*112250*

Ұлттық ойын атауларының жасалу тәсілдерінің модельдік үлгілері

 

Ақажанова   Алмагүл   Аманжолқызы

 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

 

Халықтық спорт, ойын атаулары белгілі бір процесті, іс-әрекетті, заттар мен құбылыстарды атап білдіретін ңоминативтік (аталымдық) туынды сөздерге жатады. Себебі ұлттық ойын атауларының қай түрі болмасын соған қатысты заттық ұғымдағы атауларды білдіреді. Тұтас алғанда бұларды зат есімдік атаулар деуге болады. Ал туынды сөз сөзжасамның нәтижесі, соның зерттейтін негізгі нысанасы. Туынды сөздер әрі тілдің сөзжасамдық тәсілдері арқылы жасалған лексикалық нұсқалар (единицалар) [1:214].

Ұлттық  ойын атауларының басым көпшілігі қазақ тілінің негізгі сөздік құрамына жататын байырғы сөздерінен жасалған. Байырғы лексиканың негізінде түркі тілдерінде ортақ жалпытүркілік сөздер жатыр. Мысалы, жылқы, ат, құнан, жорға, түйе, ешкі, серкеш, бура, бөрі, тоғыз, садақ, найза, ұрын (бару), бастан, құмалақ, асық, ошақ, жамбы, т.б. [ДТС] қазіргі түркі тілдерінің көпшілігіне тән көнетүркілік атаулар болып табылады. Бұлар әрі әрбір түркі тілінің негізгі сөздік қорына кіреді. Байырғы лексика тек жалпытүркілік сөздерден тұрмайды, оған негізгі сөздік қордағы сөздердің бәрі де жатады. Осы тұрғыдан қарағанда ұлттық  ойын атауларындағы жоғарыда айтылған сөздерден басқа жалпытүркілік емес асық ойнының атаулары/ бүк, шік, тәйке, алшы, омпы (омпа), топай т.б; ойынның басқа түрлерінде кездесетін: хан, уәзір, арқан, дойбы, сақина, орамал, жүзік, т.б бәрін де қазақ тілінің  байырғы лексикасына жатқызуға болады. Байырғы сөздерге бұл сияқты негізгі сөздік қордағы лексикадан басқа соның негізінде бұрын жасалған жалпыхалықтық сипаттағы туынды сөздер де жатады. Мысалы, атомыраулату, жолжорға, көкпаршы, итжығыс, ақсерек-көксерек,  алтыбақан, тоғызқұмалақ, ақсүйек, атқаума, бұзаулатпа, жұм-жұм, кім шертті?, мәлкітотай, мырыш-мырыш, жатсын-кетірем, шықетер, ханталапай, аққала, шігедек, ешмек, қоймек т.б. Кең тараған ойын атаулары қазақтың халықтық дәуірінде пайда болып, байырғылық сипат алған. Сол себепті бұл сияқты сөздерді байырғы лексикаға жататын тарихи туындылар деп қарауға болады. Сөйтіп «Байырғы сөздер дегеніміз қазақ халқының өмір тіршілігі мен шаруашылығына, тұрмысы мен мәдениетіне, дүниетанымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері» болып анықталады [2:132].

Ұлттық ойын атауларының жасалуында «Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан сөзжасамдық негізгі үш тәсілдің: 1) синтетикалық тәсіл, 2) аналитикалық тәсіл, 3) лексика-семантикалық тәсіл» [1:203] бәрінің үлесі бар. Сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған халықтық спорт, ойын атауларының көпшілігі халық тіліндегі бірінші номинативтік (атауыштық) атаулар негізінде қалыптасқан екінші номинативтік атаулар болып табылады. Мысалы, қазан сөзінің «тамақ пісіретін шойыннан не мыстан жасалған ыдыс» мағынасы бірінші номинативтік (атауыштық) мағына, ал оның «тоғызқұмалақ» ойынындағы атауы бірінші номинативтік атау негізінде туған екінші номинативтік атауы. «Тоғызқұмалақ» ойынындағы отау, орда, асық ойынындағы сасыр, өлді, қоржын т.б. осы сияқты. Немесе ойын атаулары балтамтап, инемтап, соқыртеке, қарагие, қарабие т.б. халық тілінде белгілі сөздерден тіркесіп, бірігіп жасала отырып, басқа ұғымдарды білдіретін бірінші номинативтік атауларына ие болып тұр. Мысалы, балтамтап халық тіліндегі балта және тan сөздерінен жасала отырып, ойын түріне байланысты алғашқы номинативтік атау болып тұр. Бұдан бұрын оның басқаша номинатив атауы кездеспейді. Басқа сөздер де осы сияқты жолмен бірінші рет номинатив атау жасап тұр.

