*112402*
Қанипаш Мәдібаева,
Шоқан Шортанбаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің оқытушылары
«Біржан-Сара» айтысына қатысты бірер дерек
Сәбит Мұқанов сол 1942 жылы
күні бүгінге дейін шешіліп, соңғы сөзі
айтылмаған Біржан-Сара айтысына
қатысты мына бір ойды алғаш алға тартып айтқан
сияқты. “Біржан мен Сараның айтысын Найманның Сыбан руынан
шыққан Әріп ақын
шығарған” деген сөз бар.
“…Айтыс Біржан мен Сарадан қалды ма, я оны Әріп шығарды
ма? – ол, әрине,
ғылымның зерттейтін мәселесі. Бұл жолы бізге де, көпшілікке де қажеті бұл айтыстың “айтыс” жанрының
ішіндегі мазмұн жағынан ең маңыздысы, түр
жағынан ең көркем екендігі”. С.Мұқанов бұл
айтыстың көркемдігін жеріне
жеткізе талдай отырып,
шығу тегі жөнінен бір сырдың басын бастады. Бұл
мәселе соңғы 10-15 жыл көлемінде аракідік пікірталас, қисынды, уәжді
дәлелдер төңірегінде сөз болып жүр. Айтысты
Әріп ақын жазып шығарды дегенді М. Әуезовтің де
білгенін, қайсыбір саяси ахуал тұстарында айтыс Әріптің атымен бірге
өшіріліп кетпесін деген сақтықпен, Әріп
шығармасы дегенді
ұмытуға мәжбүр болғанын әсіресе жазушы Қабдеш Жұмаділов арыдан қайырып айтты. Бұл айтыс
төңірегіндегі әріден келе жатқан жұмбақ
жайдың бір қыры А.
Байтұрсыновтың мына бір, жалпы айтыс өнері туралы
айтқан пікіріне де соғып
жатқандай.
“Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны” 3
томдық “Айтыс” жинағының 1965 жылғы бірінші томында
“Қыз бен жігіт айтысы” бөлімінде берілген. Бұл айтыстың
төңірегінде әріден келе жатқан Әріп ақын
шығарған ба, немесе Біржан
мен Сара шын айтысқан ба деген
қисындар бар екендігі белігі. 1965 жылғы жинақта 1960
жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде “Сараны көргендер”
деген мақалада Біржан мен
Сараның айтысқаны белгілі деректерге сүйеніп дәлелденген деген түсініктеме беріледі.
Бірақ бұл әңгіме күні бүгінге шейін
түрлі қисын, дерек көздері
көрініп жалғасып
келе жатқан жай екенін
айттық. Не дегенде
де, жазба айтыс болсын, суырып салма
айтыс болсын, бұл айтыс – аса бір
құнды, үлкен әдеби мұра. ХІХ ғасыр әдебиетіндегі шоқтықты туынды. Бұл айтысқа
айтысты зерттеген әдебиет мамандарының барлығы да
айрықша назар аударып отырды. Әрине, Біржанның, Сараның
өмірбаян дерегін, айыстың
туу тарихын ашып, ажырата түсу тоқтап қалмақ емес.
Зерттеушілер бұл айтыстың
төрт нұсқасы барын айтады. Айтыс жинағында ару қыз бен жігіт айтысы
бөлімінде берілген бұл шығарманы кезінде
М. Әуезовтің ру
айтысына жатқызғаны
белгілі. Енді бірде айтыс
әлеуметтік айтыс қатарына
жатқызылды. Әйел теңдігі қозғалды делінді. Айтыс
шығарушының (Шайхысламұлы, айтысты 1889 жылы
бастырушы – Қ.М.,
Ш.Ш.) алғысөзімен
басталып, бастырушыға айтып беріп отырған, үлгіде келеді.
