«тайпа», «ұлыс» («народность»), «ұлт» ұғымын түгел қамтиды. Шындығында, әрбір адам, бір жағынан белгілі бір қоғамның мүшесі бола отырып, сонымен бірге ұлттың (этностың) да мүшесі болып саналады.Тарихтан белгілі болғандай әр түрлі халықтар белгілі бір аймақта пайда болып, сол аймақтың өзіндік ерекшелігіне (климатына, өсімдігіне, жер бедеріне, географиялық аймақтың хайуанаттары мен жәндіктеріне ) бейімделіп, тіршілік етеді. Өзіндік мәдени және рухани мұрасын жасап қалдырады. Осы ерекшеліктеріне сүйене отырып, көрнекті тарихшы-этнограф Лев Гумилев: «Этнос дегеніміз –жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік ортаның білігінде жатқан салт –дәстүрі, тұрмыс тіршілігі, шаруашылық  кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы»  деген анықтама береді. Біз осы анықтаманы басшылыққа алған жөн деп есептейміз.

Адам сезімі оның өзіндік ойлауы және мінез –құлық ерекшелігін білдіреді. Адамның бір этносқа тән қасиеті оның бойына сәби кезінен бастап ата-анасының қарым –қатынасы, мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы дарып, қалыптасады. Олай болса, «этнос» дегеніміз белгілі бір жүйеге негізделген мінез-құлық, іс-әрекеті бірыңғай топ -ұжым екендігін түсіндіреді.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне қоғамдық мән беріп , көңіл бөлген. Оның аса жауапты қоғамдық мәселе екендігін мойындай отырып, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтары бала тәрбиесінің мақсаты мен міндетін, оның іске асыру жолдарын өз мүддесіне сай, өзінше шешуге тырысатын. Әрине, бала тәрбиесін барлық әлеуметтік топтарға ортақ , бәріне бірдей қажетті жақтары да аз емес. Мұндай ортақ жағдайлар ең алдымен баланың сезімдерін тәрбиелеу болып табылады.

            Жалпы қазақ халқы өскен ортаның, кісінің кісілігінің қалыптасуына әсер ететіндігін тым жақсы білген, сондықтан қазақта «көргенділік», «көргенсіздік» деген ұғымдар қалыптасқан. Атап айтқанда «Ұлың өссе, ұлы ұлықтығымен, қызың өссе қызы қылықтығымен ауылдас бол» деген ақыл кеңестерін ата-бабаларымыз ұл-қызына айтып кетсе керек.

            Мысалы: қыз балалар 5-6 жасынан бастап апаларынан, шешесіне, әжесінен және ауылдас әйелдерден «іс тігу, тамақ пісіру, үй тігу, киіз басу, өрмек тоқу, кесте тігу» шеберлігіне үйреніп отврған.Үй жиып, кір жуып, ән салып күй тартуға, айтысқа және қыз-келіншектерге тән басқа да әдет-ғұрыптар мен жағымды қылықтарды үйретіп отырған болса, бүгінгі қоғамда  бұл айтылған тәлім-тәрбие арқауы кез-келген ата-ананың негізгі тәлім тәрбиесінің басты ұстанымы болу керек.

            Әсіресе ертеректе қыз бала тәрбиесіне байланысты айтқанда қыз абыройы  от басының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы. Қазақ халқы «Қыздың қолы жіңішке» -деп,оның абырой  сақтауын, оның ақыл парасатына, инабаттылығына, махаббаты жоғары бағалануына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты екендігін баса айтып кеткен.

            Ал ер балалар тәрбиесі де басты назарда болған. Ауыл-үйдің ересек балаларынан, құрбыларынан, ағалары мен әкесінен еңбекке үйренумен  қатар шаруашылыққа қарауға, әңгіме тыңдап, ертегі айтуға,  өлең айтып ән салуға, күй тартуға, айтысуға, жұмбақ, жаңылтпаш  айтуға үйренетін.

Тарихи  жазба ескерткіштер мен археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан жерінде өмір сүрген сақ шеберлері эстетикалық тұрғыдан алып қарағанда жоғары деңгейде  қолөнер бұйымдарын жасаған деген тұжырымдама жасалынды. Одан біз үлкен рухани тәлім-тәрбие алып еңбек тәрбиесін қалыптастырамыз деп түсіндіреді [3].