Туынды сөздер ұғымына сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған сөздердің бәрі де кіреді. Оған сөзжасамдық жұрнақтар арқылы синтетикалық тәсілмен жасалған сөздер де, лексика-семантикалық тәсілмен жасалған сөздер де, біріктіру, тіркестіру, қосарлау арқылы аналитикалық тәсілмен жасалған сөздер де жатады. Бұлардың бәрі де туынды сөздер болғанымен, жасалу жолдарының әртүрлілігіне байланысты өз ішінде бірыңғай емес. Мәселен, синтетикалық тәсілмен сөзжасамдық жұрнақтар арқылы туынды түбірлер жасалады. Туынды түбірлер туынды сөздердің бір ғана тобының атауы. Ал аналитикалық тәсілмен біріккен, кіріккен, қосарлы, тіркесті сөздерден күрделі сөздер жасалады. Бұлардың бәрі күрделі сөз болып танылғанмен, жасалу тәсілдері жағынан әртүрлі. Мысалы, біріккен, кіріккен күрделі сөздер аналитикалық тәсілге жататын сөзқосым арқылы жасалады, ал қосарлы күрделі сөздер аналитикалық тәсілдің қосарлама тәсілі арқылы, тіркесті күрделі сөздер аналитикалық тәсілдің тіркесу тәсілі арқылы жасалады [1:215; 259].

Туынды сөздердің жасалуы олардың тудырушы сыңарлардың арақатынасындағы заңдылықтармен тікелей байланысты. Атақты түркітанушы Э.В. Севортян былай дейді: «Сөз құрамы – оның негізі мен сөз тудырушы көрсеткіші – өзара байланысты, олардың біреуінің мағынасын анықтамайынша, екіншісінің мағынасын түсіну мүмкін емес» [3:23]. Туынды сөздердің мағынасын олардың құрамындағы тудырушы сыңарлардан тыс анықтау мүмкін емес. Туынды түбірлерде тудырушы сыңарлар түбір морфема мен қосымша морфемадан тұрады. Туынды түбірлердің мағынасын осы екеуінің лексика-грамматикалық жағынан үйлесе отырып беретін біртұтас деривациялық мағынасы анықтайды. Мысалы, қоймек (қой асығы) деген туынды түбірдің негізі қой – жалпыхалықтық сөз, -мек әдеби тілде етістік түбірден зат есім тудыратын өнімсіз жұрнақ. Бұл жұрнақ тудырушы негізгі ешкі сөзінен ықшамдалған еш сөзіне қосылып, ешмек (ешкі асығы) атауын да тудырған. Салма туынды түбірінің негізі жалпыхалықтық сал сөзі, ал -ма зат есімнің кәсіп, мамандық атауын тудырушы өнімді жұрнағы.

Туынды сөздердің күрделі түрлері туынды түбірлердей емес, негізінен толық мағыналы дербес сөздерден тұрады. Олардың сыңарларының жеке лексикалық мағыналары күрделі сөздің біртұтас лексикалық мағынасын жасауға қатысады. Сол себепті күрделі сөздің туынды сөз ретіндегі сипаты оның құрамының лексикалық, құрылымдық (морфологиялық), синтаксистік қызметі сияқты белгілері нәтижесінде тұтас тұлғалану (цельноформленность) қасиетіне ие болады. Мысалы, күрделі сөз бурақотан – дербес мағыналы жалпыға белгілі бура және қотан (мал түнейтін орын, ащық қора) сөздерінен сөзқосым арқылы жасалып, «жастар алқа-қотан отырып, бір адам бура, екінші бір адам інген болып ойнайтын ойын» атауын білдіреді, сөйтіп тудырушы сыңарлардың лексикалық мағыналары негізінде жаңа бір күрделі сөз жасалған. Сереқұлақ (жазда ел орынға отырғанда қыз-бозбалалар ойнайтын ойын, «Қызбөрі», «Көкбөрі» ойындарының бір түрі) күрделі сөзі дербес мағыналы серек (серейген сөзімен түбірлес сын есім) пен құлақ сөздерінің лексика-грамматикалық, мағыналық жағынан үйлесіп біртұтас тұлғалануынан жасалған. Күн-түн деген күрделі атау дербес мағыналы күн және түн сөздерінен жасалған грамматикалық қос сөздің негізгі мағынасынан алшақтап, басқа мағынаға ауысуы нәтижесінде ойын атауын білдіріп тұр. Сөйтіп, күрделі атаулардың сыңарлары ретінде қызмет ететін дербес мағыналы лексикалық бірліктер сыртқы тұлғасын өзгертіп те, өзгертпей де мағына тұтастығын сақтап, біртұтас деривациялық бірліктер жасайды.