Әйгілі Біржан сал Жетісуға Сараны іздеп
келіп, Тұрысбек
қажының үйінде
айтысады. Айтыс табиғатына сай екі дүлдүл бірден ұстасып,
сөз күресін бастайды. Өз артықшылықтарын
алға тартады. Қарсыласының кем тұсын, мінін тере
сөйлейді. Айтыстағы осы бір дәстүрдің,
өзіне мадақ айтудың ежелгі жыраулар поэзиясындағы үзілмеген
дәстүрлі желі “Мен – ақын”, “Мен –
тұлғаның” айбынды, асқақ сөзімен түбі бір сияқты.
Біржан-Сараның өзін өзі
көтеріп сөйлеген тұстары – айтыстың аса бір
көркем, ұтқыр
сөздің көтеріліп ұшқан,
қанат байлап қалықтаған тұстары.
Біржан:
Сайраған орта жүздің бұлбұлымын,
Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері.
Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңілімнің тарқаушы еді
қайғы-шері.
Қырандай аспандағы желді күнгі,
Даусымның көтерілер шықса тері
…Ақ иық, мұз балақпын жерге түспес,
Кең қолтық
арғымақпын алқымы іспес.
…Атадан
Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным. Ер Қарқабат,
Алтай-Қарпық.
Аққумен аспандағы ән қосамын,
Қозғасам ащы күйді түптен тартып…
Сара:
Ей, Біржан, жасың үлкен өзің аға,
Қымбаттығым белгілі
білсең баға.
Қамысты терең көлдің сұқсырымын,
Қаңғырған
ілдірмейін қаршығаға.
Ұшырған тәрбиелеп ақ
тұйғынмын,
Матайдың
Қара-Керей сеңгірінен.
Даусыма аспандағы құс айналар,
Құбылып тоты
құстай
төңкерілген.
Сайраған
тамам найман
бұлбұлымын,
Қапаста жел тигізбей жем берілген.
Айтыстың бұл нұсқасының сөз
қолданысында, айшықты, әсіре сөздің айтушының да, Сара-Біржанның да
аузынан шығатын бірдей қолданыстар аз емес.
Мұның өзі айтыстың әу бастағы қалпын
сақтағанның өзінде басылым көргенше бір
мәрте болсын, әлденеше рет
болсын қайта жырланғанын, әуелгі қалпынан
қайткенде де өзгеріске ұшырағанын байқатады.
Жүсіпбек қожаның
кіріспе жырында Сараны таныстыруда “Өлеңді жүндей
сабап дүрілдетті”, – дейді.
Сара айтыс мәнін ұғындырып
отырған тұсында Біржан жөнін айтып: “Сырлаған
домбырасын қолына алып, ән шырқап қоя берді,
жүндей сабап” дейді. “Төңкеріліп ән шырқау” да
бірде Біржан, бірде Сараның
кейпі.
Бұл айтыста айтыс табиғатын танытып, ашып
жатқан шарт түгел. Айтушы
өзін ғана
көтеріп сөйлемейді қарсыласын қанша тұқыртса
да, құнын біліп сөйлеу, әділін айту – бұл да
айтыстың бір шарты. Сол дәстүрге айтыста Сара қыз да берік, Біржан оның
таным, талғамында биік,
үлкен үздік өнер иесі де.
“Түрінен
мен таныдым осы Біржан,
Сандалтып Орта
жүзді әнмен
қырған”.
“Құланның дауысындай
көмейің бар,
Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына” .
Сараның бұл бағасы – өнердің
құдіретті күші, Біржан салдың бар бағасы.
Кәдімгі ән құдіреті Біржан сал. Сандалтып Орта жүзді әнмен қырған
Біржан…
Сол сал
Біржан Сара қыздың да арман, сұлу жанын, өнерін танып келген,
тауып келген Арқадан. Арқадан Жетісуға іздеп
келген.
... Өлеңге жан көрмедім
мұнан ұста.
Аты ұрғашы демесең қарындастың
Адамның
артығы екен осы
тұста.
Шынымен баптап күнде дауға салса,
Ілеспес ақын түгіл, ұшқан құс та….
Айтыста Біржан – ақиық
Мұзбалақ, кең
қолтық Мұзбалақ.
Сара қыз – қанат қағып қарсы
ұшқан тоты құс.