Жалпы этностық тәрбиенің қалыптасуы халқымыздың сан ғасырлық тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты.  Адам қолыменен жасалынған көркем туындылар, көркем бейнелер арқылы  тұлғаға тікелей емес жанамалай әсер етеді,  көркем өнер туындысынан өзінің алған этностық сезімі арқылы ой түйеді. Кейбір келеңсіз оқиғаларды, жасөспірімдер жасаған қылмысты көріп «әдемілікке жаны құмар адам қалай осындай қылмыс жасайды»- деп ойға қаласың. Адамның жеке басының мінез құлқын қалыптастыруда ,бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіруде отбасы тәрбиесінің ролі ерекше.

Кез-келген ата-ананың арманы өз баласын жаман болып өссін демейді. Еліміздің қай өңірі болмасын, кез-келген жас ұрпақты тәлім-тәрбиелі етіп даярлауда халық қолөнер шеберлігі үлкен роль атқарады.

Балаларды қолөнер кәсібіне  тәжірибелі қарттар және қолынан өнер тамған шеберлер үйреткен. Сонымен бірге өз тәжірибелерін түсіндіру, ақыл-кеңес беріп әрдайым қолдау көрсету, мақтап-марапаттау тәсілдерін қолдана отырып, ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз баланың тәрбиесіне аналары көп көңіл бөлген.             «Ұл атадан үйренбей сапар шекпес, қыз анадан үйренбей өнеге алмас» дегендей балаға қолөнер кәсібінің бір саласын меңгерту өздеріне байланысты екенін түсінген ата-ана барлық жақсы қасиеттерді балаларының бойына сіңіруге тырысады.   Қолөнері арқылы балаларының бойына этностық талғамның  қалыптасуы, шығармашылық іс-әрекетінің дамуы ата-анасының іскерлігінен, жауапкершілігінен туындайды.

Қыз балаларды аналары қолөнердің кең тараған түрлері- кілем тоқуға, сырмақ сыруға, құрақ құрауға, кесте тоқуға, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, киім тігуге баулып отырған. Бұндай өнер туындыларын жасау ерекше талғампаздықты, нәзік икемділікті жоғары этностық талғамды талап етеді деп түсіндуреді [4].

Қорыта айтқанда, қолөнер көне заманнан бері халық  тұтынып келе жатқан ұлттық  мүліктер мен заттарға ою-өрнек әшекейлеудің қарапайым түрінен бастап қазіргі дәуірге айналаны  қоршаған табиғат құбылысын ағашқа, сүйекке, керамика  мен түсті  металға, жасау-жиһаздарға бейнелейтін сюжетті өрнектермен жекелеуге  дейін жоғары дамыған деңгейге  келіп жеткендігін этногроф ғалымдарының  еңбектерінен білеміз. Сондықтан мектептен беріле бастайтын халқымыздың ұлттық тәрбиесінің кез-келген түрін сана сезіміне сіңіре отырып ұлттық бұйымдарды жасаудағы этнопедагогикалық  таным түйсігі мол болғаны дұрыс дер едік. Мұндай міндеттерді шешудің негізгі жолдарының бірі отбасыдан беріле бастайтын тәлім –тәрбиенің жалғасы мектепте жалғастырылып одан ары жоғары оқу орандарында педагогикалық мамандвқта кез-келген маманның басты назарында болып,  ұлттық  мәдениетімізді  дамытатын  эстетикалық  дүниетанымдық  тәлім-тәрбиенің  даңғыл  жолын атауға  табиғи-рухани жағдай  жасайтын мәдени  мұрамыз ретінде қарастыруымыз керек.  

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1. Қазақстан Республикасының этникалық –мәдени білім тұжырымдамасы. //Егемен Қазақстан.

2. Қалиев С. Этнопедагогика пәнін оқыту әдістемесі. – Алматы. 2003.

3. Алимбекова С. Ш. Еңбек іс-әрекетіндегі этностық мәдениет үлгілері: Оқу-әдістемелік құрал. – Түркістан. 2008. -94 б.

4. Әбілова З. Этнопедагогика (оқу құралы) Алматы 1997ж, 230 бет.