Б.Қасым күрделі сөздердің қалыптасуының түптөркіні уәжділікте (мотивтілікте) жатыр дейді. «Уақыт өткен сайын сөздің атау болып қалыптасуындағы бейнесі, уәжі күңгірттеніп, тіпті бұрынғы мағынасы тасаланып ұмытылады. Оның бейнелейтін қызметі солғындалып және соның нәтижесінде мағынасы мен сыртқы тұрпаты да өзгеріске түседі. Қолданыста, синхрондық тұрғыда оның уәжін, себебін іздеп те жатпайды. Тек тілде қалыптасқан дайын лексема ретінде қызмет атқарады» [4:122]. Мысалы, ойын-сауық атаулары ақсүйек, алтыбақан, тоғызқұмалақ, көкбөрі т.б. қазір зат атаулары ретінде даяр лексикалық бірліктер болғанымен, олардың әуел баста қалыптасу уәждері болған, уәжділік бұлардың пайда болуының негізгі факторы болып табылады. Мысалы, сереқұлақ, көкбөрі сөздерінде табиғи атауларға қатысты бейнелік уәж байқалса, ақсүйек, алтыбақан, тоғызқұмалақ атауларында сандық, сындық атауларға байланысты заттардың бейнелік уәжі байқалады.

І. Синтетикалық тәсілмен жұрнақ арқылы жасалған атаулар:

-шы/-ші жұрнағы арқылы: көрші, қамшы, күзетші, келеші, қарақшы, мұнайшы, көкпаршы, додашы, т.б.

-ма/-ме арқылы: шалма, құрма, бұзаулатпа, жаңылма, салма,
домалатпа, шаппа, қорлатпа,      қашпа (доп), секірме, шұқыма, керме, т.б.

-мақ /-мек арқылы: аударыспақ, санамақ, қарғымақ, әлпеншек, көтеріспек, жасырынбақ, қоймек, ешмек, шертпек, тығылмақ, тақия тастамақ, тақия теппек, орамал тастамақ, бөрік алыспақ, ортаға түспек, сақина салмақ, хан атпақ, т.б.;

-лық /-лік: жағалық, бұғалық, ептілік, үш орындық, тұздық т.б.;

-ман : аламан, аларман;

-дақ/-дек: дүмпілдек, шігедек, дырылдақ, т.б.;

-шақ /-шек: қуыршақ, әткеншек, әлпеншек, тоқтышақ, т.б.;

-ық/-ік: тұрық, сырғанақ, қызойнақ, батпырауық, т.б.;

-кі /- қы: бастаңғы, т.б.;

-мақыл /-мекіл: қақпақыл, атпақыл, үйірмекіл, шертпекіл, жемекіл, иірмекіл, көтермекіл, иірмәңкүл. Бұл жұрнақ қазақ тілінде негізінен асық ойынына қатысты атауларды жасауға қатысады.

- ди: тұзди (тоғызқұмалақ ойынында)

-маш: қуырмаш.

ІІ. Аналитикалық тәсілмен жасалған атаулар:

Ойын атауларының жасалуында сөздерді тіркестіру тәсілі де өнімді қызмет атқарған. Мұндай атаулар сөздердің әртүрлі жолмен тіркесу модельдері (үлгілері) арқылы пайда болған:

зат есім + зат есім сөздердің тіркесуі арқылы: аламан бәйге, ошақ бәйге, тауық күрес, сақа құмалақ, хан талапай, аюбиі,       қазандоп, шымбике, бурақо-тан, тайжарыс, құнанжарыс, жорғажарыс, бұқатартыс, қызбөрі, т.б.;

зат есім + есімше: қосан жылаған, атқағар, белбасар, атөтпес, атаспас, атсыратар т.б.;

зат есім + сын есім: ханжақсы, т.б.;