Айтыстағы осындай бір ағытылған,
ашылған тұстар – өнер адамының ішкі күйік-жалыны, сезім селі, жаратылыс
сыры.
Бұл айтыс – М. Әуезов айтқандай
ең әуелі – ру айтыс.
Негізгі желі, негізгі сарын, негізгі
айтыс арғын-найманның артықшылығы мен кем-кетігін
жарыстырып, салыстыру.
Жылқының арығындай Арғын кедей,
Тойғансып мас
боласың ішпей-жемей.
Құр
айғай салғаныңа кім шошиды?
Жеңермін
иттей қылып, адам демей.
Арғынның
мінін теріп төпелете жыр төккен Сараға Біржан да арғын елінің
артық туғандарын айтып дес бермейді. “Бармағына
қырық түрлі күй байланған ардакер, Арғын
асқан Тәттімбеттей” асылдарын аспандата сөйлейді.
Айтыстың
негізгі мәні, әрине, Сараның кішкенеден атастырған
күйеуі кісінің қоры Жиенқұлда, сан түрленіп
сайраған Сара қыздың, өнер адамының дәстүр-салт жөніндегі
дәрменсіздігінде. Шын жүйріктің тұсалған
тұсы, биігінен
құлаған тұсы – осы “Келгенде
Жиенқұлға шықпайды үнімнің” тұсы.
Біржанның
Жиенқұлды айтқан тұстағы ащы үні – Сараның үнін басудың
дауысы емес, әділетсіздікке жан айғайы.
Ақынның сұлуға іңкәр, жарыққа
құштар жанының түршігуі. Түңілуі.
Шіркін-ай мұндай жүйрік
туармысың,
Сөйлейсің алтындай қып
сөздің жезін.
Қанатын
күн шалмаған
ақ тұйғынның,
Жапалақ иемденер басқан ізін.
Қор болдың бір қортыққа Сара, қалқам!
Армансыз
қылар кімнің үй-түзін.
Дені
сау адам емес Тастанбегің,
Жүр
екен тастай алмай о да қызын.
Біліп
ем Сара сенің
сынарыңды.
Баса
алмай армандамын құмарыңды.
Ақ
үйден айғай салып шыққан кезде-ақ,
Білгенмін
сөзге қайрат қыларыңды.
Сұмдықпен бәйіт
ішіне қан құясың,
Білмейсің
неден зар боп жыларыңды.
Майысқан
сегіз қырлы
жүйрік-ақсың,
Қай
жерден болжамайсың
тынарыңды.
Шақыртып
күйеуіңді осында алдырт,
Көрейін
таңдап қосқан сыңарыңды.
Шыбықтай
жігіт шығар өңі
нұрлы,
Өнері
өзің теңдес сегіз
қырлы.
Шеберден
мін алатын мініскерсің,
Ер
шығар тоты құстай неше түрлі.
Жақсыны
көрмек үшін деген, Сара,
Өзі
түгіл, ел қамын жеген, Сара,
Мырзаңды Жиенқұлдай шапшаң шақырт
Ұялып
бөгелесің неден, Сара?!
Айтыстың көркемдік әлемі, әлеуметтік жүгі
жөнінен аз айтылған жоқ. Бұл айтыстың
дәстүрлі фольклорлық бейнелеу, көріктеу тілі өз
алдына, түлеп ұшқан тың, өткір, ұтқыр
тіркес аса мол.
Айтысты тілдік, құрылым, әлеуметтік
мән жөнінен әр ұрпақ өз таным, өз
талғамымен аша берері, керегін таба берері ақиқат. “Байлаулы
бала құстай Сара сорлы” деп қанжылаған Біржан салдың ащы
үні әлі талай
буынның жүрегін дірілдетіп,
жанын уата бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Мұқанов С. Қазақтың ХVІІІ-ХІХ
ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктер. – Алматы, 2002. –
272 б.
2. Айтыс: 2 т. / Құраст Ш. Ахметов, Б. Ысқақов. –
Алматы, 1965. Т.1. – 556 б.