зат есім + ортақ етіс: итжығыс, бұқатартыс, жалаутартыс, көгентартыс, керіжүріс, қалмақжүріс т.б.;

зат есім + қимыл атауы: атомыраулату, саусақ санау, атқосу, шалма тастау, қызқуу, жігітқуу, жамбы ату, күміс алу, алдын aлy, арқан тарту, сақина тастау, тымақ ұру, белбеу тастау, таяқ жүгірту т.б.;

зат есім + II жақ бүйрық райлы етістік: балтамтап, кәлментап, инемтап, белбеусоқ, бойға доп дарытпа, дауысынан біл, т.б.;

зат есім + сұрау есімдігі: ханқалай? әлгім қайда? Үйімнің үстіндегі кім? т.б.;

сын есім + зат есім: жаман үй, асау мәстек, қызылту, жаяужарыс, ұзын көше, тоқ бәйге, т.б.;

сын есім + қимыл атауы: ақжіліктендіру, ақсүйектендіру, т.б.;

етістік негізді сын есім+зат есім: қашпадоп, тоспадоп, т.б.;

қимыл атауы + зат есім: айдау aт, т.б.;

көсемшелі етістік + қимыл атауы: жатып күресу, көтере қағу, көтере итеру, шалқайып лақтыру, еңкейіп лақтыру, жүрелей секіру, т.б.;

көсемшелі етістік + II жақ бұйрық райлы етістік: қуалапсоқ, айдапсал, байқапқал, т.б.;

етістік + сан есім: кетсінбір т.б.;

үстеу + зат есім: қазақша күрес т.б.;

есімше + зат есім: түйілген орамал т.б.

Қазіргі емле ережесі бойынша бұл туындылардың көпшілігі біріктіріліп жазылады [ҚТОС].

Ойын атауларының үлкен бір тобы сөз тіркестерінен қалыптасқан біріккен атаулар. Олар да әртүрлі модельдер (үлгілер) бойынша жасалған:

зат есім + зат есім: аяқкүрес, атбегі, қорғайсақа, алтынқабақ, алтынбалдақ, түйебас, әуетаяқ, сақақұмалақ, т.б.;

зат есім + етістік: атаспас, атөтпес, белбасар т. б.;

сын есім + зат есім: құжтеке, алакүшік, ақсүйек, соқыртеке, ақбұршақ, аққасқа, қызылту, сардала, ақтаяқ, қарабие, қарашелек, қақсойыл, ақсойыл, т.б.;

сын есім + сын есім: көксерек, т.б.;

сан есім + зат есім: тоғызқұмалақ, үштабан, төртасық, бесасық, қырықаяқ, бестас, үшорындық, алтыбақан, т.б.;

күрделі тіркестік: сен тұр, сен шық; неше емшек, неше өркеш, сегіз өрме бұзаутіс, т.б.

Ал көкпар, қарабие, айгөлек, т.б атаулар біріккен сөздердің әбден кіріккен түрлеріне жататын сияқты.

Қос сөз түрінде жасалған ойын атаулары да баршылық. Олардың модельдері мынадай:

етістік + етістік: ұшты-ұшты, тартылып-шертіліп, қуыр-қуыр, тымпи-тымпи, т.б.;

зат есім + зат есім: хан-уәзір, үлек пен тайлақ, мысық пен тышқан, мүйіз-мүйіз, көрші-көрші, күн-түн, ақсандық-көксандық, т.б.;

сын есім + сын есім: ақсерек-көксерек, жұппа-дақ, т.б.;

еліктеуіш+ еліктеуіш: құр-құр, қарт-қүрт, жым-жырт, жұм-жұм, т.б.

III. Бірқатар ойын атаулары қазақ тілінде бұрыннан белгілі сөздердің семантикалық өзгерісінен туған. Төменде сондай сөздердің бұрыннан белгілі мағынасы мен ойын атауларын білдіретін мағынасы салыстырылып беріледі.

Ақсүйек: 1) тұқымынан байлық арылмаған қанаушы тап қауымы;

               2) ашық алаңда ойналатын ұлттық ойынның бір түрі.

Ашық:    1) жабылмаған деген мағынада;

               2) асық деген мағынада.

Күлдіру: 1) күлдір етістігінің қимыл атауы;

               2) асық ойынның атауы.

Кім түртті: 1) сұраулы жалаң сөйлем;

                2) ойын атауы.

Кім шертті: 1) сұраулы жалаң сөйлем;

                2) ойын атауы.

Байқап қара: 1) жалаң жай сөйлем;

               2) ойын атауы.

Қазан:    1) тамақ пісіретін шойын я мыстан жасалған үлкен ыдыс;

      2) тоғызқұмалақ ойынының атауы.

Қайтыс 1) етістік негізді есім (қайтыс болды, өлді мағынасында);

       2) сақаны қайта иіру.

Қима: 1)майлы ішек;

                   2) ұлттық ойынның бір түрі.

Қырықаяқ: 1) көп аяқты жәндік;

      2) ашық алаңда жастар ойнайтын ойын түрі.

Қоржын: 1) жүннен тоқылған, зат салатын екі басты кішкене қап;

2) ашық алаңда ойналатын балалар ойыны

    Құмар: 1) ынтық, ынтызар;

                   2) асық ойынының атауы.

Құстыру: 1) құстыр етістігінің қимыл атауы;

2) асық ойнының атауы

Жатсын кетірем: 1) етістік түбірлердің түрленген тұлғалары;

2) асық ойынының атауы.

Алды:         1) бір нәрсенің алдыңғы жағы;

                   2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы.

Орда:         1) орта ғасырдағы саяси басқару орны, ел билеушілердің тұрағы; 2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы.

Орта:        1) толық емес, тең аралық, т.б. мәніндегі көп мағыналы сөз.

                   2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы.

Отау:                  1) ұлдың енші алып, бөлек шыққан үйі;

2) «тоғызқұмалақ» ойынындағы ұя атауы.

    Бел:        1) адамның дене мүшесі дегеннен шыққан көп мағыналы сөз;

                   2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы.

    Жеу:       1) тамақтану, қоректену;

                   2) «дойбы» ойынының атауы.

    Шабыт: 1) ынталану, құлшыну;

                   2) «дойбы» ойынының атауы.

Өлді:          1) өл етістігінің жедел өткен шақ тұлғасы;

2) асық ойнының атауы

Сасыр:       1) иісі сасық қурай түрі;

2) асық ойынының атауы.

Сейіл:         1) серуен, бой жазып, көңіл көтеру;

2) аңшылардың қыста қос тігіп салбурын жасауы.

Таз:    1) шашы жоқ (адам);

2) тәйке асық атауы.

Тұздық: 1) туралған ет, т.б. тағамға қосылатын, пияз туралған сорпа;

2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы

Есімде:       1) есім (жады мағынасында) сөзінің жатыс септіктегі тұлғасы.

2) ойын атауы.

Хан:   1) феодалдық дәуірдегі ел билеуші;

2) асық ойынының бір түрі.

Шыр:         1) көп мағыналы сөз: а) нәр, маңыз; ә) ынтымақ, бірлік

б) оқыс қатты дыбыс (шыр етті);

2) асық ойынының атауы.

Ілу:     1) іл етістігінің қимыл атауы;

2) қарсыласының аяғын бүгілген өз аяғымен балуанның іліп

алып жығуы.

Кейбір ойын атауларының шыққан тегі белгісіз: қарагие, дом, көйіт, пұш, тақуа, әйзік, бестемше, мырыш, т.б.

Ойын атаулары лексикалық құрамы жағынан алғанда жеке сөздерден (сайыс, аударыспақ, тұздық (түзди), құмар т.б), екі сөзден (жамбы ату, қызқуу, аламан бәйге, атомыраулату, қашпадоп, сақина тастау, соқыртеке, ханталапай т.б), үш және төрт сөзден (ханды қара басты, Құдудың қу қасқасы («тоғызқұмалақ» ойынында), иықтан асырып лақтыру, бастан асырып тастау, үй артында қолағаш, тоғызаяқ – тоғызтабақ, неше емшек – неше өркеш, ондай қылма – мұндай қыл, тоқты бермек- көз қыспақ т.б) тұрады.

 

Бұл мақалада ұлттық ойын атауларының жасалу тәсілдерінің модельдік үлгілері қарастырылады.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Қазақ грамматикасы. Астана, 2002. – 783 б.  

2.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. 3-басылым. Алматы: Сөздік, 2003. – 262 б.

3.     Севортян Э.В. Аффиксы словообразования в азербайджанском языке. Москва: Изд. Вост. лит., 1962. – 643 с.

4.     Қасым Б.Қ. Сөзжасам: Семантика. Уәждеме. Алматы, 2003.
– 166 б.